Сценарий: 25 Мамыр - Соңғы қоңырау (Бастауышпен қоштасу)

Сценарий: 25 Мамыр - Соңғы қоңырау (Бастауышпен қоштасу)

Автор: Жаңбырова Тоғжан
№9 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Ақтау қаласы Маңғыстау облысы


Сценарий тақырыбы: Бастауышпен қоштасу
Сценарий мақсаты:
1. Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын , бастауышта алған білімнің негіз болып қаланатынына көз жеткізу.
2. Бастауыш сыныбымен , алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру,әр баланың ерекшелігін таныта отырып, сәт – сапар тілеу.
3.Білім берер ордасы- мектепті , ұстаздарын құрметтеп, білімге деген құштарлғын арттыру.Өз Отанынының адал ұлы мен қызы болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: «Шуағын төккен 4 жыл» фотомонтажы. Слайдтар.
Қанатты сөздер мен тақырып.
Кіріспе сөз:
Мұғалім:
Бұл оқу тамақ болар қарны ашқанда,
Жол табар қараңғыда адасқанда .
Мал озбас біле білсең білім озар,
Ақыры керек болар бір сасқанда – деп Міржақып ақын айтпақшы , тарыдай болып кіріп, ақыл ойлары толысып, оң мен солын танып жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттеріміздің ұйымдастыруымен өткізілгелі отырған « Қош бол, бастауыш» мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!
Қош келіпсіздер , құрметті ата – аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар! Бүгінгі күн осында отырған бәріміз үшін ерекше күн. Оның ерекшелігі сол, осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларыңыз білімнің негізі болатын бастауышта оқып, білім алып, қанаттарын қатайтып бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.
Бесіктегі баланың,
Күлгенін көрген - бір мұрат.
Алдына түсіп ананың.
Жүргенін көрген- бір мұрат – дегендей, бастауыш сыныпты бітіруші түлектерімізді ортаға шақырайық!

Толқимыз , толқып тұрсыз баршаңыз да
Мұндай күй болған сірә қаншаңызда
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық
4- сыныптарды ортамызға!

Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға келеді.


Мұғалім: Сіздердің алдарыңызда тұрған 4- сынып оқушылары осыдан 4 жыл бұрын 6 жасар бала болса, бүгін міне , ес біліп, етек жиған шәкірт. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап»Әліппемен қоштасу», дәстүрлі Наурыз тойлары , «Әдепті бала» , «Әнші , биші балапан», «Кішкентай күз аруы», «Наурыз аруы», «Кішкентай жігіт сұлтаны»,Мәнерлеп оқу сайыстары мен әртүрлі тақырыпта ұйымдастырылған көрмелер,сыныпаралық спорттық жарыстар, ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары балалардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Армандасаң да , қиялдасаңда балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені, биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі балалық шақтан басталады. Міне , бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымен қоштасып, бір жылға тағы да есейгелі отыр.Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған , білім нәрімен сусындатқан ,өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына,
ата- аналарына өз өнерлерін көрсетуге дайын.Олай болса жүргізушілерімізді ортаға шақырайық!

Есен : Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты .
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар , ұстаздарым қымбатты!

Гаухар: Армысыздар әжелер мен аналар
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар

Тұралбек: Армысыздар өр тұлғалы әкелер!
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін міне бастауышпен қоштасады,
Азамат боп , кешегі сәби- еркелер!

Айнұр:Армысың сен , алтын ұя мектебім
Саған айтар жыр- алғысым көп менің
Жүректерге жаққан білім шырағын ,
Мектебіме арналады бұл әнім!

Есен : Дұрыс айтасың Айнұр ! Бұл мектептен қаншама адам тәлім алған десеңші.Менің атам да, әжем де , әкем де, анам да , енді мен де мектептен тәлім алудамын.

Айнұр : Олай болса Есен алтын ұя мектебімізге арнап
Бота Бисенова апамыздың «Мектебім» әнін шырқайық!
Ән: Мектебім.
Слайд: «Мектептегі мерекелер»

Тұралбек : Иә мектебімізге қандай жыр арнасаң да жарасады. Ендеше сыныптастарымыздың мектепке арнаған жырларын тыңдайық

1 оқушы : Мектеп деген білім кені , жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға.
Мектеп деген даналардың мекені.

2 оқушы: Мектебім- білім берер алтын ұям.
Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.
Баулыған 4жыл бойы ата- анамдай.
Әрқашан қасиетті атың маған.
Арада өтсе дағы дүркіреп жыл ,
Әр күні балалықтай бір жүрек бұл.
Өзіңе борыштармын өмір бойы
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.

3 оқушы:Армысың сен алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі мектебім.

4 оқушы:Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.

5 оқушы:Мектебім , алтын ұям , нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.

6 оқушы: Мектеп – үйім , ұстазым менің – ата- анам,
Сеннен өсіп, сеннен ғана нәр алам.
Саяң ыстық , сен мәуелі бәйтерек.
Тамырланып , сан тарапқа тараған.

7 оқушы: Мектебім- сүйікті мектебім,
Бауырыңда түлеймін , көктеймін.
Сен – бұлақ, мен- қайың бүр ашқан,
Өзіңнен нәр алып көктедім.

8 оқушы: Мектеп – кеме , білім – теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Төрт жыл алған білім нәрін ,
Азық етіп ер жетеміз.
Ән : «Үйретеді мектепте»

Гаухар: « Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға»,-деп Абай атамыз айтқандай , алғаш қолымызға қалам ұстатып, оңымыз бен солымызды танытқан, бізбен бірге қуанып, 42 әріпті танытып , білім нәрімен сусындатқан, мектептегі анамыз- ұстаз екені бәрімізге мәлім. Балалардың ұстазға арнаған ән -жырларын айтпас бұрын, ұстаз туралы не айтар едің Айнұр?

Айнұр :Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей, оқуға , жазуға үйреткен мұғалім еңбегі шексіз. «Мұғалім – мектептің жүрегі» - деп Ыбырай атамыз бекер айтпаған.

Тұралбек:Дұрыс айтасың Айнұр,ғылым иесі ғалым да , ел қорғаған батыр да , тілінен бал тамған ақын да , тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, көкті шарлаған ғарышкер де, бәрі- бәрі ұстаздан білім мен тәрбие алған.

Есен : Иә ,бұл туралы батыр Бауыржан атамыз: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді»деген екен. Олай болса келесі жырларымызды ұстаздарымызға арнаймыз!

9 оқушы:Алғашқы ұстазымыз анамызбен тең келеді,
Бар асылын бізге жиып , мол береді.
Қанатымен су себелеп асыл жан,
Әр шәкіртін баласынан кем көрмейді.

10 оқушы:Тек үйреттің әділдікті , адалдықты,
Жирендік , ажыраттық жамандықты.
Жалғастырар ақ жолың сенің салған,
Бар деп ұққын әрқашан балаң мықты.


11 оқушы: Жарық күннен жылы жүзің елестер,
Құлағымда өзің берген кеңестер.
Жанарымда алыс тартқан қара жол,
Көз жұмсам да көре тұғын белестер.

12 оқушы:Қоңыр үнді даусың әсем таңдардай ,
Ұстазымның жүзіндегі нұр қандай?
Мейірлене қарап қойып біздерге,
Күн астынан сабақ беріп тұрғандай

13 оқушы: Ұстазым! Ұстазым өзің едің асқақ әнім,,
Басталған ақ батаңнан жас талабым.
Ұғындым ұлылықтың, даналықтың,
Ұстаздың ұлағатынан басталарын.

14 оқушы: Мұғалім ұстазысың балалардың,
Болашақ ғалымдардың , даналардың .
Өмірде сенің алар орыныңа ,
Бірі де жеткізе алмас бағалардың.

15 оқушы: Кеп- кешегі жабырқау қайда қалған,
Шықпаушы едік бір елі айналаңнан.
Мейірің ба , ұстаздық жүрегің бе?
Жан дүниесін баланың жаулап алған.

16 оқушы:Нұр құйған санасына зейіндінің.
Нұрлы шам сәулесіндей мейірімің.
Дарыттың адамдықты шәкіртіңе,
Дамыттың дарын отын бейімдінің.

17 оқушы:Алғашқы ұстаз, ерекше тұлға дара шың,
Ұмытылмастай көңілде мәңгі қалатын.
Сағына әркез суреттерді парақтап.
Шәкірттерін жиі еске алатын.

18 оқушы:Жаралған жақсы үмітпен мұраттардан ,
Жансыз ғой әлдилеген шуақты арман.
Жатталады жан жүректе есіміңіз,
Адамның аяулы үні сияқтанған.




19 оқушы:Шәкірттер сіздерді айтып мақтанамыз,
Бейнеңіз жүректерде сақталады.
Біз әлі биіктерден көрінеміз,
Үміт пен сеніміңіз ақталады .

Бәрі : Мың алғыс сізге біздей түлектерден,
Мың алғысмына отты жүректерден!

Ән: Б.Бисенова «Ұстазға мың тағзым»

Есен: Иә осыдан 4 жыл бұрын , біз 6 жастағы сәби -балалар сөмкемізді зорға көтеріп,мектеп табалдырығын жасқана аттаған едік.
Тұралбек: Енді міне сауатымызды ашып, білім негізін қалаған бастауыш мектеппен қоштасып, орта буын қатарына қосылғалы тұрмыз.
Айнұр: Иә, міне сағымдай өте шыққан 4жыл ішінде біздің ұстаз анамыз сауатты, тәрбиелі, өнегелі азамат етіп шығарды.

Гаухар: Ендеше бастауыш сыныбымыз туралы неге айтпасқа !

20 оқушы : Жасқана кіріп жарық сыныпқа біз.
Әр бетін Әліппенің күле ашқанбыз.
Мұғалім сабақ өтіп жатқан кезде,
Қайталап атымызды сұрасқанбыз.

21 оқушы: Әр үйдің ерке өскен тентегі едік,
Ақылға келе алмадық ерте көніп.
Бойымыз бірте- бірте үйренісіп.
Мектептің ережесін үйрендік кеп.

22 оқушы: Өмірдегі жолымды бір өзіңнен бастадым,
«А»әрпін алғаш сеннен бастадым.
Ұстазым естен кетпес мәңгілікке,
Мейіріммен жауырынымнан қаққаның.

23 оқушы:Бірдей біздің ойымыз да , сырымыз,
Бір мектептің ұлы менен қызымыз.
Бірдей өстік оқуда да еңбекте,
Күліп – ойнап біріміз бен біріміз.

24 оқушы: Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауышта айтылмаған сыр бар ма?
Бастауышта алған білім, жырларым,
Азық болар , мәңгі талай жылдарға.

25 оқушы:Бастауышым- бал бұлағым ,
Алдым сеннен балдың дәмін.
Әріп танып, білім алып
Рахметімді жаудырамын.

26 оқушы : бастауышым- балбұлағым
Лаулап жанған шам шырағым.
Өзің берген біліміңмен,
Самғап ұшар тау қыраның.

27 оқушы :Өтті сенде қызық шағым,
Бастауышым- бал бұлағым.
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын.

28 оқушы:Біздер бастауыш сыныпта жоғары сыныптарда өтілетін Әдебиет, тарих, биология, алгебра , физика, химия т б пәндерге негіз болатын ана тілі, математика,дүниетану, орыс тілі,пәндерін зер салып оқып үйрендік.

29 оқушы:Анашымдай сыр шерткен,
Ақыл- білім үйреткен.
Ана тілін оқыдық ,
Ерекше зор құрметпен.
Ана тілін сүйеміз,
Құрметпен бас иеміз.
Ана тілмен қоштасамыз,
Әдебиетпен достасамыз.

30 оқушы: Ойланып есеп шығартып,
Төрт таңбаны білдірген.
Ғылымдардың патшасы,
Математика данасы

31 оқушы: Қазақ тілі пәнінен,
Білім алды балалар.
Сөйлемді, сөз таптарын,
Етістіктің шақтарын,
Жалғаулар мен жұрнақтар.
Ережесін жаттадым.
5-шіге барған соң,
Айжан апай бағалар.

32 оқушы: Ой жіберсең бәріне ,
Дүниетану пәніне.
Өмір сырын үйретер,
Пәннің жақсы бірі де.
Жер байлығы көп екен,
Игеруді қалайды.
Осының бәрін білдірген ,
Дүниетану сабағы.

33 оқушы:Үйренеміз жалықпай,
Ағылшын тілін шарықтай.
Тіл сындырып,ән айтып,
Шаттанамыз қалықтай,
Айнұр апай тәлімі
Сәулелісін шашқан жарықтай.

ӘН: «Бастауыш- балбұлағым»

Тұралбек: Біздің жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүрген біздің ата- анамыз. Қатарымыздың теңі болып , тамағымыз тоқ, көйлегіміздің көк болып жүруі де сол кісілердің арқасы.

Гаухар:Ыстық- ау кім- кімге де әке деген,
Суыққа шалындырмай, мәпелеген.
Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
Алдымен адам бол деп жетелеген- дегендей әкенің орны бөлек ау.

34 оқушы:Әкешім тілеуімді тілеп жүрген,
Аумайсың жарығы мол ашық күннен.
Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін.
Ақылды балаларың оны білген.

Есен:Әр ана өз баласын мейірімді болса екен, жақсы оқып,елге қалаулы азамат болса екен дейді. Халқымызда мынадай бір нақыл сөз бар: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да борышыңды өтей алмайсың» деген .Алайда ардақты анамыздың ақ сүтін ақтай білгенге не жетсін!

Айнұр: Иә, дұрыс айтасың Есен. Біз болашақта саналы да, ақылды бала болып өссек ананың арманы орындалды деген осы емес пе?

35 оқушы:Дүниеге әкелген ,ол да сенің анашың,
Ақ сүт беріп өсірген , ол да сенің анашың.
Тіл алмасаң кешірген , ол да сенің анашың,
Мәпелеген баласын,аман болсын анашым!

36 оқушы:Кеудемнен сезім селі ақтарылсын,
Болармын күні ертең- ақ мақтанышың.
Білім алып, тер төгем , еңбек етем,
Өзіңнің сеніміңді ақтау үшін!
Ән Б. Бисенова « Мама»

Айнұр: Жетекші боп жүрдіңіз түлегіңе
Біздерді ойлап көңіліңіз жүдеді де,
Шәкірттер тыңдаңыздар ұстаз сөзін,
Сіздерге арнап айтатын тілегін де- дей отырып сөз кезегін ұситаздарымызға береміз!

Ұстаз тілегі:
Өлкеміздің айналыңдар ертеңіне,
Сенімдердің айналыңдар серперіне.
Ұстаздық ақ жүректен мен тілеймін,
Тек сәттілік – шәкірттерім ертеңіңе.

Айналайын жап- жарқын жүздеріңнен,
Аластайтын жаныңды күз көңілден.
Мен сендерге мәңгілік тілекшімін,
Тілек тілеп тұратын іздеріңнен.

Мектеп директорының құттықтау сөзі
Марапаттау рәсімі

Концерттік нөмірлер:
1. Ұлдар хоры: Ән Б.Бисенова «Тұлпарым»
2. Би: «Сарыжайлау»
3. Көрніс «Кітаптар мұңы»
4. Күй : « Кеңес» Күзембаев М.
5. Би: «Қаражорға»
6. Қыздар хоры: Ән:Б. Бисенова «Әже»

Қорытынды сөз
Ән: Б.Бисенова. «Ең соңғы қоңырау»

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
бастауышпен қоштасу кеші сценарий, бастауышпен қоштасу кеші, 4 сынып бастауышпен қоштасу сценарий, бастауыш пен қоштасу кеші сценарий, 4 сынып бастауыш пен қоштасу сценарий, бастауышпен қоштасу мерекесі, бастауыш сынып соңғы қоңырау сценарийі, 25 мамыр соңғы қоңырау сценарийі, сонгы конырау сценарий, сонгы конырау сценарий на казахском, сонгы конырау сценарий на казахском скачать бесплатно, сонгы конырау сценарий на казахском скачать, сонгы конырау сценарий на казахском 25 мая, 25 май соңғы қоңырау сценарий, последний звонок начальные класс сценарий на казахском

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]