Әңгіме: Әбдіжәміл Нұрпейісов | Ер шоқтығы
Ол жиналыстан көңілсіз қайтты. Әлгінде Көкшетаудың бас-аяғына жиналған дүйім жұрт алдына бұны жалғыз шығарып алып, кеудесіне орден қадаған қуанышын да сезіп келе жатқан жоқ. Сол арада ол қуанғаннан гөрі іштей ыңғайсызданып бітті. Самаладай шам сәулесін жан-жағынан анталатып қойды. Салтанатты сарайда иін тіресіп отырған жұрт назары бір өзіне ауып, қошеметшіл жиынның қызу соққан алақандары үйді басына көтере дүрілдетіп ала жөнелгенде, қысылшаң жігіт тіпті не істеп, не қойғанын да білмеді. Тер одан да, бұдан да кетті. Абдырап аузына сөз де түспей қойды. Құрғап қала берген тамағын жібіткісі кеп, қолын әлсін-әлсін алдында тұрған суға соза беріпті. Кейін не айттым деп қанша ойласа да, есіне ештеңе түспеді. Аузынан шыққан сөздер құдды әлденеден оқыс үркіп, дүркіреп ұшып кеткен торғайдай. Сөзінің соңында ол әйтеуір ертеден бері уысында умаждап тұрған ескі кепкадан көзін алып, тым-тырыс болып тына қалған халыққа: «Алдағы уақытта да аянбай еңбек етем», — депті.
Жұрт, әрине, Әутен Қуандықовтың аянбай жұмыс істейтінін біледі. «Жарқайың» фермасын басқарғанына, міне, жеті жылдан асып барады. Жылда егін піскен бойда мал фермасының тауқыметін балалы-шағалы әйеліне қалдырып, өзі комбайнға отырады. Өткен жылы Қостанайдың атақты комбайншысы Сартаймен жарысқа түсті. .....
Әңгімелер