Шығарма: Ұлы соғыс жаңғырығы өшпейді
Халық ерлігі қай қоғамда, қай идеология кезінде болмасын өшпейді де өлмейді, ол адам баласының жадында ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, өзінің жалғасын таба бермек. Бұған дәлел ретінде адам қоғамында ерте заманнан бері орын алып отырған саналуан соғыстар тарихына жүгінсек жетіп жатыр. Адамзат тарихында үлкенді – кішілі он бес мыңға жуық соғыс өткен екен. Бірақ солардың ішінде ауқымы, құбандықтары мен алапаттығы жағынан ең жантүршігерлігі екінші дүниежүзілік соғыс және оның құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысы болды. Соғыста жеңіске жетуде миллиондаған Кеңес Одағы адамдарының тағдырлары мен өмірлері құрбан болды. Осы уақытқа дейін жабық саналып келген мұрағат қорларындағы құжаттарды пайдалануға және әскери саладағы құпиялардың ашылуына байланысты соғысқа қатысқан адамдардың саны, қазақстандықтардың ортақ жеңіске қосқан үлесі анықтала бастады. Қазақстандықтардың үлесі әскери құрылымдарды құру, оқ-дәрі жасау, эвакуацияланғандарға көмек көрсету, қаражат жинау, майдандағыларды киімкешекпен қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Жеңіске жетудің бірінші қадамы Қызыл Армияны дер кезінде адамдармен толықтырылып отыру болғаны белгілі. 1945 жылдың ақпан айына дейін Қазақстаннан майданға 1,5 млн. жуық адам жіберілген деп саналды. Алайда, жоғарыда аталған сандар нақты емес, ол бүгінгі күнге дейін жаңа мәліметтермен толығу үстінде. Мысалы, Ұлы Отан соғысына қатысқандар туралы айтылғанда әр уақытта Кеңестік Армия қатарын 1938, 1939, 1940 жылдары шақырылғандарды есепке ала бермейді. Жалпы алғанда Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың саны 2 млннан кем емес деп жорамалданады. Қазақстаннан майданға 4 ұлттық атты дивизия, 7 атқыштар бригадасы, сондай-ақ 2 ұлттық атқыштар бригадасы жөнелтілген еді, 50-ге жуық әртүрлі әскери полктер мен батальондар құрылды. ......
Шығармалар