Әңгіме: Сәкен Сейфуллин | Қыр балалары
Байлаған биенің бас сауымын сауып алған кезде, "Тайжүзген" құдығының басындағы төрт ауылдың атқа мінер кәрі, жас, қатын-қыздарының аттары ерттеліп болды. Үлкендер маңызданып қымызы бар үйлерден қымыз ішіп, қыз-бозбалалар, бай балалары сәнді киімдерін киіп, жақсы аттарын күмістеген ер-тоқымдарымен ерттеп, кедейдің балалары да барын киіп, қатындардың байы байша, кедейі кедейше тазарақ киімдерін киіп, бәрі бір түрлі асығып лепіруде.
Күн ыстық. Шыбындап, топтанып, шаптары терлеген жылқылар үймелеп жылы желі маңайында тұр. Қап-қара болып күнге күйген, бұттарында жүнін сыртына айналдырып киген шалбарлары ғана бар жап-жалаңаш малайлар арпалысып сауған биелердің сүтін шелектерімен қолдасып келе жатыр.
Құрғақ апандардың, әм жарлардың көлеңкелерінде қозылар үймелеп, жүргендері жүріп, жатқандары жатыр. Қара мал өріске кеткен. Ауылдың күншығыс жағындағы сортаңда сағымнан бұлдырап төрт-бес түйе жүр........
Әңгімелер