Әңгіме: Максим Горький | Парма балалары


Генуяның вокзал алдындағы алақандай алаңға қаптаған қалың жұрттың дені жұмысшылар болғанмен, бірақ араларында шүйдесі шығып, шытырая киінген адамдар да көп. Жиналған жұртты бастап тұрған муниципалитет мүшелерінің төбесінде қаланың шым жібекпен безеген туырлықтай тулары желбіреп, олармен қанаттаса жұмысшы ұйымдарының алуан түсті тулары да толқын ұрады. Судыраған жібек тулардың алтын оқалы шоқтары, шашақтары мен баулары жалт-жұлт етіп, сап сүмбілері жарқырап, көңілдері көлдей тасыған қалың нөпірдің ыңылдай салған әні күркіреген күйше гуілдеп тұрған болатын.

Қаптаған жұрттың үстінен қарап, биік пьедесталда, өз сеніміне бола қыруар қиыншылық шегіп, ақыр аяғы сол сенімінің арқасында жеңіп шыққан ойшыл Колумбоның бейнесі тұр. Қазірдің өзінде де жұртқа жоғарыдан көз жіберіп:

«Тек өзіне өзі сенген адамдар ғана жеңіп шығады» — деп, мәрмәр ернінің емеурінімен тіл қатып та тұрғандай өзі.

Оның аяқ жағын ала, күн көзіне шағылып, алтыннан аумай жалт-жұлт еткен жез кернейлерін пьедесталды шыр айнала саудырата жайып салып музыканттар отыр.

Мәрмәрдан айшық тәріздендіріп салынған вокзалдың абажадай зәулім үйі, жұртты тап бір аймалағысы келгендей, қанатын жая қалған. Порттан кемелердің алқына алған демі, су астында жұмыс істеп жатқан тетіктердің бүдірлеген дыбысы, шынжырлардың сылдыры, ысқырған және айқайлаған дауыстар келіп тұрғанмен, бірақ шыжыған ыстық күн сәулесіне малынған алаң үсті әрі қапырық, әрі жым-жырт. Үй-үйдің балкондары мен терезелерінен қолдарына гүл алған әйелдер, гүл-гүл жайнап әсем киінген балалар көрінеді.

Станцияға локомотив ағызып жетіп келіп, ақыра қоя бергенде қаптап тұрған нөпір селк ете түсіп, қанатын қаққан қара құсша, бірнеше мыжырайған қалпақ жұрттың басынан аса аспанға атылып та кеткен еді, музыканттар кернейлерін қолына алып, егде тартқан, салдарлы әлдебір адамдар желпіне басып, жұрт алдына шығып, беттерін топқа бұрды да, қолдарын оңды-солды сермеп, сөйлей жөнелді......
Әңгімелер
Толық
0 0