Әңгіме: Баубек Бұлқышев | Өмір мен өлім туралы


(Майдандағы қазақ жасының дәптерінен)

Адам туады, адам өледі. Мұнда тұрған қайғы не? Бұл — жаратылыс заңы. Біздің шығыс елдері: «Адам — дүниеге келген қонақ, біраз қонақтадық, аттануын керек», — деседі.

Бірақ адам дүниеге тек қана келіп, әшейін ғана аттана бермейді: ол артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады. Ол өмірге адам болып келіп, адам күйінде қайтады.

Мен — ұлы жиырмасыншы ғасырдың жасымын. Бүгін мен өз жайымды әңгіме еткім келеді. Өйткені бір жағымнан кек қысып отыр да, екінші — үлкен бір қайғым да бар. Менің бұл жазғандарым болашақта біздің осы ұлы күресімізді зерттеушілердің қолына түсіп, үлкен істердің кішкене бір тетігіне тиянақ болуға жараса, менде одан басқа арман да жоқ; ол зерттеушілердің біз осы арпалыста жүргенде қайғыра да, жылай да, күле де, кектене де білгенімізді ұғынса болғаны.

Кек неге қысады дерсіздер, оны да айта кетейін. Жастық шақ маған бір-ақ рет берілмеп пе еді? Сол кезімді әлдеқайда түнерген қара күш жұлып әкетпекші. Ол жастықтан бір айрылсам, ол қайтып оралар ма? Оралмайтынын мен жақсы білем, аһ, тіпті жақсы білем! Біз, жаста.р, өмір сүруге асығатын едік, жастық шағымыздың іші - тысы бірдей мағыналы болсын деуші едік қой, солай емес пе, құрбыларым? Міне, сол қымбат шағымызды фашистер тонап алғысы келеді, балдырғанды бақшаға өрт салғысы келеді. Мен осыған кектенем.

.....
Әңгімелер
Толық
0 0