Интернеттің пайда болуын ғылым мен өркениеттің арғы-бергі тарихтағы ірі жетістігі десек, артық етпес. Осынау ғаламдық желіде сәт сайын жаңарып, толығып тұратын ақпараттардың толассыз легі арқасында дүниенің түпкір-түпкіріндегі маңызды уақиғаларды қалт жібермей қадағалайтын болдық.
Әлбетте, жұмыр басты пенденің жылт еткен жаңалық атаулыны ерттеп мінуге ұмтылысы – табиғи, қалыпты құбылыс. Құптарлық, қуанарлық іс. Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес.
Аз уақытта адамзаттың ортақ игілігіне айналып үлгерген интернеттің ұшан-теңіз пайдасымен қоса, зиянды тұстары да бар екені анықталған. Басқасын айтпағанның өзінде, «Интернетке тәуелділік» дейтін жүйке дертінің атауы ғылыми айналымға енгелі біраз жылдың жүзі болды.
Таяуда АҚШ-тың бір азаматы онлайн-қызметтер үшін бар жиған қаражатын ысырап қылыпты. Бұл ештеңе емес-ау, соның кесірінен интернетқұмар пақырыңыз баспанасынан да айрылған. Үйсіз-күйсіз тентіреп, далада қалған ол ұрлыққа түскен жерінен ұсталыпты. Заң қызметкерлері оның өзінен мұндай теріс жолға түсуінің себебін сұрағанда, әлгі бәтшағар беті бүлк етпестен: «Мен үшін интернетте отыру – үйімнің болғанынан да маңыздырақ. Өйткені мен интернеттен көп достар таптым...», - деп «ағынан жарылыпты».
Біз айтып өткен жағдай әлемде мыңдаған адам шалдыққан интернетке тәуелділік ауруына бір ғана мысал. Ондайлар және өртеңге шыққан шөптей қаулап өсіп келеді. Ғалымдар бұл терминді интернетте шамадан тыс көп отырып, жиі пайдаланатын һәм оны пайдалануға кедергі туа қалса, жүйкесі қозатын адамдарға қолданады. Олар үнемі виртуалды кеңістікті кезіп жүргендіктен шынайы өмірден алыстап, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы бұзылатын көрінеді. Кейбір зерттеушілер бұл ауруды есірткіге, я болмаса, құмар ойындарға тәуелділікпен қатар қояды. Түрлі дерек көздерінде интернетке жіпсіз байланғандардың қарасыны мұқым қолданушылардың 10 пайызын құрайтыны айтылады.
Телекоммуникация және IT саласында зерттеумен айналысатын ICT-Marketing тәуелсіз компаниясының мәліметінше, өткен жылдың аяғында Қазақстандағы интернет тұтынушылардың ұзын саны 3,16 миллионға жетіпті. Яғни, халқымыздың 20 пайызға жуығының интернетке шығуға мүмкіндігі бар. «2010 жылы Қазақстандағы интернет желісін пайдаланушылардың саны 3,5 миллион адамға дейін өседі», – деген Елбасының сөзі де есімізде. Әйтсе де, бұл көрсеткіш Ресейлік Mail.Ru бағдарламасын, оның ішінде м-агент жылдам хабар алмасу қызметін пайдаланушыларға қатысты емес.
M-агент – бұл ТМД көлеміндегі ең әйгілі жылдам хабар алмасу бағдарламасы. Mail.Ru компаниясының деректеріне жүгінсек, м-агентті айына 9 миллион пайдаланушы тұтынып, бір уақытта 2 миллионнан аса адам қосылып отырады екен.
Соңғы бір жыл көлемінде м-агент бағдарламасын ел ішінде жаппай қолдану үрдісі байқалып отыр. Оны қолданушылардың жас мөлшері де, әлеуметтік мәртебесі де шұбар аттың жүніндей ала-құла. Жастар, үлкендер,
мектеп оқушылары да агентті арзан әрі ыңғайлы қатынас құралы ретінде пайдаланады. Компьютерді қойып, қыл аяғы қалта телефонына дейін еніп алған бұл бағдарламаның, әсіресе, жастар арасында дәурені жүріп тұр. Бір құрдасымыз айтпақшы, дос ретінде танысса да, ғашығымен табысса да екі ортада осы бір «жеңгетай-агент» жүреді. Тіпті агент арқылы тағдырлары тоғысып, отау тіккендер де бар екенін ара-тұра желауыз жұрттан естіп қаламыз.....