Жұмыстың құрылымы: бітіру жұмыс кіріспеден, екі тараудан, оның ішінде төрт тараушадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Зерттеу нысаны: Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрінің көркемдік қырларын жан-жақты зерттеу.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті: бітіру жұмысының негізгі мақсаты Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрінің көркемдік идеясының, эстетикалық қуатының, мән-маңызының алатын орнын анықтау. Кезінде әдебиеттанушылар даулы тақырыпқа айналған мәселенің бірі - Абай мектебінің төңірегі болатын. Абай мектебінің көрнекті өкілі Әріп шығармашылығындағы
ұстаз өнегесі дәстүрлі мектептің айқын көрінісі іспетті. Сонымен қатар, Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай тәлімімен қатар авторға тән жеке стильдік ізденістерді, жаңа тыныс пен тың тақырыптарды көтергені жайында сөз қозғау.
Жұмыста қолданылған дерек көздері: ғылыми-теориялық зерттеу еңбектері, диссертация, газет, журнал материалдары, көркем мәтін т.б.
КІРІСПЕ
Әріп Тәңірбергенов ақындығы, ғұламалығы жөнінде кенжелеп алсақ та, қазір ол туралы айтылып та, жазылып та жүр, бұл жағынан жұртшылыққа біршама танымал деп айтуымызға әбден болады. Жан-жақты білімді, көп оқыған кемел ақын Әріп Тәңірбергенов артына мол мұра қалдырды. Өкінішке орай, олар Қасым ақын айтқандай, «арбасқан алақұйын заманалардың» салдарынан бізге толық жетіп отырған жоқ /1,18/. Мұны зерттеуші Қ. Мұхамедханұлы да қадап айтады. Оқырман қауым Әріп өлеңдерімен алғаш рет 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Ұмытпаңыздар мені» деген атпен шыққан шағын жинағы арқылы хабардар болса, екінші рет 1995 жылы Қайымның «Абайдың ақын шәкірттері» атты зерттеу еңбегі жарық көргеннен кейін ғана кеңірек танысуға толық мүмкіндік алды /1,23/.
Өйткені ол ақ патша өкімдерінің әңгір таяғымен азап шеккен қазақ ауылының тіршілік-тынысы ғана емес, оның экономикалық, саяси-әлеуметтік проблемаларын да жақсы білді. Халықтың зорлық-зомбылықтан, озбырлық-заңсыздықтан күйзелген шаруашылығын, титықтаған тұрмысын, аянышты ахуалын да көрді, оның неліктен бұлай болып отырғанын әшкерелеп, оны жөндеу жөнінде өз ой-пікірлерін, өз байлауын ортаға салды. Сондықтан да оқырман қауым оның үніне үнемі құлақ түріп отырды /2,65/.
Әріп ақын қазақ елінің мәдениеті мешеу, тарихы белгісіз «бұратана» ел атануына намыстана қарады. Әсіресе, қазан төңкерісі алдындағы «қазақ халқын тарихқа кірмейтін жабайы халық» деп есептеген шовинистік пиғылдағы пікірлер де намысына тиді. Ол оның халқымыз, ел-жер тарихын білмегендіктен екенін аңғарды. Ұлы ұстазы Абайдың дүниетанымы мен көмегі оған халқымыздың тарихы мен мәдениетін зерделеп оқуға жөн сілтеді. Әріп өзге халықтардың ғылым, біліміне кітап арқылы саяхат жасап білім іздейді. Ол арабша, парсыша, орысша, қытайша, түркі халықтарының тілінде жазылған трактаттарды, діни кітаптарды оқи білді. Өткен тарихымызға деген қызығушылық, орыстың ғылыми еңбектері ғана емес, әлем әдебиеті мен ғылымына жетеледі. Халық ауыз әдебиетінің қайнарынан мол сусындап, батыс-шығыс елдерінің әдебиеті мен мәдениеті мен мұндалап тартты. Елінің тарихы және мәдени мұраларына деген сүйіспеншілігі өмірінің соңғы сағатына дейін сақталды /3,54/.
Жұмыс тақырыбының өзектілігі.
Әріп шығармашылығындағы жанр ерекшелігі сан алуан. Оның шығармаларындағы дүниетаным, көзқарас – сол заманның келбетін сипаттайтын, ел тарихы мен дәстүріне терең үңіле, айшықты жазылған, бірде эстетикалық, бірде діни-философиялық және этнотарихи, қоғамдық пікір-таласқа қызу араласатын сан алуан тақырыпты қамтып, мұның өзі сан алуан ғылым саласына қосар үлесі бар бай қазына десе де болады.....