Әңгіме: Дидахмет Әшімхан | Ит жылы
Ит мініп ирек қамшылап, итшілеп жүріп, ит жылына да жеттік-ау. Иншалла!
«Ит – жеті қазынаның бірі» ғой, бұл жылы ит те, құс та, иттің итақайы да ырыс-несібеге кенеліп, ит басына іркіт төгілген күндерді көреді деп сенемін. Өйткені... күту мен үміттен ғана тұратын ит тірліктің соңында жадырап шығар күн, жарқырап жетер бір жақсылық бар шығар. Тек соны итке ғана бітер төзіммен, бүгілмейтін итжандылықпен күту керек. Ол жақсылық баяғыдай ит арқасы қиянда емес, дәл қасымызда, иек астымызда тұрғандай. Олай дейтінім, бар тамаша, бар қазына Қазақстанда деп, ит өлген жерден мұнда ағылып жатқан бөгде-бөтен аз ба қазір? Мен білсем, олардың тұмсығы иттен иісшіл. Естеріңізде болар, ертеде солар ит жегіп, ит қорлығын көріп, Итжеккен мен Аляскаға да жетті емес пе? Ақыры сонда ителмен, инк, индейіс деген халықтарды атажұртынан иттей қылып қуып, өздері қап-қара алтынды итшаналарына тиеп, алыстағы еліне тасыды емес пе? Сөйтіп жердің арғы бетіндегі ит тұмсығы өтпес ормандар мен ит іздесе таппас иен мекенде итарқа қостарын тігіп, ит жүгіртіп, құс салып жүрген бейбіт халықтың итін шығарып, итжемі етті емес пе? Ал, «ит тойған жеріне» деп, сол арада қалып қойған бөгделердің көбі кейін жеке-жеке ел болып кетті емес пе? .....
Әңгімелер