Әңгіме: Заманауи әдіс

Заманауи әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушыларды көптілділікке бейімдеп келемін. Тіл –қарым-қатынас жасаудың негізгі құралы. Сондықтан, оқушылардың сауатты, нақты сөйлесуі үшін білім беру керек. Білім диалог арқылы беріледі. Оқушылардың сабақ барысында жасаған өзара байланысты, келіспеушілікті қабылдау деңгейін білдіреді. Сыныпта жасаған жұмыстары диалогпен жанасатынына байланысты болады. Мұғаліммен және сыныптастарымен әңгімелесу – оқушының қызмет белсенділігін қамтамасыз ететін және түсінігін дамытатын маңызды құрал. Оқушыларға сыныпта әртүрлі тәсілдер арқылы жүргізілген және кеңейтілген диалогтарға қатысуға мүмкіндік беріледі. Олар өзіндік жеке түсініктерінің өрісін зерттей алады. Бұл мүмкіндіктер олардың тілді орынды қолдануына, өз болашақ мамандығында тәжірибесінен өткізуіне жол ашады.

Диалог қолданғанда мұғалімнің көмегі арқылы үш тілді бірдей меңгертіп отыруға болады. Тақырыпқа байланысты жаңа сөздердің аудармаларын тауып, оларды тәжірибеде қалай қолдануға болатындығы түсіндіріледі. Өздері қолданған негізгі сөздердің орысша, ағылшынша аудармаларын біліп отырады. Бұл тәсілді жаңа сөздерді қайталағанда жиі қолданамыз.Диалогтік оқыту – қарым – қатынас жасаудың бір сарынды үдерісі емес, керісінше, әңгіме барысында идеялар екі жақты бағытта жүріп, соның негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжитын белсенді үдеріс. Диалог барысында оқушылар мен мұғалімдері келісілген нәтижеге жету үшін күш- жігерін жұмсайтын, білімді бірлесіп алуда немесе «пікір алмасу» барысында тең құқылы серіктестіктер болып табылады. Пікір алмасу – оқушылармен диалог құру арқылы іске асады, дегенмен оны оқушылар бірлескен зерттеу барысында да анықтай алады.

Диалогтік оқыту тәсілімен мұғалім төмендегідей жетістіктерге жетеді:

Оқушылар тақырып бойынша сөйлеуге ынталанады;

Оқушылардың мемлекеттік тілді үйренуге деген шынайы қызығушылығы артады;

Тіл біліміне құштарлығы дамиды;

Халықаралық деңгейдегі мамандық таңдауға талпынады;

Сөздердің мағынасын зерттеуге ынталанады;

Оқушылар сын тұрғысынан ойлауыға дағдыланады;

Оқушылар өзгелердің пікірін құрметтеуге үйренеді;

Бір-бірінен үйренуге және бір-біріне үйретуге дағдыланады;

Алда кездесетін кедергілерді жеңуге үйренеді.

Б.Момышұлы «Тіл дегеніміз - қай халықтың болмасын, кешегі, бүгінгі ғана емес, ертеңгі де тағдыры.» - дегеніндей, тіл – әрбір адамзаттың ұлттық абыройы мен болмысы. Ал, көптілділік – болашақ азаматтардың үш тілде бірдей сауатты сөйлеуі, ойлауы. Қажет болған жағдайда алма-кезек қолдана білуі. Бұл бүгінгі заман талабы. Ал біз осы заманға сай азамат тәрбиелеп шығаруымыз қажет. Сол себепті «заманың түлкі болса, тазы боп шап», деген мақалды ұрандатып келемін.

Қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілін жетік меңгеру болашақ ұрпағымыздың жеке тұлғалық және кәсіби деңгейін арттырады. Ал біздің түлектерімізге көп тілді меңгеру өте қажет, өйткені олардың басым бөлігі әлеуметтік тұрмысқа қажетті мамандықтарды таңдайды. Үш тілді бірдей үйрету барысында біз әлеуметтік жағдайға байланысты мәселелерді көбірек қарастырамыз. Мысалы: аспаз, шаштараз, сауда-саттық, өнеркәсіп мамандықтарын халықаралық деңгейде пайдалануға бағыттау. Осылай көптілділік адамның кәсіби ажырамас бөлігіне айналып отырады. Оқушыларда мақсатқа жету және тәжірибе алу шарты туындайды.

Заманауи технологиялар мұғалімнің оқушыларын диалогтік оқытуы арқылы, ал оқушыларда дербестік және жауапкершілік сезімін қалыптастыруда қалыптасады. Аталған әдіс арқылы оқушылардың іскерлігін және білім алуын епті басқаруға болады.

Сөзімнің соңын Дистервегтің «Жаман ұстаз шындықты ұсынады, жақсы ұстаз оны іздеп табады» деген сөзімен аяқтағым кеп тұр. Мұғалім ол үшін өзі де педагогикалық біліктілікті меңгеруі, шығармашыл болуы қажет.



Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы
"№4 жалпы білім беретін мектеп-интернаты" КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Ташпулатова Акмарал Унарбаевна

.....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Мұхтар Әуезов | Кінәмшіл бойжеткен


Май айының іші. Гүбірнелік қаланың бақшасы мейрам күніне күндізден әзірленген. Күн батуға тақағаннан бері қарай, қаланың қызықты көксеген жастары әлденеше көңілді топ болып, күлісіп-әзілдесіп келіп, бақшаға кіріп жатқан. Бүгін күн ыстық болған. Сондықтан мынау бақшаның көлеңкесінен шыққан салқын леп майысып қана тербете соққанда, денені тез көтеріп, сергіткендей болушы еді.

Мейрам күннің түс мезгілінен бері қарай, бақшаға барамыз деп әзірленген бозбала мен әйелдер күн батардан-ақ бөлек-бөлек жайраңдаған топ болып, үзілместен келіп жатыр. Қала халқына көптен белгілі болған бақша оркестрі күндізден құтырып ойнап, дәмелі жастың көңіліне қозғау салып шақырып тұрған.

Құмы мен шаңы көп ыстық қалада майдың қоңыр салқын кеші кішкене сұлу бақшаның ішіне жанар оты сөнбеген жастарды еркін демалысқа, түстей сұлу сезімге шақырып, күтіп тұрғандай. Бақшаның сәнді шұбар тобы көрініске шыққан сахна сұлуларындай болып, неше алуан тілімен былдырлап, желікті күлкі, сезімді қалжыңмен оркестр күйінің ішінде толқынып, бұралып өтіп жатты. Күн батып, қас қараюға айналған кезде бақша мезгіл сайын жанданып, ыстық лепті тіршілік қызуымен ажарланып келе жатқан. Бақша, тіршілік күнінше, жылытатын ұяша талай меңіреу ойды да оятып сергіткендей.

Кейбір шеткі аллей ұзақ қоңыр, қараңғы болып келіп, қараңғы түн сырымен қосылып, ыстық демалыс, үзілген жүрек күйін ескерткендей болатын. Екі жақтағы қараңғы қалың тоғай ішінде тұңғиық қара көзді түн сыры оркестрдің сезімді күйіне тіл қосқандай. Қалқып тұрып иек қағып, жұмсақ жел сілкінткен жапырақтарын тілші қылып, сол күймен сыбырласып сырласқандай болушы еді.

.....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Джек Лондон | Өмірге құштарлық

Сылти басқан олар жыраға қарай құлдилап түсе бастады да, алда келе жатқаны бейберекет шашылған тастар арасында сүрініп, теңселіп кетті. Өздері қалжырап біткен, жүздерінен ұзақ мұқтаждық ізі мен күйзелісті көнбістік қана аңғарылады. Иықтарындағы қайыс таспалармен шандылған зілдей тендер еңселерін одан әрмен езе түскен. Екеуінің де арқасында мылтық. Екеуі де бастарын төмен салбыратып, көздерін жерден алмастан бүкжеңдей түседі.

— Құпия орындағы оқтардың, тым құрығанда, екеуі өзімізде болғанда ғой, — деді бірі үнсіздікті бұзып.

Оның даусы еш сезімсіз, салғырт естілген. Жүдә енжар айтқаны соншалық, тастарға соғыла ақшулан түспен көбіктеніп аққан суды енді кеше бастаған серігі жақ жарған жоқ. Әлгінің соңынан жолдасы да суға аяқ басты. Ағын су сүйектен өткен мұздай болғанмен — суықтығы соншалық, балтырлары мен башпайлары мүлдем жансызданып сала берсін, — олар аяқ киімдерін шешкен де жоқ. Кей тұста су тізелерінен асып, тірегін жоғалтқан әлгілер теңселіп-теңселіп кетеді.

Жүргіншінің бірі жылтыр қойтаста тайғанақтап, құлап түсе жаздады да, жан даусы шыға шыңғырып жіберіп, сөйтсе де аяғында тік тұрып қалған. Сірә, басы айналып кеткен болуы да керек теңселген күйі қолдарын ербеңдете түсіп, ауаны құр қармағандай болды. Бойын әрең билеп, алға қадам басқаны сол-ақ ізінше қатты: теңселіп кетіп, тағы да омақаса құлай жаздасын. Сол сәтте кілт тоқтап, серігіне көз тастады: анау болса жүрісін кідіртпестен алға озып барады, ол ол ма, бұрылып қараған да жоқ. .....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Шерхан Мұртаза | Тұлпардың тұяғы

Емханада, палатада жалғыз езің жатқанда басында неше алуан ойлар келеді. Ұйықтасаң — әр түрлі түс кересің.

Таң, алдында осы Орталық емханада Нұрғиса көз жұмды.

Бұл түс емес. Кез көргендер, көңілдес, дос пейіл азаматтар дүниеден өткен сайын, әсіресе емханада, палатада жалғыз жатқанда өзіңнің де бұл фәниге небәрі бес күн қонақ екеніңді ойлайсың.

Алдымда — түрлі газеттер, теледидар сайрап тұр. Газеттерді ашып қалсаң да, теледидарды басып қалсаң да — қым-қуыт қиыншылық. Әсіресе КТК құтыртады. Бір жерде газ жарылып, үй өртеніп кетіпті, бір жерде — біреуді - біреу өлтіріп кетіпті. Қажыгелдинге «қастандық» жасалыпты. Ұрылар үйді тонап кетіпті. Әйелдерді былай қойғанда, еркектер де тәнін сататын болыпты...

Сұмдықтардан сүрініп, аяқ алып жүре алмайсың.

Жылт еткен жақсылық хабар бар ма? Үлкен қаланың түнгі аспанындағы жұлдыздардай жыламсырап әрең - мәрең көрінеді.

Сонда бұл дүние — өзің бес-ақ күн қонақ болсаң — несі қызық?

Қызық ету, сірә, сирек адамдардың ғана қолынан келетін болар, Мысалы, мына Нұрғиса сияқты жарқылдап өтсең дүниеден,

Бірақ ол қиыншылық көрмеп пе? Тағдыр қиыншылығының көкесін керген шығар. Оған мойымаған. Қайғысыз, мұңсыз адамнан анадай сұрапыл да сұлу күйлер, әуендер төгілер ме еді.

.....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Бердібек Соқпақбаев | Ағаштар неге ашуланды

Жадырап көктем туды. Қар қауырт еріді де, аз күнде төңірек қарайып, құрғап шыға келді.

Мектепте көшелерді көгертіп, ағаш отырғызу апталығы басталды.

Оқушыларды түгел қызықтырған бұл бастама тек Алмабекке ұнамады. Орман болса тан іргеде тиіп тұр. Көшеге ағаш отырғызып, әуреленудің керегі қанша деп ойлады ол. Бірақ жұрт бір кісідей жұмылып кіріскен істен Алмабек шетте қала алмады. Өз кластарымен бірге тоғайға ол да барды. Бірнеше жас тал, терек, қайың әкеліп, басқалардың үлгісімен терезе тұсына тізіп отырғызды.

Алмабек осымен істі тындыға санады. Өзгелер отырғызған ағаштарын суарып, түбін қопсытып, мәпелеп күтумен болса, бұл оның бірін де істемеді.

Жаз шықты. Көктемде отырғызған ағаштар жапырақтары желкілдеп, бойлап есе бастады. Солардың арасында: Алмабек отырғызған ағаштар ешбір күтім көрмеген соң тамырланып кете алмай, шөжіп шалажансар жұтап тұрды.

Орманнан өздерімен бірге әкеліп отырғызған басқа ағаштардың айнала жамырап, жайнап өсіп келе жатқанын көргенде, қуқыл тартқан ағаштар қапаланып, қайғыға батты. Ертелі-кеш самал желмен тербелген ормандағы кешегі еркін өмірлерін аңсап, бір біріне мұңын шағып жылады. «Бұл халде тұра берсек, біраз күнде тамырымыз суалып, құритын шығармыз», — деп уайым шекті.

Бұл қайғылы халді самал жел өзен бойындағы орманға жеткізді. «Осындай да осындай. Алмабек дейтін бала алып барып отырғызған сіздердің туысқан шыбықтарыңыздың халі мүшкіл екен»,— деп, ол сыбдырлап бұталарға айтып еді. Ауыздарына сөз тұрмайтын бұталар оны сыбдыр қағыл талдарға, талдар қайыңдарға, қайыңдар дереу теректерге жеткізді. Сөйтіп, кен алқапты жалпағынан алып жатқан ну орман Алмабектің қылығын түгел естіді......
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Думан Рамазан | Көгершін

Күз. Күн шайдай ашық. Алматының оқтай түзу көшелерiнiң бiрiнде орта бойлы, қыпша бел, қарақат көз, қыр мұрынды, ашаң жүздi қыз қолындағы үлкен қара чемоданды терлеп-тепшiп әрең көтерiп келедi. Жол бойы жағалай өскен қайың-емен, тал-теректердiң сарғыш тартқан жапырақтары ұшып жүрген көбелекке ұқсап, қалқып барып жерге қонады.

Бiр кезде алдыңғы жағынан қарсы ұшыраса кеткен сұңғақ бойлы әдемi жiгiт «Қарындас, көмектесiп жiберейiн» деп келiп, қыз қолындағы чемоданға жармаса бердi. Қолы талып келе жатқан қыз қарсылық көрсете қоймады. Жiгiт жөткiрiнiп алды да, жуан даусымен сөз бастады:

— Атым Мұрат. Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң тiл-әдебиет факультетiнде оқимын. Өлеңдерiм республикалық газеттерге жиi жарияланып тұрады. Мүмкiн оқыған да шығарсыз, – деп желдей есiп келедi. Ал қыз болса: «Ақын болса ақын шығар. Олардың осындай сөзуар болып келетiн әдетi емес пе», – деген оймен оның сөзiне онша мән бере қоймады. Өзiнiң жетi атасына дейiн таныстырған жiгiт «Ендi сiздiң кезегiңiз» дегендей, бұған жымия қарады:

— Есiмiм – Көгершiн. Қыздар педагогикалық институтының үшiншi курсында оқимын. Оқуыма асығып келе жатқан бетiм ғой, – дедi сыпайы ғана тiл қатып.

— Жүгiңiздiң ауырлығына қарағанда, ауылдан келесiз-ау!..

— Иә, жаңа ғана поездан түстiм. .....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Бейімбет Майлин | Қара шелек

Әңгіме қара шелектен басталды. Айшаның атасының басындай сақтап жүрген шелегі ғой. Үшінші жыл болып барады, Айша шелексіз қалып, шелек сұраймын деп абысын-ажынға жексұрын көрініп, ақырында Бірмағамбетті бүріп, Кәстенкенің дүкенінен алдырған шелек еді.

— Шелек-шелек деп ішкен асымды кере ғып болып едің, сенен қорыққаннан темекі алатын ақшама шелек алдым, деп Бірмағамбет, Айшаның қолына шелекті ұстатқанда бұлдап нығыздап ұстатқан.

Бірмағамбет мұны айтқанда, Айшаны салақ деп, дүниесін бүлдіріп ұстайды деп айтқан емес. Айшаның сөзін аяқсыз қалдырмағандығын сездіргелі айтқан. Әйтпесе, Айшаның жинақтығы, күтімділігі, бірін мыңға балап ұстайтындығы бүкіл ауылға мәлім. Салақ қатындар Айшаны жаратпағанда, Айшаға мін таққысы келгенде:

— Көріне бірге алып кетсе, көрерміз: әйтпесе кімнен қалмаған дүние, — деп бұрқылдасады.

Сол қара шелек бүгін майып болыпты! Қожағұлдың қара тоқалы біреуден нәрсе сұрамай, алған нәрсесін бүлдіріп бермей жүре ме, бүгін келіп қара шелекті сұрай қойды. Айша — шелек сұраушыны жайшылықта маңына жүргізбейтін:

— Менен кедей емессіңдер ғой, керек болса, сатып алыңдар, —дейтін.

Бүгін сонысын айта алмай қалды. Айта алмай қалған себебі болды: бүгін айға толды Бірмағамбет жоқ! «Аудан жұмсапты, науқанға өкіл қылыпты, 5-ауылдың байларын Бірмағамбет протоколдап ауданға айдап жіберіпті...» деген сияқты хабар еміс-еміс естіледі. Науқаны несі? Байларда не жұмысы бар? Айлап қаңғырғандай, ай толғанша үй бетін бір көрмегендей не болды? Бұл не деген сұмдық? Қатын-баласынан безген адам бола ма екен деп бірер күннен бері Айша үздіксіз ойлаумен жүр. Күл шығарса да, от жақса да, жалғыз ала сиырды қақпалап суатқа апарып суғарса да есі-дерті Бірмағамбет болады да жүреді. .....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұлы | Үлкен жүрек

Таңертеңгі қоңырау соғылды. Класқа жапырлай кipген балалар тегіс орындарына отырды. Мұғалім келгенде олар әдеттегідей орындарынан тұрып қарсы алды. Кіріп келе жатып-ақ мұғалім Жанардың көзі алдыңғы партада бір баланын. жоғын байқады. Класс іші күрек тісінің бірі түскен кісінің аузы сияқтанып омырайып қалғандай. Тары Нұрлан жоқ. Мүмкін тағы да кешіккен болар. Бірінші кластан бері оқытып келе жатқан төрт жылдың ішінде Нұрланнан мұндай нәрсе байқалмап еді. Нұрлан кеше де, бұрнағы күні де сабақ басталып кеткен соң келді. Жанар оны тұрғызып қойып, неге кешіккенін сұрап еді: ол үндемеді, ештеме айтпады: «Кешігіп қалдым, кінә өзімнен» дегеннен артыққа бармады. Жанар бұл сабаққа да даярланбаған шығар деп сұрап көріп еді, сабақтың бәрін айтып берді. Үйге берілген жазу, есеп жұмыстарын да тап-тұйнақтай етіп орындапты. Барлығы да әдеттегіден бес қоярлық.

Мұғалім ойға қалды. Үйінде басқа жағдай болып қалды ма екен? Бірақ ондай кірбің шәкірт қабағынан байқалмайды. Тіпті осыдан үш күн бұрын ғана Нұрланның әкесі де, шешесі де Жанарға келіп жолығып кетті. Мұғалім осындай ой үстінде отырып балаларды түгендеп, тізімнің аяғынан шыққанын да білмей қалды. .....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Келіншек

Күйеуінің қолы тиіп кеткен еді. Бұрынғы сезіммен қосылып тұрмысқа шыққан көңілінде содан кейін оған деген пайда болған өкпе ме, реніш пе, әйтеуір, бірдеңе бұрынғы оған арналған жүрегіндегі сүйіспеншілік сезімімен бірге ішкі сарайында бірін-бірі жеңе алмай, итжығыс түсіп, алмасып келді де отырды.

- Айдын, әу, Айдын! Мына көйлекті киіп көрші! Саған алып едім! Қане! Дұрыс алған екем ғой! Мә, керемет жарасып тұр екен! Тура бір көйлектің жарнамасындағы жігіттердей болдың да қалдың! (Осы кезде ұрғаны есіне түсіп кетіп, ішінен). Қолың сынғыр, қолың сынғыр. Мені ұрған қолың сынып қалмайды-ау сенің. Қолың сынып, көйлектің жеңі салбырап тұрса, жақсы болар еді.

- Айдын, әу, Айдын! Ертең Жұмабектер қарындасын ұзатқалы жатқан жоқ па? Осы көйлекті сол кезде киіп барасың ғой! Жарасымды болып барғаның өзіңе жақсы ғой! (Ұрғаны есіне түсіп кетіп). Сені кім шақырғалы жатыр соған?! Тек мен жүргесін шығар қасыңда.
.....
Әңгімелер
Толық
0 0