Әңгіме: Сызықты қысқарту
Мұғалім сыныптағы зерек, бірақ сонымен қатар ішітар оқушыдан: «Сен неге достарыңа көре алмаушылық етесің, олардың жасағандарын бұзып, төбелесесің де жүресің?» деп сұрайды. Оқушы: «Өйткені олардың менен озып кетуін қаламаймын. Мен ғана үздік, менің жасағандарым ғана ең жақсы болғанын қалаймын» дейді. Мұғалім сәл ойланды да, орнынан тұрып, тақтаға бір сызық сызады. Әлгі оқушысына қарап: «Мына сызықты қалай қысқартуға болады?» деп сұрайды. Оқушы орнынан атып тұрып: «Сызықтың жартысын өшіріп тастаймын» деп жауап береді. Мұғалім бұл жауапты қабыл етпейді. Оқушы біраз ойланып, сызықтың бір бөлігін қолымен жауып: «Міне қысқарды» деді. Бұл жауап та қате болатын. Дұрыс жауап ала алмайтындығын түсінген мұғалім тақтаға әуелгіден де ұзынырақ сызық сызып: «Енді қалай болды?» деп сұрайды. Басы салбыраған оқушы: «Енді қысқарды» деп жауап берді. «Біліктілігің мен қабілетіңді арттырып, өз сызығыңды ұзартуың, қарсыласыңның сызығын қысқартуға тырысудан әлде қайда жақсы» деп оқушысына өмірдің барлық кезеңінде кәдеге жарайтын тәрбиелік сабақ берді......
Әңгімелер