Түлен, Құлан, Алдар – үшеуі жортып жүріп, бір жерге келіп, дем алады. Дем алып отырып, әңгімелеседі. – Дүниеде біздей жан болсайшы! Еш нәрседен қорықпаймыз, дегенімізді істейміз, – дейді Алдар шайтандардан сыр ұрлағысы кеп. – Айта көрме. Еш нәрседен қорықпаймызың не? Біріншіден, Құдай қазақтың қамшысынан сақтасын. Екіншіден, инедей жердің тікенінен сақтасын. Бұларды көрсек, көрінім жерден қашып жүреміз. Кәпірдің бетін аулақ қылсын! – дейді Түлен мен Құлан отырып. – Жарайды, сабаздарым, – дейді ішінен Алдар. – Әлде сен еш нәрседен де қорықпайсың ба? – дейді шайтандар отырып Алдарға. – Айта көрме, ойбай! Қорықпайдың не? – деп, Алдар ыршып түседі. – Неден қорқасың? – Ойбай, айтуға да қорқамын. – Қой, айтудан қорыққаны несі? – Иреңдеген қазы дегеннен, кірпі сияқты қарындаған май дегеннен, одан кейін қара торсықтағы қымыз дегеннен жаман қорқамын. Кәпірдің беттерін аулақ қыл деп, солар бар деген жерден күндік жер аулақ жүремін. – Жарайсың, сенің де сырыңды білдік, – дейді шайтандар ішінен. Біраз отырып, дем алғаннан кейін шайтандар тұрып, жүрейік десе, Алдар тұрмайды. – Мен жүрмеймін, – дейді.......