1960-70 жылдар – Қазақтың қазіргі заман поэзиясына жаңа есімдерді алып келумен қатар, рухани және әлеуметтік өміріміздің, қоғамымыздың кезеңге лайық шындығын ашуда, поэтикалық формалар /түрді/ мен образды, бейнелеу құралдарын барынша терең тамырлы дамытуда,
қазақ әдебиеті үшін жаңа бір күрделі кезең болды. Позиядағы айтарлықтай жаңа бір құбылысқа айналды. Ұлы М.Әуезов сөзімен айтқанда жыл келгендей жаңалық сездіре келген Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, М.Шаханов, т.б. ақындар әдебиет есігін өзіндік үнімен, өзіне лайық даусымен батыл еніп, еркін ашты.
Бұл арада 70 жылдан астам уақыт өз өктемдігін жүргізіп келген Кеңестік жүйенің әдебиетіміздің өсу процесіне кері ықпал тигізген әсерін айтып өтпеуге болмайды:
Біріншіден, бес ғасырлық ғұмыры бар қазақ әдебиетінің алтын қоры, бай қазынасы – фольклордың, ауыз әдебиетінің дәстүрі жалғасын таппай дағдарысқа ұшырады.
Екіншіден, Қазан төңкерісінен кейін, көп ұзамай: «Революцияны жақтайсың ба, жоқ оған қарсысың ба?» деген жалауды көтеріп, оған нақты жауап іздеді де, идеялық мазмұнына, әрі шығармашылығына қарай төрт топқа бөлінді.
Біріншісі – Кеңес үкіметіне сеніп, қолына қалам да, қару да алып күрескен Сәкен Сейфуллин, Баймағанбет Ізтөлин т.б. ақындар тобы. Екіншісі – бұл дүниенің болашағына барлай қарап, баянына үлкен ой көзімен қараған Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов т.б. ақындардың жұлдызды шоғыры. Үшіншісі – әдебиетке демократтық бағыт ұстаған нағыз бұқарашыл ақындар – Сәбит Дөнентаев, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров. Төртіншісі – еңбекші бұқара, халық арасынан шыққан ел ақындары – Жамбыл Жабаев, Иса Байзақов, Нұрпейіс Байғанин, Нартай Бекежанов т.б. тегеурінді талант иелері. .....