Бұрынғы өткен заманда қазақ жұртының бір Қарамерген деген кісісі болыпты. Өзінің дәулеті жоқ, және перзенті жоқ екен. Мергендікпен бұғы атып мүйізін, құлан атып саурысын, әртүрлі аң атып, терісін сатып, жан сақтайды екен. Жаз кетсе – қыс келіп, қыс кетсе – жаз келіп, жолдассыз жалғыз жүреді екен. Бір күндерде баяғы мерген мылтығын алып: «Қысы-жазы ел бармайтұғын, адам тұрмайтұғын бір алыс жерге барайын!», – деп жүріп кетіпті. Неше күн жол жүріп, бір үлкен тауға келіпті: қараса, тауда адам жүрген жол жоқ. Бір сайменен атын жаяу жетелеп, көп машақат тартып, таудың үстіне шығыпты. Жан-жағына қараса, аң киік есепсіз көп екен. Мерген қуанып, бір бастаудың басына келіп, тастан үй жасапты, төбесін жолым үйдей қылыпты, бірталай уық ағашпенен, үйдің төбесін аңның терісімен жауыпты.....
Бұрынғы замандарда екі соқыр жолдас болып, бір-бірінен айрылмай, күннен күн екеуі дос болыпты. Һәр адам тең теңімен, тезек қабымен, екеуміз бір-бірімізге теңдеспіз ғой деп. Сол бейшаралардың достығы біреуісіз бірі тамақ жеместей болып, жанын да, тәнін де ортаға салып, қол ұстасып, ауқат қылып жүріпті. Біздің бұрынғы ең үлкен атамыз Адамға дұшпан болған бір шайтан атты біреу бар дейді ғой, сол осы екі соқырдың ұйымдасып, ауқат қылғанын да күндеп, екеуін ажыратудың шарасына кірісіпті. Бұған ажырату айласын таба алмай, не қыларын білмей тұрғанда бір адам:
– Нағып тұрсың сілейіп? – деп сұрапты.
– Ойбай, мен жетісіп тұрғам жоқ. Осы екі соқырдың достығын бұзудың кепілін алып едім. Енді сорым құрып, соны бұзудың ақылын таба алмай тұрмын, – дейді.
– Ой, сол ма? Мен оны боқтан оңай ажыратып берем, – деп, екі соқырдың біреуін «Мә, жолдасыңа!» – деп, бір ұрады.
Баяғы заманда қанша уақыт өткенін білмейміз, қазақ жерінде апалы-сіңлілі екі қыз болыпты. Үлкенінің есімі − Рас, Кішісінің есімі – Қисық. Бұл қыздар бек кедей екен. Күн көруге қаражаты болмай, бір ауылдан бір ауылға қайыр сұрап жүріпті. Қазақтар шамасы келгенше бұларға қайыр беруші еді. Рас көркем, салмақты еді һәм адал жүріп, тыныш жүруші еді. Сонысына қарай қазақтар мұны жақсы көруші еді. Растың сіңлісі Қисық тынышсыз, ұрысқақ, қу болыпты. Һәм оңай жатқан нәрсе болса, ұрлап әкетуші еді. Мұндай мінезіне қарай қазақтар мұны жек көруші еді. Бұл екеуі көп зәрушілік көрісті. Ғұмырларында шаттық етіп, бақ көре алмады. Ғұмырлары мұндайменен өтті, арты қандай болары белгісіз. Күндерде бір күн бұл екеуі ауылдан алысырақ барып, кеңес құрысты. Ақырында, ойласып-ойласып, өзге тарапқа барысып, бағын сынаспақшы болды. Әр ауылдан ірімшік, құрт жиып алып, екеуі де ақырындап, жолға түсті. Бұлар дамыл алмай, көп жүрді. Жел жоқ, салқын соқпай, ауа айналып, жерге түскендей ыстық болды. Жан-жаққа қараған, ешнәрсе көрінбеді. Мұндай ыстық уақытта жан-жануар қамысқа қорғалаушы еді. Осыған қарағанда бұл екі міскіннің сапары бек қиын болды. Күн батып бара жатқанда, бұл жолаушылар Түркістан жерінде Темір деген өзеннің жағасына келді......