Бір Келдібай Оразбайұлы деген байдың үш ұлы бар екен. Үлкен ұлының аты Үш вершок деген, ортаншы ұлының аты Екі вершок деген, үшінші ұлының аты – Бір вершок деген екен. Қашан, кім бұлардың атасы, тіпті-ақ, кәрілікке жетіп, өлер халге келгеннен кейін бүтіл өзіне қараған малдарын, сатып алған пұлдарын далаға, бір көлдің қасына көміп қойып, өзінің балаларын шақырып алып айтады:
– Балаларым, тез уақыт ішінде мен өлемін, менің байлығым сендердің біреуіңе тиеді, со мезгілде, егер де өлейін деп жатқан аталарыңның ең соңғы насихатын алғандарыңа ғана. Менім насихатым мынау: «Қасымызда көршілес болып отырған мырза Түлкінбай ұлыменен үш жылға шейін еш бір қатынаспаңдар. Бұ адамның өзі ғұмырынша жаман адам. Маған залалынан басқа нәрсесі болған жоқ», – деп айтып, шал өліп кеткен. Әкесі өлген соң балалары қалған пұлдарын қарасып, іздеп, қарамаған жер қоймай, ешбір таба алмай, ақыры, нашарлықпенен күндерін өткізе бастаған екен. Сонда бір күні олардың үйіне мырза Түлкінбай ұлы кіріп, үлкен ұлы Үш вершокке айтады:
– Маған мал бағуға келіп тұр, ақы беремін, бәлкім, сөйтіп барып, оны-мұны жиыстырып алып, шаруаңды түзетіп аларсың, – дейді. Сонда үлкен ұлы айтады: «Жоқ, саған қызметкер болмаймын, әкемнің айтып кеткен өсиеті бар, сен оныменен жаман тұрған екенсің, оған әрдайым жамандықтан басқа нәрсе қылмапсың», – дейді. Мырза кетіп қалып, келесі күні тағы келіп, Үш вершоктан сұрайды: «Қалай ойландың ба, маған қызметкер болып тұруды?» – деп.......
Бұрынғы заманда Бағдад шаһарында Перімәлік деген бір үлкен бай болыпты. Өзі алтын, күміс, асыл тастарын сауда етеді екен. Әйелі перзент көрмегендіктен, ұлы да, қызы да болмапты. Соншалық сауда жұмыстарын басқарып, реттеп жүргізетін, барлық шаруашылығын билеп, құл-құтандарын жұмсайтын билеуші бір адамы бар екен. Бай әлгі адамына сондайын сеніп кеткен. Барлық байлығын, қылған пайда, залалдарын жоғарғы айтылған адамнан жылында бір мәрте есеп алады екен. Тіпті, өзінен туған баласы сықылданып, байдың шаруашылықпен жұмысы болмайды екен. Бір күні сол адамы ауырып, келтесінен өліп қалыпты. Әлгі адамы өлген соң барлық жұмысы тоқтап, қараң қалған сияқтанғандықтан Перімәлік бай тұрмастан төсегіне жатып алыпты. Тамақ ішпей, бір жұма қайғырып, есінен тануға жуықтапты. Байдың мұншалық есеңгірегенін көріп, көршілері, туған-туысқан, дос-жарлары жиылып келіп, байға ақыл айта бастапты. – Байеке, мұныңыз Құдайға қарсылық емес пе? Жақсы жалшыңды өзі берген Құдай өзі алды. О баста сатып алған құлың емес пе еді?! Ақылдылығымен сіздің ырысыңызға қарап, құл болса да, ұлыңыздай болып, барлық мүлкіңізді өзі билеп, төстеуші еді. Орныңыздан тұрыңыз да, тағы бір құл сатып алыңыз.......