КІРІСПЕ
Көркем сөз өнерінің небір майталмандары сөз өнерінің бастауын жалпы халықтық тіл қорынан алатындығы жаңалық емес. Жалпы халықтық тілді жаңарту, байыту, жаңа қырынан жарқырата қолдану - әрбір жазушының жеке шығармашылық жемісі. Тиесілі сөздің тетігін тауып пайдалану сөз өрнегін келісті сала білген жазушының шеберлігін танытады. Қандай да бір көркем шығарманың көркі, шұрайы сол шығарманың тілі арқылы көрінеді, тілі арқылы бағаланады.
Тіл – стильдің жаны. Әр жазушының өзіндік қалыптасқан стильдік мақамы бар. Көптеген халыққа танымал ірі қаламгерлердің үлкенді-кішілі атақты шығармаларын қолға алып үңіле түссең-ақ, кімнің шығармасы екенін айнытпай айтуға болады. Әдемі өрнек, сұлу сөзге тұнып тұрған, ұзын сонар ширатылған Әуезов сөйлемдерін,
өлең жолдарындай өзара ұйқасын тауып, үйлесіп, төгіліп тұратын, артық деп бір сөзін алып тастауға көнбейтін Аймауытов сөйлемдерін, есте ұстауға ерекше икемді, әрбір кейіпкерін "өмірдің өзінен ойып алған" Майлин сөйлемдерін ешкіммен шатастыруға болмайды.
Тақырыптың өзектілігі
Көркем әдебиет тілін зерттеу – филология ғылымдарының алдында тұрған бүгінгі таңдағы қажетті міндеттердің бірі.
Көркем шығарманы талдау арқылы көркем әдебиет тілінде экспрессивтік-эмоциялық жүк көтеріп, өзіне соншалықты міндет артып тұрған сөздер мен сөз орамдары, сөйлемдердің үлкен маңызы, мәні бар екенін байқаймыз. Осындай таңдаулардың көмегі арқылы ғана жазушының сөз қолдану ерекшелігі жан-жақты ашылады. Жазушы қолданған әрбір элементтің мейлі ол әдеби нормаға жатпасын алатын орны ерекше.
"Көркем әдебиет тілінде кездесетін бейәдеби элементтер" деген тақырыптың қазақ тіл білімінде біраз зерттелгенімен, ол – монографиялық ізденіс ретінде әлі де толықтыра, айқындай түсуді қажет ететін проблема.
Көркем дүниедегі бейәдеби элементтердің стильдік қызметін зерттеу арқылы оның сыры, маңыздылығы ашыла түседі.
Зерттеу деңгейі
Қазақ көркем әдебиеті тілін зерттеуге өзіндік үлес қосқан зерттеушілеріміздің ең алдыңғысы деп Мұхтар Әуезовты айтуымызға болады. Ол сонау 50-жылдардың өзінде "Манас" жырының тілдік өрнектерін талдау арқылы бізге мол мирас қалдырған.
Қазақ көркем әдебиеті тілін зерттеуге қомақты үлес қосып келе жатқан ғалымдардың бірі – Рабиға Сыздықова. Зерттеушінің стилистикаға байланысты жазған ғылыми еңбектерінен жазушының сөз қолданысы, стиліне байланысты құнды пікірлер мен ғылыми тұжырымдарды көре аламыз.
Осындай ірі тұлғалардың ірі пікірлеріне сүйеніп, қазақ көркем әдебиет тілін зерттеуге үлес қосып жүрген зерттеушілеріміздің есімін атап өтпеуімізге болмайды. Шалабай Б, Әміров Р, Бизақов С, Сәрсеке Г, Майтанов Б т.б. осы бағыттағы ірі зерттеушілеріміз.
Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері
Қазіргі қазақ әдебиет тіліндегі бейәдеби элементтердің қызметін көрсету. Ол мақсатқа орай мынадай міндеттерді қойдық:
Көркем әдебиет тілінде кездесетін бейәдеби элементтердің алатын орнын, маңыздылығын зерттеу;
Бейәдеби элементердің көркем шығармада қолдану мақсатын айқындау;
Көркем шығармадағы бейәдеби элементтерді маңыздылығын мысалдар арқылы дәлелдеу.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы
Осы көрсетілген міндеттерден де аңғарылуы тиіс, дегенмен нақтырақ айтсақ:
Қазақ көркем әдебиеті тілінде кездесетін бейәдеби элементтердің алатын орны, мүмкіндіктері лингвистикалық стилистика тұрғысынан көрсетілді;
Көркем шығармадағы бейәдеби элементтер нақты материалдар (мысалдар) арқылы талданды;
Дөрекі сөз,
орыс тілі элементтері, қарғыс, одағай сөздер осы жұмыста кеңінен баса көрсетілді;
Аталған бейәдеби элементтердің образ жасауға қатысы нақты мысалдармен көрсетілді.
Зерттеу жұмысының көмегімен көркем әдебиет тілінде кездесетін бейәдеби элементтердің әдеби нормаға жатпаса да шығармада алатын орнының қомақты екендігі барынша дәлелденді.
Зерттеудің әдістері
Жұмыста сипаттау, жүйелеу, талдау әдістері қолданылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы
Жұмыс зерттеушіні көркем сөз сырына, сөздердің не сөз оралымдарының қолданылу заңдылықтарына қанықтыра түсуде, бейәдеби элементтердің көркем шығармадағы орнын, қызметін, мүмкіндіктерін көрсететін лингвистикалық тұрғыдан талдауда септігін тигізетін танымдар мен талдаулар.
Зерттеу жұмысының құрылымы
Жұмыс кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І-ТАРАУ. БЕЙӘДЕБИ ЭЛЕМЕНТТЕРДІҢ КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДА АЛАТЫН ОРНЫ, МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
І.1. Дөрекі сөздердің сипаттамасы
Көркем әдебиет тілін зерттеу – филология ғылымдарының алдында тұрған бүгінгі таңдағы қажетті міндеттердің бірі. Көркем туынды белгілі бір оқиғаны оқырман сезіміне әсерлі, бейнелі етіп жеткізетіні белгілі. Сол әсерлілік пен бейнелілік түрлі амал-тәсілдермен жүзеге асырылады.
Шығарма тілін талдау әдеби шығарманың көркемдік әрі эстетикалық қасиетін танып-білуге көмектеседі, кейіпкерлер тілінің өзіндік болмысын анықтауға мүмкіндік туғызады және стилистиканың көптеген мәселелерін шешуге көмегін тигізеді.
Көркем әдебиет тілін зерттеу түркологияда өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап қолға алынды. Соның өзінде жекелеген жазушылардың немесе олардың белгілі бір шығармаларының тілін талдау түрінде қалыптасты. Мұндай зерттеулер әзірбайжан, татар, қырғыз, өзбек тағы басқа түркі тіл білімдерінде пайда бола бастады.
Оларда ұлттық әдебиетті дамытуға зор үлес қосқан ақын, жазушылар тілінің сөздік құрамы, грамматикалық құрылысы, бейнелеу құралдары жан-жақты талдау нысаны болды. Түркологияда осы аралықта көркем әдебиет тілі мәселесін жалпы теориялық тұрғыдан да қарастырған еңбектер жарық көрді. Және проза тіліне қарағанда,
өлең тілі анағұрлым терең де жан-жақты зерттелді (24; 25; 26).
Сонымен бірге түркологияда көркем әдебиет тілін әдеби тіл дамуының тарихы тұрғысынан қарап шешу жағы басым болып, ал көркем
шығарма тілін
өнер тілі тұрғысынан талдап зерттеу жағы кешеуілдеңкіреп қала берді.
Көркем әдебиет тілін зерттеудің қазақ тіл біліміндегі жалпы, қазақ филологиясындағы жайына келетін болсақ, оның біршама қалыптасқан тарихы, жасалған үлгісі, жинақталған тәжірибе.....