Кіріспе
Әр дәуірдің өз ақыны болады. Ал, әр дәуір өз ақынын туғызады десек, біз сөз еткелі отырған ғаламат ақын Жүсіп Қыдыров шығармалары өз заманының тұтас бір шежіресі секілді; көз алдыңа жан-жақты жүрек тебіренісімен, асқақтаған өз үнімен, қайталанбас өз ерекшелігімен көркем де шыншыл отты сөзбен жасалған тұлғалармен сомдалған соны дүниені қарсы алдыңа жайып салады.
Иә, сонау 1960 – жылдары ұланғайыр қазақ поэзиясына еркіндей кірген бір топ дарынды ақындардың ішінде ақын Жүсіп Қыдыров та өзіне тән қолтаңбасымен, форма жағынан өзінше ізденісімен, көркемдеуші құралдардың жаңа да, тың бір түрлерін тапсам деген талпынысымен көзге түскен еді. Оның небәрі қамшының қысқа сабындай ғана ғұмырында поэзия әлеміне жасаған қарымды қадамы өте сәтті болды деп айтуға толық негіз бар. Яғни поэзия - өмірдің сән берер әрі, сөл берер нәрі. Абай сөзімен айтсақ:
! Туғанда дүние есігін ашады
өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.»
Міне, осы өнерді өрге сүйреп, уақыт өзгерісін сергектікпен қабылдап, ақын деген ардақты атты қадір тұтқан көрнекті өкілдерінің бірі де, ақын Жүсіп Қыдыров еді.
Демек, парасатты ақынның артына қалдырған мұралары қазақ әдебиетінің үлкен бір тарихы, ол әлі жан-жақты зерттеуді керек ететін аса ірі рухани байлық. Жүсіп өзі өлгенмен, ақынның артына қалдырған отты жырлары өлген жоқ, өлуге тиісті де емес. Данышпан ақын Абайдың сөзімен айтсақ:
! Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.»
Иә, бұл нағыз шындық!
Ерсіз елдің өсіп-өнуі жоқ дегендей, халқының аяулысы, поэзия заңғарындағы жарық жұлдыз, ақын Жүсіп Қыдыров сүйікті халқын қандай да қиын-қыстау заманда өзінің сан қырлы шығармаларымен сүйсіндіре білді. Бірақ, Жүсіп жырларының сырлы құпиясы өз кезінде талай тағдырлы сын мен мінді, бағалау мен даттауды бастан кешірді. Алайда, ақын ешбір тайсалмады, берілмеді, ол қазақтың бай сөз өнерін өз бойына толық сіңіре қабылдай отырып, қажырлы ізденісті еңбегінің арқасында поэзияда қалыптасып орныққан өлшем - өрнекті керекті жерінде қырлап - өңдеп, түрлендіріп қолдану жағынан асқан шеберлік қырын таныта алды. Осы негізде жаңа өлшем, тың тақырып, ұйқас түрлерін қолдана отырып, ұлттық поэзияның ырғақтық, формалық, көркемдік бояу, әуезділік байлығын молықтыра түсті.
Демек, біздің қарастыратынымыз, Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың иегері, ақын Жүсіп Қыдыров лирикасының көркемдік ерекшелігі болмақ.
Сөз жоқ, Жүсіп Қыдыров шығармашылық қырлары сан алуан дарын. Ол – драматург, ол – зерттеуші, ол – аудармашы. Десе де Жүсіп талантының басты белгісі – ақындығы болып есептелсе керек. Алайда бір өкініштісі, Жүсіп Қыдыровтың лирикасы, шығармашылығы туралы бұрын да, тіпті бүгінде де зерттеу еңбектер жазылған жоқ, ал мақалалар жазылмады деп айта алмаймыз. Оның поэзиясы туралы: М. Қаратаев, Ә. Кекілбаев, Д. Досжан, Қ. Ергөбек, Қ. Мырзалиев, Б. Алдамжаров, Ф. Сахиев, Б. Айнабеков сынды әдебиеттанушы ғалымдар мен жазушы-сыншылар өз пікірлерін білдірген еді.
Жүсіп қаламының қуаты, құдіреті – желмен жарысып жаңалық ашуында емес, топырақпен табысып, дәстүр тілін дамытуында, қазақтың қара өлеңінің кем - кетігін түгендесіп, келісім кестесінде өзінің қасиетті қолтаңбасын қалдыруында, бүтін ғұмырын қазақ өлеңінің ұлттық үні мен сырын естіртуге бағыштауында, қатардағы қарабайыр құбылыстан шырайлы шындық туғызуында, сөйтіп қазақ халқының көркемдік тұлғасын біртұтас көркемдік жүйе арқылы бейнелеуінде. Сөзінде кездесетін әдемі әуез, сыршыл ырғақ кейде жүректі тебірентіп, кейде мұңға батырып, алыс арманға құлаш ұрғызады, кейде мына әлемнен басқа әлемді ұғындыратын, тылсым дүниенің қаттылығы мен тәттілігіне тәнті етеді, көркем ойды сұлу суретпен өзіне тән айшықпен өрнектей отырып, сөз құдіреті арқылы құлаққа жылы үн, көңілге әдемі әсер қалдырады.....