Отбасы – ежелден қалыптасып қана қойған жоқ, сонымен бірге қоғамның әлеуметтік құрылымының негізгі элементтерінің біріне айналды.
Отбасы ерлі-зайыптылардың арасындағы, ата-ана мен балалар арасындағы, басқа да туыстық тұрпаттағы қарым-қатынастарды негіздей отырып, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуына орай қоғаммен, мемлекетпен органикалық байланыста болады.
Отбасында пайда болып, тұрақты орныққан әлеуметтік жағдайды сараптау, оның мән-мазмұнын ашу, сонымен бірге сол ортадағы әке мен шешенің, олардың ұрпақтарының алатын орнын, рөлін, отбасының ішкі құрылысын, атқаратын функциясын және т.б. зерттеу әлеуметтану ғылымының алға қояр аса маңызды талаптары.
Отбасы – белгілі бір әлеуметтік нормалар, санкциялар, мінез-құлық (жүріс-тұрыс),
құқық және міндеттер үлгілермен, ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастарды реттеушілікпен сипатталатын әлеуметтік институт болып табылады.
Сонымен қатар
отбасы – некеге немесе қаны бір туыстыққа негізделген, ал оның мүшелері тұрмыстың ортақтығымен өзара жауапкершілікпен және өзара көмек көрсетумен байланысқан шағын топ. Неке отбасындағы қатынастарды қалыптастырушы болып саналады.
Некенің маңызды принциптері бар. Олардың қатарына жар таңдау еркіндігі, сүйіспеншілік , өзара сыйластық, т.б. жатады.
Қоғам некелік байланыстардың нығаюына, отбасының тұрақтылығына мүдделі. Мемлекет отбасына өзінің
отбасы және неке туралы заңдарымен ықпал етіп,
отбасы мүшелерінің бір-бірімен және олардың қоғаммен, мемлекетпен қарым-қатынастарын реттеп отырады.
Отбасы көптеген қоғамдық ғылымдардың: әлеуметтанудың, экономиканың, құқықтанудың, этнографияның, психологияның, педагогиканың, саясаттанудың және демографияның зерттеу объектісі болып саналады. Оладың әрқайсысы өз пәндерінің ерекшеліктеріне орай отбасының
өмір сүруі мен дамуының ерекше жақтарын жете зерттеп қарастырды. Мысалы, әлеуметтану отбасына талдау жасағанда ең алдымен оны некенің негізінде құрылған және белгілі бір әлеуметтік қызметтерді атқарушы әлеуметтік институт ретінде қарастырады, сөйтіп некенің тұрақты немесе тұрақсыздығының себептерін және отбасын нығайтудың жолдарын зерттеуге көңіл аударады. Осыдан келіп әлеуметтік институт пен шағын әлеуметтік топтың белгілерін өз төңірегіне жинақтаған отбасының пайда болуы, оның
өмір сүруі мен дамуы заңдылықтарын зерттейтін әлеуметтанудың тағы бір саласы –
отбасы әлеуметтануы қалыптасты. ....