Әңгіме: Асқар Алтай | Түсік
Түлен түртті пендені...
Түсінде түсік көрді. Түсік — түсік емес, түсікке айналған мұның өзі. Бармақтай ғана жан иесі екен. Ештеңемен ісі жоқ. Жөнімен жүзіп жүр.
Жүзіп жүрген мекені — жатыр. Биттің қабығындай жұқа жатыр іші – жұмбақ әлем. Жұқа жарғақ жарылып кетердей толқып-толқып қояды. Жұмсақ құрсақ баяғы балалық шағында шаңырақта үрлеулі тұрған қарындай шайқала толқығанда, көгілдір әлемде балықтай жүзген бұл бесіктей тербеледі. Бірақ тұншықпайды. Емін-еркін тыныстайды.
“Япыр-ау! Баяғыда бұған тіршілік суда пайда болды деуші еді, сол рас болғаны да... Пенде де көлкіген көгілдір дүниеде жаратылады екен-ау!” деген бір сұм ой орала кетті. Денесіндей жіңішке, шағын емес, алдымен пайда болған жұп-жұмыр, жуан басына келген түсініксіз ойдан түсік селк ете түсті. “Астапыралла! Өзің кеше гөр, жаратушы ием! Мұндай мұндар ой қайдан ғана келеді, осы?! Осындай орнықсыз жерде... О, күнәһар!” деп өз-өзін жазғырып та қойды.
Әлгінде ғана адам еді.Түсік емес еді. Бауырымен жүзбей, аяғымен жорғалап жүрген: жер бетінде, күн өтінде... Енді мына бір көлкіген көгілдір әлемге тап болды. Не күн жоқ. Не ай жоқ. Не бір жұлдыз. Торғындай жұмсақ бірақ. Жанға жайлы, тәнге майлы. Емін-еркін жүзе бер, жүзе бер.
Түсікке айналған адам көк теңіздей көлкіген әлемде армансыз жүзе берді. Алаңсыз жүзіп жүріп: “Әлгінде ғана адам едім. Неге түсікке айналдым? — деген оқыс ойға тағы келді. — Ал енді, саптан қапқа тамып түсер тамшыдан емес, бірден адамнан айналған түсікті жайлы жатыры жатырқап, жатсынып қалса қайтеді?! Онда тұқымының тұздай құрығаны – жатсынған жатыр сылып тастағаны”.
Түсік дір ете түсті...
Құрсақ та кенет қуықтай қусырылып, жыландай жиырылып жазылды. Сонда ғана түсік ұлы қауіпті сезінді. Жатыр жатсынса, мұны бойға біткен арам без ретінде сылып тастайды екен. Ал арамның аты да, заты да арам. Бұл бірақ арам ба? Бұл адам еді ғой.
Адам еді...
* * *
Жатырдағы жұмбақ әлемде емес, жарығы мол жұмақ әлемде жүргенде ұрынды ғой бұл. Ұрынды. “Түсік” деген қол-аяғы жоқ домалақ пәлеге сонда жолықты.
Түсік түлкі бұлаңмен өткенін шолды...
Пендеге тән түлкі бұлаң тірлік кешкені рас. Түсікке айналмай тұрып жалғанды жалпағынан басты ғой, шіркін! Шіркіннің шылауына кім ілінбеді, шаңына кім ілесе алды?.. Құба күндер, құла түндер сынаптай сырғыды......
Әңгімелер