КІРІСПЕ
Қазақ халқы ұлы уақыт бедерінде талай танымал тұлғаларды тудырған. Солардың бірі - Олжас Омарұлы Сүлейменов. Ол - бүкіл әлем таныған арқалы ақын, өз ұлтының шынайы патриоты, қоғам қайраткері. Сондықтан да ол туралы жылы лебіз білдіру - әркімнің азаматтық парызы.
Ол - ақын, түрік-славян тілдерін, мәдениеті мен тарихын зерттеуші-жазушы, ойшыл, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының негізін салып, Семей, Невада, Жаңа жер, Моруроа аймағында мораторий жариялауға қол жеткізген батыл адам. Олжас Сүлейменов саясаттың адамы, ол «Қазақстанның халық конгресі» партиясын құрды.
Шетелдік әріптестерінің Олжас Сүлейменовты «ойлау қабілеті мен игі істері жөнінде XX ғасырдың аяғындағы «пайғамбар» деуінде ұлкен мән бар. О.Сүлейменов шығармашылығының қырлары жоғары оқу орындарында оқытылуда, бұл жөнінде кандидаттық, докторлық диссертациялар жазылып жатыр.
КСРО кезінде 70-ші жылдары шыққан «Аз и Я» кітабы түрік және славян халықтарының тарихын, тілі мен мәдениетін терең зерттеген ғылыми еңбектің жарқын ұлгісі болды. Ежелгі орыс ескерткіші - «Игорь полкы туралы сөзге» жан-жақты объективті талдау жасалды. Кезінде тарих пен филологияға қосылған қомақты еңбекті әділ бағалап, авторына ғылыми атақ беру керек еді. Бұл кітаптың авторы қазақ патриотизмінің туын көтерді, славян халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі түріктердің көрнекті ролін көрсетті.
Өкінішке орай, КОКП идеологиясындағы «сусловтық» кезең, ұлыдержавалық көңіл-күй Олжас Сүлейменовтың аяғынан шалып, «Қазақ ұлтшылы» деген жаман атты жапсырып жіберді. Әлемдік өркениетке ұмтылған ақын бұған мойымады, әділ көзқарасынан, адал жолынан таймады. Азамат-ақын, патриот қазақ халқының мұң-мүддесін көздеп, жан айқайына құлақ түріп отырды. Түрік мәдениеті мен тілінің жанашыры болды. Бұдан 25-30 жыл бұрын қазақ мектептері жаппай жабыла бастағанда Олжас Сүлейменов бұған қарсы көтерілді. Ол саясатта екіжүзділікке салынбайтын ер азамат.
Қазіргі уақытта еліміздің ақиық ақыны - Олжас Сүлейменов 70 жаста. Қашан да ақын тағдыры тауқыметке толы. Оның үстіне «мың өліп, мың тірілген» қасиетті халқының шерлі мүддесін арқалаған Олжастай - ойшыл ұлдардың
өмір жүгі жеңіл болып көрген емес. Мыңмен жалғыз алысқан Абай «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей. Мен келмеске кетермін түк өндірмей» деп қоршаған ортасынан түңілген екен. «Заманына қарай адамы» дегендей, жүзден жүйрік шығып, жерінің мұңын айтып, халқының сөзін сөйлейтін әр кезеңнің өз дүлділі бар. Елі мен жері үшін, кешегісі мен бүгінгісі үшін басын бәйгеге тігіп, небір сын сағатта, көзсіз ерлік, ұлағатты азаматтық танытқан бүгінгі заманның бір қазағы Олжас.
Олжас Сүлейменовтың шығармалары - тарихи дерек көзі болып табылады. Жазушының тарихи және әдеби зертеу еңбектері: «Жетісудың көне жазбалары. (Алтын киімді адамның қабірінен табылған күміс ожаудың түбіндегі жазу туралы)»; «Мың бір сөз. (Әдебиет тарихы және лингвистика туралы)»; «Таңбалар тарихынан. (Әртүрлі мағыналы сөздерді таңбалармен белгілеу жайында)»; «Тюркологияның кейбір мәселелері немесе қате қағидалар»; «Жазу тілі» және т.б. бар.....