Жүрдек қаламды сергек ойлы журналистер қашанда кез келген газеттің айдынын асырып, абыройын асқақтатқан. Бұл кеше де, бүгін де солай. Солай болып қала да бермек.
Тек кеше газеттегі билік басындағылар қарамағындағы қалам ұстаған жас журналистерге: «Сендер газеттің партиялық орган екенін, цензура барын неге ұмытасыңдар осы», – деп тілші байғұстың айтпақ ойын өзінше шұбарлап, бірін- бірі сәулелендіріп тұрған сөз тіркестерін сызып тастайтын.
Әдеби тіл, көркем ой, олардың бағамдауларынша, сол кездегі «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде ғана орын алуға хақылы болатын. Бұл күнде сол тәртіп келмеске кеткен. Оған біз өзіміздің «Сарыарқа самалы» газетінің әр санында тұрақты берілетін «Оқшау ой» және де басқа да айдарларындағы материалдарды оқу арқылы көз жеткізіп отырмыз. .....
«Кобзардың жалынды гуманизм мен бостандықты аңсауы, өз халқына деген перзенттік адалдығы, бауырмалдығы, әділдігі адамдарға шексіз қымбат. Ақынның колониализм мен милитаризмді әшкерелеуі, қырсық пен қанаушылықтың қандай түріне болсын ерлікпен қарсы күресуі, өзінің шыншыл да жалынды жырларымен адамдарды жігерлендіруі бізге бұл күнде соншалықты жақын және қымбат». Кезінде «Правда» газетінде Тарас Шевченконың шығармашылығы жөнінде қалам тартқан сыншы О.Гончардың «Бессмертие Кобзаря» атты мақаласынан алынған осы жолдарды қазақ әдебиетінің асқар шыңы, классигі Абай Құнанбаев пен жерлесіміз, тарихшы, ақын Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің партия тақырыбына жазған өлеңдеріне шолу жасау кезінде бір жазып, бір өшірдім. Оған себеп кейінгі кезде кейбір зиялылардың: Сендер Абайды қазақтың Пушкині дейсіңдер, сөйтіп Абайдың қадірін қашырасыңдар, одан да Пушкинді қазақтың Абайы десендер өмір бойы өзгелерге кетіп келе жатқан есеміз сәл де болсын қайтып, еңсеміз бір тіктеліп, елдігіміз айдай әлемге айшықтана түспес пе еді деген пікірлері еді.
Таласа-тармаса ішке енген ол билетінде көрсетілген орында жақ жүні үрпиген шүйкедей шал отырғанын көрген сәтте: «Ата, андағы орын менікі»,- деді билетін көрсетіп. Шал болса мұны оқты көзімен өңмеңінен ата қолындағы зерлі таяғын селтең еткізіп: «Құры, су мұрын неме!» –деді зілдене ақырып. Сейіт амалсыздан кері шегінді. Ал бұл кезде іші адамға сықай толған кішкене Пазик ырғала қозғалып, қала көшелерін артқа тастап, тас жолға ілікті. Автобус орындығына жайғасқандардан тік тұрғандардың саны көп болмаса аз емес еді. Сейіт те солардың қатарында. Бұл Сейіттің Павлодар сияқты ірі қалаға алғаш келуі. Алғашқысында он үш жасында: «Ақыры қаланы да көрдім-ау!» – деп масаттанған. Қаланың аты қала ғой. Біздің айнала тау қоршаған құлаққа ұрған танадай бар болғаны бір-екі үш үйлі Қарақуыс емес бұл. Үйлері қандай биік! Сәнді киінген адамдар, әсіресе балалар... Қайда барам десең құстай ұшып алып баратын такси, қаздай тізілген автобустар...Тек сол сәт күн өтпей жатып өзінің осы ойынан айнып шыға келетінін білген жоқ еді. Жоқ...Жоқ... Ол тіптен де тұрақсыз бала емес. Тек әр нәрсеге сын көзімен қарайтыны болмаса. Алғашқы ой ағыны іркілген тұста қалада да қайнап жатқан қызық жоқ екенін, тек жалғыз үйлі ауылдағыдан мұнда ерсілі-қарсылы ағылған әртүрлі маркалы машиналар, ауыл адамдары жиі міне бермейтін таксилері мен автобустар болмаса. Ал бір-бірімен құшақтаса қол алысып, емен-жарқын әңгімелесіп келе жатқан адамдардың жоқтың қасы екен. Ал мұнда жөн сұрап, жол табамын деу ағаттық екен. Мұның: «Ағатай, кітап дүкенін көрсетіп жібермес пе екенсіз?» – деген сауалына көбі йықтарын қиқаң еткізген. Тек бір әйел: «Жүр, айналайын, мен де сонда бара жатыр едім», –деп ертіп апарды. .....
Өлеңнің алғашқы тармағын оқыған сәтте тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» атауы мен белгілі ел басына күн туған ала-сапыран заман ойға оралады.
«Қара жорға шайқалып бос келеді» осы тармақ көп жайды аңғартатындай. Қара күн, қара қазақ, қара түн. Тәңірім-ау, ел басына туған қолдану арқылы ақын қалай ғана дәл бейнелеген десеңізші.
Екібастұз қалалық “Отарқа” газетінің 1998 жылғы 31 шілдедегі № 31,32 сандары “Дархан даланың данышпан ұлы Мәшһүр Жүсіп Көпеев 140 жаста” деген айдармен жарық көрді. Газеттің сол сандарында белгілі журналист Амангелді Қаңтарбайұлының “Ескелді естеліктері” басылды. “Күтпеген қонақтар”, “Өртке оранған өңір”, “Қой қырғыны” атты үш әңгімеден тұратын естеліктер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ерекше қасиетін айшықтауға арналған құнды дүниелер. Автор өзінің балалық шағында үйлерінің Мәшекеңнің зират үйімен көрші қоныстанғанын баяндайды. “Әлі есімде өте кедей едік, тістеуік жирен биеміз, екі лағы бар қара қасқа ешкіміз болды. Неге екенін кім білсін, біздің үйде ыдыс- аяқ та жетімсіз болатын.
Балта да жоқтын. Оның бәрі есімде қалғаны жолаушылап біреу- міреу келе қалса, шешем мені Мәшекеңдікіне жұмсайтын .” Осы жолдарды оқығанда еріксіз ойға қаласың. “Апырай, Мәшекеңдікіне жұмсайтын”- деуіне қарағанда, айнала төңірегін мекендеген тірі адамдар Мәшекең аруағын қастерлеумен одан тура мағынасында қолқайыр да көрген екен- ау. Мәшекеңнің бейіт үйінен ағаш жаруға балта, үйге келген қонаққа ыдыс- аяқ алулары соның айғағы емес пе?! .....
... «Малайсары Тархан» қоғамдық қоры құрылып, облыстық әділет департаментінде заңды тұлға ретінде тіркелді. 2015жылдың 21қаңтарында оған бас құрылтайшысы болуға кең байтақ қазақ еліне есімі кеңінен мәлім ел тәуелсіздігін табандылықпен қорғап, ыстығына күйіп, суығына тоңып, өркенді істерімен танылған Тито Уақапұлы Сыздықов мырза келісім берді.
Ол бұрында ел тарихы оның еңіреп өткен ерлеріне ұлы тұлғаларына әманда жүрегінің төрінен орын беріп, оларға байланысты атқарылатын әр істің көшбасшыларының қатарынан табылатын. Сонымен қатар қор мүшелерінің арасында талай игілікті істің басы- қасында болған, басқарған Қуат Есімханов ағаның, т.б. азаматтардың болуы ел сенімін арттыра түскен еді.
-Қоғамдық қор мүшелерінің ұсыныс-тілектері, ортақ ұйғарым шешімдері бойынша жұмыс жоспары жасалып, бекітілді,- деп еске алады. .....
Андақұлдың шешесінің көрші ауылда тұратын сіңлісі қайтыс болып, соның намазына жүретін болды. Кетерінде ол:
- Құлыным, ана қасқа сиыры құрғырды мал өрістен қарсы алып, қораға қама. Далада қалмасын, ұры-қары бар дегендей,- деп қатты тапсырған.
- Апа, ұқтым!- деді бұл сөзін бөліп.
- Қой, көліктен қалып қоярмын, қозғалайын.
Шешесі кеткен соң, ол үйге бір кіріп, бір шығып қара кешті, малдың өрістен қайтар шағын асыға күтті. Ақыры, күн ұясына қонып, өрістен қайтқан малдың тұяғынан көтерілген қара шаң ауылдың шетіне іліккен тұста, бұл да шешесінің сиыр қайырғанда қолына ұстайтын шыбығын алып, малдың алдынан шыққан.