Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі: Жамбыл облысы қай кездерден – ақ өнерге бай өлке. Арыға бармағанның өзінде кешегі жыр алыбы Жамбылдың кіндік қаны тамған, кең алқабын Кенендер әнмен тербеткен, Қылышбай қылыш тілмен
өлең өрген, Сауытбек Ақбөпесін «аңсап» өткен өңірде жырдың бесігі тербелмей қалған күн болған емес. Өнердің жасаушысы халық болғандықтан елдің іші қашан да кемел дарындардан кенде емес. Әр кезең өз тұлғасын тудырады, әр
өнер иесі өз заманының жемісі.
Бүгінде тамырын тереңге жайған текті Тараздың
өнер өлкесіндегі тегеуірінді дарындардың бірі – ақын Серік Мақұлбекұлы Қалиев. Есімі Республика жұртшылығына кеңінен таралып үлгерген осы жерлесіміздің шығармашылығы бүгінде құнарлы топыраққа түскен дәндей тереңнен нәр алып, жапырағын кеңге жайып жайқалған бәйтеректей кемелденіп, жыл санап толыға, молыға түсті. Ақын осы күндері ірілі – ұсақты жеті – сегізге тарта кітаптардың авторы. “Шын мәніндегі
өлең қандай болу керек?” деген сұраққа Серіктің жырлары толықтай жауап бере алады. Қазіргі күн поэзиясында өзіндік орны бар, қолтаңбасы қалыптасқан, ешкімге еліктемейтін, көкейінде тұрған, санасына тұнған ойды өзінше қорытып, өзіне ғана нақышты өрнектерімен оюлап бере алатын дара дарын. Ақынның мұндай дәрежеге жетуіне ізденімпаздықпен өткен ұзақ жылдар, шақша басты шарадай етердей жанға тыныштық бермеген шабытты шақтар, күрсінулер, қуанулар, жадыраулар, мұңайулар, бәрі – бәрі тиісті мөлшерде өз ықпалын тигізіп өткен еді. «
Өлең деген тумайды жайшылықта,
өлең деген тумайды қайшылықта» - деп
Мұқағали ақын айтып кеткендей -
өлең өмірдегі құбылыстардың сөзбен өрілген көркем суреті. Бүгінгі кезеңнің көркем әдебиетінің дамуына елеулі ықпал етіп, әдебиетке өз ерекшелігімен келген Серік шығармашылығы еленуге тұрарлық. Ешкім де тектен – текке еңбек етпесе керек. Қандай да бір бейнеттің түптің – түбінде берер зейнеті бар. Сол сияқты халық үшін атқарылған игі іс, халық үшін жазылған текті жыр ел алдынан ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір бағасын алу керек. Басқа емес, арнайы Серік Қалиев шығармашылығын таңдауымыздың негізгі осыда жатыр.
Тақырыптың мақсаты мен міндеті: Тақырыптың мақсаты - наным – сенім жағынан «қырық пышақ» болып жатқан қазіргі қоғамдық ахуалға Серік ақынның шығармашылығын негізге ала отырып, сол арқылы жауап беру, шешімін таппай жатқан түрлі рухани мәселелерге қатысты ақын жүрегінің күйн сезіну. Өз ұғым – түсінігіміздің деңгейін ақынның көзқарасымен салыстыру. Діни тақырыптардан өзге де өлеңдеріне жаңа қырларынан талдаулар жасау.
Тақырыптың міндеті – жергілікті қаламгерлердің арасында да шашасына шаң жұқырмас жыр жүйріктері бар екенін, оның бірі диплом жұмысына арқау болғалы отырған Серік ақын екенін дәлелдеп беру. Сол арқылы ақынның әдебиеттегі өзіндік болмыс – тұлғасын даралау. Сан қатпардан құралған «шығармашылық еңбек» атты әлемнің көзге көріне бермейтін елеусіздеу тұстарын аттап өтіп кетпей, оның ой – қырына тиянақты түрде үңілу.
Шындығында поэзия қалай көрсең сол қалпында ғана қалып, астарлылық дегеннен ада сипатта көзге ұрып тұратын бір қалыпты дүние емес. Бұл туралы Үнді халқының даналығы: «Поэзия туралы пікір айту үш соқырдың піл туралы әңгімелесуі сияқты» - дейді. Сондықтан
өлең атты ұлылықты тек өзіміз көрген, өзіміз түсінген тұстарынан ғана қарай салмай, ол туралы танымымызды тереңдете түсудің мәні зор.
Өлең – тірі организм, онда да мінез болады. Оның да шама – шарқына қарай ғұмыр кешу кезеңі болады. Сүйегі нашар, бітімі жаман өлеңдер ұзақ жасай алмайды. Ал, поэзияның бар талабына жауп беруге лайқты, ойлы да терең, мәнді де мағыналы өлеңдер
өмір барда адамзат баласымен мәңгі бірге жасаса береді.....