Әңгіме: Бейімбет Майлин | Мұқыл сиыр қызыл бұзау
Берденде айнала санағанда үш-ақ тұяқ бар: жауыр қара ат, мұқыл сиыр, қызыл бұзау. Ашаршылық, жұттан бері осы үш малының саны артқан да емес, кеміген де емес.
Қатыны Кәкіш ашуына мінгенде Берденді кейде бүріп алады:
— Жұрттың бір малы екеу болып, ілгері басып барады. Ашаршылық жылы Дәуқараның адал қарасы қалмап еді, осы күні 10 шақты мал қылып алды. Сенің берекең жоқ, ырысың жоқ — деп күйдіреді.
Кәкіштің ашулы сөзіне Берденнің құлағы үйреніп болғандықтан елемейін десе де, адал қарасы жоқ адамдардың жылдан жылға мал санын арттырып бара жатқандығы есіне түскенде Берден ойланады:
"— Апырмау, солар қалай өсіреді екен? Мен ретін келтіре алмай қойдым: азғана астық ішуден артылмайды. Жалғыз сиырдың бұзауы жыл сайын жұмсалумен келеді — бір жылғысын баламның қайнына қалың малға бердім, келер жылғысын қатынның төркініне азаға салдым, былтырғы бұзауын құдаға сойып берген тоқтының төлеуіне бердім. Осының ішінде орынсыз жұмсаған жерім бар ма? Жарлымын деп жегжат адамдармен алыс-беріс қылмай қалай тұрасың? Жыл тәулігінде келетін құдаға тоқты соймай неғып шыдарсың?!.." Берденнің ойы қызыл бұзауға келіп тоқырады. Қызыл бұзау — ұрғашы. Қызыл бұзау қолда тұрса, бірер жылдан соң бұзаулайды. Сиыр болады. Сиырдың саны екеуге толады. Екі сиыр бұзауласа, жылына екі төл қосып отырса, Берден ілгерілемегенде, кім ілгерілейді?!.......
Әңгімелер