Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұлы | Жақсының көзі
Асанбек ауырып әл үстінде жатыр дегенді есіттім. Ойыма әр нәрсе түсіп, оның үйіне мұңая келдім.
...Бес-алты бала ортаға алып тигені мені, тимегені жерді ұрып жатқанда атқа мініп бір жақтан келе қалған кісінің «қойыңдар, тез!» деген әмірлі дауысы сабап жауып тұрған бұршақ бұлтын қуып әкеткен желдей үстімдегі тарс-тұрс жұдырықты сейілтіп сала берді. Жұдырығын маған ең соңынан тағы бір сілтеп қалған қара шұбар баланы атынан түскен кісі жауырынынан ұстап жұлқа тартып итеріп жіберді. Бетіне қарасам ат жақты, аққұба кісі екен.
— Ақымақ! Сенің надан әкеңді байлардың жаласынан ажыратып соттатпай қалған осы Балбақтың әкесі еді ғой.
Бағанадан бері өз әлімше тырысып, бой бермей, «алтауына болмай» тұрған менің мына сөз жүйемді босатып жіберді. Жылап қоя бердім. Жетімдердің көпшілігі-ақ шынығып, мықты болып өседі, бірақ мен әлжуаздау едім. Өздерінің мені жүндей түтетініне көздері жеткен алтауы асықпай қолға алған жағдайы бар еді, енді бәрі де үндемейді. Кейбіреуінің ашуы шықпай аузы бұртиып, кейбіреуі төсегіне отырып қойған баладай тыштиып қызарып, енді бірінің түйілген кішкентай жұдырығы әлі де жазылмай тұр. Кісі менің қасыма келіп, арқама қағып жұбатты.
— Қоя ғой, шырағым, әлі-ақ адам болып кетесің— деді ол. Ал балаларға қарап ақыл айта, жекіңкірей сөйледі......
Әңгімелер