Е, Құдайым, оңдасын, Мың саулығың қоздасын. Сегіз түйең боталап, Сегіз келін қомдасын.
*** Жүзге жетсін түйеңіз, Үш жүз болсын биеңіз! Әлдеріңнің келгенінше Жығылғанды көтеріп, Сүйенгенді сүйеңіз! Тарығып келген адамға, Бермесек, отқа күйеміз, Бергенді тым - ақ сүйеміз. Жомарттық қылып қолдасаң! Әрбір жерде жар болсын Бір жасаған - Иеміз!.....
Уа, барша әлеумет, Сардарға бата берейік. Біріміз қалмай, бәріміз, Батырға түгел ерейік. Кәріміз бен жасымыз, Патшаға қарсы аттанып, Ер қаруы бес қару, Бойымызға ілейік. Бостандық үшін ту ұстап, Батырға өміртілейік. Қаһарман қол - сарбаздар, Көк тілгендей жарқылдап, Найзағайдай төнейік. Қарсы келген дүшпанды, Жермен - жексен көмейік. Батыр киген ақсауыт, Оқ дарысын демейік.....
Әппақ аққу, әппақ қаз, Келер жылы болар жаз. Әппақ көңіл, әппақ таң, Ғұмыр деген тым - ақ аз. Көкте ұшқан пірлерім, Сендермен бірге бірледім Сендермен ұшып түрлендім. Тілегімді қабыл ет, Алдыма келген пендемнің Сырқауын емде, тездеп жаз!
*** Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата, Бата алған тамам бақсы асқан ата. Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен, Қобыз алып Қорқыт ата күй тартқанда.....
О, Жамбыл, бата дедің, бердім саған, Бақытты, өмірлі бол, жүргін аман. Батасын ат орнына берді ғой деп, Қоймағын былай шығып кінә маған. Соңынан Сүйінбайдың орнын басып, Тіліңнен балың тамсын сорғалаған. Жапаға, риза болсын, айта барғын, Осымен өкпелей жүрсін маған.
*** Ағайындар, туғандар, Жүрген жерің Нұр болсын. Тындағаның жыр болсын. Жолымыз басқа болғанмен Тілегіміз бір болсын.....