Пән: Әдебиеттік оқу Ұзақ мерзімді жоспар бөлімі: «Демалыс мәдениеті. Мерекелер» Сабақ тақырыбы: Шығарманы мазмұндау «Балалар елін бағындыру» Н Ақышев Оқу мақсаттары: 3.1.2.1 шығарманың мазмұнын бірлесе құрастырған жоспар бойынша немесе өз сөзімен толық/таңдауына қарай мазмұндау/ сахналау 3.2.1.2 шығарманы іштей саналы түрде түсініп, көз жүгіртіп, шолып, түртіп алып, қажетті ақпаратты тауып, белгі қойып, сын тұрғысынан бағалап оқу Сабақ мақсаттары: Барлық оқушылар: мәтінің мазмұнын бірлесе құрастырған жоспар бойынша мазмұндап, қажетті ақпаратты тауып оқиды Көптеген оқушылар: жоспар мен сұрақтар құрастыруда мәтін мазмұнын бойынша түсінгенін қолдана алады Кейбір оқушылар: мазмұндау барысында жоспардан тыс өз ойын жеткізе алады, қажетті ақпараттарды тауып, түсіндіре алады.....
Жол азабынан қалжыраған Шаншархан кішкентай арық бойындағы, қою көлеңкелі тұттың түбіне отыра кетті. Тершіген әжімсіз маңдайын бет орамалымен қайта-қайта сүрткілеп, алқызыл жібек көйлегінің түймесін ағытып, рақаттана желпініп-желпініп алды. Баяу ескен көктем самалы жігіттің сәндеп тараған әдемі қара шашын бобыратып жіберді. Сылдыр қаққан арық суы әзінің салқын лебімен шаршаған жолаушының айызын қандырды.
Жігіт оң аяғының протезін шешіп, ағашқа сүйеп қойды. Тізесінен төменірек кесілген аяғының ұшы қызарып, ескі жараның аузы аздап ашылған екен. Аяқ қабының ішіндегі қан сіңе бастаған жұмсақ мақтаны қолымен түтіп жатып, ол қатты кейістік білдірді:— «Әй, айналайын инженерлер-ай, жарым аяққа темір дорба кигізгендерің дұрыс-ақ! Ал, соны жеңілірек қылсаңдар қайтер еді?..»
Күні бойы осынау етектегі ауылдың есік-терезесін қағып, нағашы апасының үйін іздеген бұл жігіт нәтижелі мағлұмат ешкімнен де ала алмады. Жұрт түрліше дерек айтты:—«Ондай адам мұнда тұрмайды». «Ол кісі бұл жерден көшіп кеткен». Ал, кейбірі кәдімгідей жол сілтеді:— «Е, сенің айтып отырғаның қыли көз Жексенбай екен ғой!.. Былай жүресің, шырағым; Сонау қызыл шатырлы үйдің сол жақ бүйірін жанай өтесің де кілт оңға бұрылып, қаз, үйрегі мол үлкен көшемен жүре бересің, жүре бересің...» .....
Сол күні абитуриенттердің жазған шығарма жұмысының қорытындысы өте кеш шыққан еді. Бұрын бұлай болмаған. Бұл кезде қас қарайып та кеткен болатын. Ал іштен әлі хабар жоқ. Оқу орнының ауласы қарақұрым адамға толы. Бұлар - шығарма жұмысының қорытындысын күтіп тұрған абитуриенттер мен солардың ата-аналары немесе жақындары. Сол көпшіліктің арасында бұл да өзінің жазған шығарма жұмысының қорытындысын күтіп отырды.
Ілгеріректе тіл-әдебиеттің мұғалімдігіне түсу үшін, абитуриенттерден шығарма жұмысын алатын. Өзі мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шығарма жұмысын жазғанды қалап тұрушы еді. Одан кейінгі бір ұнамды тапсырмасы - қазақ тілі сабағында сөйлем құрау тапсырмасы болатын. Ұстаз бұл тапсырманы үйге де береді немесе сыныптағы сабақ үстінде отырып та сөйлем құратады. Одан кейін тағы да бір тапсырма болды. Ол қазақ тілі сабағының үстінде мазмұндама жазу жұмысы еді. Бұл - шығарма жұмысына қарағанда орындалуы аса қиын емес көрінетін тапсырма. Өйткені мұнда ұстаз әлгінде ғана дайын мәтінді оқып берген. Енді осы мәтіннің желісінен шықпай отырып мазмұндап беру ғана қалған еді. Ал шығарма жұмысы бұған қарағанда күрделірек әрі онда еркіндік бар. Мектеп қабырғасында жүргенде өлең, әңгіме немесе мақала жазу сияқты жұмыстармен айналысқан емес. Ал шәкірттік күндеріндегі жоғарыдағы тапсырмалар есінде сақталып қалған. .....
Бұл болса — сол сауысқан сана билік еткен пенде екен. Қу құлқынның құлы боп, қу нәпсінің тұтқыны боп күн кешіп келіпті. Сауысқан саңғыған саңғырық сезім салғыртсып, сауысқан сорған саңғырық сана кеуіп қалғандай.
Ал ала мойнақ, құба құйрық сауысқан өлі-тіріге саят құрғалы қай заман?! Өлі өлексені де, тірі тірсектіні де жұмырына жұқ құрлы көрген емес.
Дәп бүгін де ауладағы молақ шөрке бетінде сыңар сауысқан шықылықтап отыр. Бөтегесі бос. Молақ бетін амалсыз тұғыр еткен түз құсы секең-секең жортақтап, қысқа мойнын соза жұтынып, ұзын құйрығы шоқаң-шоқаң қағады. Үй іргесінде көлеңкелей отырған иесі қара шалға қос жанары қанжардай қадалулы.
Ақиқатында, қалбиған қара шалға емес, иесінің алдында жатқан қақпыш бастарға көзін сатқан. Бірақ сырғақ сауысқанның қу бас атаулының қабағынан қарауыл қарағалы, көзұясынан жылы-жұмсақ қарбытқалы да көп болды... Балапан кезінен баулынған беймаза құс қой.
* * *
Күн қақтаған қара шалдың қатулы қабағының астында жатқан екі бас та ессіз. Екеуі де шикі, қанды бас. Бірі — арбиған орақ мүйіз арқардікі. Енді бірі – құлағы едірейген көк бөрінікі. Сойылмаған. Бітеу күйі. Көк желкелерінен балтамен шабылғаны көрініп тұр. Бөрінің қасқа маңдайынан қаракөк қылшық пышақтың қырындай көтеріле келіп, шабылған көк желкесінен шорт кесілген.
Екі бас та қаңсып, тістенген қасқа тістері ақсиып, құйқа терілері тұз сіңгеннен қақпыштана кеуіп қалыпты. Жанарлары жоқ. Арқардың жазықсыз жәудірі, бөрінің көк жалыны ғайып болып, орындарында үңірейген қос үңгір қарауытады. Ет жүректі селт еткізер сесті бастар жанары көңілге үрей көлеңкесін түсіреді. Оған бірақ қара шал қыңқ етер емес, еті өліп кеткен сияқты.
Қара шал есік алдына шығып, қорғасындай ауыр бастарды жерге дүрс еткізіп тастай салғанда, анадай жерде тік тұрған жалпақ бет шөрке үстіндегі сауысқан шықылықтап-шықылықтап жіберген еді бағана... Ол қазір қарны ашқанын білдіріп, ащы-ащы шықылық қағып, молақ тұғыры үстінде жорғалап-жорғалап кетеді. Жүрегін жалғар талғажу аңсап, бос бөтегесі бұлтылдап, иесіне ессіз бір көзқараспен еміне түсіп, қиық қанаттарын қозғап, қырандай қомдап-қомдап қояды. Қос басқа сыпсың етіп ұшып-ақ келгісі келеді, бірақ сирағынан сақиналанып салынған балақ бауға ұшталған шығыршықты шолақ баулы ірге бау ешқайда жібере қоймасын біледі. Біледі де бұлтың құс қара шалға мұң шаға, ашу шақыра ащы үн қатады. Ал шал да бір қара тастай болып алған. Кешеден бері құсқа деген ішінде қан қатыпты... Ала қанат болса аштықтан өзегі тала өттеніп, басқа жете алмай топқанат күйге түсіп отыр. Көлеңкеге тізе бүккен иесі болса ыстықтан терін сүртіп, шашын тықырлап алып тастаған тақыр басын жұқа орамалмен жауып алған. .....
Отбасы — адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты қызық дәурені осы отбасында өтіп жатады. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын — тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі.
Менің отбасым-менің барым,байлығым,демеушілерім.Саны 8 адамнан тұратын менің отбасымның әрбір мүшесі өз орнымен ерекшеленеді.Тілге тиек етіп отырған мәселем отбасы жайында болған соң,отбасымның әрбір мүшесін таныстырып өткенді жөн көрдім. «Өлі риза болмай,тірі байымас»,-демекші әуелі отбасымыздың негізгі ұйытқысы атам Махамбетәлиді айтуды дұрыс санадым.Атам 1942 жылы 18 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып,елге 1947 жылы оралған.Қатардағы солдаттан,сержант әскери атағына дейін көтеріліп-взвод командирінің көмекшісі қызметін атқарған.І-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен,Ерлігі үшін,Германияны жеңгені үшін,Сталинградты жеңгені үшін,тағы басқа бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.Міне,атамыздың осындай жарқырап тұрған медальдарын көргенде кеудемізді қуаныш кернеп,ерекше тылсым күйде болатынымызды жасырмаймын.Атам,1948 жылдан бастап Арал аудандық балық қорғау ұжымында кіші учаскелік инспекторлықтан,аға мемлекеттік балық қорғау инспекторы дәрежесіне дейін көтеріліп бір мекемеде үздіксіз 40-жылға жуық қызмет етті.Қызметтестері арасында өзінің кеңпейілділігімен асқан беделге,шексіз құрметке ие болды.Шаңырағымызда атамыздың орны ойсырап тұрғанымен ақжаулықты әжеміз Мәдемі,ол кісінің орнын жоқтатпақ емес. .....
Әдебиетші ғалымдардың пайымдауынша, аңыз - ертегі еншілес ауыз әдебиетінің бір саласы. Оны ертегіге телулеріне аңызда қиял - ғажайып оқиғаның шындықпен қосарлана өрілуі себеп болса керек.
Мұнымен қатар, аңыз негізінде әңгіме, кейде өлең - жыр түрінде болуы мүмкін деген - екі ұшты пікір де айтылып қалып жатады. Дегенмен, аңыз кейіпкерлері нақтылы өмірде болған жандар.
Олар Асан Қайғы, Қорқыт, Жиренше, т.б. Бұл аңыздардан басқа Ұлы төңкеріске дейін қазақ даласында діни тақырыптардағы аңыз - әңгімелер де аз таралмаса керек.
Олай дейтінім, әкем марқұм (молда болатын) қыстың ұзақ түнінде араб әрпімен басылған кітаптардан аңыз әңгімелерді өзі оқып, мазмұнын қазақшалап айтып отыратын.
2005 жылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Павлодар қаласында «Шайтанның саудасы» атты таңдамалы өлеңдерінің 1 - томы басылып шықты.
Сегіз бөлімнен тұратын аталған кітаптың беташар бөліміндегі «Аңыз өлеңдер» топтамасын қызыға оқып, танысу барысында құдіреті күшті бір Алланың жер мен көкті жарату барысында пендесінде ұсынған Ғибратын айқын аңғарғандай әсер аласың. .....
О кезде мен жас едім. Аудан орталығында, болмашы бір кішігірім қызмет істеп жүрдім. Туып өскен ауылым шалғай жерде болғандықтан пәтер жалдап, уақытша сонда тұрмыс құра бердім.
Үй иесі Назира апай — отыз жастан едәуір асып кеткен, күйеуінен ерте айырылған жесір әйел. Орта бойлы, бидай өңді осы апай жұмыс үстінде ән салып, күле қарап, әрдайым көңілді жүреді.. Кейде күрсініп, кейде жымиып, өзінің жастық дәуренін жиі-жиі әңгіме етеді.
Назира апайдың ауызға үріп салғандай Фарида атты бір қызы болды.Ажары салқын. Сөзге сараң.Үнемі жабыңқи. Әйтсе де жүзінде бір құпия жұмбақ мұңның ізі бар. Бет әлпеті келісті реңбасы таза, қарақат көзді осы бір қарапайым қызда не сыр бар екен? Әлде біреуге ғашық па? Қайдағы ғашықтық, он жетіге биыл ғана толды емес пе? Дегенмен осы бір бет – бейне, осы бір көз қарас, осы бір салқындық өзінше дербес,бір ыстық сұлу тұлға.
Фарида шай құйғанда, немесе сүлгі ұсынғанда жүзіме телміре ұзақ қарайтын-ды. Оның мөлдір қара көзі шексіз шексіз бір тұңғиық зындан сыпаттас еді. Ақыл-ой көзімен үңіліп бақсам да, ешнәрсе ұғына алмай, бойлай беретінмін, бойлай беретінмін тұңғиыққа. Осындай шақтарда қорыққандықтан ба, әлде қуанғандықтан ба, кім білсін, қыз көзінен жанарым еріксіз тайқып кететін-ді. Дәл сондағы бишаралық тұрысым,— алма ұрлап бағбан қолына түскен қара сирақ мүсәпір баланың кейпін бейнелейтін. .....
Ол қазақ даласының шалқар көгінде күмбез болып көтерілген еді. Айбынын асырғысы келіп, мейманасын тасытпақ болған нөпір жауға қас батырдың тілімен рух болып аттандап, қыран құстай шүйілді. Ол қазақ сахарасының ұлан-байтақ шетіне ән болып қалықтады, күй болып домбыра пернесінен төгілді, қозы қайырған баланың сыбызғысы болып сарнады, қобыз шанағында мұң болып жүректерді жылатты. Ол тағы да мыңдарды тебірентті. Шарана сәбидің құлағына бесік жырымен ана әлдиі болып құйылды, бойжеткен арудың ыстық ұясын қимаған сыңсу әні болып естілді, туған еліне, ата-анасына деген асыл сезімі болып жүрек пернесінің көңіл-күйін шертті. Осының барлығында да ана тіліміздің рухы жатты. Менің туған тілімнің рухы еді.
Менің ана тілім. Менің тіліме қатысты сөздер құлаққа қандай жағымды естілетін еді. Осы тіл менің құлағыма бесік әлдиімен енді, ата-анамның маған арнаған жылы сөздерімен дарыды. Ол мектептегі алғашқы ұстазымның әуезді үнімен тәлімді тәрбие болып жүрекке құйылды. Ол оқу ордасындағы ана тілі пәні мұғалімінің қоңыр даусымен ғылым негізі болып санамды билеп алды. Ыстық ұядағы ұстаздарымның мағыналы сөздері арқылы ұлттық рухымды биікке көтерді, арман көкжиегіне жетеледі. Ана тілім сағыныш сезімге толы әндер арқылы биік белеске шарықтатты, туған жерімді сүюге, ардақтауға үйретті. Сондықтан да мен ана тіліме мәңгі қарыздармын. .....
Мұнан бірнеше жылдар бұрын өзінің ата-қоныс мекендерінің бірінде Кирила Петрович Троекуров дейтін орыстың ежелгі шонжары тұрып жатты. Байлығы, білікті ата-тегі және күшті байланыстары оны губерниядағы құдіреті зор адам етті. Көрші-қолаңдары қабағын шыттырмай, бабын тапқанына мәз болса, губерния чиновниктері атын естігенде-ақ қалтырап тұрды. Кирила Петровичтің өзі болса, бұл бас июшілікті жұрттың парызды міндеті есебінде қабыл алды. Үйі әменде қонақтарға лық толы болатын, бұлар оның көңілін аулап, у-шуы мол кейде тіпті шектен шыққан дарқан думандарын да бірге атқарысып жүрді. Оның шақырғанынан бас тартар, болмаса мерзімді күндерде Покровское селосына тағзыммен келіп, бас имейтін ешкім болмады. Ал үй тұрмысында Кирила Петрович білімсіз адамда болатын ожарлықтың бәрін де көрсете жүретін. Қоршаған қауымы өзін жаман үйретіп, еш нәрседен қағажу көрмей өскен бұл жампоз ұшқалақ мінезі мен шолақ ақылына не келсе, соны істей берді. Ересен күшті адам бола тұрса да, ол жұмасына екі рет күпті болып мешкейліктің сазайын тартатын, бірақ сонда да күн сайын ішіп көңілді жүретін. Үйінің флигельдерінің бірінде әйел жынысына тән ою ойып, кесте тігіп отыратын он алты даяшы қызы бар-ды. Қыздар тұрған флигельдің терезелерін ағаш тормен қоршап, есіктеріне құлып салып қояды, ал құлыптың кілттері Кирила Петровичтің өзінде болады. Қапастағы жас қыздарды мерзімді сағатында баққа шығарып, бой жаздырып екі кемпір бақылап жүреді. Кирила Петрович ара-тұра қыздардың кейбіреуін күйеуге береді, олардың орнына жаңадан басқа қыздар әкеп қояды. Шаруалар мен үй қызметшілерін ол, ақырып-жекіріп өте қатал ұстайтын. Солай болса да олар баринге жан-тәнімен берілген жандар еді; мырзаларының байлығы мен атағына мардамсып, күштілігіне арқа сүйеп, олар да былайғы көршілеріне озбырлық жасай жүретін......