Нағима шошыған кісідей ұйқысынан оянғанда, қараңғы түнді тан жарығы жеңіп, терезе бозара бастап еді.
Бір нәрсесі ұмыт қалғандай асығыс тұрып беті-қолын жуып, дәрет алды. Түнгі астан аяққа салып алып қойған орта тостаған суынған бөртпе мен бір аяқ қара көжені әкеп сахара ішуге кірісті.
Таң жарығы ұлғайып, үй іші қаракөлеңке жарыққа бет түзеді. Нағима «сахарын» ішіп, жиып, кешке шейін
ораза екендігіне ниет етіп бетін сипады. Бүл ниеті — патшалардың заң-законынан да қатты, өліп бара жатса да тамақ ішуге болмайтын ант аралас ниет. Өз еркі өзінде, дені сау бола тұрып, адамның өзін-өзі ауыздықтап қатыруы, жөнсіз ашығуы не үшін, кім үшін, неге ділгер?.. екенін Нағима ойына келтірмейді.
Кеше кешке жақын қарны ашып, жүрегі қарайып бара жатқанда осы ой Нағиманың басына келсе де оның себебін тереңіректен іздеуге Нағима көңіліне ерік берген жоқ, ішінен:
— Құдай бұйрығы, бенденің оны тексерерлік қақы жоқ, — деп ойлап, өзін жұбатқан болды. Бірақ, әлдене нәрсе жүректік қараңғы түкпіріне тығылып, бірдеме айтқысы келіп қыстайтын секілденеді. Нағиманың жүрегін лоблытып, мазасын ала береді.
Таң жарығы ұлғайды. Терезеден түскен сәулемен үй іші тегіс жарық бола бастады.
Нағима ойдан серпіліп, дәретінің барында таза ниетпен таң намазын оқып алмақшы болды. Байының қара бөкебайын жайнамаз ғып жайып, білген дұға-сүрелерін оқып, намазға кірісті.
Үй іші құлаққа ұрғандай тынған. Үн-дыбыс жоқ. Табиғат дәл сол минутта кірсіз көңілмен «ғибадатқа» кіріскен Нағиманы қоштап, Нағима үшін бәрі де қол көтеріп, тілек істейтін секілді...
Мына төсекте сақалы ербиіп жатқан қара кісі – осы Нағиманың ері. Кәсібі ағаш шабу. Күн ұзаққа қара балта, қашауы қолынан түскен емес.
Түс әлетінде тары көжеге сығай бір тойып, кекіріп отырғаны.
Ораза, намаз дегенің бұл кісіден аулақ. Ғибадатың былай тұрсын, қызулау кезінде құдайды боқтап жіберемін деп, Орман ақсақалдың таяғы мұның шекесін жарған болатын. Содан бері Орман қартпен екеуі удай өш... .....