Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады. Бұрынғы ескі-ертегі,
химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған
шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, “Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды.
Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді.
Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн,
Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін,
Тартады аққу көкке, шаян кейін
Жұлқиды суға қарай шортан шіркін.
Аудармада мін жоқ, мүдірмей, тұтықпай, есіліп-төгіліп тұр. Ендігі кезең оқырманына қатысты жаңа ой, соны пікір, толғаулы сөзді ақын өз жанынан қосады.
Жігіттер мұнан ғибрат алмай болмас.
Әуелі бірлік керек болса жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, —
деп елді тұтастық, ынтымақ жалауының астына шақырады.
Елдің азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық, дәл айтылатын ойлар да бар:
Қасқырдың зорлық болды еткен ісі.
Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі
Нашарды талай адам талап жеп жүр
Бөріден артық дейміз оның ісін.
Алуан-алуан ойға жетелейтін “Қайырымды түлкі”, “Ала қойлар”, “Үлес”, “Қартайған арыстан”, “Өгіз бен бақа”, “Қайыршы мен қыдыр”, “Ат пен есек” мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды мегзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алған. Аудармашы негізгі түпнұсқа тексіне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын - әуез қосып отырады. “Қартайған арыстан” мысалына:
Бақ қонса, сыйлар алаш ағайын да,
Келе алмас жаман батып маңайыңа.
Басыңның бақыт құсы ұшқан күні
Құл-құтан басынады, малайың да, —
деген жалғасты түйін жасайды. Бірнеше кісі тіл таба алмай, берекесі кетіп, өртке шалдығып, үлестен құр қалады. Осы “Үлес” өлеңінің түйінінде ақын өз позициясын ашық көрсетіп:
Ойласақ оқиға емес болмайтұғын,
Ел қайда өзін жаудан қорғайтұғын.
Қазіргі пайдасына бәрі жетік,
Адам аз алдын қарап болжайтұғын.
Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман
Байқасақ ел белгісі оңбайтұғын.
Бұл белгі табылып жүр біздің жұрттан
Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.
Алданып арқадағы дау-шарына
Кәтерден кәпері жоқ,
келер сырттан, —
деп терең маңызы бар әлеуметтік ой толғайды.....