Қазақша Құттықтау - тілек: 1 Наурыз - Алғыс айту күні (алғыс хат)
Ұстазға арналған алғыс хат мәтіні
Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім-ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді. Жаңа оқу жылымен қатарлас келетін Мұғалімдер күні де күздің үлесіне тиіпті. Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әліп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады.
Аса көрнекті қазақ геологы, ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, академигі Қаныш Сәтбаевтың айтуынша “...1 қыркүйекте не салтанатты шеру, не салюттер болмайды. Бірақ бұл күн ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн. Бұдан асқан ұлы мереке жоқ”- деп толғаған.
Олай болса, мұғалім бақыты – шәкірт құрметі.
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
Ұстазға арналған алғыс хат мәтіні
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы –
деп ақын Ғ.Қайырбеков жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы “Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.
Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім.
Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.
“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз.
Халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысу үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту туралы Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылға арналған жолдауын біздің университетіміз қолдап отырғандығын аса қуанышпен атап өткіміз келіп отыр. Біздің дене шынықтыру және валеология кафедрасына және 2 жатақханаға қойылған спорттық тренажерлар осының айғағы. Бұл университет тарихында болып көрмеген үлкен жаңалық.
Осындай үлкен шараға ат салысып, жастардың спортпен тұрақты түрде айналысуына жағдай жасап отырған біздің университетіміздің ректоры Динар Жүсіпалиқызы Нөкетаеваға, экономика және өндірістік мәселелер жөніндегі проректоры Асылбек Еркімбайұлы Бөкебаевке айтар алғысымыз мол.
Осындай үлкен шараға ат салысып, жастардың спортпен тұрақты түрде айналысуына жағдай жасап отырған біздің университетіміздің ректоры Динар Жүсіпалиқызы Нөкетаеваға, экономика және өндірістік мәселелер жөніндегі проректоры Асылбек Еркімбайұлы Бөкебаевке айтар алғысымыз мол.
Дене шынықтыру және валеология кафедрасы
Дәрігерге арналған алғыс хат мәтіні
Адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұратын жандар – дәрігерлер. Кез келген науқастың көңіл-күйіне, ем алуына аса ұқыптылықпен қарау да ақ халатты абзал жандарға тән қасиет. Өзі қарайтын науқастың денсаулығын бәрінен де маңызды санап, бірде дереу ота жасап, бар өнерін салып, адам жанына араша түсіп жатады. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, өзімізше емделуге тырысамыз. Бірақ, кейін бәрібір ем іздеп дәрігерге барамыз. Жанымыз қиналып, еш нәтиже шықпаған соң, әрине.
Аурухананың күнделікті күйкі тірлігі, үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға жасайтын ем-шаралар жүктеген ауыртпалықтарға қарамастан, олардың жымиып жүрістеріне қайран қаласың. Сірә, «Гиппократ» антын қабылдап, серік еткен сабырлы да салмақты ұстанымдары болар. Үстіне киген ақ халаттары жүректері таза, пейілдері ашық, көңілдері кіршіксіз екеніне көзіңді жеткізгендей.
Сондай бірқатар ақ халатты абзал жандар арамызда жүр. Балқаш қаласында тұратын Нәсіп Сейсенбекова апайым осыдан біраз уақыт бұрын қаламыздағы Облыстық онкологиялық диспансерде ем алған болатын. Кейін білікті мамандардың қатысуымен осы орталықта ол кісіге ота жасалды. Бұл істің нәтижесі сәтті шықты. Сонымен, қатерлі дертке дауа болуға септігін тигізген дәрігерлерге жүрегіндегі алғысын газет арқылы білдіруді жөн көріпті Нәсіп апай. Қысылғанда көмек көрсетіп, қолынан келгенше ауру-сырқаудан айығуға себепкер болған жандарға ризалығыңды қалай жеткізсең де орынды. Облыстық онкологиялық диспансер дәрігерлерінің атын атамау – ар алдындағы абыройыма сын» – дейді Нәсіп Сейсенбекова апайым. Олар Таракальді бөлімде тер төгіп жүрген: Е.Шәуенов, Е.Әбітаев, А.Тәукенов, М.Жұмақаев, К.Разаков, К.Қалиева, И.Дзарданова, А.Жұрынова, М.Базылханова және З.Жантөрина.
Әсіресе, ота жасауда зор еңбек еткен Е.Шәуенов, Е.Әбітаев және К.Раззаков сияқты азаматтарға ыстық ықыласымды білдіремін. Аталмыш мекемеде түнгі ауысымда істейтін медбикелердің де еңбегі елеусіз қалмақ емес. Түн ұйқысын төрт бөліп, тыным таппай, науқас жанының шипагері болатын медбикелердің істері ерлік емей немене?! Жалпы, адам өмірінің арашашысы, халық денсаулығының қамқоршысы болған ақ халатты абзал жандардың қай-қайсының да еңбегі адал, қызметі қадірлі. «ООД» дәрігерлеріне шын жүректен алғысымызды білдіре отырып, толайым табыс пен жемісті жұмыс тілейміз!
Нұртілеу СИЯЗБАЕВ,
ҚарМУ-дың журналистика бөлімінің 2-курс студенті
ҚарМУ-дың журналистика бөлімінің 2-курс студенті
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: