Әңгіме: Бердібек Соқпақбаев | Әріппай мен көкжал қасқыр
— О, Әрекеңнің басынан не кешпеген. Бәрі де кешкен. Әй, Әреке, Әреке - тай, мына балаларға жас кезіңізде өзіңіздің басыңыздан кешкен қызғылықты уақиғалардың бірін әңгімелеп, айтып беріңізші?
Әрекен бәлсінбейді. Электр ұстарамен күнара тықырлап қырып жүретін көктұқыл сақалын күлімсірей сипалап, сәл ойланып отырады да:
— Жарайды, айтсам, айтып берейін — дейді.
— Қай әңгімеңізді айтасыз?
— Жапан дүзде көкжал. қасқырға кездесіп, қалай аман қалғанымды айтып бepeйін.
— Дұрыс, соны айтыңыз.
— Біріншіде оқимын ол кезде, кішкентаймын, — дейді Әрекең.— Әке-шешем колхоздың қойын бағады. Поселкеде өзімнің Күлімхан дейтін жеңгемнің үйінде жүрем.
Күлімханды сен білесің, мінезі күрт, тілі ащы адам еді ғой. Бірақ оған да кінә жоқ. Күн бойы колхоздың жұмысын істеп, шаршап келеді. Оны күтіп, бітпей жатқан үй ішінің тіршілігі және көп. Міне соның арасында қитығына біз де тиіп қоямыз. Сосын ол қалай ашуланшақ болмасын.
Бір күні ойынның қызығымен жүріп, қызыл бұзауды байлауды тарс ұмытыппын да кетіппін. Бір қарасам қоңыр сиыр түк білмегендей үйдің қасына маңқиып келіп тұр. Қызыл бұзау құдай тілеуін беріп, оны рақаттанып еміп тұр. Ойынды тастай салып ұмтылдым. Дәл сол кезде ар жақтан аюдай ақырған Күлімхан қоса көрінді.
Бұзауға қабат жеттік ол екеуміз.
Жеткенмен не пайда. Қызыл бұзау өз шаруасын тындырған. Қоңыр сиырдың желініндегі күні бойы сыздықтап жиналған, бүкіл үй ішіміз боп үміт артып отырған бар сүтті қарнына қотарып құйып алған. Сиырдың желіні ішінен желі шыққан допқа ұқсап боп-бос. Ызасы қайнаған Күлімхан бір қолымен қызыл бұзауды бұйдасынан сүйрей - мүйрей, маған ұмтылды.
— Ойында басың қалғыр, жүгірмек!
«Жүгірмекте» кінә мол. Мойнын ішіне тығып, жасқанғанды ғана білді ол. Күлімханның жұдырығы балғадай ауыр келетіні және мәлім. Шойын жұдырықтар көк желкемнен аямай түйіп - түйіп етті.
Және ұрады екен деп, құламасам да әлгі араға құлай кетіп бақырдым. Ойындас жолдастарым анадайдан бұның бәрін көріп тұр. Жоқ, жатқан үстімнен төмпештеп ұрған жоқ жеңгем, Бірақ зәрі ұрғанға бергісіз ащы сездерін аямай айтып, енді қызыл бұзауды түйгіштеп кетіп бара жатты.
Ал таяқ еттен, сөз сүйектен өтетіні белгілі. .....
Әңгімелер