Қазақша әңгіме: Жүсіпбек Аймауытов (Шұбар тайым табылды)
Көкем алып келген қамыс құлақ шұбар тайым болатын. Шаң тиместің тұқымы. Өзі қойдай жуас. Күнде үсті-басын сипап, кешке өзім суарып тұрамын.
Асқар байдың ауылында «бәдік» бар екен, біздің ауылдың бозбалаларын шақырған. Тайымды суарып мен де бәдікке бармақпын.
Қап-қараңғы. Көзге түртсе, білмейсің. Тек аспанда жұлдыздар моншақтай жылтырайды, тым-тырыс. Құздың етегінде бұлақ сылдырайды. Бұлаққа қиялап түсетін тар соқпақпен келе жатырмын. Екі жағым құз. Үстіме төніп тұр. Бұ бір - қорқынышты жер еді. Қорыққаннан денем түршігіп кетті. Төменде судың толқыны тасқа соғылып, шулап жатыр.
Бір уақта астымдағы шұбар тай едірейіп, пысқырып, кейін шегінді. Көзім шарасынан шықты. Басым ду етті. Жүрегім балғамен ұрғандай тез соқты. Екі көзім алда. Не де болса тез болса екен деп еліп барамын. Бір нәрсе қорс етті. Тайым мөңкіп қалды. Топ еттім. Басым шың ете түсті: жер қатты еді. Жамбасым ауырып қапты. Мешел адамдай орнымнан зорға көтеріліп, кейін жүрдім. Әрі тайымнан айрылып, әрі бәдіктен
қалғаныма ыза болып, жасымды тыя алмай үйге бардым, көрген-білгенімді айттым.
Ертеңіне тайыма ішім қазандай қайнады. Тайымды іздеп өлейін деп, ай далаға қаңғып кеттім. Күні бойы іздедім, табылмады. Кеш болды. Қорықтым. Жаспын ғой. Бар бітіргенім - жылау. Қас қарая үйге қайттым.
Келсем, тайым қазықта байлаулы тұр. Жүрегім аспанға көтерілді. Қуанышым қойныма сыймай кетті. Сұрастырсам, тайым өзі келіпті, неткен ақылды! Сонан былай тайымды бұрынғыдан да жақсы көретін болдым.

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: