Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Тәрбие сағаты

Әңгіме:  Ғабиден Қожахмет | Тәрбие сағаты

Студент мұғалімдік тәжірибеден өтуге келген сыныпта сыныпқа орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, өздері де мұғалімдік тәжірибеден өтіп жүрген екі студент қыз бар еді. Бұлардың үшеуіне де ортақ бір міндеттері осы сыныпқа ашық тәрбие сағатын өткізулері керек болатын. Қыздар бұл тұрғыда сыныптың дайындығын да өздері дайындаған еді, көрнекі құралдарды да әзірлеп шықты. Үшеуіне ортақ болып есептелетін болашақ өткізілгелі тұрған ашық тәрбие сағатының тақырыбы ана тақырыбында болатын.

Ашық тәрбие сағатын өткізу жөніндегі ой қозғалғаннан бастап-ақ, қаладағы осы бір мектепте мұғалімдік тәжірибеден өтіп жүрген барлық студенттерге қобалжу туғызған бір жағдай болды. Ол өздері өткізгелі тұрған ашық тәрбие сағаттарын көруге, бағалауға келетін педагог маман туралы әңгіме еді. Бұл маманды осы жерде жүрген студенттердің бірде-бірі танымайтын болып шықты. Өзі өзге ұлт өкілі екен, бірақ мәселе онда да емес еді. Педагог маман жайында айтылған сөзге қарағанда, бұл маманның болашақ мұғалім боламын деген жанға қоятын қатаң талабының үдесінен шыққанда барып қана жоғары бағадан үміттенуге болады, анығында маманның өзі де сауатты педагог деген сөздер еді. Көп ұзамай студенттерді абыржытып, осы ойды нақтылай түскен бір оқиға болды. Ол осында жүрген бір топ студенттің өткізген
ашық тәрбие сағатының "3"-ке бағаланып қалуы еді. Бұл өзге студенттерге де қатты әсер етті. Себебі осы мектепте мұғалімдік тәжірибеден өтіп жатқан студенттердің арасынан "5"-ке бірден-бір үміткер деп танылған осы студенттер еді. Олардың дайындығы мықты, сабақтары көрнекіліктің барлық түрімен де қамтылған болатын. Бірақ педагог маман сабақты қорытындылағанда "орташа" деп бағалапты. Осыны көрген студенттің жанындағы болашақ орыс тілі пәнінің мұғалималары "бізге "5"-тік қажет емес, тек "3" алып қалмасақ болды" деді.

Межелі күн де келіп жетті. Сол күні екі студент қыздың бірі сабаққа келе алмай қалды. Құрбысының айтуынша, ол тұрмыс құрған, кішкене сәбиі ауырып қалыпты. Екінші қыз осы ашық тәрбие сағатын жүргізуді үшеуінің арасынан міндетіне алған еді. Кенет ол студентке келіп: "Ашық тәрбие сағатын сен жүргізесің бе? Мен қатты абыржып тұрмын" деді. Студент жеме-жемге келгенде жауапкершіліктің тізгіні өзіне қарай бұрылып кетер деп ойламаған еді. Бірақ әріптес қыздың түрінен, шынында да, қатты абыржып тұрғандығы байқалды. Студент сценариймен жеткілікті жағдайда таныс емес және көрнекіліктердің мазмұнын да тиянақтап алуы керек болатын. Ол сценарийге көз жүгірте бастады. Дегенмен сабақ оның өз сөзімен айтылуы керек еді. Сосын көрнекіліктеріне бұрылды. Шынында да, бұлардың көрнекіліктері
аз әрі қарабайырлау еді. Мұны "5"-тік баға аламын деп тұрып, "3"-ке бағаланып қалған сабақтың көрнекіліктерімен салыстыруға мүлде келмейтін. Кенет мектептің қоңырауы беріле бастады. Сонан соң баспалдақпен жоғары қарай асығыс жүгірген оқушылардың аяқ дыбыстары мен сынып есіктерінің сарт-сұрт ашылып-жабылғаны естілді де, сәлден кейін-ақ бәрі тынши берген сәтте бұлардың сыныбының есігі ашылып, әлгі педагог ұстаз кіріп келді. Еуропалық бикелер секілді, талғаммен киінген әйел адам ешкімге де назар аудармаған күйі сыныптың артқы бөлігіне қарай өтіп бара жатты да, оның соңынан ашық қалған есіктен болашақ ағылшын тілі пәнінің мұғалимасы болғалы жүрген бір топ студент қыз кіріп келіп, олар да ұстаздың соңынан сыныптың артқы бөлігіне қарай өтіп бара жатты. Сабақ басталып кетті...

Сабақтың соңында оқушылардың келген қонақтарға құрмет білдіріп орнынан көтерілуімен бірге педагог ұстаз осы сыныпқа қалай кірсе, дәл солай ешкімге де назар аудармаған күйі сыныптан шығып бара жатты да, оның соңынан іле-шала көтерілген ағылшын тілінің бір топ болашақ мұғалималары да сыныптан шығып кетті. Ашық тәрбие сағатына жауапты екі студент әлгі топтың соңынан ілесті.

Бір бөлмеге жинала қалған топтың шағын жиынын педагог ұстаз бір ауыз сөзбен өзі бастады да, ағылшын тілінің болашақ мұғалималарына иек қақты:

- Сөйлеңдер, талдаңдар, баға беріңдер.

Ағылшын тілінің болашақ мұғалималары бірінен соң бірі әлгінде ғана болып өткен ашық тәрбие сағатының көрнекіліктерін сынға ала бастады. Бірақ мәселені ең соңында көрнекіліктер шешкен жоқ еді. Педагог маманның өзі сабақты қорытындылай келді де, өтілген сабақты "5"-ке бағалады.

- Ең басты мәселе сабақтың ішкі мазмұнында, - деді ол. - Бұл сабақта ананың өмірдегі орны шәкірттерге жан-жақты ашылды. Ананың қоғамдағы және отбасындағы рөлі қатарластыра алынып отырды. Бұлардың көрнекіліктері аз болды, бірақ сол аз көрнекілікпен жұмыс істелді. Сабақ - өзінің әу бастағы таңдап алынған тақырыбы бойынша мақсатына толық жеткен сабақ. Сондықтан ол "5" деп бағалануы тиіс.

Осы кезде болашақ орыс тілі пәнінің мұғалимасының көз жасына ерік бергені. Ол сыныпқа келіп те жылап тұрды. "Мен "5" туралы тіпті де ойламаған едім" деді ол. Оны 7 "Ә" сыныбының шәкірт қыздары қоршалай алып, апайларын құттықтап жатты.


FacebookTwitterGoogle+OdnoklassnikiMail.RuVKWhatsApp



Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Ғабиден Қожахмет Тәрбие сағаты туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Ғабиден Қожахмет Тәрбие сағаты на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]