Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Ақын және бастық
Ақын жергілікті жердегі бастықтың үйінде отырды. Бастықтың әйелі ақынға шай құйғалы жатыр еді, бастық әйеліне: "Шайыңды қоя тұр", - деді де, ақынға қарап:
- Мына балаларға бір-бір шумақтан өлең лақтырып-лақтырып жіберші, - деді.
Бастықтың балалары көп еді. Ақын сүйкектетіп жазып отырып: "Есіл ерім-ай! Азаматым-ай! Баланы да таптырған екен", - деп бастыққа іштей разы болып отырды.
- Ағаңның бөлмесіне баршы, - деді бастық тұлымшағы селтиіп тұрған кішкентай қызына. - Ағаңның бөлмесіндегі суреттердің бәрін осында алып кел.
- Мынау Алматыда оқып жатқан ұлымыз еді, - деді бастық суреттерді ақынның алдына тоса беріп. - Осыған қарап отырып та бір-екі шумақ өлеңді лақтырып-лақтырып жіберші.
- Осы ит қайда? - деді бастық әйеліне. Сосын ақынды жеңінен тартты: - Жүрші!
- Әй, ит қайда? - деді бастық аулаға шығып алып. - А, мұнда сәкінің астында жатыр екен ғой. Өзің еңкейіп қарашы сәкінің астына. Байқа, қауып алып жүрмесін.
- Мысықтарыңыз жоқ па еді? - деді ақын.
- Мысық дейсің бе? Әй, біздің үйдің мысығы қайда?! А, мұнда шатырдың үстінде жүр екен ғой. Өзің шықшы шатырдың үстіне. Абайла! Мына мысық ақынды көре салып тұра қашты ғой! Әй, қайда кеттің?! Секірме деймін, ойбай! Өй, мына ақын деген халық өлермен халық болады екен ғой?! Мысықтың секірген жерінен секіргені несі?!
Бастық томпаңдап үйді айналып келген кезде, мысықты құшақтай құлап жатқан ақынды көрді.
- Ау, не істеп жатырсың мысықты құшақтап?! - деді бастық ақынға.
- Енді қайтейін-ай! - деді ақын ентіге сөйлеп. - Өзім жолсоқты болып келіп едім. Басымды шай да қысып бара жатыр. "Ұл" екенін немесе "қыз" екенін көріп алып жатқаным ғой, өлеңге бір керегі бола ма деп.
Ақын сол күні бастықтың үйінен шай ішіп аттанды.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: