Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Мұғалиманың ізі
- Не болды, жаным?! Тағы да түсіңнен шошыдың ба?! Тағы да сол түсіңе қыздарың кірді ме?! Кішкене демалшы, жаным!
- Ұйықтай алмаймын, Берден! Ұйықтай алмаймын! Осы бір он үш қызды уайымдап ұйықтай алмаймын енді! Жүрші, аулаға шығып келейік! Жүрегім бір түрлі болып тұр, Берден!
***
- Міне, көрдің бе, жаным? Көше деген тым-тырыс қой.
- Сонда да көшені бір жағалап қайтайықшы, Берден!
- Жаным-ау, осылай күн сайын ұйықтамай көше жағалаймыз да жүреміз бе?!
- Ренжімеші енді, Берден!
- Жаным-ау, ол қыздарды несіне уайымдай бересің?! Жанында мамалары бар емес пе?
- Мамаларға сенуге болмайды, Берден! Қыз деген шығып кетейін десе, терезенің көзінен де шығып кете береді. Анау не, Берден?! Ағараңдап тұрған анау не, Берден?!
- Мынау ма?! Жаным-ау, есек емес пе?! Міне, жарықты жағып көрсетейін бе? Ақ есек екен. Жанында қодығы да бар.
- Құдайым-ай! Көзіме ақ фартук елестеп кеткенінші!
- Жаным-ау, қыздар түнде ақ фартук киіп жүрмейді ғой?
- Сен олардың не киіп жүретінін қайдан білейін деп едің, Берден?!
- Жаным-ау, осылай түнімен жүре береміз бе енді? Саған ұйықтау керек қой! Азанда сабағың бар емес пе?
- Алты сабағым бар, Берден.
- Әне, көрдің бе?! Саған ұйықтау керек. Бұлай жалғаса беретін болса, денсаулығыңды құртасың ғой.
- Денсаулықты ойлайтындай болып жүрмін бе, Берден? Көзімді жұмсам болды, он үш қызым біреумен кездесіп тұрғандай көрінеді.
- Сонда да саған көз шырымын алу керек, жаным!
- Жарайды, Берден! Ренжімеші енді! Мені сүйіп қосылдым деп едің ғой?
- Сүйіп үйлендім дедім ғой, жаным! Сүйіп үйлендім!
***
Арада уақыт өтеді. Баяғы он үш қыз 10, 20, 30 жылдыққа келеді.
- Өй, бар болғырлар! Келдіңдер ме? Он үшің де түгел келдіңдер ме? Баяғыда сендерді уайымдап өліп қала жаздайтын едім.
- Бізді несіне уайымдай бердіңіз, апай? Жігітпен жүргізбейтін едіңіз ғой?
- Жігітпен жүріп неғылайын деп едіңдер?! Бәленің бәрі сол жігітпен жүруден басталады. Бір ұлы педагог айтқан: "Махаббат деген сөзді естігенде басқа қыз-келіншектердің жүрегі толқыныстан дір ете қалатын болса, мұғалиманың жүрегі қорқыныштан дір ете қалады" деп.
- Бітіріп кеткен ұлдармен сөйлесіп тұрғанымызды көрсеңіздер, жиналыстан
жиналыс.
- Бәленің бәрі сол бітіріп кеткен ұлдардан келеді ғой өзі.
- Өзіміздің кластың ұлдарымен де сөйлестірмейтін едіңіздер?
- Олармен не сөйлесейін деп едіңдер? Отырған жоқсыңдар ма бір кластың ішінде атысып-шабысып, бір-бірлеріңе қағаз лақтырысып ойнап.
Маған сыйлық әкелдіңдер ме? Өздерің шет елге шығып, келіп жүр екенсіңдер.
- Апай, соңғы қоңыраудағы әндерді айтайықшы!
- Айтамыз! Неге айтпайды екенбіз?!
- Апай, соңғы қоңырауда қуанып жүрдіңіз ғой? Бізден құтылғаныңызға қуанып жүрдіңіз бе?
- Сендерден құтылғаныма қуанып нем бар? Жауапкершілік деген болады.
- Бізге еш уақытта мұғалім болма деуші едіңіз ғой?
- Соны сендер тыңдайтын ба едіңдер? Болыпты ғой мына қыз! Сен қыз мұғалім болыпсың ғой?
- Апай, ізіңізді қуып жүрмін ғой.
- Менің ізімді несін қуасың, қарағым?! Менің ізім осы ауылдың көшесінде қалды ғой. Сендер үшін түн ұйқымды төрт бөлген апаймын мен.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: