Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Пықанның сабағы

Әңгіме:  Ғабиден Қожахмет | Пықанның сабағы

Пықан бір тойдың үстінде әлдебір заң қызметкерімен қатар отырып қалып, оған ата-аналардан ақша алғаны туралы бірдеңелерді былжыратып айтып қойды. Сол-ақ екен, заң қызметкері Пықанның білегіне шап ете түсті. "Былықтырған екенсің ғой әбден!" - деді түсін суытып.

Пықан шошып кетті.

- Тағы қай жерде алдың?!

- Бастауыш сыныпқа сабақ беріп жүргенде, - деді Пықан.

- Сен өзі ненің мұғалімісің?! Біресе жоғары сыныпқа, біресе бастауышқа сабақ бере бересің бе?!

Пықан шынын айтты:

- Мен мұғалім емеспін.

- Енді кімсің?!

- Мен электрикпін. Бастауыш сыныптың мұғалімі болмай қалып, сабақ бергенім бар еді.

- Содан?!

- Содан бастауыштан ештеңе білмеймін. Айналып келіп балаларға "электр желісіне жоламаңдар" деп айта бердім.

- Жоламады ма сосын?!

- Қайдағы жоламаған? Бала деген кері қарай жүретін халық емес пе.

Бір бала үйіндегі электр желісінің ашық тұрған жерін ұстап тұрады. Қайта сол кезде желіде электр тогы болмаған.

Оны көріп, шешесі баланы жұлып алған сәтте, қосулы тұрған электр шамы жарқ ете қалыпты.

Енді шешесі келіп маған ұрысып жүр.

- Не деп ұрысады сонда?!

- "Балаға не тәрбие беріп отырсың?! Не оқытып жатырсың?! Электр желісіне жолама деп неге айтып қоймайсың?!" дейді. "Ау, құдайдың құтты күні соны айтпай, не айтып жатырмын?"

Содан іздене бастадым. Педагогикалық кітаптарды алып келдім. Сөйтсем, педагогтер бәрін жазып кеткен екен ғой. Баланы зерттей-зерттей келіп, "Не ата-ананың айтқанын қылмайтын, не мұғалімнің айтқанын тыңдамайтын кіп-кішкентай жүгірмектерді бала деп айтамыз" деп анықтамасын беріпті. "Қалай дәл берілген анықтама!" деймін.

Әдіс-тәсілдерін де қоса берген екен. Солардың ішінен бір әдісті таңдап алдым. Бұл әдіс педагогикада қауіпті тәсіл деп аталады екен. Бұл әдісті тәжірибеде қолдануға педагогтардың өздерінің жүректері даулай бермейді дейді. Егер бұл әдіс өзінің нәтижесін бермесе, онда педагогтың өзіне қарсы жұмыс істейді екен.

- Ол қандай әдіс?

- Кері қарай айту әдісі. Яғни, ұстама деудің орнына ұста дейсің.

- Содан?!

- Біреуі жоласайшы. Сол-ақ екен, мектепке "Рақмет сізге, мұғалім! Баламыз үйде тәп-тәртіпті болып қалды. Сіз дұрыс бағытта жұмыс істеп жатырсыз" деген шешелердің алғысы жауды да кетті.

- Сол жолы ғой алып жүргенің?!

- Кішкентай. Өздері берді.

- Былықтырған екенсің ғой әбден! - деп заң қызметкері Пықанның білегін одан әрі қыса түсті.

Пықан айтты:

- Осы сіз тойға қай жағынан қатысып отырсыз?

- Қай жағынан қатысып отырсың деген не?! Мені танымай отырсың ба?! Мен деген қалыңдықтың туған ағасы емеспін бе?!

- Е, бәсе!.. - деді Пықан.

- Не бәсе?!

- Той үстінде мінез көрсетуіңіз жаман дегенім де. Қыз жағынан болғаннан кейін екен ғой.

- Сен ұл жағынансың ба?! Ана ініңе айтып қой! Осы тойдан кейін қарындасыма саусағының ұшы тимейтін болсын! Өзің мектепте істеймін деп отырсың ғой, ініңді тәрбиелеп жүрсің бе енді?!

- Айтудай-ақ, айтып жатырмыз, - деді Пықан. - Бір-бірлеріңді сыйлап жүріңдер, отбасы деген сыйластықтан басталады деп жатырмыз.

Пықан оянса, осының бәрі түсі екен. Біраз есеңгіреп жатты.

Өткенде Пықанның інісінің үйленгені рас еді. Келіннің ағасының заң қызметкері болып шыққаны да, екеуінің тойда бірге болғандары да, қатар тұрып әңгімелескендері де рас еді.

Осы кезде Пықанның үстіне келіншегі Бибігүл кірді.

- Тұр, жуын, - деді Бибігүл Пықанға. - Кешкісін Төлегендердің қонаққа шақырып отырғанын білесің бе?

- Төлеген деген кім? - деді Пықан бір көзін ашып, бір көзін жұмған қалпы сығырая қарап.

- Жынды ма, Төлеген деген кім дегені несі?! Сәлияның ағасы ше, прокуратурада істейтін.

Пықан шошып кетті.

- Бармаймын! - деді Пықан қабырғаға қарай тығыла түсіп.

- Есің дұрыс па?! Бармағаны несі?! Төлеген деген сыйласып отырған адамың емес пе? Төлеген деген - өзі бір жақсы жігіт. Прокурормын деп шәниіп тұрған ол жоқ.

- Мен мектептен шығамын, - депті Пықан жыламсырап.

Бибігүл Пықанның жанына келіп, қолының сыртын оның маңдайына тигізіп көрді.

- Сен осы ауырайын деп отырсың-ау деймін. Төлеген сенің мектебіңді қайтсін? Төлегеннің сенен басқа жұмысы жоқ дейсің бе? Тұр, жуын!

Сол күні кешкісін Пықан галстугін тағынып, келіншегі Бибігүлді қолтықтап Төлеген құдасының үйіне келе жатты.

Өзінің мектебінің жанынан өте бергенде, светтің жарығымен жарқырап жатқан мектептің ауласына көзі түсті. Түсінде Төлегеннің "Мектептеріңнің ауласына қарасаң, жарқырап жатады, ішіне кірсең, едендерің жалтырап жатады, іштерің неге сондай болып тұрмайды осы?" деген сөзін есіне алды. "Мектептеріңнің ауласы қалай жарқырап жатса, едендерің қалай жалтырап жатса, педагог адамның іші де солай жарқырап тұратын болсын" дегені ғой Төкемнің" деп ой түйді Пықан.

Төлеген тек Пықандарды ғана емес, тағы да біраз жора-жолдастарын жұбайларымен қосып шақырған екен. Пықан да Бибігүлімен солардың арасына келіп жайғасты.

Үстел басында отырып, қонақтарына елпілдеп, қонақжайлылық танытып отырған Төлеген құдасына көзі түскен сайын, Пықанның да түсі есіне түсіп кетіп, әлсін-әлсін жымия берді.


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Ғабиден Қожахмет Пықанның сабағы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Ғабиден Қожахмет Пықанның сабағы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]