Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Солдат

Әңгіме:  Ғабиден Қожахмет | Солдат

Бұл бір қыздың туған күнінде болған еді. Әлгінде ғана дастарқан басынан тұрып, өзара сөйлесіп тұрған ұлдардың жанына осы үйге әлдеқандай туыстығы бар орта жастардағы медбике әйел жақындады. "Осы сол қара бала сендермен бірге оқыған, иә?" - деді медбике әйел ұлдарға сұрақ қойып. "Иә", - деді жігіттер.

Медбике әйел басын шайқады.

- Сол бала ауыр жарақат алғанда, аудандық ауруханаға мен алып барған едім ғой. Сонда жол бойы маған жалғыз ғана сұрақ берумен болды. "Апа, мен енді солдат бола аламын ба?! Айтшы, апа, мен енді солдат бола аламын ба?!" дей берді. Егіліп кеттім. Сол нәрсе менің қолымда тұрғандай сұрады. "Боласың! Неге болмайды екенсің?! - деймін. - Әлі-ақ жарақатыңнан жазылып та кетесің. Солдат та боласың!" "Өтірік айтып тұрған жоқсың ба, апа?! Солдат болуға мен енді жараймын ба?!" деп ышқынды бала.

- Мұндай науқасты бірінші рет көруім, - деді медбике әйел. - Осы салада істеп келе жатқаныма біршама уақыт болды ғой. Талай науқастарды көріп жүрмін. Науқас адам жаны қиналғанда "дәрігер, маған бірдеңе істесеңдерші, менің жаным қиналып жатыр ғой" дер еді. Ал мына бала жарақатына бірде-бір рет шағым жасаған жоқ. Оның жарақаты тым ауыр еді ғой. Оған тек солдат бола алмай қаламын ба деген ойдан артық қорқынышты ой болмады. Аудан орталығына дейін шақырымдар бар еді. Көлік құстай ұшып келе жатты. Ал ол болса, осы сұрақты ғана қайталаумен болды.

Қара баланың жасы он сегізге толуына санаулы ғана уақыт қалған еді. Ол кеңестік әскерге күзгі шақырылыммен ілігетін. Әскерге шақыру қағазын асыға күтіп жүр екен. Соған дейін еңбек ете тұрайын деп шешкен. Жұмыс барысында ауыр жарақат алып қалады.

Қара баланы аудандық аурухана облыстық ауруханаға жөнелтеді. Облыстық ауруханада ол өзіне ота жасау үстінде қайтыс болып кетеді.

Ол солдат болуды армандаған екен.

***

Бірде сайт бетінен солдат жігітке арнап өлең шығарып бересіз бе деген өзіне арналған өтінішті оқыды. Мұндай өтініштер бұрында да жазылатын. Бірақ олар тойға арналған өлеңдер сұрайтын еді. Олардың да поштасын бергендеріне сұраған өлеңін шығарып берген еді. Мына өтініш иесінің де өлеңін шығарып бергеннен кейін, сарбазға өлең шығартып отырған кім екенін сұрады. Сыр бойындағы университеттің студент қызы екен. Ол өлең шығартып отырған солдаттың әскерде ант қабылдайтын күні жақын қапты.

Қыз күз айында екінші рет өзіне өтініш жазды. Қаңтарда ант қабылдап жатқан солдаттың әскердегі туған күні екен. Әрі әскерден қайтар уақыты да жақындапты. Осы кезде қызға қаңтардағы өлеңге жауап ретінде солдаттың "Сарбаз сәлемі" жазылсын деп өзі ұсыныс жасаған еді. Себебі ел қорғаушы жауынгер мен ару ұғымы - ғасырына қарамастан, әу баста дәстүрде бар дүние. Және осыған орай, сарбаздардың көңіл-күйі жайлы бір ауыз пікір сұрады.

"Қыс, көктем, жаз мезгілі тез-ақ өтіп кеткен сияқты еді деп айтады, - депті қыз. - Ал қалай күз түсті, солай күн санай бастадық. Бұрынғыдай емес, жігіттердің арасындағы әзіл-қалжың да саябырсыған. Өйткені әскерден босар мезгіл жақын қалды ғой. Бір сөзбен айтқанда, үйді сағындық".

Бұрынғы жазылған "Арудың солдатқа хаты" өлеңіне орай, теңіз шегара қызметіндегі сарбаз осылай Каспийден Сырға сәлем жолдады:

Онда күз еді, тағы да енді күз келді,
Хазар жақтан ақша бұлттар жүзді енді.
Сол бұлттардан сарбаздың ұқ сәлемін,
Қауыштырар күн де жақын бізді енді.

Хат жазыстық, сыр айтыстық, ұғыстық,
Дегем талай: шегарамыз тыныштық.
Еліміздің шегарасын күзеттік,
Сол тыныштық - Отан үшін ырыс-құт.

Біз өткіздік әскердегі жылды, айды,
Енді көңіл жүрек әнін тыңдайды.
Сарбаздарға туған жері қол бұлғап,
Сағынышы бұрынғыдан ұлғайды.

Олар бүгін солдат болды - шыңдалды,
Өткізді де жауынгерлік сындарды.
Дейді енді: туған жер мен туысқа
Оралуға бізге қанша күн қалды.

Олар мұнда алды құрыш-тағылым,
Сәлемдерін елге жеткіз бәрінің.
Ұмытқан жоқ сарбаз бір сәт достарын,
Ойлады әр кез ата-анасын, Аруын.

Отан барда - қалмас ұлдар еленбей,
Қорған олар сауыт-болмыс берендей.
Өз көңілім өзің жаққа қол бұлғап,
Туған Отан - Сырға сәлем дегендей.

Кеше күз еді, тағы, міне, күз келді,
Сарбаз көңіл сағыныш боп жүзді енді.
Хазар жақтан тыныштық боп күлген күн
Аман-есен қауыштырсын біздерді!

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында қызмет етіп жүрген сарбаздар - елдің абыройы, азаттықтың қорғанышы.

Ұлыңыз солдат болсын. Солдат боп жүрген ұлыңыз өзіңізге аман-есен оралсын!

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Ғабиден Қожахмет Солдат туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Ғабиден Қожахмет Солдат на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]