Әңгіме: Сүлеймен Баязитов | Жыл он екі ай балдырғандар сырласы

Әңгіме:  Сүлеймен Баязитов  | Жыл он екі ай балдырғандар сырласы

Алтын көпір

Балалар ақыны, балалар жазушысы жүрекке жақын, көңілге қонымды осы бір сөз тіркестері кеңестік кезеңде өмірге келді. Сол тұста балалар әдебиеті “Әдебиет” атты қара шаңырақтан еншісін бөліп алып отау тіккені белгілі. Ал оның қаз басқан қадамының арманды адымға айналуына қазақ совет әдебиетінің іргетасын қалаған Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов т.б. Ақын - жазушылар елеулі үлес қосты.

Құнарлы топыраққа түскен түйір тұқым дәл дариясына айналатыны сияқты содан бергі кезеңде қазақ балалар әдебиеті сан - алуан өсуі өркендеу баспалдақтарынан өтті. Сөйтіп, қазақ балаларының сан буыны өздеріне арналған жауһар жырларды оқып, жаттап есейді, тілдік қорын, ой өрісін дамытты.

Есейе келе, олардың кейбірі өздері өлеңдерін оқып өскен аузынан ақ маржан төгілген ақын ағалары мен әжелеріне еліктеп жыр жазуға әуестенеді. Қиял қанатында қалықтап, өмір танымын арттырды. Талмай талпынып, Алланың берген азды - көпті талантының арқасында солардың кейбірі арқалы елге әйгілі ақындардың санатына қосылды. Алда қаншасы мәңгі сөнбес жыр шырағын жағып, жыр қып асқаралы аспанына қанат қағады десеңізші.

Ал сол балалар ақындары мен жазушыларының өздерінің балдырған оқырмандарымен бүкпесіз сырласып, олардың балғын жүректеріне жол салуына дәнекер - алтын көпір ол, әрине, республикалық балалар басылымдары ғой. Ол - “Балдырған”, “Пионер”, “Ақ желкен” журналдары, “Қазақстан пионері”, “Ұлан” газеттері. Олардың санатын 2001 - жылдан бері жарық көре бастаған “Жыл он екі ай” журналы толықтырды.

Әдеби- танымдық күнпарақ содан бері кең байтақ республикамыздағы балдырған балаға да, көпті көрген көне көз данаға да қызықты ортаға салар оралымды ойы, тартар тағылымы, ұсынар үлгісі бар ортақ басылым екенін танытты. Сөйтіп, республикадағы балалар басылымдары арасынан ойып орын алып, ендігі жерде жұрттың іздеп жүріп оқитын сүйікті басылымына айналды.

Ал 2007 - жылы балаларға арналған басылымдар арасында Қазақстан журналистерінің ең мәртебелі сыйлығы “Алтын жұлдызды” жеңіп алды. Журналдың бас редакторы, жазушы Талғат Айтбайұлы: “Әрбір үйдің төрінде, әрбір ұланның қолында жүретін журнал”, - деді осы қуанышқа орай жазған мақаласында. Бұл шындық. Оған көз жеткізу үшін енді біраз өткен жылдарда жарық көрген журнал беттерін асықпай парақтайық.

Атақты ақындар да айналып өтпеген

Астана мен Алматыны кім білсін “ел іші” атанатын ауыл, аудан, облыс орталықтарында тұратын журналист, ақын- жазушылардың кейбірі өз ортамыздан шыққан Мүбәрақ Жаманбалинов, марқұм Есентай Ерботиннің шығармалары туралы сөз бола қалса “Е, тәйірі - ай олар бар болғаны балалар ақыны ғой деуден әрі аспас еді. Осындайда биікте ілулі тұрған етке қанша ұмтылса да ала алмай түңілген мысықтың әрі жасын, әрі сасық сол етті жемей - ақ қойдым” депті - міс. Бұл да соған жай ғой, өйткені қазіргі қазақ әдебиетінің саусақпен санарлық абыздарының бірі Мұзафар Әлімбаев балалар әдебиетінің көкжиегін кеңейткен алыптардың бірі емес пе?







Мұрағаң “Балдырған” журналының бас редакторы болған жылдарда балалар әдебиетінің босағасын аттаған жас қырандардың томағасын сыпырып, қанаттарының қатайуына ұшан - теңіз сіңірді емес пе?! Сол Мұрағаңның аталған журналға басылған “Мұндай сөздерді білесің бе ?” атты топтамасының бірер шумағын оқып көрейікші:

Деп едім - күрдел мәнін анықтарын,

Қарасы екен жас төл мен арық малдың

Оқтан құдыр шошынғаннан,

Ырғыды ордан шұғыл кеп.

Бұғы тектес кішірек ал,

Аталады құдыр деп. -

“Күрдел”, “Құдыр” атауларының мәнін түсіндіруге арналған бұл өлең жолдары халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан сөздік қорынан сыр суыртпақтап, жас жеткіншекті тіл мәйегімен ауыздандырады. Хас шебердің қаламынан туындаған бұл шумақтар бала санасын танымдық тереңдікке бастайды.

Қалың қазақ оқырманына әу бастан - ақ махаббат жыршысы ретінде танылған мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұманбай Моллдағалиев балаларды да аталық махаббат, сүйіспеншілік шуағына бөлеп оңы мен солын тануына, сөйтіп елін сүйген үлкен жүрек иесі болып өсуіне жол нұсқайды, үлгі ұсынуды, күрмеуі күрделі тірлік түйінін түсіндіруді азаматтық, аталық парыз деп біледі. Мәселен, ақын өзінің “біздің заң” атты өлеңінде заманымыз, біздің жолымыз, сол заңмен өсіп ер жетеміз дей келіп

Сол заңмен өсіп санамыз,

Қуаты берер бар қандай, - деп сауал тастай отырып,

Біз оның тілін аламыз,

Ананың тілін алғандай, - деп ой түйіндейді.

Сөйтіп, оны біздің неге ардақ тұтып, неліктен айнамыз санайтынымызды осы түйін арқылы ұғындырады. Оспанхан Әубәкіров. Оның есімі қазақ оқырмандарына сатира сардары ретінде жақсы таныс. Ал сол Оспанханның балалар әдебиетінде де елеулі із қалдырғанын бұл күнде біреуі білсе, біреуі біле бермейді. Өйткені 2005 - жылы Алматыдағы “Қазғұрт” баспасынан бар - жоғы 2000 - дана болып жарияланған “анау мен мынау” жинағының мектептердің кітапханасында болуы екіталай. Сол олқылықтың орнын “Жыл он екі ай” хал - қадарың толтырған.

Сөйтіп, ақынның “Бытбылдық неліктен” атты өлеңдерін жариялаған. Жылы юморға толы осы өлеңдер оқыған балалардың езуіне күлкі үйірері талассыз. Мәселен, “Неліктен” атты өлеңде Серік атты балаға “шырағым, неліктен жұмыс істейміз” деген сауал қойылады. Серік сол сұраққа “жұмыс істемесек тамақ ішпейміз” деп жауап береді. Серіктің осы жауабы арқылы автор “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген қанатты нақылы бала ұғымына міне осылай сәйкестендіреді.

“Ал сол кісі жұмыс істемейді неліктен” - деген сауалға,

- Жо... Жоқ... Ол кісі жұмыс істеген. Отыз жыл бойы комбайыннан түспеген, - дей келіп, оның зейнеткер екенін айтады.

Ал ақшаны қайдан алады?

Пенсия алады.

Не үшін алады?

Еңбегі үшін алады, - дей келіп еңбектің таусылмас, сарқылмас қазына, ырыс екенін сөз етеді.

Таңатқан - ау, Таңатқан,

Ойын менен тамақтан

Қолың тимей үнемі

Екі аласың сабақтан

- Ай, ай Таңатқан

Екі аласың сабақтан.

Осы бір “мазақтама” деп аталатын өлеңнің авторы қазақтың әйгілі ақындарының бірі Әбдіраштың Жарасқаны. Өлең айтқан сөзді ұқпайтын, түске дейін ұйықтайтын жылауық нас бала туралы. Бұл тақырыпты, яғни жалқау, жылауық, шалдуар балалар туралы қалам тартпаған ақындар шамалы болар. Бір сөзбен, Жарасқанның жырлап отырған тақырыбы тың тақырып емес. Соған қарамастан ақынның:

Мазақтаймыз

Қоймаймыз,

Түзелер деп ойлаймыз...

Түзелмесең

Бөлініп,

Өзді- өзіміз ойнаймыз.

Ай - ай, қоймаймыз

Өзді - өзіміз ойнаймыз, - деп түйін жасауы бала оқырмандарға, әсіресе, жалқау, жылауық, ұйқышыл балаларға ой салып, сөйтіп, олардың түзу жолға түсуіне ықпал етеді. Өткені өлең кейіпкеріне ұқсас балалар тек мазақ болып қана қоймай, бірте- бірте достарынан көз жазып, жеке қалатынын аңғартады. Өлеңнің әр шумағында ойнақы “Ай - ай” сөзін қайталай қолдануы арқылы өлеңде сөз болып отырған мәселеге назар аударуға тырысады.

Біздіңше, ақынның бұл тәсілі өзінің жемісін берген, бере де бермек. Ақиық ақын Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін мектептегі бала да, ұлтының мақтанышына айналған біртуар дана да жатқа айтады.

Қазақ тілі - арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

Осы бір шумақ өлеңімен - ақ ұлттық поэзиямызды асқар биікке көтеріп, қазақ тілі алдындағы ұрпақ парызын тайға таңба басқандай анықтап, өзге тілдің бәрін біл, - деу арқылы қазір де үш тұғырлы тіл атауына ие болып отырған мемлекеттік бағдарламаға да бұған сандаған жылдар бұрын үн қосқан. Көрегендік танытқан десе де жарасатындай.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр аға шығармашылық жолын балалар әдебиетінен бастаған кезінде балаларға арнап, бірнеше жыр жинақтарын шығарған. Сирек те болса Қадыр аға “Жыл он екі ай” журналына да атсалысып тұрады екен.

Есін біле бастаған баланың қарындаш ұстамайтыны, қағаз шимайламай -тыны жоқ. Бірте – бірте сол балғын бөбек әріп танып, түрлі - түсті қарындашпен өзінің балғын қиялын тербеген сан - алуан көріністі қағаз бетіне түсіруге талпынады. Қазіргі қазақ поэзиясындағы елеулі тұлғалардың бірі - Ұлықбек Есдәулетовтың “Қарындаштар” атты өлеңі міне осындай талапты балаларға үлгі береді, жол нұсқайды.

Мынау сары қарындаш,

Мұнымен күнді бояймын.

Мынау қоңыр қарындаш,

Мұнымен құмды бояймын.

Міне осылай түрлі - түсті қарындаштардың әрқайсысының қолданылатын орнын атап айта келіп,

Мен суретші боламын,

Қарындашты аламын.

Ақ мамамның суретін,

Ақ бояумен саламын,

- дейді. Ал анасының суретін салу бесіктен белі шығып, оңы – солын тани бастаған әр баланың ой арманы ғой.

Ақын соны балғын кейіпкерінің аузына салу арқылы есте қаларлықтай тамаша жыр тудырған. Сонымен қатар балғын оқырмандардың дүниетанымын кеңейтіп, талғампаздыққа баулиды бұл өлең. Сол ақынның “Есен сабағы”, “Жаңбыр” атты өлеңдерінің әрқайсысы төрт тармақ, бір шумақтан тұрады.

Бірінші өлеңдегі қол көтеріп ерленіп тақтаға шығып, төртке бесті қоса алмай терлеген Қосанбайдың қылығы оқырманын күлдіргі, бұлттың неге ауатынын, жаңбырдың қашан жауатынын түсіне, біле алмай дал болған бала кейіпкердің:

Шөлдеді ғой ағаштар,

Шаң басты ғой ауаны, - деуі оның ағаштың шөлдегеніне, ауланы шаң басқанына алаң болуы ел мен жердің болашақ иесі ойлы азамат болып өсіп келе жатқанын аңғартатындай. Бұл аты аталған ақындар үлкендер поэзиясының ірі тұлғалы өкілдері бола тұра балалар әдебиетінің ажарлы да, базарлы болуына қыруар еңбек сіңірген, сіңіріп келе жатқан ақындар.

Кітапханалар жабылып, баспадан кітап шығару мұңға айналған мерзімді баспасөзге жазылу бағасы шамадан тыс шарықтаған жылдарда оқырман сүйікті ақын - жазушыларынан ақын – жазушылар оқырмандарынан көз жазып қалғандай болған тұста біз сөз етіп отырған ақындардың балаларға арналған жырларын қал - қадерімен басып, жарыққа шығаруы қуанарлық, құптарлық іс еді.

“Көзден кетсе, көңілден таса” демекші Оспанхан, Жарасқан т.б. Өмірден озған ақындардың шығармаларын аға ұрпақ өкілдері білгенмен кейінгі буын өкілдерінің көпшілігі оқымақ түгілі, есімдерін де сирек естуі, тіпті, білмеуі мүмкін ғой. Міне осы тұста “жыл он екі ай” журналы абыройлы іс атқарды, атқарып та келеді.

Балғын жырын балаларға сыйлаған

Өмір бойы шығармашылығының бал шырынын тек балғын бөбектерге арнап, бала болып уанып, бала болып жұбанып, бала болып ойнап, бала болып ойлайтын ақындардың бір тобын былайғы жұрт балалар ақындары деп атайды.

Сол атауға сай үнемі балаларға арнап қалам тербеп, балалар әдебиетінің көсегесін көгертумен келеді. Солардың бірі балалар ақыны, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты – Ескен Елубаев. Өткен жылы ақынның “Балаларға базарлық” атты жыр жинағы жарық көрді. Негізінен балаларға арнап жазатын ақын ағаның жыр жинағы туралы ой - пікірімізді орайы келген тұста айта да жатармыз.

Ал әзірше ақынның өзіміз сөз етіп отырған балалардың сүйікті басылымында жарық көрген “Әріптердің айтысы” атты өлеңін ойға азық, тілге қазық етіп көрейік. Бірден айтайық әріптерді “айналдырмаған” бірде - бір балалар ақыны жоқ десе де болады. Ал солардан Ескеннің атының озғаны не дегенге келсек, ол оның әріптерді сан алуан мінезді балалар кейпінде кейіптеді.

Мәселен, “А” өзінен өзгені көрелгісі жоқ. Мен - мен, мақтаншақ. Әлдекімді жамандай қоюға да кет әрі емес.

“А” атты “Ң” жөнінде,

Оның орны кейінде.

“Ң” деген байғұс ол,

Сөз бастамас жалғыз сол.

Жаратқан соң нашар ғып,

Бола алмайды ол бас әріп.

Осы жолдарды оқығанда достарын жамандамаса, іші пысатын біреуді жамандау арқылы өз қадірін асырғысы келетін әлде бір танысың есіңе түседі. Ақын балаларды мақтаншақтықтан сақтандырады.

Болғанмен шетелдік,

Бедел менде жетерлік.

Дедің,

Не жасқанам.

Сөз көп өзім бастаған – деп, “Ң” айтпақшы талапты жасқа айтар сөз де, атқарар іс те көп.

Сұлтан Қалиұлы. Оның есімі тілі қазақша шығып, қазақ мектебінің табалдырығын аттаған, бұл күнде азамат атанған қазақ жастарының сан буынына етене таныс. “Балдырған” журналында одан кейінгі кезеңде “Ұлан” газетінде жауапты қызметтер атқарған.

Сұлтан атаның қаламынан туындаған ойлы да, нәрлі жырлар қаншама сәбидің санасына ұялап қалды десеңізші. Журналда жарық көрген “Қыс кетті” атты мына бір шағын өлеңі де солардың бірі.

Шөкім бұлт жоқ аспанда,

Осы - ау көктем белгісі,

Терезені ашқанда,

Серпілді бір бөлме іші.

Төбеңнен төніп тұрған зеңгір аспан... Айнала төңіректен нұрын жара бұрқыраған көк исі бөлмедегі ауыр ауаны алмастырып, қыр беткейден құлдырай аққан бұлақ сыңғыры құлаққа келетіндей.

Көктейтіндей тасы да,

Назарым тұр тысқа ауып.

Алатаудың басына

Қонақтапты қыс барып.

Оу, мұндай сәтте бала жаны қалай байыз тапсын. Тысқа шығуға асығады. Оның жарық дүниені сан алуан бояуға малып алғандай гүлдентіп, көркейтіп, жаңа бір әр берген көктем “суретін” табиғаттың әр құбылысынан іздеді. Таңырқайтындай қағып тамсануы заңдылық. “Алатаудың” басына қонақтапты қыс барып. Аңғал да байқампаз бала санасын сәулелендіретін жанды сурет.

Өткен жылдардағы “Жыл он екі ай” журналының бетін парақтағанда түйген ойымызды түйіндей айтсақ, журнал жылдан жылға “Балалар әдебиеті” атты ұлы айдынды өз ағысымен толықтыра, толықтыра түсуде екен.

Сонау жылдары жылап аққан жүлгеден сырқырай ағар кең арналы тау бұлағына айнала бастаған екен. Бұлақ көзі мәңгілік сарқылмасын, арнасы суалып тартылмасын.

(Әумин).

Сүлеймен Баязитов


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгімеСүлеймен Баязитов Жыл он екі ай балдырғандар сырласы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Сүлеймен Баязитов Жыл он екі ай балдырғандар сырласы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]