Әңгіме: Отарқа талапты жастардың мектебі еді
Иә, шын мәнінде солай болды. «Отарқа» жаңадан ашылған тұста қалада кәсіби журналисті ашық күнде шаммен іздесе де табылмайтын. Бірақ Аманкелді аға әдебиеттен аз кем хабары барларды газетке тарта білді. Жассерік Сәдуақас газетке біржола орналасты, редактордың орынбасары болды.
Оған әр басшының табалдырығын тоздыра жүріп, қоярда қоймай үш бөлмелі пәтер алып берді. Екібастұз ауданына қарасты Өлеңті орта мектебінде ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген менің әдебиетке деген қызығушылығымды, сөз саптасымды байқап (аудандық байқауға қатысып, баллада оқып, жүлделі орын алған едім) газетке – журналистикаға келуіме бірден бір себепкер болған, осы мамандықтың әліпбиінен бастап тәрбиелеген осы Аманкелді Қаңтарбаев болатын.
Ол жылдары шет тілінің маманы аз, Екібастұз аймағындағы көптеген мектептерде шет тілі оқытылмайды. Екібастұз аудандық білім бөлімінің басшысы Зейнолла Молдахметовтың қарсыласқанына қарамастан екі бөлмелі пәтерді тағы да редакцияның қарамағына алдыртып, мені отбасыммен Екібастұзға әкелді. Ес білгеннен Абайдан бастап, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабаков, Ғафу Қайырбеков, Мұхтар Мағауиндердің әдеби шығармаларын «Жұлдыз» бен «Жалын» журналдарынан оқып, отбасында ата-анамызбен бірге талдап, талқылап отырғандықтан болар, әдебиетке аса құмар болдым.
Әдебиет әлемі – бала кезгі арманым еді. Бұл талабымды мектепте тарих пен әдебиеттен сабақ берген Адам Мұхамеджанұлы ұштады. Күрделі тақырыптарға шығарманы жиі жазғызатын... Кейін шет тілдер институтына түссем де, әдебиеттен кете алмадым. Міне, осы мақсатыма қолжеткізуге себепкер болып қана қоймай, шығармашылық мектебінен өткізген Аманкелді Қаңтарбайұлы болды. Ойды ой қуалайды ғой, осы ретте мынаған да тоқтала кеткім келеді.
Қазір көп жас мамандарды үйрету, тәлімгер болу ісі қалып бара жатқандай. Әрине, маман оқу бітіргенде кәсіпті алып кетуге дайын күйінде келуге тиісті. Бірақ демеп жіберу, ақыл-кеңес айту, жетелеу ісі (әсіресе шығармашылықта) жеткіліксіз секілді.
Иә, редакцияға келгенде алғашында қиналдым, бір күн бойы бір беттік «Өрт – тілсіз жау» деген орысша ақпараттық мақаланы аударғаным есімнен кетпейді. Дегенмен үш-төрт айдың ішінде білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы саласын жазуға әжептеуір төселіп қалдым. 1991-92 жылдарда Екібастұз аймағына Монғолия жерінен қандастарымыз қоныс аударды. Мен солар жайлы, олардың мәселелері жайлы көптеген проблемалық мақалалар, еңбек адамдары туралы очерктер жаздым.
Әрине, қазақ тілді газетті таратуда да қиындықтар көп болды. Тіпті редакция қызметкерлері бала-шағамызды ертіп, әрқайсының қолына 10-15-тен «Отарқаны» ұстатып, көше-көшені, үй-үйді аралап, пәтерден пәтер қоймай есіктерін қаға жүріп тарататынбыз. Ауылдарға жиі шығып, оқырмандармен кездесу ұйымдастырдық, әкімдермен, мектеп басшыларымен жұмыс істедік.
Мен балаларға арналған «Балдәурен» атты арнайы бет ұйымдастырып, шығармаға талабы бар оқушыларды тарттым. Бұл ел ішінде газеттің таралуына едәуір септігін тигізді. Ұжым болып жұмыла атқарған еңбектің нәтижесі жаман болған жоқ. Ұстазым болған аяулы жан Адам Мұхамеджанұлы, Сайлау Ғибатұлы, Шайқым Құнанбайтегі (иманды болсын бәрі) күн құрғатпай келіп, ой-пікірлерін, сындарын айтып отыратын.
Бізге тіпті Ақтоғай, Баянауыл аудандарындағы оқырмандарымыз да жиі хабарласатын. Ол жылдары редакция көпшіліктің пікірлесетін, әңгіме-дүкен құратын үлкен ордасына айналған еді. Мұғалімдер, оқушылар мектептен шығысымен редакцияға келетін. Аманкелді Қаңтарбаев газетке жер-жерден жазатын тілшілерді де жоғары бағалайтын.
Журналистер күнінде оларды да марапаттап, құттықтап, редакцияға шақырып, мазмұнды кездесулер ұйымдастыратын. Біз жақсы дүние жаза қалсақ, баладай мәз болып қуанып, бірден нөмірге салғызатын.
Әр сөзімізге, әр сөйлемге шұқшия қарап, тексеріп, талдап, қате тапқан сайын қатты ескерту жасап, кәдімгідей ұрсатын. Бірде іссапардан келіп, ауыл шаруашылығы туралы көлемді мақала жаздым.
Ол кезде «совхоз» деген сөз «кеңшар» болып ауысты. Осы «кеңшар» деген сөзді кім ойлап тапқанын білмеймін, онша жаратпаушы едім, мақалада қайта-қайта «совхоз» деп жаза беріппін. Мақаланы тапсырғаннан кейін бірден шақырды, қып-қызыл болып ашу үстінде отыр екен. Қатаң ескертті. «Осы сөзді көзіңе шұқып тұрып өткен жолы да түзетіп едім.
Қайта-қайта неге жазасың?» деп 4-5 беттік мақаламды лақтырып жіберді. Осындай қатал тәртіп, әр әріпті, әр сөзді, сөйлемді қатаң қадағалауының арқасында жап-жақсы төселдім. Иә, ол кісінің алды үлкен мектеп еді. Мақалада келіспей тұрған сөйлемді түзетіп, қайта теріп әкел демей, өзіңді ойландырып, өзіңе түзеттіруінің өзі кәдімгідей сабақ болатын.
Кейін Жассерік екеуімізден көркем дүние жазуды талап ете бастады. Жассерікті білмеймін, өз басым қайта қинала бастадым. Бірақ әдебиетке деген ынта, әдеби шығармаларды көп әрі жиі оқу, шығармашылық ізденіс бұл қиындықтан да алып шықты. «Мұңлық», «Қия жол», «Тағдыр», «Беу, дүние...», «Алты құрт», т.б. көркем әңгімелер жаздым. «Сенің әр әңгімеңнің сюжеті, сөз қолданысың бір-бір повеске, әй жоқ, романға жүк болар дүниелер. Сен жазуыңды тоқтатпа» деуші еді.
Өзі де қай тақырыпқа салса да желдей есетін, қаламы жүйрік, ешкімге жалтақтамай айтарын айтып, жазарын жазып тастап, өмірдің өзіне, шындықтың жүзіне тіке қарайтын. Кейін қоймай жүріп үшеуіміздің көркем шығармаларымыздың басын қосып «Туған жер әуендері» атты жинақ кітап шығарды.
Жалғандыққа, жалпақтыққа, жарамсақтыққа жаны қас, сөзінде де, ісінде де мінезінің осы тұсы қылаң беріп тұратын Аманкелді ағаның журналистік мектебінен өткеніме өз басым ризамын. Кейін облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне ауыстым. Газетке мақалаларым шыққан сайын хабарласатын.
Өз басым осы мақалам тәуір-ау деп пендеуи оймен жоғары бағалайтын дүниелерімді қатты сынға алып, «Сұйылып барасың-ау, сен осы» деп ескертіп отыратын. «Тәуір дүниелерің болса, «Отарқаға» да жіберіп отыр» деп жиі айтатын. Қуана жариялайтын.
Осы газетке келгеннен кейін аз жылда облыс әкімінің грантын иелендім, азды-көпті марапаттау, сыйлықтарға ие болдым, оқырмандарға таныла бастадым. Осы уақытқа дейін қазаққа танымал талай-талай ірі-ірі тұлғалармен сұхбаттастым. Қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш-ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, әйгілі қаламгерлер Сәкен Жүнісов, Қалмұқан Исабаев, Фариза Оңғарсынова, Дулат Исабеков, Тұманбай Молдағалиев, ҚР Тағамтану академиясының академигі Төрегелді Шарманов, әйгілі өнер жұлдыздары – Роза Бағланова, Асанәлі Әшімов, Әзірбайжан Мәмбетов, Болат Аюханов, Роза Рымбаева, Мәдина Ералиева, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, белгілі актриса Шолпан Байғабыл, «Дос-Мұқасан», Елена Әбдіхалықова, Бауыржан Ибрагимов, Досхан Жолжақсынов, басқа да ондаған танымал адамдармен - ғалымдармен сұхбаттастым, халықтың рухани әлеміне қажетті дүниелерді газет бетіне жариялауға ұмтылдым.
Семейде жерлес ақын Сәбит Дөнентаевтың аяқасты болған зиратын қалпына келтіруге атсалыстым. Бұл іске «АстанаТеміржолСу» АҚ-ның президенті Қуат аға Есімханов бастаған павлодарлық, семейлік азаматтар қолдау жасады.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты Сәбит ақынның кітабын жарыққа шығарды. Бұл мақтанғандық емес, бұл – орыстанған жерде қазақ тіліндегі газетті ұйымдастырып, қоғамға үлкен сілкініс жасаған, ана тіліміздің, руханиятымыздың өрлеуіне аса қомақты еңбек сіңірген азамат Аманкелді Қаңтарбайұлы берген тәлім-тәрбиенің арқасы, сол кісінің жетелеуімен жүзеге асырылған іс деп бағалаймын.
...Сол жылдарда редакцияда Анар Қабдолла, Әсем Жүнісова, кейін Рауза Мұсабаева қызмет етті. Беттеушілер Мариям Рахметова, Қалимаш Бөкенова, кейін Шынар Қаңтарбаева, есепші Валентина Калмыкова, Алма Жақыповамен бірге жұмыс істедік. Тату-тәтті ұжым болдық, бір-бірімізді көтермелеп, қолпаштап, нәтижесінде жұмысымыз да алға жүріп беретін.
Олардың бәрі де Аманкелді ағаны қатты сыйлады, айтқанын екі еткізбейтін. Жыл сайын редакция ұжымын туған жері Баянауылға, Торайғырға алып баратын. Әр таудың, тасының шежіресін, кімдер өткенін бәрі-бәрін әңгімелейтін, айрықша бір қуанышқа бөленіп, көңілі көтеріліп қайтатын. Әсіресе Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы әкесінен естіген-білгендерін майын тамыза айтушы еді. Мәшһүр ата жайлы арнайы нөмір де жарыққа шықты.
Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 2013 жылғы 10 сәуірдегі нөмірінде Аманкелді ағаның қайтыс болғанына қырық күн толу қарсаңында «Алаулап өткен жан еді» атты ол кісінің азаматтығы, халыққа жасаған жақсылығы туралы естелік мақалам жарыққа шықты.
Өкінішке қарай, осы естелікті «Отарқа» жарияламады. Бір мысал, «әкемтеатр» атанған М.Әуезов атындағы академиялық драма театрда Әзірбайжан Мәмбетов отыз жылдай бас режиссер болды. Осы уақытты халық «театрдың алтын ғасыры» дейді. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген рас. «Отарқа» жайлы да оқырмандарының, көпшіліктің «Қаңтарбаевтың кезінде, бұл газетте...» деп мейіріммен, ризашылықпен айтатын жылы естеліктерін жиі естимін.
Мәңгілік ештеңе жоқ, уақыт та, адамдар да, қоғамның да өзгеруі заңды. Бірақ құндылық, қадір-құрмет өзгермеуі тиіс. Ұлттық мүддені, ұлттық танымды пендеуи тірлікпен қабылдамай, көпшіліктің, оқырмандардың талап-тұрғысынан қарауды қаперде ұстаса, қазақ газетінің ұтары көп болар еді-ау..
Сол мақалада: «Жүрексінген, жеткізе алмаған тұстарды қайта-қайта жазғызып, қатаң талап қойып, құлдыраған сәтте демеп жіберіп, редакциядағы әр адамның табысына шын ниетімен қуанып, отбасыларында келеңсіз жағдай болса, қолұшын беруге асығатын абзал азаматтың орны бөлек еді.
«Шөліркеген далаға жаңбырлы бұлт болар ем...». Шәміл Әбілтаевтың «Аңсау» атты сирек орындалатын әні осылай басталады. Сол секілді, ұлттық руханиятымыздың кенезесі кеуіп, жойыла жаздаған уақытында танбай жүріп «Отарқа» сынды тамаша газет ашып, жаңбырлы бұлттай нұр себелеген, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ізбасарлар дайындай білген Аманкелді Қаңтарбайұлының өзі кетсе де, игілікті істері халық жадынан өше қоймас. «Отарқа - өзімнің балам секілді» дейтін кейде әзілдеп. «Сендер оның отын өшіріп алмаңдар, бұл - қазаққа керек дүние ғой» деп саусағымен «тәйт» дегендей болатын Аманкелді ағамыз бұ дүниеге қол бұлғапты.
Ұлттың әдебиетін жанындай сүйіп, ана тілінің мәртебесін асқақтату үшін айрықша тер төккен Ақбеттаудың ақын ұлы мәңгілік тыныс тапты. Өзі үнемі сағынып жүретін, жылына бір рет - редакцияны апарып қыдыртып қайтатын Баянының топырағы бір бұрқ етіп басылған болар...
Өзіңіз отын маздатып жағып кеткен «Отарқаның» шырағы сөнбесін!»
Қайтыс боларының алдында өмір бойы жиған-тергендерінің басын құрап «Дүние бір қисық жол бұраңдаған» атты кітабын жарыққа шығарды. Мазмұнды шығыпты, қуандым. Бұл – қаламгердің оқырмандарымен соңғы жүздесуі, сырласуы екен...
О, дүниеде алдыңыз жарық, иманыңыз серік болсын, ардақты Аманкелді аға!
Жоғарыда айтып өткенімдей, Аманкелді Қаңтарбайұлының қадіріне жеткен, қайраткерлігіне бас иген замандастары естеліктер топтамасын жарыққа шығаруға ниеттеніпті. Әрине, оларға мың алғыс!
Жақсының аты өшпесін!
Сая Молдайып, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: