Әңгіме: Сүлеймен Баязитов | Мәшһүр Жүсіп Туысқан бауырларыма бір насихат

Әңгіме:  Сүлеймен Баязитов | Мәшһүр Жүсіп Туысқан  бауырларыма бір насихат


«Әй, қазақ ағайындар! Жылдан жылға кедей болып, жоқ жерде малдарыңнан айрылып қалып, күн асқан сайын кеміп барамыз, мұны кімнен көресіз?! «Қыс алды, боран алды»,-дейсіз, қыс пен боран алатұғын болса, қоян неге өлмейді, торғай неге өлмейді? Бораннан ығып, суықтан үсініп бір қоянның, бір торғайдың өлгенін көрген жан жоқ. Қазақта бір мақал бар «Жаман Құдайшыл келеді» дейді.

Ол сөздің мағынасы құдай, құдайдың жазуыменен болды десеңіз, бұл сөздің тұрғаны теріс. Өзі жаратқан мүлкін, өзі бар қылған мақұлығын құдай неге қырады? Кім болса, ол болсын, өзі жасаған нәрсесін өзі бұзбайды. Құдай тәбәрак оттағала мұнша жаратқан мақұлығын жоқ қылуға мөлшер қылған болжалды мезгілі бар. Ол мезгіл Ысырапыл (Исрафил) періштенің сұрын (сорын) үруімен (ұруымен) болмақ.

Немесе осы болған борандарды Ысырапыл періште сұрын ұрды деп білесіздер ме?! Жоқ, жоқ! Ысырапыл періште ұрса дүниеден не қалмақ? Онда дәнеме қалмақшы емес!». Удай кекесінге мысқылға, өкінішке, күйзеліске толы осы жолдарды оқи отырып, Мәшекеңнің оқырмандарымен бөліспек ойына қызығушылығын арта түседі, ынтыға оқисыз. Оның не айтпағын білуге асығасың. Ол бұл дүниеде үстерінен қарап тұрған патша Ағзам Хазіреттерінің барлығын, оның Нығыметтерін оқырмандарының есіне салады.

Оның, ең бастысы, үстінен қарап тұрған патшасына шын көңілмен тілеулес болу: Мұнан әрі құдыреті күшті Құдайдың ықпалымен патша Ағзамның қазған жолында, шашылған топырағында болудың қажеттігін айтады . Біз осы күнде ел аралайтын жаудан, ірге аралайтын даудан аузы қанды бөріден, қолы қанды ұрыдан аман тыныш тұрсақ патша Ағзам Хазіреттерінің жанұясында болғандықтан деп тұжырым жасайды. XX ғасырда қазақ уалаятында болған Қоқан заманынан мысал келтіреді.

Сол тұста қазақта бұл күнде ұмыт болған «Ақ жалау барда малым бар деме, әзірейіл барда жаным бар деме» деген мақалды келтіреді. Қоқан хандығының ел шабатын қосыны ақ жалау атанған. Ол ат үстінде жүргенде қазақтың малында, қатын қызында да ерік болмады. Ерлерді өлтіріп, қатындарын күңдікке алып кетті.

Жалғыз- жарым еркектерді тірі алып кетіп, құлдыққа сатты. Мәшекең сол зорлық -зомбылықты көрген тірі қалған шал- кемпірлердің талайы мен өзінің ел аралаған сапарында кездесіп кеңескен. Мәшһүр бабамыздың осы жазбаларын оқығанда қазіргі кезенде айнала төңірегімізде болып жатқан түрлі түсті революциялар жазықсыз оққа ұшқан ерлер, еңіреп егілген жетімдер мен жесірлер күйреген қала, жер жаһанды кезіп кеткен босқындар ойға оралады...

Соның бәрі өлерін білмейтін өр көкірек менмендіктен бастау алатыны қаншалықты өкінішті десеңізші. Алланың жаратқан пендесінің бірден-бірі кемшіліктен ада (Тіпті ол патша Ағзам болса да) деуден аулақпыз. Тек ақылға салар, ақылмен шешер мәселені мылтықтың ұнғысы арқылы шешу бізге өмір сыйлап, шексіз бақытқа бөлеген жаратқан иеміздің алдында кешірілмес күнә емес пе?

«Шын көз жасы мен заманның түзелмегенінен үміт қылып құдайдан сұраса, заманның түзелуіне әркімнің істеген ісі ілгері басуына мен кепіл»,- дейді Мәшекең. «Құдай тәбәрік оттағаланың сөзі құранды қараңдар, пайғамбар сөзі хадисті қараңдар, сол екеуінде айтылған сөз халел болса, не қылсаңдар сол қылыңдар мен ырзамын»,- деген екен Мәшекең. Әулиеден асырып біз не айта аламыз? Алла, өзің оңыңа бастай гөр!

... Білімнен құр алақан, ғылымнан қаға беріс қалтарыста қалған қазақ жұртының сол тұстағы қалың: « Ұлы Абай единица болмаса не болады өңкей нөл»,- деп күйіне жырласа, Мәшһүр Жүсіп: «Біздің қазақ бейшара «ораза жоқ, намаз жоқ құдай деген жанбыз» деп жүріп шаруа күтіп, мал бағып ғылыммен білімнен әр түрлі ғибратлы өнерлерден ... единица болмай нөл орнында қалған жұрт еді»,- деп ашына қалам тербейді.

«Иланғыш қазақтардың солдаттықтан қашқан ноғайлар, Ферғанадан қашқан сарт-суан, әпенді есіктен кіре Россияның бізге қысымшылығы осындай, қаһары қаттылығы осындай дей келіп қала салсаң шіркеу сал дейді. Балаларыңды оқытуға берсең, солдаттыққа алады деп Россия жұртымен ынтымақтан бездіреді...».

Мұнан әрі Мәшекең оқырмандарына қазақ ішіне кім келеді? -деп сауал тастай отырып, өз сауалына өзі: «Оннан қашқан, мұннан қашқан жамандық пен көзін ашқан келеді» деп жауап береді және соның бәрі де қазақты жер-көкке түсірмей мақтай келеді»,- дейді.

Ал олардың: «Дін де сен де, әулиелік те сенде, адамгершілік те сенде»,- деген мақтаулары елден екі адым аттап шықпаған көрген баққаны өзінің, ағайындарының отбасы, ошақ қасы. Жесірге жерге таласқан алтыбақан алауыз ел әрі кеткенде арыз қуып, кейбірі дуан орталығына ат басын тіреген көргені кем, білгені жоқтың қасы. Сорлы қазақтың басын шыр көбелек айналдырып мақтаншақ менмен көңілін аспандатпағанда қайтсін?

Әсіресе, өзін әпенді атаған қулар: «Мекке, Мәдинада өліп барамын десең, аузыңа бір қасық су тамызар жан жоқ. Әулие онда емес, мұнда... шарапат онда емес, мұнда, Машайықта, осында»,- деген сөздерді естігенде шала есті сауатсыз қазақтың көбі: « Біз болған екенбіз...

Құдайдың бізден аяған дәнеңесі жоқ екен»,-деп жер баспай қалады екен. «Асқанға аспан аласа, тойғанға тоқты еті топырақ» демекші қазақтан өзге жұрт адамгершіліктен, инабаттан да ада аштан өлейін деп, қырылайын деп тұр екен деген ойға беріледі.

Бес парыздың өзін дұрыс орындамайтын, құдайға құлшылығы басқа жұрттан аз дегенде екі елі кем біз қалай құдайдың оң назарына іліктік екен? Осының өзі қырық өтіріктің бірі емес пе екен?- деген ой бір де бірінің қаперіне енбейтінін қайтерсің? Оның орнына төрт түлік малдан асқан асылды, қазақтан асқан, асыл жұрт, сарыарқадай жер жоқ деп күпініп, күндерін өткізген. «Елді қортық бүлдіреді деген осы»,- деп түйіндейді Мәшекең.

«Айқап» журналының 1912 жылғы №7,8- сандарында жарық көрген бұл мақаланың сол тұстағы журнал оқырмандарын бей-жай қалдырмағаны анық. Ой саларлық дүние. Мақала сауаттысынан сауатсызы көп көшпелі жұрт арасында ауыздан ауызға, құлақтан құлаққа жетіп, қызу талқыланған да болар, өйткені көтеріліп отырған мәселелер қазақ үшін сол кезді былай қойып, тіпті бүгінгі күні де маңызын жоғалтқан жоқ, жоғалтпақшы да емес.

Тіпті император Ағзам Хазіретке жұрт жиналған жерде тілек тілеп, дұға қылыңдар. Ел іргесі аман болсын. Патшамыз әрдайым ғаділ, шарапатты болсын, өзінің ғақыл нұрын бүтін мемлекеттің пендесіне сарп етсін деген тілектің қандай артықшылығы бар?! Өйткені олар сол мемлекет панасында, аясында өсіп, өніп отыр ғой.

Ал бұл бүгінгі ұрпақ үшін, бірден, тарих, екіден, өнегелі өсиеті десе де болғандай. Мақаланың екінші бөлігі қазақ бойындағы ұлы мін – мақтаншақтық, парықсыздық. Өтірік пен шындықтың ара жігін аңғара алмауға арналған екен.

Осындағы Мәшһүр әулиенің ерекше сөз саптасына азды-кем тоқтала кетейік. «Құдайдың бұйрығынан... патшаның құрығынан... Құдайды ұзын құлақтан зорға естіп жүрген... Шөптің басынан үріккен қойдай... ай жарықта көлеңкесінен қорыққан қояндай... ғұмыр бойы өзімен жерлес, сулас, оттас, ораздас... наданшылық ғапылдықты...».

Тіл үйренсем, шешендік өнерді меңгерсем, жатық жазуға үйренсем деген жас талапкерге Мәшекең еңбектерінің берері көп. Бір сөзбен, дананың даралығын ой көзімен барлап, жақұтын толғап, теріп ала біл. Сонда ғана көсегең көгермек, ой өрісің кеңеймек.

P.S. Мәшекеңнің басылым беттерінде жарық көрген мақалаларын өзімізше талдай отырып, оны бір де бір рет «журналист» деп атамадық. Бір күн газетте істемесе де, бірлі-жарым бірдеңелері жарық көрген жерде кеуделеріне Одақ мүшесі белгісін тағып алып, аттыға жол, жаяуға сөз бермейтін кейбір қадірсіз қарттар күні ертең Мәшекең де мен сияқты журналист екен ғой деп кеуде қағып шыға келмесіне, сөйтіп, қазақтың қаламгер дара данышпаны Мәшекеңнің атына көлеңке түсірмесіне кім кепіл?! Алла, өзі сақтағай!

Сүлеймен Баязитов


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Сүлеймен Баязитов Мәшһүр Жүсіп Туысқан бауырларыма бір насихат туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Сүлеймен Баязитов Мәшһүр Жүсіп Туысқан бауырларыма бір насихат на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]