Әңгіме: Мұқағали Мақатаев шығармашылығындағы теңеулердің жасалу тәсілдерін оқытудың жолдары

Әңгіме: Мұқағали Мақатаев шығармашылығындағы теңеулердің жасалу тәсілдерін оқытудың жолдары

Мұқағали поэзиясы- махаббат пен сенімнен тұрады.

Ол адамның ішкі рухы, тозбас қуаты.

Махаббат пен сенімге ерлік, жүректілік керек.

Мұқағалиды құдіретті ақын ететін де сол - ерлік.

(Ә.Тәжібаев)

Сөз патшасы – «өлеңнің» - өмір туралы сурет пен ой кестелеу мүмкіндігі шексіз. Кешегі Абайлар мен Қасымдардың жолын жалғастырған, болмысы бөлек, табиғаты терең, Мұқағали шығармашылығына оқырманның ықыласы қай кезде де ерекше. Ол құдіретті, ғажайып, ақиық, сыршыл ғасыр ақыны.Өз халқын жүрегімен қалтқысыз қалай сүйсе, халқы да оны шексіз сүйді, сүйеді. Мұқағали – лирик ақын. Адам жанының, табиғат жүрегінің жаршысы.

9 - сыныптағы қазақ әдебиеті сабағын ақынның жырларымен бастау, менің қалыпты дағдыма айналған. Ондағы мақсатым, ақын поэзиясы арқылы оқушы жүрегіне әдебиет әлемінің ғажайыбын таныту, әдебиет әлемінде көп көзге түсе бермейтін әдебиет теориялары атты терең иірімдеріне бойлату, оқушыларды әдебиетті ғылым ретінде бағалау дәрежесіне жеткізу.

Кітап оқу дағдысынан айырылып, түбегейлі ғаламтордың тұтқыны болып жүрген оқушыларымыздың санасына халқымыздың баға жетпес асыл қазыналарын сіңіру көп қиыншылық келтіргені де өтірік емес. Сондықтан да, бала көзімен әдебиетті қалай түсінетінін зерттеуге бет бұрдым. Мұқағали жырлары еңбектеген жас пен еңкейген кәріге дейін аузынан түспейтін ұранына айналғаны да белгілі.

Ақын жырларын әр сабағымда өзім оқып, оқушыға оқыта отырып бірінші баспалдақтан өттім.

Екінші сатыда, оқушылар ақын жырларын тақырыптарына сәйкес топтастыра бастады. Мысалы, табиғат туралы, Отан, туған жерге, достарына, туған-туыстарына,поэзияға арнаған жырлары.

Үшінші сатысында, поэмаларын жаттатып, «Жалғастыр» стратегиясымен, яғни бірінен кейін бірі жалғастырып кету тәсілімен есте сақтау қабілеттерін арттырдым.

Көздеген мақсатыма бет бұрдық. Оқушылар ақын жырларын зерттеуге үйренді. Ақын жырларындағы троптың түрлерін ажыратуға машықтанды.

Сынып бойынша ортақ тақырып алып ақынның барлық жырларын осы бағытта ортақ ізденіспен зерттеуге кірістік. Тақырыбымыз «Мұқағали Мақатаев жырларындағы теңеулердің жасалу жолдары» деп аталды.

Ең бірінші теңеу деген ұғымға тоқталсақ. Теңеу дегеніміз – заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттеу. Мысалы:

Қыр мұрының – таулардың сілеміндей,
Нұр-ғұмырың – баулардың тілегіндей.
Қарашы әне, майысқан аппақ гүлді,
Дәл өзіңнің нәп-нәзік білегіндей!

Ұлт тілдерін дамытып өркендетуге жан-жақты мән беріліп отырған кезеңде тілді зерттеудің нақтылы үрдісі ұлттың ойлау жүйесіне тән ерекшеліктері мен заңдылықтары негізінде ашыла түседі. Көркемдік танымның аса қуатты құралдарының бірі – көркем әдебиетті теңеулерсіз көз алдымызға елестету еш мүмкін емес. Бұл бағытта теңеулерді терең зерттеген Т. Қоңырұлы, Ө. Айтбайұлы, Б. Қалиев Қ. Жұмалиев, Р. Нұрғалиев, Б. Манасбаев секілді ғалымдардың тұжырымдамаларын басшылыққа алдық.

Барлық қазақ филологтары бір ауыздан мойындайтын теңеудің төрт тәсілі бар.

Олар:

1) Синтетикалық тәсіл:

дай, дей, тай, тей, дайын, дейін, тайын, тейін.

ша, ше. жұрнақтары арқылы

шығыс септігі жалғауы (-нан, -нен, - дан-ден, -тан-тен)



2) Аналитикалық тәсіл :

А) секілді, сияқты шылаулары арқылы жасалады.

Ә) Бейне сөзі- теңеу тудыратын өнімді тәсілдерінің бірі



3) Синтаксистік тәсіл:

А) «тең» сөзі.

Ә) «Ұқсау» сөзі.

Б) «Құдды» сөзі.



4) Аралас тәсіл.

А) Синтетика- аналитикалық.

бейне+ дай, дей;

бейне+ ша, ше;

Б) Синтетика- синтаксистік.

бейне+ тең;

бейне+ ұқсас; [2.18]



Мұқағали Мақатаев тіліндегі теңеудің басқа бейнелі сөздерден ерекшелігі теңестіруі тура және айқын көрінеді. Ақын теңеулерінің бойында өткір ой мен әсерлі бейне астасып жатыр. Екі нәрсені теңестіріп, олардан ортақ белгі тудырып, бір мағынаны таңбалауын бақылай отырсаңыз, ақынның қандай сезімде, қандай әсерде болғанын, қандай ой айтпақ болғанын аңғарасыз. Ақынның салыстыру арқылы сипаттаған тәсілдері, яғни әрбір теңеуі оның нақ сол кездегі көңіл-күйін байқатады. Демек, Мұқағали Мақатаев бейнелі сөздерді тудыруда, ойын көркемдеп жеткізуде, жан-тәнімен сезімге бой алдырады.

Теңеу жасау басқа бейнелі сөздерге қарағанда оңай сияқты. Бірақ, теңеуді қалыптастыру үшін метафора сияқты салыстыру мен ұқсатудың бір бөлшегі теңестіріліп қана қоймай, теңеудегі сәйкестік тұтастай болуы шарт. Сондықтан да, оқушылармен теңеудің түрлеріне қарай топқа бөліп жұмыс істеу қажет болды. Оқушыларды төрт топқа бөліп, бір деңгейдегі тапсырмамен төрт бағытқа бағыттадым. Бұл оқушы қызығушылығын одан сайын арттыра түсті.

Мысалы,бірінші топ мүшелерінің алғашқы жемісті теңеуі,

Бұққан қоян секілді қыстау жатыр,

Бұғып алып таудың бір қойнауына.

Ақын қыстың күнгі аппақ қар көмген қыстау бейнесін-көз алдына елестеген екі дүниенің тұтастай алынған көрінісін бұққан қоянға теңеу арқылы суреттеген. Тамаша, оқушылар бағыт-бағдарды дұрыс түсіне білді.

Ақынның күрделі теңеулеріндегі ортақ сипат белгілері бірден анық көріне бермейді, бірақ қалайда оны жобалап, түсінуге болады. Ол үшін өлеңнің тұтастай мәтінін оқи отырып, ақынның айтпақ ойын, сезімін сезіну арқылы тануға болады. Ақынның күрделі теңеулері сырт қарағанда бір-бірінен мүлде алшақ, алыс тұрған нәрселерді, құбылыстарды жақындастырып, салыстыруға мүмкіндік береді. Осы қиындықты еңсеру үшін, оқушыларға Айгүл Әмірбекованың «М.Мақатаевтың бейнелі сөздер сөздігі» жинағын әдістемелік құрал ретінде ұсындым. Автор ақын поэзиясындағы теңеулерді екі топқа жіктеген.

Дыбыс теңеулері – санада қабылданған, сақталған дауыстарды басқа дыбыстармен ұқсату арқылы жасалған. Мысалы: жетім жүрек бөрінің қаншығындай ұлиды. Жүрдек пойыз ботасыз өлген інгендей боздай берсін;

Көру арқылы қабылданған теңеулер- адамның сыртқы болмысын санада сақталған басқа көріністерімен теңестіру. Мысалы: жеңгесінің жаныныда жүрген бөтен еркекті, қарғаның валетіндей деп сипаттауы. Қарғаның валетіндей едірейіп, қасыңа мына біреу қайдан келген?. Сондай- ақ, бір-бірімен жалғасқан қырларды гармоньның қатпарына теңейді. Гармоньның қатпарындай қырлары, Бір созылып, біресе қымтанады. Қосымша білім ешқашан артық болмайды. Оқушылардың ақын поэзиясына деген қызығушылықтары одан сайын арта түсті.

Оқушылар асқан төзімділік пен адал еңбектің арқасында тақырыпты тиянақты зерделеу үшін ақынның жыр жолдарын оқи отырып, тақырыпқа тұздық боларлықтай көптеген қызық теңеулер таба бастады. Айталық, бірінші тәсіліміз синтетикалық тәсілге :

Үзіліп түскен алмадай

Үзіліп көңіл қалған-ай,

Арыма басқан таңбадай.

Арылмай қойды-ау дау-дамай!

Тасыған көңіл арнадай,

Таусылып бүгін қалған-ай!

Қиылып қалған құрақты,

Қиын да болар жалғау-ай!

-деп ақын адамның кіршіксіз таза көңілін кір шалуды, үзіліп жерге түсіп, ешкімге қажет емес алмаға теңесе, ендігі бір жерде «таусылмайтын дау дамайды- таңбаға» теңеу арқылы шебер үйлестіреді. Ал, келесі жолында «тасыған көңіл арнадай » деп, адам көңілі өзен секілді арнадай тасуы да, суалуы да мүмкін екендігін көркем суреттейді деп әдеби талдау жасауға дағдыланды.

Ал, теңеудің аналитикалық тәсіл арқылы жасалуын зерттеген топ мүшелері сияқты, секілді т.б. септеуліктер мен бейне көмекші сөзі қатысқан ақын жырларын құлшыныспен топтастырды. Мәселен:

А) Сияқты, секілді шылаулары. Бұлар қазақ тілінде теңеу тудыратын негізгі тәсілдердің бірі. Ал, ақынның мына жыр жолдарында:

Бірде олай ауытқып, бірде бұлай,

Бір байламға келе алмай жүргенім -ай,

Таулы аймақтың ауасы секілденген,

Аумалы да, төкпелі күндерім-ай.

Немесе,

Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,

Секілді бәрі менен көз алмаған,

Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан,

Шырылдаған сәбидей мазаңды алам.

деген өлең жолдарында , біріншісінде ақын өзінің «тұрақсыз күндерін» , таулы аймақтың тұрақсыз «ауасына, табиғат құбылысына» теңеп терең логиканы пайдаланса, екінші шумақта елінің, таудың, даланың бар назарын өзіне аударып тұрғанын көз алмай тұрған адам кейпінде суреттейді.

Ә) Бейне көмекші сөзі- теңеу тудыратын өнімді тәсілдерінің бірі. Бұл мағынасы жағынан сияқты, секілді деген шылауларға жақын келеді. Тек айырмашылығы бұл теңеу сөзден бұрын келеді және шылаулардай түрленбейді. Сонымен қатар, бұл сөз тек қана поэзия тілінде қолданылады.



Мысалы:

Тірілтті сәуле, бірікті жалқық,

Бейне бір сурет жасалды адам.

Жайлы бір жылу суретті шарпып,

Қимылдап кенет жан бітті оған.

Ақын шығармаларында теңеудің синтаксистік тәсілі де кеңінен қолданылады. Аналитикалық тәсілде теңеу септеуліктер мен көмекші сөз арқылы жасалса, синтаксистік теңеу тәсілінде толық мағыналы сөздер қатысады. Мұндай сөздер қатарына ұқсау, салыстыру мағынасындағы сөздер жатады.

А) Тең сөзі. Мұның да лексикалық мағынасы бецне сөзіне жақын десек те болады. Тек ұана бұл сөзде толыққанды мағына бар.

Мысалы: «Түсіме тау кіреді» өлеңінде былай жырлайды.

Қалып қойдым, түсе алмай, шың басында,

Кеш те келді, айналды түн басуға.

Шың басынан түсе алмай әуреленем,

Бір минутым тең болып бір ғасырға... Деген өлең жолында : «Бір минутым тең болып бір ғасырға» деп, адам бойындағы сабырсыздық қасиеттің бір сәтін суреттейді.



Ә) Ұқсау сөзі. Бұл сөз қазақтың көне заманнан бергі келе жатқан көне сөз десек те болады. Және теңеу барысында көп қолданылатын сөз. Ұқсайды, ұқсап, ұқсаған т.б. мағыналарда қолданылады.

Мысалы «Жырласам ба екен» атты мына өлеңінде ақын:

Танымай тұрмын, таба алмай тұрмын сені мен,

Жанарың ұқсас, жаным-ау қайдан көріп ем?

Ақырғы рет адасып келіп сенімен,

Сырласу үшін, мұңдасу үшін келіп ем.

Деген өлең жолдарында, «жанарың ұқсас, жаным ау қайдан көріп ем» деп жанарды басқа бір жанның ұқсас жанарына теңесе,

Келісетін мемлекеттер елшісіне ұқсаған,

Қабақ бағып, қыл үстінде біз отырмыз- үш адам.

Бұл мысалда, «мемлекеттер елшісіне ұқсаған» деп қыр үстіндегі

үшеуінің отырысын қимылды яғни образды түрде теңеп тұр.



Б) Құдды сөзі. Мағынасына қарай бейне, аумау сөздеріне жақын. Мысалы,

Күздің салқын күні батты,

Күрең тартты жер беті.

Тауларда өркеш бұлттар жатты,

Құдды қыстың келбеті. - деп « тау басын жапқан бұлттарды» қыстың ғажап келбетіне теңейді.



Теңеу жасауға кейде екі тәсіл бірдей қолданылуы әбден мүмкін. Ақын поэзиясында аралас тәсіл арқылы жасалған теңеулер де өте көп кездеседі екен. Мұны бізге үшінші топ мүшелері зерттеп берді.

Мұнда жоғарыдағы тәсілдердің екеуі не бірнешеуі бірігіп келіп теңеулік образ жасайды.

а) синтетика-аналитикалық;

ә) синтетика-синтаксистік;

бейне+ дай, дей; бейне + ша, ше; бейне + секілді (тәрізді, туралы)

бейне + ұқсас

бейне+ тең

Мысалы, «Дұшпаның бар ма?» өлеңінде дәл осы тәсіл кездеседі.

Дұшпаным емес, туысым,

Пышақтады неліктен?

Тұншықтым, бітіп тынысым,

Тең болып бейне өлікпен.



Ақ гүлді қызықтым да алдым жұлып,

Орнаттым, үйге әкеліп орнын құрып.

Бейне бір күнәсіз зат күлімдейді,

Тұрғандай жүрегімнің сырын ұғып. - деп ақын гүлді күнәсіз затпен салыстыра отырып, өз жүрегінің сырын ұққан лирикалық қаһарманға теңейді.

Мұқағали Мақатаев поэзиясында қазақ тіліндегі теңеу жасаудың барлық тәсілдері көрніс тапқан. Ақын теңеулерінің мағыналық-логикалық байланысы өте күрделі. Сол арқылы теңеу тек сипатталып, аталып қана қоймай образды түрде көз алдымызға елестейді. Сондықтан да, ақын поэзиясының көркемдігінің бір сыры- теңеулердің қолданысы болып табылады. Ал, оқушы санасына поэзияның тылсым құдіретін сіңіру үшін поэзияға жанрлық талдаулар жасатудың маңызы зор. Осындай топтық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде сынып оқушыларының тек Мұқағали Мақатаев жырлары емес қазақ және шет елдер поэзиясына деген ықыласы артты. Оқушылар арнайы күнделіктер толтырып, ақын шығармаларымен сырласа, мұңдаса білді. Зерттеу жұмыстарының тереңіне бойлаған сайын түрлі ұсыныстар мен пікірлерге ойталқы жасауды үйренді. Өз ойлары мен пікірлерін қорғай білуге дағдыланды. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарын әдебиет теориясының басқа да жанрларына талдаулар жасау арқылы дамытуға мүмкіндік мол.



Іңкәр Қуанышбекқызы

Алматы облысы, Райымбек ауданы

№3 Кеген орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Мұқағали Мақатаев шығармашылығындағы теңеулердің жасалу тәсілдерін оқытудың жолдары туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Мұқағали Мақатаев шығармашылығындағы теңеулердің жасалу тәсілдерін оқытудың жолдары на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]