Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Асанның Мырзабайы

Әңгіме:  Ғабиден Қожахмет | Асанның Мырзабайы


– Сол жолы бір ел жаққа барып қайтқан сапарымда қайтар кезде пойыздан қап кетемін бе деп аздап алаңдағаным бар, – дейді Сабыр шылымын тұтатпаққа қалтасынан сіріңкесін қарағыштап жатып. – Ауданның орталығындағы теміржол вокзалының ішінде жолаушылардың қарасы да әжептәуір еді. Мұндайда жолсерік ала кетсе жақсы, ал ала кетпесе ше?.. Тағы да қайда барып жүрмекпін деп ойланып тұрмын келіп. Жұмыстан да қап қоймауым керек еді. Жұмыс болып тұрса ғана, ақшаң болып тұрады ғой. Құрылысшының жұмысы солай. Пойыз қазір-ақ кеп қалардай, пойыз келетін жаққа алаңдап қараймын келіп. Бірақ пойыздың станцияға кеп тоқтауына әлі де біршама уақыт бар еді. Қайтсе де, осы пойызға аяқ артып, ілігіп кетуім керек болатын.
***
Сабыр вокзал ғимаратының есігін тұтқасынан ұстап тартып, ішке қайта енді де, әлгінде ғана өзі тұрып кеткен жолаушылардың арасындағы орнына қайта келіп жайғасты. Сол-ақ екен, Сабырды сырттағы ой тағы да мазалай бастады. «Осындайда пойызға ілігіп кетуге жәрдемдесе қоятындай біреу болса ғой» деп ойлады Сабыр. Сосын өзінің ойына өзі мырс етіп күлді. Кім болушы еді? Вокзал ішінде өзі сияқты, танымайтын жолаушылардан басқа кім бар? Кенет есіне тағы бірде ел жаққа барғанындағы өздеріне аталас, рулас болып келетін жасы үлкендеу кісі Аймахан ағасының айтқан әңгімесі түсе кетті. Сонда Аймахан Сабырға: «Әй, сен бала қалаға кетіп қалдың да, ел жақтағы ағайынның бәрін көп тани бермейсің. Ағайын дегенді біліп жүру керек, танып жүру керек. Ана вокзалдың ішіндегі ішкі істер қызметкерлері отыратын жерде менің ауданның орталығында тұратын інімнің баласы жұмыс істейді. Сен бір қысылып қалып, көмек керек болып қап жатса, сол балаға бар. Ол бала саған көмектесуі тиіс. Ол бала өзі бір ағайыншыл, бауырмал жігіт», – деген еді.

Сабыр енді сол жігітке барғысы келіп оқталып отырды да, іле-шала өз ойынан өзі айнып қалды. Танымайтын адамға не деп бармақ? «Осындайда іздеп келе қояды екенсіздер, әшейінде ағайын едім деп іздеп келсеңіздер, қайда қалдыңыздар?» деп жүрсе қайтпек? Өзі жасы кіші жігіттен жасы үлкен ағаның беті қайтып қалып жатуы қайбір жақсы дейсің. Сабырды іркіп қалған да осы ой еді. Бірақ сәлден кейін не де болса барып көрмекке бекінді. Енді әлгі жігіттің есімін есіне түсіре алсайшы. Аймахан ағасы сол жігіттің есімін кім деп еді? «Е, Еркін деген екен ғой».

Сабыр орнынан тұрып, ішкі істер қызметкерлері отыратын бөлмеге қарай беттеді. Бөлменің есігін ашып, ішке енді. Төрде, үстел басында бір форма киген жігіт қағаз жазып отыр екен.

– Еркін осы жерде істей ме? – деді Сабыр бір түрлі батылсыздау үнмен.

– Еркінді іздесеңіз, отыра тұрыңыз, – деді жігіт сол қағазынан басын көтермеген күйі. – Еркін жұмыс бабымен бір жерге шығып кеткен. Қазір келеді.

Сонан соң басын көтеріп, Сабырдың жүзіне салқындау кейіппен қарады да:

– Еркінді неге іздеп жүрсіз? – деді қатқылдау дауыспен.

Сабыр күмілжи жауап қатты:

– Жолаушы едім... Пойызға мініп кетуге көмектесіп жібере ала ма деп...

Бірақ жігіт Сабырдың бұл сөзіне мән де берген жоқ. Қағазын жазуын жалғастыра берді. Сәлден кейін қағазынан басын көтеріп, Сабырға қарады да:

– Осы сіз Асанның Мырзабайы емессіз бе? – деді.

Төрде отырған жігіттің аузынан өзінің руын атын естігенде Сабыр күлді.

– Иә.

Сол-ақ екен, төрде отырған жігіт кенеттен серпілсін де қалсын:

– Өй, олай болса, ағасы, пойызға міндім деп есептей беріңіз! Жалпы, Еркін деген ініңіз бір бауырмал, ағайыншыл жігіт қой. Бәріміз де бірдей ағайынға келгенде сондай едік деп айта алмаймыз. Бірақ Еркін – айрықша сондай жігіт. Еркіннің ағайынға келгендегі сол мінезі өзімізге ұнап тұрады. Егер осы іште Еркін болмай қалып, Еркіннің туысы едім деп келіп жатсаңыз, бәріміз де сізге көмектесіп жіберер едік.

– Осы күні, – деп жігіт одан әрі шешіле түсті. – осы жерде істеп отырған негізгі жұмысымыздан кейінгі бір міндетіміз – Асанның Мырзабайына көмектесіп отыру сияқты болып кеткен. Осы ішке біреу Асанның Мырзабайы едім деп келсе болды, өзгеміздің Асанның Мырзабайларына еш қатысымыз болмаса да, бәріміз де бірдей өре түрегеліп, жүгіре беретін әдет шығарыппыз, – деп күлді жігіт.

Жігіттің айтқан сөзіне Сабыр да күлді.

– Ол жұмысыңызды уайымдамай-ақ қойыңыз, ағасы. Қазір Еркін ініңіз келсін. Сізді өзіміз пойызға отырғызып жібереміз, – деді жігіт.

Сабырдың көңілі енді аздап жайланайын деді.

Сәлден кейін бөлменің есігі ашылып, тағы да бір форма киген жас жігіт кіріп келе жатты.

– Еркін! – деді төрде отырған жігіт есіктен кіріп келе жатқан әріптес тұстасын көре сала, бейне бір олжа тауып алғандай-ақ көңілді дауыспен қауқылдай сөйлеп. – Тағы Мырзабай таптым!

Еркін Сабырдың жанына келіп, қол беріп амандасты.

– Кім деген кісінің баласы боласыз?

Сабыр әкесінің атын айтты.

– Білем, білем, – деді Еркін. – Ол кісі дүние салған кісі ғой?

– Иә, әкей ертеректе қайтты ғой, – деді Сабыр.

– Білем, – деді Еркін тағы да. – Үйде бәрі айтылады ғой. Үлкендердің бәрі айтылып, таныстырылып отырады. Өмірде орындары қандай болғандығы айтылады. Сіздің әкеңізді де білем. Жалпы, былай ғой, ағасы, бізді кішкентайымыздан тәрбиелегенде, ағайынды біліп жүріңдер, танып жүріңдер деп тәрбиелеген ғой. Ол бір ағайыннан бірдеңе жыру үшін емес, ағайынды пайдаланып қалу үшін емес, қолдарыңнан кеп тұрған жерде бір-бірлеріңе көмектеріңді беріп жіберіңдер деп тәрбиелеген. Ол жұмысыңызды уайымдамай-ақ қойыңыз, ағасы. Қазір пойыз келсін, өзіміз сізді отырғызып жібереміз, – деді Еркін.

Сәлден кейін вокзал басын жаңғырықтырған дауыс пойыздың станцияға кеп тоқтағалы жатқандығы жөнінде хабарлай бастады.

– Жүріңіз, – деді екі жігіт осы кезде Сабырға. Сөйтті де, вагонның жолсерігіне келіп:

– Мына кісіні барар жеріне дейін ала кетіңіз. Ішіңізден орын болса, орын беріңіз. Барар жеріне дейін демалып барсын, – деді де, Сабырға қарап:

– Ал, ағасы, жолыңыз болсын! Барған жеріңізге сәлем айтыңыз, – деді.

Сабыр жолсерік берген орынға жайғасып жатып, бәрінен де бұрын әлгі екі жігіттің өзін бұрын-соңды танымаса да, кішіктік танытып жатқан інілік мінездеріне разы болып жатты.
***
– Қайткенде де, сол жолы әлгі екі інішекке разы болғаным рас, – дейді Сабыр сөніп қалған шылымын қайтадан тұтатып жатып сол жолғы әңгімесінде. – Мен бір үлкен, жоғары қызметте отырған адам да емеспін. Біз жұмысшымыз. Сол кезде жұмысымыз да аса қатты жүріңкіремей жатыр еді. Жұмыс жақсы жүріп тұрса ғана, ақшаң болып тұрады ғой. Құрылыстың жұмысы солай. Бұл өзі – кеңестік кезеңнен келе жатқан құрылыс мекемесі. Кеңестік әскердің қатарынан келгеннен бері осы жерге келіп, содан бері осы жерде табан аудармай ағаш ұстасы болып істеп келе жатыр емеспін бе. Адам бір үйреніп қалған жерінен ажырап кеткісі келмей тұрады екен. Сол кезде істеп жүргендер әлі де істеп жүр ғой. Бізден зейнетке шыққандарды да көріп тұрамыз. Біздің ұжымның да облыс орталығы болып отырған осы қаладағы талай ғимаратта қолтаңбасы қалған, талай адамға қоныс тойын тойлатқан. Біз де өзіміздің кәсіби мерекеміз – Құрылысшылар күнін тойлаймыз. Наурыз мерекесінде орталық алаңға өз мекемеміздің киіз үйін тігеміз. Әлгі екі жігіт үстеріне форма киген, екеуі де иықтарына шен таққан, мемлекет арнайы заңмен өкілеттік беріп қойған жігіттер ғой. Оларға да кісінің күні түсіп тұрады. Бірақ екеуінің де бірдей інілік мінезбен кішіктік танытып, елпілдеп жатқандарына разы болдым дағы. Сондағы менің бар болғаны – Асанның Мырзабайы болғаным ғана.

Мырзабай атамыз заманында үш әйел алған кісі екен. Сол үш әйелі – оның кейінгі ұрпақтары үшін ортақ үш ана. Сол үш анадан Мырзабай атамыз алты ұл өрбітіпті. Сол алты ұлдың кіндігінен тараған ұрпақ кейін Мырзабай атты бір рулы елге айналып кеткен дейді шежіреде. Өздерін қайдан шыққан Мырзабайсыңдар дегенде, Кіші жүздің ішіндегі есімі елге белгілі болған Асан атамыздан шыққан Мырзабаймыз, Асаннан шығып отырмыз, Асаннан тараймыз дейді екен ұлы да, қызы да. Асанның Мырзабайы.

Автордан: Бұл әңгімеде Кіші жүз, Шектінің ішіндегі алты Кішкененің бірі – Асаннан тарайтын Баймырза атамыз туралы айтылып отыр. Асанның Баймырзасы.


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Ғабиден Қожахмет Асанның Мырзабайы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Ғабиден Қожахмет Асанның Мырзабайы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]