Әңгіме: Мұхтар Әуезов | Бүркіт аңшылығының суреттері
(Басылмаған романнан)
Аңшы өмірінде кімді болсын қызықтырып, қолға түспейтін ерекше жері — алаңсыз бостандығы. Өзге дүниенің ащы-тұщысын түгел ұмыттыратын жанды қызуы — аңшының әңгімесі, құсы, тілегі мен қуанышы, томағалы батыры, қыран серігі болады. Анда-санда алмағаны қажытпайды. Өйткені алдыңғы күн қызыл түлкінің құйрығын бұлаңдатып, алдыңнан көрсетіп тұрғандай болады.
Бір тасты қағып шығып, екіншіден томаға тартқанда жылпос қағушының алдындағы қорымға томағасы алынған жалаң бас қыран белсеніп, кірпік қақпай қалады. Жымдай қатқан жартастың жарық-жарығына от көзімен шаншылады. Сол кезде аңшы да қиялмен еріксіз алдын ала шауып: «Қазір ана жарықтан шығады, болмаса анау алаңнан, қағушының алдынан, бұлаңдап жөнеледі», — деп, аш қыранмен бірге еріксіз жалақтайды. Ұзақ күнді сол сияқты жанды үмітпен өткізіп, үйге келгенде бел шешіп жайланғаны, ас ішіп тыныққаны, алдыңғы күнге үміт артып, өткен күнгі көргенді айтып, ақын тіліндей шешен тілмен әңгіме қылғаны — қызуы мол толық өмір екеніне дау жоқ. Онымен салыстырғанда әншейін жүрген өмір шала-жансар, оты жоқ, гүлі жоқ сұр өмір сияқтанады.
Аңшылықтың үміт қуанышы көп. Ыстық оттай қызулы минуты көп, мағыналы өмір. Аңшылықта кісіні ақын күйіне жеткізетін сезім күйі көп. Бұл салқындап кеткен кәрі ақылдың өмірі емес, сүйген ғашығыңды сағынып келіп, күліп-ойнап өткізген күндіз: түніндей ыстық сезім өмірі. Өйткені бір минуттің ішінде қуантатын да, жүдететін де күйлер кешеді. Соның бәрін айтып жүргендіктен аңшының тілі шешен, қиялы жүйрік. Бүркіттің ұшқанына, түлкінің құтылмақ болған айласына, құсшының ебіне арналған талай шешен сөздері бар. Аңшылық өмірінен ілгері-соңғыдан қалған талай қызықты, жанды, сұлу әңгімелері бар. Тауда жүрген аңшыда амалсыздан екі түрлі мінез болады. Бұлар ішкі сезімінде құбылу көп болғандықтан сахнаның артистеріне ұқсайды. Көргенінің бәрін не шапшаң сөйлеп қуанып, не күйініп жіберетін күйгелектік, сөйлегіштік, қызулық болады. Бұндай аңшы азын-аулақ өтіріктен де аман болмайды. Бұл болмаса екінші бір түрлі аңшыда көргені тіпті көп болып, бәрін әңгіме қыла беруді лайықсыз көрген, сезімінің бәрін ішіне жиған, қуаныш-күйінішін сыртына шығармайтын тастай салқын сабырлылық болады.
Аңшылықтың қызығы мен өкініші сияқты жанды өмірінен басқа биік шың таудың азын-аулақ қар басқан салқын пішінін көріп жүргеннің өзіне де көңіл сезімі әлденеше өзгеріске түспей отыра алмайды.
Қарлы таудың ішінде кейде кездесетін қара бұжыр қой таспен меңіреуленіп, мәңгілік тыныштыққа қатқан құз-қиялар көңіл күйін көп тербетеді. Бұлар кей жерде үлкен-үлкен теңдерше сүйеніскен, әлдеқашаңғы алыптың қолымен қаланып қалған сияқты. Кей жерде ұзатылатын қыздың үйіне жиылған сандықтай қатарланып қойылған. Кейбір уақытта ұзақ жылдардың жел-боранымен тозған қатпарлы тастар кәрі молданың ескі құранының шетіндей жемтірленген. Кейде тіксиген қара жартас пен кеуделі биік таулар қара қошқыл пішінімен ақшыл тартқан сам жақта, кеш мезгілінде қатал, суық тағдырды еске түсіреді. Кей күні түс мезгілінде жарқыраған ашық күнде тау басына шықсаң, ысқырып соғып тұрған жел даусын есітесің. Бұл кейде жынданғандай ұйытқып соғып, кейде биіктің басына қарай төсін төсеп, екпіндеп түзу өсіп, қысты күнгі тау ішінің ұзақ жарындай жүректі жүз толқынтып, шаншады.
Тау басында, бүркітшінің қолында, томағасы тартылған қыран етектегі жарық тас жырық қорымға тығылып жүрген түлкінің түйіліп тұрған қараңғы тағдырындай көрінеді.
Осы сияқты Сыздық көрген жалпы суреттің ішінде ерекше көрікті болып, есінде қалғаны да бар еді.
Бір күні бес-алты аңшы тау ішіндегі ауылдан атқа мінді. Ерте шыққан бүркітшілер тас-тастың басына тарап, ұрымтал тұрғыларды алып, қағушыларды етекке жіберіп, қашатын түлкіні тосын отырды. Жаңа көтерілген күн сәулесінің астында тұрған қызыл жартас. Бір жағы көлеңкеленіп, әжімді кәрі жүзімен аңшылардың қарсы алдында тұр. Бөлек-бөлек жарығымен түлкі жатарлық қорымы көп тас. Қатпарлы кәрі пішінімен қалың сырлы сияқтанады. Жартас мұңлы. Кәрі көңілдің қайғылы түріндей жүдеу — қайғылы. Күндер, жылдар тоздырған беттері терең әжімді. Дүние қатқан, жым-жырт. Өңкиген тік жартас. Таңертеңгі кезде-ақ қардың үстіне түскен қаралы көлеңкесін көріп, айнадан жүзін көрген дәудей, кәрі алыптай үңіліп, түксиіп қарап тұр. Етекте жатқан қазандай жұмыр тастар салақ қолмен тәртіпсіз үйілген теңдей болып, бірінің үстіне бірі үйіліп жатыр. Кәрі аңшы Ақшегірдің томағасын тартып, үндемей тасқа түйіліп отыр еді. Бір мезгілде алыстағы қағушының айғайы естілді. Ақшегір елең етіп, барлық үлкен денесі екі ғана отты шегір көз болғандай болып, қызыл тасқа шаншылып, қадалып қалды. Артынан аз уақытта аңшының қолынан атып жөнелді. Сол кезде қызыл тастың аңшыларға қараған қарсы бетінен бір жарықтан түлкі етекке қарай шұбатыла берді. Ақшегір аңшылардан бұрын қабат тастың арасынан қылп еткен жонын көрген екен. Денесі ыстық оттай қайнаған шыдамсыз қыран жан отындай жарқ етіп, аспанға шықты. Етекке түсе алмай асығып, қарбаласып қалған түлкі ежелгі кекті жауын кең жерге шығып тоса алмай, қызыл тастың қия бетіне құйрығын шаншып, керіп тұрып қалды. Майданға шығып, қызықтырып тұрған жемін көрген қыран айналып, аспандап, көтеріле берді. Аспандаған сайын жынын шақырған қара баксының қабағындай төңкеріліп, қайта-қайта түйіліп, көтеріліп, күші мен ызасын жиып жүрді. Аяғында желге қарсы қасқарып, төсін төсеп, бір екпінден көтеріліп алып, бетін бұра сала түлкігe қарап шаншылып жөнелді. Құсының бар әдісін, бар ерке мінезін жаттап алған кәрі аңшы қасындағы Сыздыққа: «Боздады енді, қолыңда өледі. Бұйырса істікке шанышқандай қылып-ақ алар. Шап!» — деді. Атын ойға тастап жаяу отырған Сыздық биік тастың басынан құлай жүгірді.
Бұл кезде биіктен тасқабақтай түйіліп аққан Ақшегір қия бетте сідігін атып, қаржыңдап тұрған ақ шуланға тас жағынан келіп, сарт етіп түсіп, есін жиғанша екпінімен етекке қарай қағып алып жөнелді. Аңшылар: «А құдайлап», — бірінің артынан бірі жығылып, бір тас, бір омбының арасында малтығып келе жатқанда Ақшегір түлкіні жазықтағы қалың қардың үстіне әкеп салып, аямай бүктеп, мықтап басып алып еді. Қан майданның еркесі ақ мартулы қыранның ашулы көзінде жай отындай от ойнайды. Ертегінің жез тырнағындай сатырлаған көк болат тұяқтары түлкінің өкпесінен жанын суырып алуға асығып, кезек-кезек сығымдап қысады. Қалың қардың үстінде алыса алмай қалған түлкі салмағынан жаншылып, қайрат қылмай бос жатыр екен.
Аңшылар келіп, түлкінің сирағынан ұстап, белін сындырып, құсқа өлтіртіп, аздан соң аңырып алды. Бұлар түлкіні Ақшегірдің тұяғынан босатып алған кезде мұнда болып жатқан уақиғадан хабарсыз жүрген қағушылар келді. Қағушылар қызықтан кешігіп қалғанына өкініп, бұларды көре салып, атын бұрын байлап келіп, жанталасып: «Қалай алды, қалай түсті?» — десіп, сұрасып жатты. Қыранның майданын көрген бүркітшілер де бір-ақ түрлі уақиғаны көрсе де неше түрлі қылып жан-жақтан айтысып еді.
Қыранның түлкіні көргенде аспандап шығып, қағынып келіп түскені: бір аңшыға биіктен сорғалағандай көрініпті, екіншісіне шаншылғандай, тағы біріне боздағандай, кейбіреулеріне ағылып еңірегендей көрініпті.
Мұхтар.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: