Әңгіме: Эдгар По | Алтын қоңыз

Әңгіме:  Эдгар По | Алтын қоңыз


(әңгіме)

Қараңызшы! Әне! Есуасша билеп жүр,

Бүйі шағып алса керек...

(Ешкімдікі жөн емес)

Бұдан біраз жыл бұрын менің Вильям Летран деген бір кісімен жақынырақ танысуыма тура келді. Ол өзі бір кезде дәулетті гугенеттер әулетінен шыққан, бірақ қыр соңынан қалмаған қырсықтың салдарынан бағы тайып, кейін қу тақыр боп кедейленген адам еді. Бар байлықтан айрылған соң көрінгенге көзтүрткі болмайын деп, ол өзінің ежелгі атамекені Жаңа Орлеан қаласын тастап, Оңтүстік Каролинадағы Чарлстон маңындағы Сэливанов аралына барып қоныстанған болатын.

Бұл бір алабөтен арал. Өзі ұзындығы үш мильдей теңіздің қайран құмынан тұрады. Ені тілдей, еш жерде ширек мильден аспайды. Шалшық шілік пен қалың қамысты жанамалап, суы зорға жылжитын қылдырықтай бұғаз ғана оны құрлықтан бөліп жатады. Аралда ағаш аз, әрі жөнді өспейді де. Тіпті шын мәніндегі ағаш жоқтың қасы. Аралдың сонау батыс жақ шетіндегі қаңқиған Моултри форты мен жаз айларында халық құжынап кететін тіршілігі беймаза Чарлстонның қапырық шаңынан қашып жаз айларында қала тұрғындары уақытша қоныстанып, жан сауғалайтын бірнеше қалқайған үйшіктер салынған маңнан ғана қылқан жапырақты бәкене пальмаларды көруге болады. Оның есесіне егер батыстағы әлгі мүйіс пен теңіз жағалауындағы тастан бетер ақ қайраң кемерді есептемегенде, аралды түгел ағылшын бағбандары аса қадірлейтін қош иісті мирта тоғайы басып кеткен. Қау боп өскен қалың бұталардың биіктігі кей тұста он бес жиырма футқа дейін жетіп, төңіректі ғаламат хош иіске бөлеп, арасынан адам өтіп болмайтын тұтасқан тоғайға айналады.

Мирта тоғайының ну ортасынан, аралдың құрлықтан шалғай, шығыс жақ шетіне жақынырақ жерден Легран өзіне лашық салып алыпты мен онымен ғайыптан жолығып, танысқан кезімде ол сонда тұрады екен. Таныстық бара-бара достыққа айналды. Шетқақпай боп жалғыз жүрген жанның мінезінде адам таңқаларлық та, қадір тұтарлық та көп жәйттер бар болатын. Мен оның тамаша білімдар, мейлінше қабілетті екенін, сонымен қатар мінезі біртүрлі қияқыланып адамға осқыра қарайтын, кейде жабыраңқы, кейде жадыраңқы жүретін қиялы дертке шалдыққан жан екенін байқадым. Легранның кітабы да жеткілікті еді, бірақ соларды қолына аса көп ала бермейтін. Бәрінен де ол аң аулағанды, балық аулағанды, әйтпесе су бақасының қабыршақтары мен құрт-құмырсқа іздеп жағалаудағы құмдауыт пен қалың миртаны аралағанды тәуір көретін. Оның шыбын-шіркей, құрт-құмырсқадан жинаған коллекциясына Сваммердамның өзі де қызыққан болар еді. Легран мұндай саяхатқа шыққан кезінде, әдетте оған қарт негр Юпитер еріп жүретін-ді. Ол бұл семья кедейленбестен әлдеқайда бұрын-ақ басыбайлылықтан босатылған еді, бірақ «Вилл мырзаның» ізінен ілесіп жүру правосынан әлдеқашан айрылғанын Юпитерге қорқытып та, алдап-арбап та ұғындыруға қиын болатын. Бәлкім, Легранның мінезінің аумалы-төкпелі, сезімінің ұшқалақтығынан қауіптенген оның туған-туысқандары, қашқынды қамқоршысыз қалдырмау үшін Юпитердің осы бірбеткейлігін өзіне сездірмей әдейі қолдап отырған да болар.

Сэлливанов аралы жатқан ендікте қатал қыс өте сирек, күзді күні мұнда ешқашан үйге от жағылмайды десе де болады. Әйтседе 18... жылғы октябрь айының орта тұсында күн мұнда айрықша суық болды. Жасыл түлейді жарып өтіп, соңғы кезде бірнеше апта бойы көріспеген досымның үйіне мен күн батардың алдында келдім. Мен Чарлстонда, аралдан тоғыз миль жерде тұратын едім, ол кезде жол қатынасы қазіргіден әлдеқайда артта қалған мешеу болатын-ды. Лашыққа келдім де, әдеттегіше, есікті қақтым, іштен жауап бола қоймаған соң белгілі орында тығулы тұрған кілтті тауып алдым да, құлыпты ашып, ішке кірдім. Пеште от маздап жанып жатыр. Мұның өзі күтпеген жәйт еді, әйтсе де өте орынды болды. Мен пальтомды шешіп, томар сытырлап жанып жатқан пештің аузына креслоны жақынырақ қойып жайғастым да, үй иесінің келуін асықпай күттім.

Ымырт үйіріле олар да келді, мені құшақ жайып қуана қарсы алды. Юпитер болса, қуанғанынан екі езуі құлағына жетіп, кешкі қонақасыға шалшық шілін әзірлеу үшін әлекке түсті. Легранның көңілінің ерекше бір жадыраңқы шағы екен. Ол бұрын-соңды көрмеген бір қаусырма қақпақты көлбақа қабыршағын тауып алыпты, бәрінен де оны өз айтуына қарағанда, бұған дейін ғылымда белгісіз бір қоңызды Юпитердің көмегімен ұстап алғанына шексіз қуанышты көрінеді. Ертең сол қоңыз жөніндегі менің пікірімді естігісі келетінін айтты.

— Неге бүгін емес? — деп сұрадым мен қолымды отқа қақтап, әр дүниедегі қоңыз атаулыны іштей тілдей отырып.

— Сіздің мұнда екеніңізді білмедім ғой! — деді Легран,— өйткені біз көптен бері көріскен жоқпыз. Сіздің дәл бүгін келетініңізді қайдан білейін? Юпитер екеуміз үйге қайтып келе жатқанымызда жолда әлгі форттағы лейтенант Дж... кездесе кеткені, мен есуастық жасап, қоңызды соған ертеңге дейін беріп жіберіп едім. Сонымен, қоңыз бүгін қолға түспейін деп тұр. Қоныңыз, ертең күн шығар-шықпастан оған Юпті жібереміз. Ол бар ғой ғажап!

— Нені айтасыз? Күннің шығуын айтамысыз?

— Күні құрып кетсінші! Қоңызды айтам! Ол алтындай жарқырайды, мұғдары орман жаңғағындай, арқасында үш жерде майлы күйе жағылғандай қап-қара дағы бар. Дөңгеленген екі дақ қыр арқасында да, ұзынша келген біреуі одан сәл төменіректе. Ал мұрты мен басы...

— Қайдағы қалайыны айтып тұрсыз, Вилл мырза, менің сөзіме құлақ салыңызшы,— әңгімеге Юпитер араласты,— арқасындағы дағы болмаса, ол қоңыз алтын — іші-сырты бірдей таза алтын. Ондай ауыр қоңызды мен бұрын-соңды өмірімде көрген емеспін.

— Жарайды, қоңыз таза алтыннан жасалған делік, солай-ақ болсын,— деді Легран, сол сәттегі көңіл күйіне қарағанда, оның сөз саптауы маған әлдеқайда байсалды сияқты болып көрінді,— ал сол үшін, Юп, өзің-ақ айтшы, біз күйіп кеткен құс етін жеуіміз керек пе? Шынында қоңыздың сондай екені жөнінде мен Юпитердің пікіріне қосылуға бармын,— деп ол маған бұрылып сөзін сабақтады.— Қанаттың үстіндегі қатты қабыршық металша жалт-жұлт етеді — оны ертең өзіңіз де көресіз. Әзірге мен оның, түрі қандай екенін сізге суретке салып берейін.

Легран сия сауыт пен қалам тұрған столдың қасына келіп отырды. Столда қағаз жоқ екен. Жәшікті ашып, қарап еді, бірақ онан да ешнәрсе таба алмады.

— Оқасы жоқ! — деді ол ақырында,— мынау да жарар. Ол бешпентінің қалтасынан кір-кір бір жапырақ қағазды тауып алды да, қаламмен жылдам-жылдам сурет сала бастады. Ол сонымен әлек болып жатқанда, мен отқа жылынып отыра бердім, бойым мұздап қалса керек, іші-бауырымның қалтырағаны әлі басылар емес. Легран суретін салып болды да, орындығында отырған күйі оны маған ұсынды. Сол сәтте иттің абалап үргені, оның сыртқы есікті тырналағаны естілді. Юпитер барып есікті ашып, Легранның тайыншадай ньюфаундленд төбеті бөлмеге кірген бойда арсалаңдап, екі аяғын менің иығыма салып, еркелей бастады — бұрын-ақ ол маған үйір болып алған-ды. Ит еркелеуін қойған кезде мен бағанадан бері қолыма ұстап отырған қағазға қарап едім, шынын айтсам, досымның салып берген суретін көріп аң-таң қалдым.

— Несі бар,— дедім мен қолымдағы суретті әбден қарап болған соң,— шынында да ғажап қоңыз екен. Нағыз жаңалық, бұрын-соңды мұндайды көрмегенімді мойындаймын! Меніңше, бұл қоңыз әдетте эмблемаларда бейнеленетін кәдімгі қу басқа ұқсайды ғой деймін. Ұқсағаны несі, айнымаған қу бастың өзі!

— Қу басқа ұқсай ма? — деп таңдана сұрады Легран,— мүмкін менің салған суретімде солай болып кетсе, кеткен шығар! Сыртқы пошымы жалпы сопақтау. Үстіңгі жағындағы екі дақ — көздің ұясына ұқсайды, солай емес пе? Ал ұзыншалау келген төменгі дақты, қу бастың ақсиып тұрған аузы деп санауға болады.

— Мүмкін солай болса, солай да шығар Легран,— дедім мен. Әйтсе де сіз сурет салуға орашолақтау екенсіз. Өз көзіммен көргенше, ол қоңыз туралы байлаулы пікірімді айтпай қоя тұрайын.

— Мейліңіз білсін,— деді ол да сәл жабырқаңқы сыңаймен. Алайда, меніңше суретті онша нашар салмайтын сияқтымын, басқаны қайдам, өзім солай деп ойлаймын. Менің тамаша ұстаздарым болды, ең болмаса солардан бірдеңе үйренсем керек қой!

— Онда, қымбатты досым, сіз мені әдейі әжуалап отыр екенсіз ғой,— дедім мен оған.— Сіз қу бастың суретін әжептәуір етіп салыпсыз,— остеология мәселесінен хабарым жоқ бола тұра қу бастың қаңқасын әп-әдемі салыпсыз деп әбден айта аламын. Егер әлгі қоңызыңыз шынымен-ақ осыған ұқсас болса, онда ол бұл жалғандағы барып тұрған ең ғажап қоңыз болғаны. Түрі-түсі мұндай қоңыз көңілде құдірет күшіне табынушылық сезімін оятса керек. Мен сіздің оны адамбас — қоңыз, немесе соған ұқсас бірдеңе деп атайтыныңызға күмәнданбаймын. Табиғат тарихында мұндай атаулар, есімдер толып жатыр ғой. Жарайды, ал енді оның мұрты қайда?

— Мұрты ма? — деп қайыра сұрады Легран, неге екенін қайдам, біздің айтысымыз оның көңіл күйін бұзып, ашуын келтірген сияқты,— шынымен-ақ сіз көрмей отырсыз ба? Мен оны дәл өзінен айнытпай салдым одан артықты менен талап етуге болмас деп ойлаймын.

— Ренжімей-ақ қойыңыз,— мүмкін сіз салған шығарсыз, бірақ мен оны көре алмай отырған шығармын.— Мен енді оны ашуландырып алмайын деп басқа мін тақпай суретін өзіне қайтардым.

Бұл оқиғаның күтпеген жерден тосын бір іске ұласқанына қайран қалдым. Легранның неге шытынағанын түсінбедім. Оның салған суретінде мұрттың нышаны да жоқ болатын, ал қоңызы болса, құдды құйып қойғандай қу бастан айнымайтын.

Қағазды ол менің қолымнан ренішпен қайтып алды да, отқа лақтырмақ болып, умаждай бергенде, суреттегі бір нәрсе оның назарын аударды. Әуелі Легран өрттей жанып, артынша қан-сөлсіз құп-қу боп кетті. Суретті зерттеген адамша ол біраз уақытқа дейін көз алмай шұқшиып қарап тұрды, сонан кейін стол үстіндегі шырақты алып, бөлменің арғы шетіндегі сандыққа барып отырды. Онда барған соң да, қолындағы қағазды олай бір, бұлай бір аударып-төңкеріп, мұқият тексере бастады, бірақ үн жоқ. Оның бұл қылығы біртүрлі сөлекет болса да мен тіс жарып, тіл қатпауды жөн көрдім. Шамасы ол өзінің кәдімгі жабырқаңқы кейіпіне қайта түсе бастаса керек. Легран қалтасынан әмиянын алып, суретті әдемілеп тұрып соның ішіне тығып, оны бюроға апарып салды да, аузын кілттеп жауып қойды. Сонда барып қана ол селт етіп сәл сергігендей болды, бірақ бұрынғыдай жарқылдаған жайдары көңіл күйі оған қайтып оралмады. Үнсіз тым тұнжырап отырмаса да, ойы басқа бір жақта сияқты. Легран барған сайын селқос тарта берді, оның көңілін аулауға тырысқан менің әрекетімнен ештеңе шықпады. Бастапқыда әдеттегідей қонып кетем ғой деп ойлаған едім, бірақ үй иесінің сыңайын сезген соң қалаға қайтуды жөн көрдім. Легран да мені «қон» деп қолқалаған жоқ, әйтсе де, қоштасарда қолымды шын пейілмен әдеттегіден де қатты қысты.

Арада ай өтті, менің Леграннан ешқандай хабарым болған жоқ. Бір күні Юпитер Чарлстондағы біздікіне келді. Ақ көңіл қарт негрдің мұндайлық абыржығанын бұрын көрген емес едім, досым әлде бірдеңеге душар болып қалды ма екен деп, қатты састым.

— Ал, Юп,— дедім мен,— жағдайларың қалай? Мырзаңның хал-ахуалы қалай?

— Шынымды айтсам, масса, ол сырқат.

— Сырқат? Сен зәремді ұшырдың ғой! Қай жерім ауырады дейді сонда?

— Гәп сонда ғой! Еш жерім ауырады деп айтпайды. Бірақ ол қатты науқас.

— Қатты науқас дейсің бе, Юпитер? Неге бірден маған хабарламадың? Төсек тартып жатыр ма?

— Жату қайда! Оның ізіне ит қосып таба алмайсың! Пәленің бәрі сонда болып тұр ғой! Ой, жаным жай таппайды менің! Байғұс масса Вилл!..

— Юпитер, дұрыстап айтшы, соншалықты не боп қалды? Сен мырзаңды науқас дедің. Қай жерінің ауыратынын ол саған айтқан жоқ па?

— Сіз маған кейімей-ақ қойыңыз, масса. Оған не болғанын білмеймін. Ал менің сізден сұрайтыным, масса Вилл өңі әппақ қудай болып, неге күні бойы жанарын жерден алмай теңселіп жүреді де қояды, міне соны айтып беріңізші? Неге аузы тыным таппай әлденелерді есептей береді?

— Ол не істейді дедің?

— Есептейді де цифрларды жазады, ондай ғажап цифрларды мен өмірімде көрген емеспін. Оның жайын ойласам үрейім ұшады. Қазір қыр соңынан қалмаймыз, көзімнен таса қылмаймын. Ал кеше бәрібір көз жазып қалдым, қашып кетті — күн шықпай кеткеннен түннің бір уағына дейін келмей қойды. Келген соң жонын тілейін деп үлкен таяқ кесіп алып дайындап қойып едім, әйтсе де алжыған шал тым жабырқаңқы оралғаннан кейін тағы да аядым...

— Қалай? Не дейді? Жонын тілгені несі? «Жоқ, Юпитер, байғұсқа онша қатыгездік жасама, оны ұрма, таяқты ол көтере алмайды. Одан да сен маған мынаны айтшы: оның мұндай дертке шалдығуына немесе, дәлірек айтсақ, оған бұл мінездің пайда болуына не себеп болды деп ойлайсың? Мен барып кеткеннен соң ол әлде қалай қолайсыз жағдайға душар болған жоқ па еді?

— Сіз келіп кеткеннен соң, масса, ондай ештеңе бола қойған жоқ. Ал соған дейін бір жағдай болғаны рас. Дәл сол күні болды.

— Немене? Не деп тұрсың өзің?

— Не деуші едім, өзіңіз де білесіз ғой, масса! Қоңызды айтам.

— Не жөнінде?

— Қоңызды айтамын. Алтын қоңыз масса Виллдің басын шағып алды-ау деп ойлаймын.

— Оны алтын қоңыз шағып алды деймісің! Қайдағы пәлені шығармашы!

— Рас, рас, масса, барып тұрған үлкен пәле, тырнақтары да аюдай. Ондай қоңызды өмірімде көрген емеспін, аяғымен атша тебеді, аузына тигеннің бәрін тістейді. Масса Вилл шап беріп ұстай алған бойда оны қолынан шығарып алды, табанда қайта тастай салды, шамасы, қоңыз сол кезде оны шағып алса керек. Ал маған сол қоңыздың түрі ұнамады, мен әуел бастан соны жалаң қолыммен ұстамауға ұйғардым. Жерден бір жапырақ қағазды алдым да оны сол қағазға орадым, ал қағаздың бір ұшын оның аузына тықтым, менің қалай жасағанымды көрдіңіз ғой!

— Демек, сен мырзаңды шынымен-ақ қоңыз шағып алды, оның сырқатының сыры да сонда.

— Ойлайтын дәнеңесі жоқ, мен сізге турасын айтып тұрмын! Егер оны алтын қоңыз шағып алмаса, оның түсіне алтын кіреp ме еді? Мен ондай алтын қоңыздар жөнінде көп нәрсе естігенім бар.

— Ал оның түсіне алтын кіретінін қайдан білесің?

— Қайдан білуші едім? Оның өзі ұйқысырап айтып жатады. Содан білемін.

— Жақсы, Юп, айтқаның дұрыс та шығар. Ал бүгінгі келуіңнің мәнісін айтшы, кәні?

— Не жөнінде айтасыз, масса?

— Легран мырзадан өзің хат-хабар әкелдің бе?

— Жоқ, масса. Бірақ ол мынаны сізге бер деп тапсырды. Сөйтіп, Юпитер маған мынадай хатты ұсынды:

«Қымбатты №!

Неге біздікіне мүлдем келмейтін болып кеттіңіз? Менің қатты айтқан бір сөзімді шынымен-ақ көңіліңізге ауыр алдыңыз ба? Жоқ, әрине, олай болмаса керек.

Сізбен көріспегелі бері мен де бірдеңемен әуре болып жүрмін. Соның жайын сізге айтқым келеді, бірақ соны қалай етсем екен, жалпы айтудың қажеті бар ма, біле алмай отырмын.

Соңғы кезде менің денсаулығым болыңқырамай жүрді де, оның үстіне Юп шал да ебедейсіз әлпешімен әбден зықымды шығарды. Көрдіңіз бе, кеше одан қашып кетіп, жалғыз өзім құрлықтағы тауға барып күні бойы қыдырып қайтқаным үшін ол мені сабамақ болып үлкен бір сойыл сайлап қойыпты. Тек сырқаттығым ғана күтпеген соққыдан сақтап қалды-ау деймін.

Өзіңізбен кездескелі бері коллекцияма жаңа ештеңе қосылған жоқ.

Егер зәредей мүмкіншілігіңіз болса, Юпитермен бірге келіп қайтыңыз. Сізден аса өтінемін. Бір маңызды іске байланысты бүгін кешке қалай да сізбен жолығуым керек. Оның аса маңызды іс екеніне әбден сенуіңізге болады! Әрқашан сіздік, Вильям Легран».

Бұл хаттың сарыны бірден көңіліме күдік туғызды. Сөз саптауы Легранға мүлде ұқсамайды. Ойына тағы не келді екен? Оның ауыздықталмаған арынды қиялын тағы не керемет билеп алды екен? Легранның менде қандай «аса маңызды ісі» болуы мүмкін? Юпитердің әңгімесінен жайсыз хабардың салқыны сезіледі. Талайына тап болған бақытсыздық жөніндегі беймаза ой менің досымның ақылын алжастырды ма деп қауіптендім. Сондықтан ойланып уақыт оздырып жатпай-ақ негрмен бірге сапарға шығуға ұйғардым.

Екеуміз пристаньға келгенде, біз мінетін қайықтың ішінде жатқан су жаңа шалғы мен екі күректі көзім шалып қалды.

— Бұларың не, Юп? — деп сұрадым.

— Шалғы мен екі күрек, масса.

— Дұрыс айтасың. Бірақ бұлар қайдан жүр мұнда?

— Масса, Вилл маған оларды қаладан сатып ала келуді тапсырып еді, мен бұлар үшін қыруар ақша төледім.

— Әлемдегі құпия атаулының үрметі үшін! Сенің «масса Виліңе» бұл шалғы мен күректердің неге қажеті бола қалыпты, айтшы қане?

— Не үшін қажет болғанын білмеймін, егер бұлардың неге қажет болғанын оның өзі білетін болса бар ғой, онда мені жын соқсын! Пәленің бәрі қоңызда!

Юпитерден қазір мәнді бірдеңе білуге болмайтынын және оның ойын түгелдей әлгі қоңыз билеп алғанын түсіндім де мен қайыққа ырғып мініп, желкенді көтердім. Қуалай соққан қолаң жел біздің қайығымызды зырлатып отырып, Моултри фортының солтүстік жағындағы жартастың қойнауындағы аядай шығанаққа лезде алып келді, бұл арадан Легранның машығына дейін екі мильдей ғана жер жүру керек болатын. Біз күндізгі сағат үштің кезінде келіп жеттік. Легран біздің келуімізді тағатсыздана күтіп отыр екен. Ол менің қолымды қатты қысып амандасты. Оның толқулы кейпі менің әлі де тарқай қоймаған әлгі күдігімді қайта үдете түсті. Легранның өңі қашып, жүзі бір түрлі қуқыл тартып, шүңірейген көздері ойнақшып, от шашады. Амандық-саулық сұрасып болған соң, тағы да не айтудың ретін таппай, мен одан лейтенант Дж.-дан алтын қоңызыңызды алдыңыз ба? — деп сұрадым.

— Әрине, алдым! — деді де ол қып-қызыл болып кетті.— Ертеңіне-ақ қайтып алдым! Енді мен ол қоңызды тіріде қолымнан шығармаймын. Сіз білесіз бе, Юпитердікі жөн екен.

— Юпитердің несі жөн екен? — деп сұрадым мен, көңілімді бір үрейлі сезім билегендей болды.

— Қоңыз таза алтыннан жасалыпты!

Ол мұны мейлінше байсалды түрде айтты. Мен аң-таң болып, аузымды аштым да қалдым.

— Бұл қоңыз маған бақыт әкеледі,— Легран көңілдене күле тұрып сөзін сабақтады.— Ол қолдан тайған ата-баба дәулетін қайтарады. Менің оны бұлайша бағалауыма таң қалатын несі бар? Оны маған тағдыр тап қылды, егер мен оның ишараты дұрыс түсіне білсем, ол маған бұрынғы байлығымды қайтарады. Юпитер, барып қоңызды алып келші!

— Не дейсіз? Қоңызды ма, масса? Көрмегенім сол қоңыз болсын! Керек болса өзіңіз әкеліңіз!

Легран маңғаздана орнынан тұрып барды да, шынылаған жәшік ішінде тұрған қоңызды алып келді. Қоңыз шынында ғажап екен. Легранның бұл олжасының ғылыми құндылығында күмән жоқ болатын — өйткені табиғатты зерттеушілер ол кезде мұндай қоңызды әлі білмейтін. Арқасының бір жағында дөңгелек екі қара дақ, екінші жағында — бір ғана ұзынша дақ көрінеді. Қанатының үстіндегі қабыршақтары керемет қатты, бейне алтынмен аптағандай жалт-жұлт етеді. Қоңыздың салмағы да әдеттегіден айрықша. Осының бәрін ескере келгенде Юпитерді де айырықша айыптаудың реті жоқ-ты. Әйтсе де Юпитердің пікірін Легранның қостауы мен үшін шешуі қиын шытырман жұмбақ болып қала берді.

— Сізді шақыртқан себебім,— мен қоңызды көріп болған соң Легран көңілдене отырып әңгімесін бастады,— сізді шақыртқан себебім — Тағдыр мен қоңыздың әзірлегенін білу үшін сізден ақыл-кеңес әрі көмек сұрайын деп едім...

— Қымбатты Легран,— дедім мен де оның сөзін бөліп,— сіз шынында сырқат көрінесіз, сізге емделу керек! Бәрін қойып, қазірден бастап төсекке жатыңыз, қашан тәуір болғаныңызша, мен біраз күн қасыңызда боламын. Мазаңыз кетіп отыр білем...

— Менің тамырымды ұстап көріңізші,— деді ол.

Мен оның тамырын ұстап көрдім де, ешқандай беймазалықтың нышаны білінбейтінін мойындауға мәжбүр болдым.

— Беймаза етіп, бойды қалтыратпайтын да дерттер болады. Бұл сапар менің тілімді алыңыз. Бәрін қойып төсекке жатыңыз Сонан кейін...

— Сіз қателесесіз,— деп кимелейді ол,— менің денім сау, бірақ көңілім қатты толқулы. Егер сіз шынымен маған жақсылық тілейтін болсаңыз, онда менің көңілімді орнықтыруға көмектесесіз.

— Ал оны қалай істеуге болады?

— Ол оп-оңай. Біз Юпитер екеуміз құрлыққа, тауға экспедицияға шыққалы отырмыз. Соған бізге сенімді көмекші керек. Ал біз шүбәсіз сенетін адам тек сіз ғана. Сапарымыз сәтті бола ма, сәтсіз бола ма, оның бәрі бір, менің көңілім тек содан кейін ғана сабасына түседі.

— Егер пайдам тиетін болса, әрине, мен оған қуанышты болар едім,— дедім мен,— бірақ айтыңдаршы, тауға жасамақ бұл экспедицияларыңызға әлгі құрып кеткір, қоңыздың қатысы бар ма?

— Бар.

— Олай болса, Легран, мұндай жөнсіз іске мен қатыса алмаймын.

— Өкінішті-ақ! Аса өкінішті. Амал қанша, онда өзіміз-ақ аттанамыз да.

Өздері аттанбақшы! Оның шынында есі ауысқан болды. Тоқтаңыз! Сонда ол жақта қанша уақыт болмақсыздар?

— Шамасы, түні бойы болатын шығармыз. Біз қазір аялдамай аттанамыз да, күн шыққанша қалай да үйге қайтып ораламыз.

— Осы көңіліңіздің қалауы орындалып, қоңыз жөніндегі (құдайым сақтасын!) әбігеріңіз аяқталып, үйге қайтып оралған соң, сіз мені өзіңізді емдейтін дәрігердей сөз айтпай тыңдауға азаматтық арыңызбен уәде бере аласыз ба?

— Иә, уәде беремін. Ал енді тезірек жолға шығайық, уақытты бекер өткізбейік!

Мен амалдың жоқтығынан досыммен бірге аттануға ұйғардым. Біз — Легран, Юпитер, ит және мен сапарға шыққанымызда сағат күндізгі төрттің шамасы еді. Шалғы мен күректерді Юпитер алды, мұны ол кішіпейілділігінен немесе қайырымдылығынан емес, менің байқауымша, бұл аспаптарды өзінің мырзасына беруге сенбейтіндіктен ғана жасады. Ол қасарысып мүлдем көнбеді. Оның аузынан жол бойы «сайтан алғыр қоңыз» дегеннен басқа бір сөз шыққан жоқ, Маған екі қолшам тиді. Легран қоңызды алды. Қоңыз шыжым жіптің ұшына байлаулы болатын да, Легран оны жол-жөнекей сиқыршыдай шыркөбелек айналдыра берді. Мен досымның есі ауысқанын дәлелдейтін тағы бір қылығын көргенімде еріксіз көзімнен жас шығып кете жаздады. Әйтсе де әзірге Легранға қарсы ештеңе айтпауға, батыл бір шара қолдануға болатын қолайлы сәт туғанша тоса тұруға ұйғардым. Жорықтың мақсаты жөнінде сөз қозғауға әлденеше оқталып көріп едім, бірақ онымнан түк шықпады. Өзімен бірге сапарға шығуға көндіріп, көңілі көншіген Легран, шамасы, енді басқа әңгіме айтқысы келмеген болса керек, менің берген сұрақтарыма «көрерміз» дегеннен басқа жауап қатпады.

Мүйіске жеткен соң, біз желқайыққа мініп, құрлыққа өттік. Сонан кейін биік жарқабақ жағаға көтерілдік те, солтүстік-батысты бетке ұстап, құдды бұрын жан баспаған құлазыған қу медиен даладай болып көрінген кең жазыққа қарай тарттық, Легран бұрын осы жаққа келген кезде шамасы, өзі белгілеп кеткен нысаналарды бағдарлап, анда-санда сәл аялдағаны болмаса, бізді алға қарай батыл бастап келеді.

Біз осылай екі сағат жүрдік, күн батарда алдымыздан бұған дейін көргендеріміздің бәрінен бетер сүреңсіз, меңіреу алқап тап болды. Мұның өзі қия беткейдің бауырына орналасқан, етегінен тура төбесіне дейін сыңсыған орман өскен жотаға жататын. Бөктерде — бейне бір жолын ағаштар бөгегендіктен ғана еңіске аунап кетпей әзер жатқан қаптаған қойтастар. Жотаны айқыш-ұйқыш кесіп өтетін терең айырықтар онсыз да сүреңсіз өңірдің бейнесін бұрынғыдан бетер үрейлі ете түскендей.

Біз өрлеп келе жатқан жотаның жонына қара бүлдірген қалың өсіпті. Шалғымен шаппаса, қаулаған қалың бұтадан жарып өту мүлде мүмкін емес екені аздан кейін-ақ аян болды. Легранның әмірімен он шақты еменнің ортасында тұрған, саялы жасыл желегі жайқалған, сәнді де сымбатты жапырақтары төгілген, тәкаппар тұлғасы асқақ, анау емендерден де, тіпті бұрын-соңды мен көрген ағаш атаулының бәрінен де биік еркін өскен қызғалдақ ағашына қарай Юпитер бізге жол сала бастады. Нысаналы жерге келіп жеткенімізде Легран Юпитерден мына ағаштың басына шыға аласың ба деп сұрады. Алғашқыда қалт тосын сұраққа жауап бере алмай сасқалақтап тұрып қалды. Содан кейін барып ағашты айнала, мұқият қарап шықты. Тексеру аяқталған соң барып қана Юпитер әдеттегінше:

— Әрине, шыға аламын, масса! Юпитер басына шыға алмайтын ағаш әзір өскен жоқ!— деді.

— Онда күйбеңдемей тезірек шық, әйтпесе көп ұзамай қараңғы түсіп кетеді де, ештеңе істеп үлгіре алмай қаламыз.

— Тым жоғары шығам ба, масса? — деп сұрады Юпитер.

— Әй, тоқта... дегенімше шыға бер! Қоңызды да ал!

— Қоңызды ма, масса Вилл? Алтын қоңызды ма? — Зәресі ұшқан негр, шошып кетті.— Ағаштың басында қоңыз не бітіреді? Егер оны алсам, мені қарғыс атсын!

— Юпитер, тыңда, бері, егер сен, мынадай алпамсадай түріңмен еш зияны жоқ осы бір өлі қоңызға қол тигізуге қорқатын болсаң, онда былай етіп мына байлаған жібінен ұста ал егер сен қоңызды мүлде алмайтын болсаң, онда амал бар ма, басынды мына күрекпен қақ айыруыма тура келеді.

— Айқай-шу шығарудың қажеті қанша, масса,— деді Юпитер, шамасы, ұялған болса керек, бұрынғыдай емес, иі жұмсап қалған сияқты.— Әрқашан кәрі негрге кейи бересіз. Mен тек қалжыңдап едім. Мені қоңыздан қорқады деп пе едіңіз? Қоңыз деген не!..

Қоңызды өзіне жақындатпау үшін жіптің ең ұшынан ептеп қана ұстаған күйі ол ағаштың басына шығуға ыңғайланды.

Қызғалдақты ағаш Американың ормандарында өсетін ағаштардың ішіндегі ең ғажабы. Жас кезінде оның діңі кедір-бұдырсыз ерекше сылыңғыр келеді де, бұтақтары тек шырқау басына ғана шығады. Ағаш қартайған сайын оның діңінің қабығы қатпарланып, буылтықтанып, сонымен бірге қысқа-қысқа бұтақтар пайда болады. Сондықтан да Юпитердің алдында тұрған міндет сырт қарағанға ғана орындалмас қиын іс сияқты көрінуі мүмкін еді. Жуан дінді қапсыра құшақтап ағаш қабығының кедір-бұдырына башпайларын тіреп, бір-екі мәрте тайып кете жаздап, Юпитер ағаштың алғашқы ашасына жеткенде, шамасы, өз міндетімді өтедім деп ойласа керек. Негізгі қауіп-қатер, шынында да артта қалған-ды. Әйтсе де Юпитер әлі бар болғаны алпыс не жетпіс футтай ғана биіктікке шыққан еді.

— Бұдан әрі енді қайда шығайын, масса Вилл? — деп сұрады ол.

— Анау арғы жағындағы ең жуан бұтақпен жоғары қарай өрле! — деді Легран.

Негр оның айтқанын екі етпеді, шамасы, өрмелеу онша қиын болмаса керек. Ол жоғары өрлей берді, біраздан соң оның дембелше келген мығым денесі қалың жапырақтың арасынан мүлде көрінбей кетті. Бір кезде оның:

— Енді қанша өрмелейін? — деген дауысы ғана қияннан талып естілді.

— Қазір қайда тұрсың? — деп сұрады Легран.

— Аса зәулім биікте тұрмын! — деп жауап берді негр,— төбеден ағаштың ұшар басы, одан әрі көгілдір аспан көрінеді.

— Аспанға қарай бермей мына менің айтқанымды мұқият тыңда. Енді төменге қара да, өзің шыққан ашада қанша бұтақ бар екен, сана! Қанша бұтақтан әрмен астың?

— Бір, екі, үш, төрт, бес! Менен төменде бес бұтақ бар, масса!

— Тағы бір бұтаққа көтеріл!

Көп ұзамай Юпитер бізді жетінші бұтаққа жеткеніне иландырды.

— Ал енді Юп,— Легран абыржыған түрде аптыға айқайлады,— сен сол бұтақтың өзіңді көтеретін жеріне жеткенше өрмелей бер! Бірдеңе тапсаң — айқайла!

Егер досымның ақылы ауысқаны жөнінде бұған дейін менің көңілімде әлі де аздаған күдік болса, енді соның бәрінен арылды. Иә, ол ақылынан ауысқан екен! Енді оны үйге қалай жеткізудің қамын қарастыру керек болды. Мен не істерімді білмей дағдарып тұрғанымда тағы Юпитердің дауысы естілді.

— Бұл бұтақпен бұдан әрі өрлеуге қорқып тұрмын. Мүлде қурап қалған деуге болады.

— Сен ол бұтақты қурап қалыпты дейсің бе, Юпитер? — деді Легран жарықшақтанған дауыспен.

— Иә, масса, қурап қалған, о дүниеге аттануға әзір.

— Құдайым-ау! Енді не істедім? — деді Легран, құдды шарасы таусылғандай.

— Не істеу керек? — дедім мен, сөзге араласар сәтті кезең туғанына қуанып,— үйге барып төсекке жату керек. Ақылға келіңіз, күн кеш болды. Оның бер жағында сіз маған уәде бердіңіз ғой.

— Юпитер! — деп айқайлады ол, менің сөзіме зәредей де құлақ аспай.— Сен мені естіп тұрсың ба?..

— Естіп тұрмын, масса! Вилл, неге естімеймін!

— Пышақты ал. Әлгі бұтақты жонып көр. Мүмкін онша шірік емес шығар.

Ол, әрине, шірік,— деп жауап қатты да негр сәлден соң шынында да онша шірік емес екен. Менің тағы да аздап ілгері жылжуыма болатын тәрізді. Бірақ, өзім ғана! — деді.

Ол не дегенің? Сен онсыз да жалғыз емессің бе?

— Мен қоңызды айтам. Қоңыз тым ауыр. Егер мен оны жерге тастасам, онда бұл бұтақ негрдің бір шалын көтерер деп ойлаймын.

— Кәрі суқит! — деп айқайлады Легран, шамасы көңілі орныға бастады білем.— Бекерге сандырақтама! Егер қоңызды тастасаң, мен сенің мойныңды бұрап жұлып аламын. Эй, Юпитер, сен менің айтқанымды есіттің бе?

— Естімегенде ше, масса! Негр байғұсты балағаттай бересіз, әйтеуір!

— Ендеше, тыңда! Егер сен, әрине, құлап қалмау үшін, ептеп қана тағы біраз ілгері жылжысаң және егер қоңызды қолыңда ұстайтын болсаң, жерге түскен бойда мен саған күміс доллар сыйлаймын.

— Жарайды, масса Вилл,— шығайын деп Юпитер іле жауап берді.— Міне бұтақтың басына да жеттім.

— Бұтақтың басына ма? — деп дегбірсізденді Легран,— шын айтып тұрсың ба, бұтақтың басына жеттің бе?

— Ұшар басы емес, масса... Ой-ой-ой! Ой жаратқан жаппар ием-ай! Ағаштың мына біреулері не сұмдық?

— Немене? — Легран масаттана дауыстады.— Ол жерден, кәні, не көрдің.

— Ештеңе емес, тек қу бас. Ағаштың бұтағында әлдекім басын ұмыт қалдырып кетіпті де, қарғалар оның етін шұқып жеп қойыпты.

— Қу бас дейсің бе?! Өте жақсы. Ол бұтақта қалай тұр? Неғып түсіп кетпей тұр?

— Оныңыз рас-ау, масса! Қазір қарайын. Бұл не ғажап! Сояудай үлкен шеге. Қу бас шегемен қағылыпты.

— Енді, Юпитер, менің айтқанымды бұлжытпай жаса. Естіп тұрсың ба?

— Есіттім, масса!

— Менің айтқанымды мұқият тыңда! Қу бастың сол жақ көзін тауып ал!

— Иә! Иә! Егер қу бас мүлде көзсіз болса, оның сол жақ көзі қайда болғаны?

— Ей, Юпитер, неткен ақымақсың! Сен осы өзіңнің оң қолыңның қайсы, сол қолыңның қайсы екенін білемісің?

— Білем, білмегенде ше, сол қолыммен ылғи отын жарамын.

— Дұрыс! Сен солақайсың. Ендеше сол қолың қай жақта болса, сенің сол көзің де сол жағыңда. Ал енді, сен қу бастың сол көзін, сол көзінің ұңғылын таба аласың ба?

Юпитер көпке дейін тіл қатпады. Сонан соң барып: Қу бастың сол көзі қу бастың сол қолы жағында ма? Бірақ қу бастың сол қолы жоқ қой. Амал қанша, жоққа жүйрік жетпейді! Міне, мен оның сол көзін таптым. Енді оны не істеуім керек? — деді.

— Қоңызды көздің ұңғылынан өткізіп ал да, жіп жеткен жеріне дейін оны төмен салбыратып түсір. Тек абайла, қолыңнан түсіріп алма!

— Өткіздім, масса Вилл! ...Жіп ұшындағы қоңызды тесіктен өткізіп, төмен салбырату деген не, оп-оңай іс қой. Көрдіңіз бе, міне!

Бұл әңгіме кезінде ағаштың қалың жапырағы жауып, Юпитер мүлдем көрінбей кетті. Бірақ бұтақтардың арасынан жіпке байлап салбыратып қойған қоңыз көрінеді. Батар күн біз тұрған жотаға ақырғы әлсіз сәулесін төкті, соның шапағына шағылысқан қоңыз құдды алтынмен апталған шардай жарқырайды. Ол жай ғана қалың бұтақтардың арасында салбырап тұр, егер Юпитер жіптің ұшын жіберіп қалса, тура біздің аяғымыздың астына топ ете қалар еді. Легран дереу қолына шалғы алып аумағы, он — он екі фут келетін аланды аршыды. Содан кейін Юпитерге қоңыз байлаған жіпті босатып жібер де, жылдам ағаштан түс деп бұйырды.

Қоңыз түскен жерге қада қақты да, қалтасынан жер өлшейтін лентасын алды. Оның ұшын қаданың қарсысындағы ағаштың діңіне байлады да, оны тура қадаға дейін тартты, содан кейін лентаны тарқата отырып, кейін қарай тағы да елу фут жер өлшеді. Юпитер оның алдына түсіп, қара бүлдіргеннің қалың бұтасын шалғымен шауып аршып отырды. Нысаналы жеріне жеткен соң Легран сол араға тағы бір қаданы қақты, соны кіндік етіп алды да айнала ауқымы төрт футтай шеңбердің шөбін аршыды. Сонан соң маған бір, Юпитерге бір күректі ұстатып, өзі бір күректі алды да, бізге әлгі жерді қазуды бұйырды.

Шынымды айтсам, мұндай ермекке менің күн жарықта да онша зауқым жоқ, ал қазір кеш болып, қараңғы түсіп келеді, оның үстіне күні бойы сергелдеңнен онсыз да әбден қалжырадым. Өзіме салса, әрине, бұдан бас тартқан да болар едім. Бірақ, байғұс досымның айтқанына қарсы келіп, оның жабырқаулы жан дүниесін торықтыра бермейінші дедім. Демек, басқа амал болмады. Егер Юпитердің өзіме көмектескеніне көзім жеткен болса, онда ешқандай ойланбастан күштесем де есуасты табанда үйге әкеткен болар едім. Бірақ кәрі негрдің сыры маған мәлім ғой, қандай жағдайда болсын менің өз мырзасына қарсы жасаған әрекетімді оның ешқашан қолдамайтынын білемін. Легранға келетін болсақ, оның ол кезде біздің Оңтүстікте меңдеп алған қазына іздеушілік міндетіне» шалдыққаны, қоңыздың табылуы, «бәлкім табылған қоңыздың таза алтыннан жасалғандығы» жөнінде Юпитердің сандырағы оның алып ұшпа қиялын бұрынғыдан да бетер желіктіріп жібергені маған айдан анық болды.

Мұндай желік, әсіресе, ол адам жан дүниесінің құпия құштарлығынан нәр алатын болса, есі кіресілі-шығасыларды оп-оңай ақылынан алжастырады. Мен досымның осы қоңыз өзінің қолдан тайған дәулетін қайтаратыны жөнінде айтқандарын есіме алдым. Бұған өкіндім де, қатты қапа да болдым. Ақыр аяғында, қиялшымның ойынын негізсіз екенін табанда, іс жүзінде дәлелдеу үшін мен өз еркіммен (басқадай амал болмаған соң) қазына іздеуге қатысуға ұйғардым.

Біз шамды жағып, игі іске лайық ынта-жігермен жер қазуға кірістік. Шам жарығы жүзімізге төгіліп тұр. Сонда мен біз үшеуміз сырт қарағанда бір түрлі болып көрінетін шығармыз, әлдеқалай осы тұстан өткен жолаушы жолыға қалса, біздің кескінімізді көріп, үрейлі де күдікті ойлап — болар еді-ау деген тұжырымға келдім.

Осылай кемінде біз екі сағат бойы жер қаздық. Тіс жарып тіл қатпадық, істеп жатқан жұмысымызға айрықша ынтық болып, тынымсыз үрген иттің дауысы ғана мазамызды алды. Барған сайын ит үруін үдете түсті, сол құрғырдың даусы әлдеқалай осы маңға түнеп қалған біреудің құлағына шалып жүрмес пе екен деп біз де қауіптене бастадық. Дәлірек айтсақ, одан қорыққан Легран. Егер бөгде біреудің септігі тиіп, мен саяхатшымды үйіне қайтара алған болсам, оған тек қуанған болар едім. Қыбын тауып, Юпитер өршелене үрген иттің үнін өшірді. Ол шұңқырдан қарғып шықты да, итті ұстап алып, тұмсығын белдігімен буып тастады, сөйтті де миығынан күліп, күрегін қолына қайта алды.

Екі сағат бойы әлектеніп, тереңдігі бес фут келетін шұңқыр қаздық, бірақ ешқандай көмбенің нышаны білінер емес. Біз жұмысты тоқтаттық, мен комедия аяқталуға айналған болар деп үміттене бастадым. Алайда, менің байқауымша Легран қатты ренжісе де, маңдай терін сыпырып тастап, іске қайта кірісті. Біз қазған шұңқыр аумағының диаметрі төрт футтай болып, Легран белгілеген алқапты түгел алып жатыр. Содан соң біз шеңберді едәуір кеңейтіп, шұңқырды тағы да екі футтай тереңдеттік. Нәтижесі бәз-баяғы. Менің алтын іздеушім, дәл қазір оны шынымен-ақ аяп кеттім, ақыры болмаған соң шұңқырдан шығып жұмысқа кірісер алдында шешіп тастаған қималы бешпентін жәйімен, енжар кие бастады. Жүзіндегі әжімнің әрбір сызығынан айрықша өкініш ізі аңғарылады. Менде үн жоқ, Юпитер өз мырзасының ишаратымен аспаптарды жиыстыра бастады. Сонан соң ол иттің тұмсығын таңған тұмшасын сыпырып алды, біз үн-түнсіз қайта жолға шықтық, үйге беттедік.

Он қадам жүрмей жатып, Легран кәрі негрді бар дауысымен қарғап-сілеп, шап беріп оның жағасынан ала түсті. Зәре-құты қалмаған Юпитер аузы ашылып, көзі аларған күйі, қолындағы күректерді тастай салды да, тізерлеп отыра кетті.

— Алаяқ неме,— ашулы Легран тістеніп зорға сөйледі,— қарғыс атқан қара албасты, жаныңның барында жасырмай жылдам айт, сенің сол көзің қайсы деймін!

— Тәңір жарылқағыр, масса Вилл, міне, менің сол көзім міне! — Зәресі ұшқан Юпитер оң көзін қолымен нұсқап, мырзасы осы көзін ойын алар деп қауіптенгендей, оны алақанымен қатты басып тұрып, өкіріп жіберді.

— Өзім де солай шығар деп едім-ау! Мен мұны білгенмін! Ура! — деп даурыққан Легран негрді қоя берді. Сөйтті де ол біресе мырзасына, біресе маған жаутаңдай қарап, сілейіп тұрған қызметшісінің есін шығарып жіберген адам ұғып болмас әлдебір күрделі би қимылдарын жасай бастады.

— Іске кірісейік! — деді Легран.— Қайтып барайық! Біз бұл ойыннан қалайда ұтып шығамыз! — Ол бізді баяғы қызғалдақ ағашқа қайта ертіп әкелді.

— Ал кәні, Юпитер,— деді Легран, қайтадан ағаш түбіне келіп тоқтаған соң, айтшы, қу бас қалай қағылған екен,— жүзі бұтаққа қарай тұр ма, әйтпесе сыртқа қарап тұр ма?

— Қарғалар қонып, көзін шоқуға қолайлы болу үшін сыртқа қарап тұр, масса!

— Енді мынаны айтшы, сен қоңызды қай көзінен өткіздің? Мына жақтағысынан ба, әлде ана жақтағысынан ба? — Легран Юпитердің әуелі бір көзін, одан кейін екінші кезін ұстады.

— Мына жақтағысынан, масса, сіз өзіңіз айтқандай сол жақ көзінен,— деді Юпитер бәз-баяғыша, саусағымен оң көзін нұсқап.

— Өте тамаша, бәрін қайтадан бастаймыз!

Есуастығында енді маған біртүрлі өзіндік жүйе бар сияқты болып көрінген менің досым қоңыздың түскен жеріне бұрын қатылған қаданы суырып алды да, оны үш дюймдей батысқа қарай жылжытып қайта қақты. Қайтадан қада мен ағаштың арасына жер өлшегіш лентасын керіп, жаңадан елу фут жерді өлшеді. Біздің бұрынғы қазған шұңқырымыз енді бірнеше ярд былай қалды.

Бұрынғыдай аумағы үлкендеу аймақты қайта белгілеп қайтадан күректі қолға алдық.

Мен қалжырап қатты шаршадым. Әйтсе де маған не әсер еткенін қайдам, әйтеуір жұмыс дегенге бұрынғыдай аза бойым қаза болмайтын сияқты. Неге екенін қайдам жұмысқа ынта-ықыласым артып, тіпті көңілімде бір толқу пайда бола бастады. Легранның ерсі іс-әрекетінен әлде қалай көрегендік пен алдың ала ойластырылған жоспарға ұқсас бірдеңе байқалатын сияқты, шамасы, маған да сол әсер еткен болса керек. Бар ынтаммен қазып жатып, мен де бейне байғұс досымды арбаған, ақылынан адастырған сол бір аңыздай ғаламат байлықты әлгі шұңқырдың түбінен іздегендей оның табанына өзімнің де әлденеше мәрте шұқшия қарағанымды байқап қалдым. Біздің жұмыс істегенімізге бір жарым сағаттай уақыт өтті. Өршелене шәуілдеген ит дауысы тағы да берекемізді ала бастағанда әлде бір тосын ойлар көңілімді бұрынғыдан да бетер билеп алған еді. Егер бұрын ол еркелеп немесе ызаланып үрген болса, енді оның бұл беймазалығында бір сыр бар сияқты. Юпитер тағы да оның тұмсығын тұмшалап тастамақ болып ұмтылып еді, ол ұстатпай шұңқырдың ішіне қарғып түсті де, алдыңғы аяғымен жерді тырмалап, бар пәрменімен қаза бастады. Бес-алты секундтан кейін ол екі адамның қаңқасын, дәлірек айтқанда шіріп кеткен жүн матаның жұрнақтарымен, темір түймелермен араласып үйіліп жатқан сүйектерді қазып шығарды. Күректі тағы да бір-екі рет көсіп-көсіп жібергенде — біз жүзі жалпақ испан пышағының, бірнеше алтын және күміс теңгелердің шыға келгенін көрдік.

Теңгелерді көргенде Юпитердің қуанышы қойныңа сыймай кетті, бірақ оның мырзасының жүзінен ерекше реніш ізі айқын аңғарылып тұрды. Әйтсе де ол жұмысты тоқтата көрмеңдер деп бізге жалбарынды. Соны айтып, ауыз жиғанша болған жоқ, шұңқырда тұрған менің аяғым тайып кетті, қопсыған топыраққа көмулі жатқан үлкен темір шынға аяғымды іліп қалды да етпеттей құладым.

Енді жұмыс шынымен-ақ қызайын деді; сол бір он минут ішінде бастан кешкен толқулы сәтті мен өз өмірімнің еш кезеңімен салыстыруға батылым бармайды. Еш жері шірімей, сол күйі сақталған ұзынша келген ағаш сандықты қазып алдық. Жасалған тақтайларының айырықша қаттылығы, шамасы, ата химиялық әдіспен өңделген, қос хлорлы сынап ерітіндісіне салынған болар-ау деген ойға мегзеді. Сандықтың ұзындығы үш жарым футтай, ені үш футтай да, биіктігі екі жарым футтай екен. Ол мықтап тұрып темірмен құрсалған, мықпен шегелеген. Айқыш-ұйқыш тартылған темір құрсаулар кереге көзденіп сандық бетін толық жауып тұр. Сандықтың екі жақ бүйірінен, қақпақтың жабылған жерінен сәл төменіректен үш-үштен небары алты темір шығыршық қағылған, демек, оны бірден алты адам көтеруге болады. Үшеулеп көтергенде біз сандықты зорға дегенде орнынан қозғадық. Мұншама жүкті алып кетуге біздің шамамыз келмейтіні белгілі болды. Абырой болғанда сандықтың қақпағы суырмалы екі бұрандамен бекітілген екен. Көңіліміз қобалжып, қолымыз қалтырап, тынысымыз тарылып, әрең дегенде бұрандаларды ағытып суырып алдық. Сандықты ашқанда осыншама көп қазына көз алдымызда жарқ ете қалды. Шам сәулесі шұңқырдың түбіне түскенде, үйіліп жатқан алтын мен асыл тастардың жарықпен шағылысқан шұғыласы мүлдем көз аштырмады.

Үйілген қазынаны көргендегі менің сезімімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Ең алдымен, әрине, қайран қалдым! Легран бойын кернеген қуаныштан діңкесі құрыған адамдай, бізбен мүлде сөйлеспей қойды. Егер негрдің қап-қара өңіне боз деген сөзді қолдану орынды болса, онда Юпитердің жүзі бір сәт алтынның түсіндей «боп-боз» болып кетті. Ол төбесінен жай түскендей есеңгіреді де қалды. Сонан кейін тізерлеп отыра кетті де, бейне бір жылы суға малып, рахаттанғандай қолын үйілген қазынаға шынтағына дейін сүңгітіп жіберіп, сол күйінде қыбыр етпей қалшиып біраз отырды. Ақырында бір күрсініп алды да, ол былай деді:

— Мұның бәрін істеген алтын қоңыз! Аяулы алтын қоңыз, байғұс алтын қоңыз! Мен болсам ғой, оны ренжіттім-ау, мен оны балағаттадым-ау! Мұның ұят емес пе; алжыған негр? Айтшы кәні!..

Мен мырзасын да, қызметшісін де — екеуін де тәртіпке шақыруға мәжбүр болдым: қазынаны дереу алып кету керек еді. Түн болып қалды, таң атқанша оның бәрін үйге тасып жеткізіп алу керек. Біз қалай ету керек екенін білмей, басымыз қатып, миымыз айналды. Алтынды әкетудің айласын ойлап көп уақытымыз зая болды. Ақырында сандықтың ішіндегі қазынаның үштен екісін аударып алдық, бірақ сонан кейін де оны шұңқырдан шығару оңай болған жоқ, Шығарылған қазынаны қара бүлдіргеннің қалың бұтасының арасына тығып, итті қарауыл қойдық, Юпитер оған біз қайтып оралғанша орныңнан тапжылма, жағынды ашпа деп әмір беріп кетті. Сөйттік те сандықты көтеріп, іле жолға шықтық. Жол жеңіл болмаса да, түнгі сағат бірдің шамасында аман-есен үйге келіп жеттік. Іле-шала кері қайтуға, әрине, қатты қалжырадық. — Өйткені, адамның төзімділігі мен шыдамдылығының да шегі бар ғой, біз тамақ ішіп, сағат екіге дейін дем алдық. Содан соң абырой болғанда, үйден табыла қойған, үш қатар қапты алдық та, аялдамай қайта жолға шықтық. Таңғы сағат төрттің шамасында — біз түн ортасы ауған кезде қызғалдақ ағаштың түбіне келіп жеттік, қалған олжаны үшке бөліп арқалап алдық та шұңқырды көмбей сол күйі тастап, кері оралдық. Құланиектене бастаған таңның әлсіз арайлы шұғыласы шығыстағы ағаш басын енді-енді шалған шақта барып Легранның лашығына жетіп, алтынды әкеп бөлменің ортасына төктік-ау!

Әбден қалжырап, шаршағандықтан, әл-дәрменіміз құрып тұрса да, бойды билеген ерекше толқу тағат таптырмады. Үш-төрт сағат беймаза ұйқыдан кейін, уәделескендей бәріміз орнымыздан ұшып тұрып, қазынамызды ақтара бастадық.

Сандық аузы-мұрнына шығып, лық толып тұр, біз күні бойы, түннің бір уағына дейін асыл тастарды сұрыптаумен болдық. Өйткені олар қалай болса солай үйіле салыпты. Кезінде басы-көзіне қарамай сандыққа тастай-тастай салғаны әбден көрініп-ақ тұр. Мұқият сараланған соң барып қолымызға түскен қазынаның алғашқыда біз ойлағаннан әлдеқайда мол екендігі анықталды. Сол кездегі алтынның бағасымен есептегенде бір ғана алтын теңгенің өзі торт жүз елу мың доллардан кем емес еді. Күміс мүлдем жоқ екен. Түгел алтын, оның өзі де шетелдік және сонау ерте заманда шығарылған француз, испан, неміс теңгесі, бірнеше ағылшын гинеясы, тағы басқа бізге беймәлім, бейтаныс теңгелер екен. Жазуы әбден өшкен, оқуға болмайтын үлкен де ауыр теңгелер де ұшырасты. Соның ішінде американдық бір де біреуі жоқ, Асыл тастардың құнын анықтау мұнан да қиын болды. Гауһар тастар өзінің үлкендігімен, әдемілігімен бізді қайран қалдырды. Барлығы жүз он гауһар тас бар екен, соның ішінде бірде-бір кішкентайы көрінбейді. Біз сандық түбінен жалт-жұлт еткен аса ғажап он сегіз лағыл тас, үш жүз он тамаша інжу, жиырма бір жақұт (жалтыраған жасыл асыл тас) және бір жарқырауық тас таптық. Асыл тастардың бәрі сауытынан алынып, сандық түбіне тастай салыныпты. Балталап-балталап майыстырылған сауыттар алтын бұйымдармен бірге араласып жатыр, шамасы, асыл тастарды ажырата алмасын деп әдейі жасалған болса керек. Мен атаған әлгі заттардан тыс сандықта көптеген алтыннан жасалған әшекей бұйымдар, екі жүзге тарта үлкен сақиналар мен сырғалар, етер жаңылмасам небары отыз алтын шынжыр, сексен үш алқа-крест; аса бағалы бес алтын кадильница, бетіне асқан шебер зергер қолымен жүзімнің жапырағы, әсем мүсіндер салынған шәрбат шарап әзірлеуге арналған үлкен алтын шара, алтынмен апталған екі семсердің сабы қазір менің есімде жоқ және басқа толып жатқан ұсақ-түйек заттар бар екен. Асыл заттардың жалпы салмағы үш жүз елу ағылшын фунтынан артық болатын. Мен бұған сағаттарды қосып отырғаным жоқ, олардың өзі жүз тоқсан жеті болатын да, соның үшеуі қымбат, әрқайсысы кемінде бес жүз доллардан тұратын. Сағаттар ескі үлгімен ерте заманда жасалған, механизмдерін тот басып, тоздырып тастапты да, бірақ асыл тастармен әшекейленген алтын қақпақтары әлі сол баяғы күйінде сақталған. Сол түні бұл сандықтағы заттарды бір жарым миллион доллар болар деп жорамалдаған едік. Кейінірек, асыл тастар мен алтын бұйымдарды сатқанымызда (кейбір ұсақ-түйек заттарды біз ескерткіш үшін алып қалдық) біздің бастапқы жобамыз тым қораш болып шықты.

Ақырында, қазына-байлықты сұрыптап, бойды билеген ерекше толқу аздап басылып, көңіл сабасына түскен соң, менің бұл ғажап құпияның сырын білгенше шыдамым жетпей, дегбірім таусылып отырғанын көрген Легран істің бүге-шігесіне дейін тәптіштеп тұрып баяндай бастады.

— Мен атүсті салынған қоңыздың суретін көрсеткен кеш сіздің есіңізде болар,— деді ол,— сонда салған суретімді қубасқа ұқсайды дегенде менің ренжігенімді тағы да есіңізге алыңызшы. Алғашқыда мен сізді қалжыңдап отыр екен деп ойладым; артынан қоңыздың қыр арқасындағы дақтардың орналасуы ойыма түсіп, сіздің айтқандарыңыздың да жаны бар-ау деп қалдым. Әйтсе де сіздің мазағыңыз менің намысыма тиді, өйткені бірқатар жұрт менің суретті әжептәуір салатынымды біледі, сондықтан сіз, сол бір жапырақ пергаментті маған қайтып берген кезде менің ызам келіп, умаждап-умаждап оны отқа лақтырып жібермекші болдым.

— Бір жапырақ қағазды деп айтқыңыз келген болар? — дедім мен.

— Жоқ! Басында мен де солай деп ойлап қалып едім, бірақ сурет сала бастаған кезде оның үлбіреген жұп-жұқа пергамент екенін аңғардым. Өзіңіз де білесіз, ол ағал-сағал, лас еді ғой. Сонымен умаждап жатқанда әлгі айтылған суретке әлдеқалай көзім түсіп кеткені бар емес пе! Жаңа ғана өзім қоңыздың суретін салған жерден қаңқиған қу бастың бейнесін көрген кезде менің қалай таң қалғанымды білсеңіз еді! Алғашқы сәтте мен абыржып, сасып қалдым. Жалпы алғанда олардың өзара қайсы бір ұқсастығы болғанымен, салған суретімнің мына көріп отырған суретімнен мүлде өзгеше екені өзіме әбден аян ғой. Мен балауыз шырақты алып, бөлменің арғы бұрышына барып жайғасып отырып пергаментті мейлінше мұқият зерттей бастадым. Арғы жағын аударып едім, одан әлгінде өзім салған суреттің қаламымнан шыққан күйі, қаз-қалпында тұрғаның көрдім. Пергаменттің екі бетіне салынған суреттердің өзара ұқсастығы сондай, ғажап. Пергаменттің арғы бетіндегі мен салған қоңыз, суретінің дәл астында тұрған қу бастың үлкендігі де, түр-тұлғасы да әлгі қоңыздан аумайтын! Екеуінің бұлайша сай келуі мені бір сәтте абдыратып тастады. Мұндай үрдіс оқиға әдетте адамға осылай қатты әсер етеді. Ақыл-ойың мұндай оқиғалардың себебін байланысын анықтауға әлектенеді де, онысы сәтсіздікке ұшыраған соң әлдеқалай абыржып, бір сәт тоқырап қалады. Мен өзіме өзім келіп, есімді жинаған кезде, кенет маған әлгі айтып отырған сәтсіздіктен де асқан ғажап бір ой келеді. Қоңыздың суретін салғанымда пергаментте ешқандай суреттің болмағаны тайға таңба басқандай көкірегімде сайрап тұр. Бұған менің еш күмәнім жоқ болатын, себебі, мен сурет салуға тазалау жер іздеп, пергаментті олай да, былай да аударып қарағанмын. Егер онда қубастың суреті болса, мен, әрине, оны қалай да көрген болар едім. Мұнда мен білмейтін бір сыр болғаны. Әйтсе де, мен сізге айтар болсам: Сол кезде, алғашқы мезеттің өзінде-ақ, миымның құпиялы терең бір түкпірінде ақиқаттығын күні кеше жасалған түнгі саяхат айқын дәлелдеген көрегендіктің талмаусыраған сәулесі пайда болған еді. Мен орнымнан тұрып, пергаментті көзден қалтарыс бір жерге тығып қойдым да, оның мән-жайын өзім оңаша қалған соң ойластыруды ұйғардым.

Сіз үйіңізге кетіп, Юпитер қалың ұйқыға кіріскен соң алдымда тұрған міндеттерді жүйелі түрде жан-жақты талдап, зерттеуге кірістім. Ең алдымен пергаменттің қандай жағдайда қолыма түскенін ойша қайта шолдым. Біз қоңызды құрлықтан, аралдың шығыс жағынан бір мильдей жерден, тасыған су келіп жеткен жиектен тауып алдық. Қоңызды шап беріп ұстай алғанымда ол менің қолымды шағып алды да, мен оны жерге қайта тастап жібердім. Қасына кеп түскен қоңызды ұстамас бұрын, Юпитер әдеттегі сақтығына басып, төңірегінен саусақтарын қорғайтын шөптің жапырағы ма, әлде бірдеңе ме, іздей бастады. Сол кезде оның да, менің де көзім бірден осы бір жапырақ пергаментке түсті; онда маған ол қағаз сияқты болып көрінген еді, пергаментті құм басып қалыпты да, оның тек бір ұшы ғана көрініп жатыр екен. Сол маңнан әлгінде кемеде болатын шағын қайықтың қаңқасын көргенмін, шамасы бұл жерде жатқаныңа талай заман болса керек, өйткені оның ағаш жақтауларының тамтығы да қалмапты.

Сонымен Юпитер пергамент алып, оған қоңызды орап, маған берді. Көп ұзамай біз үйге қайттық. Жол-жөнекей лейтенант Дж-ны жолықтырдық, мен оған тапқан олжамызды көрсеттім, ол қоңызды фортқа өзімен бірге әкетуге менен рұқсат сұрады. Мен келістім, ол қоңызды алып желетінің қалтасына салды да, пергаментті маған қайтарып берді. Лейтенант менің келісімімді тезірек пайдаланып қалғысы келді білем, әрі мені сөзінен айнып жүре ме деп қауіптенген де болар, қоңызды дереу қалтасына сала қойды. Оның табиғат тануға байланыстының бәріне ерекше ынта-ықылас қоятынын өзіңіз де білесіз. Мен де ойланын жатпай пергаментті қалтама тыға салдым.

Қоңыздың суретін салу үшін столдың жаныңа барғанымда қолыма оңайда жатқан қағаз іліне қоймағаны есіңізде шығар. Мен жәшікті ашып едім, оның ішінде де қағаз жоқ екен. Ескі хат па, әйтеуір бірдеңе табылар деген үмітпен қалтамды қармана бастадым — қолыма пергамент ілікті. Оның қолыма қайдан, қалай келіп түскенін әдейі тәптіштеп айтып отырмын. Өйткені бұл жағдайдың үлкен мәні бар.

Егер қаласаңыз мейлі мені қияли деп санауыңызға болады бірақ мен сол мезеттің өзінде-ақ осы оқиғалардың арасында белгілі бір байланыс бар екенін байқадым. Мен логикалық ұзын тізбектің екі буының жалғастырдым. Теңіздің жағасында жеңіл қайық, соның маңында қу бастың суреті салынған пергамент — біліп қойыңыз, қағаз емес, пергамент жатады. Сіз, әрине, бұл арада қандай байланыс бар деп сұрарсыз. Мен жауап берейін қу бас — теңіз қарақшылары — пираттардың (эмблемасы) белгісі екені баршаға аян. Шайқас алдыңда теңіз қарақшылары кеме мачтасына қу бастың суреті салынған жалау көтеретін болған.

Сонымен мен әлгінде айтқанымдай, ол қағаз емес, пергамент болатын. Пергамент аса ұзақ уақыт, былайша айтқанда мәңгі сақталады. Оны әдеттегі бірдеңелерді жазуға өте сирек пайдаланады, өйткені одан да қағазға жазып, қағазға сурет салғанның өзі әлдеқайда жеңіл. Осыдан барып, біз тауып алған пергаменттегі қу бас тегін салынбаған, мұнда бір ерекше мән болуға тиіс деген ой келді. Сондай-ақ мен пергаменттің көлеміне де көңіл аудардым. Әлдеқандай себептермен парақтың бір бұрышы жыртылып қалыпты, бірақ бастапқыда пергаменттің сәл ұзынша болғаны көрініп тұр. Мұның өзі пергаменттің ұзақ уақыт, әрі құпия сақталуға арналған, естелік жазбаларына арналған түрі болатын.

— Оның бәрі дұрыс,— деп Легранның сөзін бөлдім,— бірақ сіз әлгінде пергаментке қоңыздың суретін салған кезіңізде онда қу бастың суреті жоқ еді дедіңіз ғой. Ендеше сол қу бастың суреті (оны кім салғаның бір құдайдың өзі біледі) сіз қоңыздың суретін салып болғаннан кейін тана пайда болды деп өзіңіз айтып отырғанда, тағы да жеңіл қайық пен қу бастың арасында белгілі бір байланыс бар еді деуіңіз қалай?

— Ә! Құпияның өзі де осыдан басталады! Әйтсе де оның бұл арадағы құпия сырын ашу маған онша қиынға түскен жоқ деуіме болады. Мен өзім ойлаған бір бағыттан таймадым, өйткені логикаға жүгінсек, мұның бір ғана шешуі бар еді. Жалпы менің ойым былай болды. Мен қоңыздың суретін салған кезде ғой пергаментте қу бастың нышаны да болған жоқ. Суретті салып болдым да, мен оны сізге бердім, пергаментті өзіме қайтарғанша сіздің әрбір қимылыңызды бағып қарап отырдым. Демек, оған қу бастың суретін салған сіз емес. Бірақ, сізден бөтен оны салатын да ешкім жоқ, Ендеше қу бастың мүлдем салынбағаны. Онда ол қайдан пайда болды?

Осы арада мен сол кеште болған оқиғаның бәрін түгел есіме түсіруге тырыстым. Күн суық болатын. (Иә, бұл сирек те сәтті оқиға!), пеште от маздап жанып жатқан. Мен қатты жүріп келгендіктен денем қызып, столдың жаныңа барып отырдым. Ал сіз болсаңыз креслоңызды пештің аузына жақындата түстіңіз. Мен пергаментті беріп, оны енді сіз қарай бастаған кезіңізде, Қасқыр, біздің ньюфаундленд арсалаңдап үйге кіріп келді де, еркелеп сіздің омырауыңызға асылды. Итті сәл итеріп, сол қолыңызбен оның басынан сипадыңыз да, пергамент ұстаған оң қолыңызды екі тізеңіздің арасына түсіріп жібердіңіз, ол отқа тым жақындап келді. Мен, тіпті, пергамент қызып, лап ете қалар ма екен деп қауіптеніп енді сізге ескертпек болып ұмсына беріп едім, бірақ үлгермедім, өйткені сол кезде сіз қайтадан қолыңызды көтеріп, суретті қарай бастадыңыз. Осы көріністердің бәрін ойша қаз қалпына келтіріп, көз алдыма елестеткен соң пергаментте қу бастың суреті жылудың әсерімен пайда болғанына менің еш күмәнім қалған жоқ.

Қағазға және пергаментке көрінбейтін әріптермен жазуға көмектесетін химиялық заттар құрамы сонау есте жоқ ерте заманнан бері бар екенін сіз де, әрине, естіген боларсыз. Жазу тек жылудың әсерімен ғана көрінеді. Цафраны азот пен тұз қышқылының қоспасына араластырып, содан кейін оны төрт есе көп суға ерітсеңіз жасыл сия болады. Кобальтты королекті мүсатыр спиртіне ерітсеңіз — қызыл сия шығады. Жазу бірте-бірте өшіп кетеді, бірақ кейін қағазды немесе пергаментті отқа қыздырсаңыз ол қайта пайда болады.

Мен пергаментке салынған қу бастың суретін асықпай мұқият қарай бастадым. Суреттің сыртқы пішіні мен пергаменттің шетіне жақын жердегі суреттің аумағын айтам,— өзге жағынан анығырақ көрініп тұр. Демек, жылудың жеткіліксіз болғаны немесе оның ала-құла тигені. Мен дереу от жағып, шоқтың үстіне пергамент қыздыра бастадым. Көп ұзамай қу бастың суреті бұрынғыдан да анығырақ көрінді. Бұл тәжірибемді одан әрі жалғастыра түсіп едім, бір кезде пергаменттің қу басқа қарсы қиғаш бұрышынан бірдеңе көрінді де, мен оны бастапқыда ешкі болар деп ойлап қалдым. Кейіннен зер сала қарасам, ешкі емес, ол ешкінің лағы болып шықты.

— Ха-ха-ха! — Мен қарқылдап тұрып күлдім.— Әрине, Легран, менің күлетін ретім жоқ, бір жарым миллион доллар ойыншық емес, әйтсе де сіздің логикалық ой өркеніне бұл арадан тағы да бір буын қосудың реті келмейтін шығар! Қарақшы мен ешкі үйлеспейтін болар. Қарақшылар мал шаруашылығымен шұғылданбайды, ол — фермерлердің үлесі.

— Бірақ мен ол ешкі емес, лақ екен дедім ғой сізге.

— Ешкі болмаса лақ, оның айырмашылығы шамалы.

— Үлкен айырмашылығы жоқ екенін мен де білемін, дегенмен айырмашылық бар,— деді Легран,— kid (лак) және Kidd — деген екі сөзді салыстырып көріңізші! Капитан Кидд жөнінде кітаптардан оқығаныңыз, әлде естігеніңіз бар ма? Мен малдың суретін көрген бойда ребустағы сурет сияқты ол да иероглифтік қолтаңба болар деп ойладым. «Қолтаңба» дейтін себебім — лақтың суреті пергаменттің әдетте қолтаңба қойылатын жеріне салыныпты. Пергаменттің қарама-қарсы қиғаш бұрымындағы қу бастың суреті де герб немесе мөр болар-ау деген ойға мегзейді. Алайда менің ойша жорамалдаған бұл документімде ең бастысы — текстің болмауы мені қатты састырды.

— Демек, сіз мөр мен қолтаңбаның арасында жазу болуға тиіс деп санадыңыз ғой!

— Иә, солай деуге болады. Шынын айтсам, үлкен олжаға тап боламын деген зор үміт сенімі бойымды билеп алды. Неліктен, оны өзім де білмеймін. Мүмкін бұл көрегендіктен емес, өзімді өзім соған иландырудан туған сезім де болуы ықтимал. Қоңыздың шынайы алтыннан жасалғаны жөніндегі Юпитердің қисынсыз қалжыңы маған шынымен қатты әсер етті. Оның бер жағында күтпеген оқиғалар мен кездесулердің тұтас келуі тағы бар!.. Осы оқиғалардың бәрі, тіпті мүмкін, жылына бір мәрте ғана болатын пешке от жағылатын суықтың да сол күні болуын көрмейсіз бе? Әйтпесе, пешке от жағылмаса, дер кезінде келіп жеткен біздің иттің қатысы болмаса, әрине, мен онда еш уақытта қу бас жөнінде ештеңе білмеген, ешқашан мұншама қазынаның иесі болмаған болар едім.

— Жарайды сонан кейін не болды?

— Жақсы, Кидд пен оның сыбайластары Атлантика жағалауларының бір жеріне көмген қыруар қазына жөнінде айтылып жүрген көптеген алып қашпа қауесеттер бар екенін сіздер, әрине, білесіздер. Бұл қауесеттердің түпкі төркінінде, әрине, шындық жатқаны ақиқат. Қауесет талай заманнан бері айтылып жүр де және әзір қалар емес; менің ойымша мұның өзі көмбенің әлі күнге дейін табылмағандығының айғағы сияқты. Егер Кидд әуелі қазынасын тығып, артынан өзі келіп ашып ала кеткен болса, онда бұл қауесет бізге өзгеріссіз бәз баяғы күйінде жетпеген болар еді. Байқайсыз ба, қауесетте қазынаны іздегені жөнінде айтылады да, оның табылғандығы жайында бір ауыз сөз жоқ, Қарақшы қазынасын қазып алып кетті дегенше, ол жөніндегі алып-қашты лақап та пышақ кескендей тыйылар еді. Маған үнемі осы Киддтің қазынаны тауып алып кетуіне күтпеген бір тосын жағдай, айталық оның жатқан жері белгіленген картаның жоғалуы сияқты бірдеңе кедергі болған сияқты болады да тұрады. Кидд сондай бақытсыздыққа ұшырамаса, көмілген қазына жөнінде бұл жалғанды сезбейтін, басқа қарақшылардың тәуекелге бел байлап жүргізген бос әбігер әрекеттері бүкіл әлемге жайылған, тіпті біздің кезімізге жеткен осы қауесеттер мен лақаптарды туғызған сияқты. Осы маңнан әлдебіреу шынымен көмбе қазына тауып алыпты дегенді сірә да естігеніңіз бар ма?

— Жоқ, ешқашан естіген емеспін.

— Ал Киддтің қыруар байлық иесі болғаны жұрттың бәріне аян. Демек, қазына әлі сол жер астында жатыр деген тұжырым жасадым. Егер менің көкірегімде осы бір ерекше жағдайда қолыма түскен пергамент Киддтің қазынасы жатқан жерді табуыма көмектеседі деген үмітпен шендесетін үміт туған болса, оған сіздер таңданбай-ақ қойыңыздар.

— Сонан кейін не істедіңіз?

— Мен отты бірте-бірте күшейте отырып, пергамент қайта қыздырдым бірақ одан пәлендей жаңалық шықпады. Сонда маған пергаменттің бетіндегі баттасқан кір бөгет болып тұрған шығар деген ой келді Мен оны ептеп қана жылы сумен жудым. Сонан кейін оны қу бастың суреті салынған бетін төмен қаратын темір табаға салдым да, табаны шоқтың үстіне қойдым. Бірнеше минуттан кейін таба әбден қызған кезде мен пергамент көтеріп алдым, оның әр жерінен қаз қатар тізілген, цифрға ұқсас белгілер байқалғанын көргенде қуанышым қойныма сыймады. Мен пергамент қайтадан табаға салып, тағы да отқа ұстадым. Сол кезде барып жазу толық көрінді.— Қазір сізге көрсетемін. Легран пергамент қыздырып, оны маған ұстатты. Қу бас пен лақтың арасында қызыл бірдеңемен қалай болса солай жазылған мынадай белгілер түр екен:

53##+305))6*;4826)4#-)4#);806*;

48+8І І60))85;;]8*;;#*8+83(88)5*+;

46(;88*96*?;8)*#(;485);5*+2:*#

(;4956*2(5*=4)88*;4069285);)

6+8)4##;1#9;48081;8:8#1;48

+85;4)485+528806*81(#9;48;(88;

4(#?34;48)4#;161;:188;#?;

— Дегенмен,— дедім пергаментті Легранға қайтып беріп жатып,— бұл мені орнымнан қозғалта да алмаған болар еді. Голконданың барлық алмасын жиып берсе де, мұндай шытырманды шешуді қолға алмаймын.

— Әйтсе де,— деді Легран,— бір қарағанда болмаса, анау айтқандай онша қиын емес. Мына белгілер, әрине,— шифр; (құпия жазу), былайша айтқанда, олар сөзді жасырып тұр. Біздің байқауымызша, Кидд аса күрделі сөзжұмбақ құрастыра алмаған болар еді. Мен ә дегенде-ақ бұл қарадүрсін ғана шифр, оның өзінде де теңізшінің өресіз ой-қиялына мейлінше шешіп болмас жұмбақ болып көрінген құпия жазу деп ұйғардым.

— Сонымен сіз, соның шешуін таптыңыз ба?

— Оп-оңай таптым. Менің тәжірибемде мұнан мың есе күрделі құпия жазулар кездескен. Өмірімнің ерекшелігі мен оған табиғи бейімділігіме байланысты мен де мұндай бас қатыратын шытырман жұмбақтарды шешумен айналысқан едім және мен өз тәжірибеме сүйеніп, егер дұрыс жолға бағытталса бір адамның ақыл-ойын екінші адам шеше алмайтын жұмбақ ойлап табуы мүмкін емес деген қорытындыға келдім. Турасын айтсам, егер сөздері қатесіз шифрланып, документ біршама тәуір сақталса болғаны, одан басқаның маған қажеті шамалы, оның ар жағында мен үшін ешқандай қиындық жоқ.

Мұндай жағдайды әдетте ең алдымен әңгіме криптограмманың тілі туралы болады. Шешу принципі (әсіресе бұл қарадүрсін шифрларға тән), көбіне тілге байланысты. Бұл мәселені бір тана жолмен, дәл тапқанға дейін тілдерді бірінен соң бірін сынай отырып қана анықтай аласың. Біздің пергамент ондай қиындық туғызған жоқ; қолтаңбаның өзі-ақ шешуін айтып тұрды. Кид пен Кидд деген жаңылтпаш сөз тек ағылшын тілінде ғана кездесуі ықтимал еді, ал егер онда болмай шықса мен оны әрине, өзге тілдерден іздестірер едім. Испания теңіздерінің қарақшысы жасырын жазбалар үшін француз немесе испан тілін пайдаланған болар еді. Бірақ мен криптограмманың ағылшын тілінде жазылғаның бірден біле қойдым.

Криптограмма текстінің біріне бірі тіркестіріліп жазылғаның көріп отырсыз. Егер жеке сөздер өз алдыңа бөлек-бөлек жазылған болса онда шешуі әлдеқайда оңай болар еді. Онда мен ең қысқа сөздерді өзара салыстырып, талдаудан бастаған болар едім де, бір әріптен тұратын (мәселен, «мен» есімдігінен немесе жалғауынан) сөзді тапсам болды, шифрды шешілді деп санар едім. Бірақ сөздердің аралығында үзіліс жоқ, сондықтан криптограммада қандай белгілер жиі, қандай белгілер сирек кездесетінін білу үшін мен біркелкі белгілерді санауға кірістім. Санап шыққан соң мен мынадай кесте жасадым:

8 деген белгі 34 рет кездеседі;

; деген белгі 27 рет кездеседі;

4 деген белгі 19 рет кездеседі;

) деген белгі 16 рет кездеседі;

# деген белгі 15 рет кездеседі;

* деген белгі 14 рет кездеседі;

5 деген белгі 12 рет кездеседі;

6 деген белгі 11 рет кездеседі;

+ деген белгі 8 рет кездеседі;

I деген белгі 7 рет кездеседі;

0 деген белгі 6 рет кездеседі;

9 және 2 деген белгі 5 рет кездеседі;

: және 3 деген белгі 4 рет кездеседі;

? деген белгі 3 рет кездеседі;

|| деген белгі 2 рет кездеседі;

және ] деген белгі 1 рет кездеседі.

Ағылшынның жазба тілінде ең жиі қолданылатын «е» әрпі, онан кейін a, о, і, d, һ, n, r, s, t, и, у, с, f, g, 1, ш, w, b, k, p, q, x, z әріптерінің қолданылуы бірте-бірте азая береді. Е әрпінің жиі кездесетіні соншалықты тіпті ол басым болмайтын сөзді табудың өзі қиын. Сонымен, әуел бастан-ақ, арқау біздің қолымызға түсті. Жалпы жасаған кестеміздің көп пайдасы тиюі мүмкін, бірақ бұл жағдайда оның алғашқы сәтте ғана қажеті бар. 8 деген белгі — криптограммада өзгелеріне қарағанда жиі кездесетін болғандықтан да оны біз ағылшын әліппесінің «е» әрпінің орнына аламыз. Біздің болжамымызды тексеріп көру үшін бұл белгі қосарланып келе ме екен, енді соны көрейік. Өйткені, өзіңіз білесіз ағылшын тілінде «е» әрпі әдетте. мәселен, meet, fleet, speed, seed, seen, been, agree сияқты сөздерде қосарланып жазылады. Криптограмма онша көлемді болмаса да, онда 8 деген белгі кемінде бес мәрте қосарланып кездеседі екен.

Сонымен, 8-ді «е» деп санайық. Ағылшын тілінде ең жиі қолданылатын сөз — анықтағыш артикль the. Енді осыған орай орналасқан 8-бен аяқталатын өзі үш белгіден құралған белгілер қосындысы қайталанбас па екен, соны байқап көрейік. Егер ондай қосындылар табылса, онда олардың анықтағыш артикль болғаны. Зерттей келе үш белгіден —; 4 8 таңбасынан тұратын кемінде жеті қосынды таптық. Сонымен; белгісін t әрпі, ал 4 белгісін һ әрпі деп ойлауға қақымыз бар. Сондай-ақ 8 — е әрпі екені өзінен-өзі-ақ дәлелденеді. Сөйтіп, біз маңызды бір қадам жасадық.

Біздің бүтін бір сөзді анықтауымыздың маңызды болатын себебі, мұның өзі басқа да сөздердің шекарасын белгілеуге мүмкіндік береді. Мысалға сондай ақырғы белгілердің алдыңдағы; 4 8 тіркесті алып қарайық. Сонда 8-ден кейінгі; белгісі шамасы келесі сөздің бастапқы әрпі болса керек. Сонан бастап қатарынан алты белгіні жазып аламыз. Соның тек біреуі ғана бізге белгісіз. Енді белгілердің орнына әріптерді жазамыз да белгісіз бір белгінің орнына бос қалдырамыз: t...eeth.

t әрпінен басталатын және өзі алты әріптен тұратын ағылшын тіліндегі бірде-бір сөз th болын аяқталмайды. Әліппедегі барлық әріптерді бірінен соң бірін бос орынға қоя отырып, оны оп-оңай анықтап алуға болады. Ендеше бөгде болғандықтан соңғы екі әріпті алып тастасақ, t ее деген тіркес келіп шығады. Бос орынды толтыру үшін тағы да әріптерге жүгіну керек. Бұл сөздің бірден-бір дұрыс тіркесі: tree (ағаш) болмақ.

Сонымен, біз тағы бір әріпті (, белгісімен жазылған r әрпін біліп алдық, енді: the tree деген екі сөзді қатарынан оқуымызға болады. Мұнан сәл кейініректен біз өзімізге таныс; 4 8 деген тіркесті тағы кездестіреміз. Соны жаңа сөздің шекарасы деп есептеп, әлгі өзіміз анықтаған екі сөзден басталатын бүтін бір үзіндіні жазып аламыз. Сонда бұл тіркес the tree : 4 (#? 3 4 the болып шығады. Анықталған белгілердің орнына әріптерді қойып жазар болсақ: the tree thr #? 3һ the болады екен. Енді беймәлім белгілердің орнына нүкте қоямыз, сонда: the tree thr...h the болды. Ендеше бұл белгісіз тіркестің throvgh (арқылы) деген сөз екенін де еш күмән жоқ. Бұл жаналық бізге криптограммада #? және 3 санымен белгіленген тағы да үш әріпті О, U, Q әріптерін тауып берді.

Криптограммаға зер салып қарасақ, жаңағы сөзге таяу жерден egree деп оқылатын өзімізге таныс 83 (88 белгісін көреміз. Бұл, әрине, алғашқы әрпі жоқ degree (градус) деген сөз. Енді біз d әрпінің + белгісімен бейнеленгенін таптық.

Degree деген сөзден кейін төрт белгіден соң; ; 4 6 (;8 8* белгісін кездестіреміз. Бұрынғыша өзімізге мәлім белгілерді тағы да әріппен ауыстырып, әлі анықталмағандарының орнына нүкте қоямыз; th. rһее.

Бұл тіркестің thirteen (он үш) деген сөз екенінде ешқандай күмән жоқ. Анықталған әріптерге енді криптограммада 6 және * белгісімен бейнеленген і мен п әрпі келіп қосылды. Криптограмма мынадай тіркестермен басталады:

5 3 # +

Бұрынғыша әріптер мен нүктелерді қоя отырып: good деген сөз құрастырамыз. Жетіспейтін әріп а болмақ, демек, алғашқы екі сөзі A good (жақсы) болып оқылады. Бір-бірімен шатастырып алмас үшін белгілерді тізіп, кесте жасаймыз. Ол мынадай:

5 деген белгі а

+ деген белгі d

8 деген белгі е

3 деген белгі g

4 деген белгі һ

6 деген белгі і

* деген белгі n

# деген белгі о

( деген белгі r

; деген белгі t

Ең негізгі он әріптің кілті осында. Енді қалған белгілерді қалай анықтағанымды, тапқанымды айтып жатудың қажеті бола қоймас деп ойлаймын. Мен сізді шифрдың жалпы құрылысымен таныстырдым және оны шешуге болатындығына иландырдым ғой деймін. Қайталап айтамын, әйтсе де бұл криптограмма онша күрделі емес, қарадүрсін ғана. Енді мен сізге жазбаның толық текстін оқып берейін. Оның анықталған түрі міне былай: «Сайтанның орындығындағы епископтың трактирінде жақсы әйнек жиырма бір градус және он минут солтүстік — солтүстік-шығыс жақ негізгі бұтақ жетінші шыбық қу бастың сол көзінен ат ағаштан атқан оқтай елу фут».

— Несі бар,— дедім мен,— жұмбақ сол жұмбақ күйінде қалған. Бұл «епископтың трактирі» «қу бас», «сайтанның орындығы» деген сапырылысқан сандырақты кәдімгі адамның түсінікті тіліне қалай айналдыруға болады?

— Оныңыз рас,— деді Легран,— тіркес бір қарағанда әлі де бытысып жатыр. Бұл жазбаны менің енді мағынасына қарай реттеп жазуыма тура келді.

— Нүктесі мен үтірін орын-орнына қоюға тура келді дейсіз ғой.

— Иә, солай деуге де болар.

— Сонда оны қалай жасадыңыз?

— Шешуін қиындату үшін автор криптограмманы әдейі шұбыртып тізіп жазған болу керек деген ойға келдім. Алдына мұндай мақсат қойған ойының өрісі шамалы адамдар әдетте «шаш алам деп бас алады». Тіркестің мағынасына орай сөз арасы ажырайтын тұста ол әріптерді бұрынғыдан бетер сығылыстыра түседі. Жазбаға зер салып қараңызшы, сіз сондай бес жер бар екенін бірден көресіз. Осы сипатына қарай мен криптограмманың тіркесін бірнеше топқа бөлдім.

«Сайтанның орындығындағы епископтың жақсы әйнек — жиырма бір градус және он үш минут солтүстік — солтүстік шығыс — шығыс жақ негізгі бұтақ жетінші шыбық — қураған бастың сол көзінен ат — ағаштан атқан оқтай елу фут».

— Нүктелер мен үтірлер орын-орнына қойылса да, мағынасы онша айқындала қоймапты.

— Алғашқыда маған да солай болып көрінген-ді,— деді Легран,— Сэлливанов аралымен шектес жерде жұртқа «епископтың трактирі» деген атпен әйгілі болып әлдеқандай бір құрылыс жоқ па екен деп мен басында көрінген жанның бәрінен сұрастырдым. Ешкім ештеңе білмейтін болып шықты да, мен енді өзімнің іздеу салған аймағымның шеңберін кеңейтіп, бұрынғыдан гөрі жүйелі етіп жүргізуге ұйғарған сәтімде, күтпеген жерден, бір күні менің басыма мүмкін «епископтың трактирі» деген сөзді аралдың солтүстігіне таман төрт мильдей жерде ерте заманда усадьбасы болған ескіден келе жатқан Бессоновтар әулетімен байланыстыру керек шығар деген ой сап ете қалды. Мен плантацияға тарттым, сондағы негрлерден, солардың байырғы тұрғындарынан сұрастырдым. Көп сұраудан кейін барып бір өлмелі кемпір «епископтың трактирі» деп аталатын жерді білетінін, оны таба алатынын, бірақ оның ешқандай трактир де, тіпті асхана да емес, биік жартас екенін айтты.

Мен көрсеткен қызметі үшін молырақ ақы төлеуге уәде бердім, ал ол біраз толқып тұрды да, ақыры ертіп баруға келісті Әлгі айтылған жерге дейін онша қиналмай-ақ жеттік. Кемпірді қайтарып жіберіп, өзім айналаны аралап көруге қалдым. «Трактир» — қат-қабат, үйілген қойтастар мен жалаңаш жартастар екен. Оқшау тұрған бір жартас өзгеден биік, әрі қолдан орнатылған құлпы тастай болып көрінді. Мен соның шырқау шыңына шықтым да, одан әрі не істерімді білмей аңырып біраз тұрдым.

Мен солай ойланып тұрғанымда шыңның шығыс жақ еңісінде, мен тұрған тұстан шамамен бір мильдей жерде тілдей тана жақпар жартас бар екені көзіме түсті. Он сегіз дюймдей ғана сыртқа шығып тұрған әлгі жақпар тастың жалпақтығы небәрі — бір футтай. Оның артынша текше бар да, оның өзі кезінде ата-бабаларымыздың үйлерінде болатын арқалығы жатаған ескі креслоға ұқсайды. «Сайтанның орындығы» сол екенін, пергаменттің құпия сырын ашқанымды мен бірден біле қойдым.

«Жақсы әйнек» деген сөз тек дүрбі болуға тиіс,— өйткені теңізшілер «әйнек» деген сөзді әдетте осы мағынада қолданады. Осы арадан дүрбімен қарау керек болатын, әрі қарағанда, жан-жаққа ауытқымайтын алдын-ала белгіленген бір позициядан қарау қажет еді. «Жиырма бір градус және он үш минут» деген сөздер әрине, дүрбімен қаралатын бағытты нұсқайтын. Бұл ашқан жаңалығым жан дүниемді қатты толқытса керек, мен дереу үйге барып дүрбіні алып, «епископтың трактиріне» қайтып келдім.

«Сайтанның орындығына» барып отырған кезде мен бұған бір қалыпта ғана отыруға болатынын аңғардым. Менің болжауым дұрыс болып шықты. Мен дүрбіні көтеріп, көзіме тостым. Оның көлбеу бағыты белгілі — «солтүстік — солтүстік шығыс» болатын. Демек, «жиырма бір градус және он үш минут» көз ұшындағы көкжиектің биіктігін белгілейді. Қалтамдағы компасқа қарап бағдарлап алдым да, дүрбіні шамамен жиырма бір градусқа қойып, жасыл жапырағын айналадағы орманнан асқақтата көтерген алып ағаштың бұтақтарының арасындағы саңылау, яғни ашық жер көзге шалынғанша оны жоғары сүзіп қарай бердім. Ашық жердің орта тұсынан әппақ бірдеңе көрсем де, алғашқыда оның не екенін айқын айыра алмадым. Дүрбіні қайта дәлдеп алдым да, қайта қарадым, сонда барып қана адамның қу басы екенін көрдім.

Ашқан жаңалығым көңілімді жайландырып, мен енді жұмбақтың сыры шешілді деп ойладым. «Басы бұтақ, жетінші тармақ, шығыс жақ» дегеннің, ағаштағы қу басты қайдан іздеу керек екенін нұсқайтыны айдан анық болды, «ал қу бастың сол жақ көзінің ұясынан ат» деген бұйрықтың да бір ғана сыры бар, ол қазынаның қайда жатқанын көрсетеді. Осылай қу бастың сол жақ көзінің ұңғысынан өткізіп алып, былайша айтқанын, ағаштың діңінен бастап өлшеу керек болатын. Шамасы, қазына сол жерге көмілген болуға тиіс.

— Кейбір қиялға сыймайтын қисынсыздығы бола тұрса да,— дедім мен,— айтқаныңыздың бәрі әдеттегідей, артығы жоқ сияқты. Ал, «епископтың трактирінен» шыққан соң не істедіңіз?

— Ағашты жақсылап тұрып белгілеп алып, үйге қайтуға ұйғардым. Сөйтіп, «сайтанның орындығынан» тұрған бойда әлі ағаш бұтақтарының арасында көрінген саңылау бірден жоқ боп кетті: мен кейін, орнымнан тұрған соң іздеп қанша әлектенсем де оны таба алмай қойдым. Ағаш жапырағының арасындағы бұл саңылау қараған адамға (сан мәрте тәжірибе жасап, бұған әбден көзім жетті) тек бір ғана тұстан — әлгі найза шыңның бүйіріндегі тілдей жақпар тас орындыққа отырған кезде ғана көрінеді екен. Жұмбақтың қиындығы да, оны құрастырушының тапқырлығы да, міне, осында еді.

«Епископтың трактиріне» жасалған экспедицияға Юпитер екеуміз бірге бардық, өйткені соңғы кезде менің жүріс-тұрысымнан әдеттегіден тыс оған бірдеңелерді байқаған соң, ол қыр ізімнен қалмайтын болды. Алайда ертеңіне есебін тауып, оның көзіне түспей таңсәріден тұрдым да, өзім белгілеген ағашты іздеп тауып алуға тартып кеттім. Шынында оны мен зорға дегенде тауып алдым. Кешке әбден қалжырап үйге қайтын оралсам, өзіңіз білесіз, Юпитер мені сабамақ болып сойылын дайындап отыр екен. Мұнан кейінгі оқиғаларды айтпай-ақ қойсам да болады. Оларды өзіңіз де білесіз.

— Демек, алғашқыда,— дедім мен,— қу бастың сол көзінің орнына қоңызды оң көзінен өткізген Юпитердің шалағайлығынан қателестіңіз ғой деймін.

— Әрине! Рас «атыстың» ауытқуы, яғни ағаш түбіне қағылған қаданың ауытқуы екі жарым дюймнен асқан жоқ, әйтсе де, егер қазына ағаш түбіне көмілсе, онда бұл ауытқу ештеңе етпес еді. Бірақ «атыс» арқылы ағаш діңінен тартылатын сызықтың бағыты ғана белгіленетін. Сондықтан ағаштан қашықтаған сайын ауытқу алшақтай береді де, мен одан елу фут ұзағанымда — қазына бір бүйірде қалып қойды. Егер сол араға қазынаның көмілгендігіне мен кәміл сенбеген болсам, онда біздің еңбегіміз де зая кетер еді.

— Қу бастың сол көзінің үңірейген ұясынан оқ өткізу жөніндегі қисынсыз бірдеңені Киддтің ойына түсірген де сол қарақшылардың жалауы болмады ма екен? Қазынаны қарақшылардың қасірет сепкен қаһарлы эмблемасы арқылы қайтаруда өзіндік сыр жатқан сияқты.

— Мүмкін сіздің айтқаныңыз да жөн болар, бірақ меніңше, істің практикалық мәні де оның поэзиялық қиял жағынан кем болмаған тәрізді. «Сайтанның орындығынан» ағаш бұтағындағы затты, егер ол зат тек ақ болғанда ғана байқауға болады. Ал бұл арада қу бастан қолайлы не бар? Қу бас жаңбыр жауып, дауыл соқса да қараймайды, қайта қурап ағара түседі...

— Ал сіздің лепірме сөздеріңіз бен қоңызды жіпке тағып алып айналдырғаныңызды қалай түсінуге болады? Бұл қандай қалжың? Мен сізді шынымен есінен ауысқан шығар деп ойлаған едім. Не себептен қу бастың көзінің ұясынан оқ орнына қоңызды өткізуді ұйғардыңыз?

— Жарайды, жасыратын несі бар! Есімнің дұрыс еместігі жөніндегі сіздің ишаратыңыз шынымен ызамды келтірді де мен де өзімше осындай бір қиястық жасауға ұйғардым. Алдыңда қолымдағы жіп ұшына байланған қоңызды әлде қалай айналдырып көрдім де, артынан соны осы ағаштан салбыратса қайтеді деп ойладым. Айтпақшы, оны оқтың орнына қолдану жөніндегі ой маған сіз қоңыздың керемет ауырлығын айтқаннан кейін ғана келді.

— Енді бәрі түсінікті болды. Тағы бір сұраққа жауап беріңізші. Біз шұңқырдан көрген адамдардың сүйектері қайдан пайда болған?

— Ол жөнінде менің сізден артық білерім шамалы. Бұл арада шамасы, бір ғана болжау жасауға болатын сияқты, оның өзі де асқан қаталдықтың куәсі болар. Әрине, Кидд — егер бұл қазынаны сол көмген болса, ал оның көмгендігіне өз басым күмәнданбаймын — бұл жұмысты көмекшісіз істей алмайды. Жұмыс аяқталып, көмекшілері шұңқырды көме бастаған кезде, ол басы артық куәнің қажеті жоқ деп ұйғарса керек. Меніңше, ол үшін, сом темірдің екі-үш

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Эдгар По Алтын қоңыз туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Эдгар По Алтын қоңыз на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]