Әңгіме: Әбіш Кекілбаев | Автомобиль
Сен ылғи шалғай қиырларға, алыс сапaрларға аттанушы ең. Сондай бір айлап-жылдап жүретін ұзақ рейстен әлі оралмай қойғаның.
Сен біздің ауылда бұрын-соңды ешкім ата кәсіп ете қоймаған жаңа өнерге бірінші боп бет бұрғандардың бірі едің - Құландар жортқан құба түзге талай-талай соны соқпақты өзің салдың. Талайларды алыс жолдарға, сәт сапарларға өзің аттандырдың. Міні әлі күнге ұлығат шеруден қалдырмай ілестіріп келе жатқан осы сапарыма арқамнан қағып, аттандырып салған өзің едің.. Сол сапар ақым, досқарызым өтелген жоқ, енді өтелмекші де емес...
Сенің атың Қобылан еді. О баста Қобыландыдай батыр болсын деп қойылған шығар.Сенің өн бойыңда, шынында да батырларға тән молдық, ерлік бар еді. Сол дархан молдығың мен кеңдігіңнен де бейбіт заманда бейуақ, опат болдың. Ақ түтек боранда бала кезден бауыр басқан рулін ғана басыңды сүйеді.
Өзіңді енді қайтып көрмес, құшақтаспас мәңгілік ғайыпқа қимайтын өз көңіліме жұбаныш болсын деп жазылғам өзің мен әріптес достарыңның сонау ақ желең жинақтары туралы осынау шағын хикаяны аяулы аға, дос, Қобылан, шофер Қобылан Зоранов, саған бағыштадым.
Aвтор.
Это как выпущенный бег, знающий свой путь...
Ригведа, Гимн Варуне
Мы живем впервые...
Юрий Олеша.
I
Орталық түгілі көрші қойшы ауылдардың өзіне артық аяқ бастырмайтын Көксұр Елеместі сол күні қандай түлен түрткеніне Жақан көпке дейін түсіне алмай қойды.
Ертеңгісін жылқыны шолып қайтайын деп ат ерттеп жатыр еді. Түйе жүн шекпенін желең жамылып үйден Елемес шыға келгені. Жаяу жүрсе әдеті — алты ай төсек тартып, аурудан жаңа тұрған кісідей өз аяғын өзі көтере алмай ілбиді де қалады. Езуінде со үйреншікті күлкісі. Алғашында әрдайым ұяла жымиып жүретін осы бір биязы мінез аққұба кісіні жұрттың неге Көксұр Елемес атап кеткеніне қатты таңғалатын. Кейін білді — ол әкесі өліп отырсын мейлі, қабағын бір шытпай, жымиып тұра береді екен. Таң атпай жатып ізін қуа, ілесе шығуы тіпті де тегін емес.
Қасына кеп, бұралып кеткен таралғысын түзетті. Шара көз шабдар айғырдың делдиген танауынан сескенгендей, аяғының ұшынан басып, арғы қапталына өтті.
— Дүкенге соғып қайтқым келіп жүр деп пе ең осы?
— Иә, шалбарым тозып...
— Ендеше, бүгін Шайхатқа Теңбілкөкті апарып бер. Жақанның көзі адырайып кетті. Мұндай сылтау табылғанда тап беріп тайып тұрып, бір апта бойы қарасын көрсетпей қоятын бас жылқышының бұнысы қалай... Қалжыңдап тұрғаннан сау ма?! Жоқ, жымиған күйі жауап тосып, аузына қарайды.
— Жақан жауабым міне дегендей жалма-жан үзеңгіге жармасты.
— Жә, қапылма. Әуелі шайыңды ішіп ал.
Елемес иығындағы шекпенінің еңірін бір тартып, үйге беттеді. Соңынан Жақан да ерді.
Торғынның қалампыр араластырып демдейтін исі бұрқыраған күрең бұйра шайына күнде қана қоймаушы еді, бұ жолы құтылғанша асығып отыр. Елемес әлгі сөзінен айнып қалмай тұрғанда бұл маңайдан қарасын өшірмек.
Дастарқан жиналғанын күтпей атына мінді. Үйірге қосылмайтын мініскер аттар ауылдың иек тұсында ажырықты ойда жататын. Теңбілкөк бір шетте жалғыз жайылып жүр екен. Қашқақтаған жоқ. Арқасына терлік салғанда да көзін ашып-жұмып тырп етпей тұра берді.
Жарықтық жылқы деп, міне, Теңбілкөкті айт. Ертоқымын алғанда жабы құрсақ сиықсыз көрінгенмен, басына жүген тиюі мұң — құлпырып кетеді, үзеңгіге аяғың іліккенше тызақтап зорға тұрады. Тұлпар аруағы ұстағандай құлағын қайшылап, жалы күдірейіп шыға келеді.
Әп, бәрекелді... Ерге қонып үлгергенше, есік пен төрдей жерге бір-ақ ытқығаны.
Шайхат басқарма да осынысына бола жақсы көрмейді дейсің бе...
— Ауданға бюроға барғанда кеңседен жұрттың ең соңынан шықсам да, көрмеден бәрінен бұрын аттанамын. Біздің Теңбілкөк жалды жайып тастап, мойынды созып жіберіп, тайпалтып тартып бергенде, басқа аттар шортанның қасындағы шабақтай боп қалады, тәйірі!— деп мақтанып отырғанын бір-екі жерде естігені бар...
Шіркін, басқармалар... Жанның бабын білмесейші! Теңбілкөкке мінген кісі қайықпен жүзіп келе жатқандай екен ғой. Жан-жағы шалқар көлге айналып шалқып қоя бергенін қарасайшы. Көзіңнің алдында шыр көбелек айналып, құлдырап бара жатқан нәрселердің не екенін, қапелімде, аңғара алар да емессің. Дүниенің бәрі теңселіп, тербеліп, билеп жөнелгені.
Бәсе... Шайхат басқарманың ылғи лақылдай күліп, аңқылдай сөйлейтіні бар еді-ау. Мынандай ат мінген адам көңілді болмағанда кім көңілді болады. Қараптан қарап-ақ кеудеңе бір желік бітеді екен. Салақ үйдің дастарқанындай сатпақтанып жататын жұтаң дала.
Теңбілкөктің тақымы қыза қыз тіккен кестедей құлпырып сала беріпті.
Осы жұрт та қызық қой. Шайхатты паң дейді, тәкаппар дейді. Түскен үйдің көрпе-төсегі мен дастарқанына қарап, қаралай тыжырынатын кірпияз дейді. Әлі күнге қырмызыдай құбылып, ажары тая қоймаған жайнақ көз Торғынды айттыра барып отырып, жел жағымнан алаша қағып, үстіме шаң тигізді деп безіп кетіпті дейді. Теңбілкөктей атқа мінген кісіге бопса жүрер ме! Адам түгілі далиып жатқан даланың өзіне көзің жөндеп түспей, шікірейіп келе жатқаның мынау...
Басқарма мақтаулы атына өзінен басқа ешкімді жолатпайтын. Тек Көксұр Елемес қана анда-санда көлденең көзге көрсетпей қайын-жұртына Теңбілкөкпен барып қайтатын. Сол екеуінен басқа екі аяқтыда бұл жануарға тақымы тиіп отырған Жақанның өзі. Шайхат, сірә, Шайхат. Анау-мынау кісіге басқармалық қайда! Көксұр Елемес те тап жерде қала қояр неме емес. Талай көздің сұғын сарыққан Торғын сұлу ақыр айналып соған бұйырды. Осы ауылда қызылды-жасылды күйлі үй де соныкі. Не де болса, Теңбілкөкке тегін кісі тақым салмайды. Соған қарағанда, Шайхат пен Елеместі осынша қарық қылған қолы ашық құдай Жақанды да тап құр алақан тастар дейсің бе?
Шіркін, Теңбілкек! Басыбайлы бұйырса ғой. Онда анау Шайхатқа ұқсап бұ да атына көлеңдетіп ақ жабу жабар еді. Почта бастық Нұркенге ұқсап, басына қақырайған ақ картұз, үстіне шақырайған ақ китель, ақ шалбар киер еді. Сүт бетінде қаймақ боп шекелей қарап жүрер еді. Тек қызы сұлу үйлерге ғана түсер еді. Қақ төрде күрпілдек құс мамықтың үстінде шалқасынан түсіп, уық санап жатар еді. Аузында ақ құйрық папирос, қолында көлдей газет, амандық-саулық сұраған адамға еріннің ұшымен ғана жауап берер еді.
— ...Понимаешь...
— ...Тойыс...
— ...Слушай...
Алда-жалда сөзіне түсінбеген миғұла біреу кез боп жатса:
— Ту, шорту!— деп шоршып кетер еді. Сөйткен сайын жұрт айран-асыр қалар еді.
— Пәлі, мынау қу жетімек ортан қолдай азамат бопты ғой. Тфә, тфә, тіл аузымыз тасқа!— дер еді біреулері.
— Пәтшу, мына жаманның жанына торсық байлатпай тулауын-ай!— дер еді екіншілері.
Алдыңғылары әкеден соғыста айырылып, шешеден жастай қалып, аты келді жамағайынның қолындағы жетімге жаны ашитындар. Кейінгілері кешегі жалпақ бет, жалаң бұт неменің ат мініп, ел қатарына қосылғанын көре алмайтындар. Көре алмаса, көздеріне теріскен шықсын. Оларға бола айылын жияр Жақан жоқ.
Сонда Жақан бұл ауылда кімнің үйіне жиі түсер еді. Әрине, Көксұр Елеместікіне. Өйткені, бұл ауылға Жамалдан асқан қыз бітіп пе! Маңдайы қандай жап-жазық. Қашан көрсең де қабақ шытпайды. Момақан мойыл көзі ылғи бір жып-жылы нұр шашып жәудірей қарап тұрғаны. Қыр мұрны, дөңгелек жүзі, бұлтиған етті ерні бәр-бәрі Торғыннан аумаған. Білектей-білектей қос бұрымы өкшесіне тиеді. Екі беті бал-бұл жанып шай құйып отырғанын көргенде, ішіне қып-қызыл шоқтың қалай түсіп кеткенін өзің де білмей қаласың.
Кейінгі кезде осы ауылдың шаш қойған азаматтарының аттары ылғи аяғына жем түскіш бопты. Көлік ауыстырайық деп едік деп сықсиып жетіп кеп тұрғандары. Өкіл боп соғып қона жатып кететін көк иектер де шайкөйлек, шоңқайма етік, зерлі көкірекше киіп, бұралып кіріп, бұралып шығып жүрген сұлу бойжеткенге әукелері салбыраған жуан мойындарын зорға бұрып қарағыштай береді. Жақан оларға ішінен күліп отырады. Сабаздардың суға қанбайтын жаман жабының бүйіріндей шеңбірек атып кеткен қарындарына ие бола алмай жүріп, дәмелерін көрмейсің бе! Ал, әлгі Нүркен келгенде де неге екені белгісіз, шоққа түскен көн шоқайдай тырысады да қалады. Жақанды көргенде, ол да сөйтеді. Соның-ақ аты жауырғыш. Соның-ақ аты зорыққыш. Қызы бар ауылға тілі салақтап, күнде шауып барып тұратын есірікке ат шыдай ма! Кісімсініп, Шайхат шығатын, өкілдер шығатын шаршы төрге шалқасынан түсіп шалжиып жатады да қояды. Аузында ақ құйрық папирос, қолында көлдей газет. Кісіге көзі түспейді. Тек есіктен Жамал кіргенде ғана қайын атасы кіріп келе жатқандай басын жұлып ап, күлімдеп қоя береді. Әншейінде ешкімге езу тартпайтын Жамал да оған тісін ақситып жымия қарайды. Сосын Нұркен кімді көзіне ілсін! Жақанмен сөйлескенде ыңыранып, кергіп бітеді. Екі сөзінің бірі: «понимаешь», екі сөзінің бірі «знаешь». Дүниедегі бар кереметті бір өзі біліп, бір өзі түсініп қойғандай.
— Шорту, сенің осы жасың нешеде?— дегені бірде жұлып алғандай ғып.
Жақан жауап берді. Бірақ онда мұны неге сұрағанына мән берген жоқ еді. Оған кейін әлгі «өтелші» Өтемағанбеттің баласымен сөйлескенде барып түсінді.
Көксұр Елеместің үйі кірсе шыққысыз. Керегенің бәрінде масаты кілем. Көрпе-жастықтардың тысы түгел атлас. Кербез Торғын желі басына шайы көйлек киіп барып бие сауады. Оның бәрі әлгі «өтелші» Өтемағанбеттің арқасы. Соған қарап, Жақан әуелі асыл мата, қымбат жиһаздарды орысша «өтел» дейді екен деп ойлаушы еді. Сөйтсе, тәйір алғыр, қайдағы бір құрым киіз, сүйек-саяқ, қыл-қыбырдың аты боп шықты?
Өтемағанбет арбасын салдыратып келеді де, жұртқа айна, тарақ, тебен ине үлестіріп, күл басында шашылып жатқан қоқыр-соқырды тау-тау қып тиеп әкетеді. Ауданға баратын қара жолдан әлдеқайда бұру отыратын жалғыз үй жылқышы ауылдан өтел жинап қанша қарық болатынын кім білсін, әйтеуір келген сайын ерінбей-жалықпай бір соғып кетеді.
Ол күні Көксұр Елемес екеуі көлдей дастарқанды таң атқанша жинатпай қызара бөртіп отырғандары. Майы шылқыған қызыл қуырдақты қасық-қасық асап, қарқ-қарқ күлетін Өтемағанбет те, езуін сәл жиырып, үн-түнсіз бас изей беретін Елемес. Ортадағы көк ала шынының сауабын Өтемағанбет бір өзі алады. Елемес тентек су, темекі, қарта жағына сұпы. Әсіресе бөтелкені көрсе, бөркі теріс айналып кетеді. Ана бір жылдары асқазаным ауырады дейтін еді, осы күні қит етсе жүрегін ұстайды.
Жалғыз келіп, жалғыз ішіп, жалғыз сөйлеп «жел таратып» кететін Өтемағанбет кейінгі бір жолы жігіт боп қалған баласын ертіп келді. «Жұрттың ішіне киімшең кіріп-шыға береміз»,— деп мақтанатын су жұқпас Өтемағанбеттің баласы Оразмағанбет әңгүдіктеу көрінді. Жүріс-тұрысы түгілі сөйлеген сөзінің өзі келі түйгендей дүңқ-дүңқ етеді.
Әкесінен төмен жайғасқан дүрдік ерін қара жігіт дастарқан жайылар-жайылмаста келсаптай-келсаптай екі борбайды шай құйып отырған бойжеткеннің ту сыртынан босағаға қарай созып тастап, қолтығындағы құс жастықты өші бардай умаждап, қисая кеткені. Әрі аунақшыды, бері аунақшыды, дастарқан жиылар-жиылмаста елден бұрын атып тұрды. Есікке қарай кетіп бара жатқан бұны иығынан түртті.
Екеуі ауылдың желкесіндегі жүлгеге беттеп келеді.
— Мына жылқышы туғаның ба?
— Жоқ.
— Сонда кімің?
— Әкемнің өкіл баласы.
— Өкіл баласы?
Кеңсірігі жарылып кетердей өрескелдеу осқырынып қойды.
— Өз әке-шешең бар ма?
— Жоқ.
Бұл жолы әлгіндей осқырынбады.
— Қалай, қызын айттырушылар көп пе?
Жақан аңтарылып оның бетіне қарады. Ол қиығы қып-қызыл бітік көзін жыртып ашып, бұның бетіне сығырайды.
— Қырындайтындар ше?
Жақан үндемеді.
— Түсінбей тұрғаннан саусың ба?— деді Оразмағанбет.
— Түнде үйіне түйе боп сүйкеніп, шешесі сыртқа атып шыққанда, жып беріп қыз қойнына кіріп кететін жылмаңтөстерді айтам.
Жақан сол иығын бір бүлк еткізіп теріс айналды. Оразмағанбет тісін ақситты.
— Ал, өз жасың қаншада?
— Он сегізден он тоғызға қарап тұрмын.
— Смәтри!
Қонақ жігіттің жүндес қабағы тікірейіп кетті.
Жақан екі иығын бірдей қиқаңдатып аң-таң Оразмағанбеттің оған риза болғаны, жоқ өзіне риза болғаны белгісіз, кеңк-кеңк күліп, анадай жердегі жалғыз түп шиге барып, теріс қарап талтайып тұрды. Бір уақытта осы ауылдағы жарапазаншы Жанақ шалдың қара есегіне ұқсап, белін қайқайтып, шіреніп, сілкініп-сілкініп алды.
Қайтып келе жатып, бұның бетіне қайта-қайта қарап қойып, ыржалаңдай берді. Жақан әлгі әңгімеге сонда барып түсінді. Біразға дейін Жамалды көрсе, беті ду қызарып кететінді шығарды.
Сөйтсе, сипаншақ Нүркен де, әумесер Оразмағанбет те Жамалды бұдан қызғанады екен.
Әуелгі кезде Жақан бұл әңгімеге жыларман боп қиналды. Артынан қараптан-қарап күлетін болды. Бұрынғыдай емес, жылқы қарап қайтып келе жатқанда үй алдында көйлегі көлбеңдеп шай құйып жүрген Жамалды көргенде неге екені белгісіз маңайы бір түрлі бұлдырап жүре береді...
Жақанның көз алдына үсті-басына шытырадай ақ киіп, Теңбілкөкке мініп көлденеңдеп жүрген өзі келді. Онда, шіркін... Торғын шашбауы сылдырап, сықырлауық есікті өзі ашып қарсы алар еді-ау. Көксұр Елемес аузына қарап, қай жағынан шығып қаламыз деп, қас-қабағын бағып отырар еді. Тіпті екі құлағы едірейіп кірген-шыққанға суық көзімен ата қарап жататын жалбыр құлақ сұр мойнақ төбет екеш аяғына оратылып, құйрығын бұлғаңдатып жәреукеленіп бақпас па еді!
Бәрін айт та, бірін айт, шай құйып отырған Жамалдың Нүркенге қарағандағысындай, шыны аяқты беріп жатып көзінің астымен байқалар-байқалмас қып бір жымиғанын айтсаңшы. Әй, бірақ, өйтіп, өліп-өшіп, сары майдай сылқып отырған сұлу қыз ерні тілік-тілік, беті жалақ-жалақ, жарғақ құлақ Жақанды қайтушы еді. Нүркен интернаттың қатырлақ қара нанының арқасында аудан орталығындағы орта мектепті тауысты. Жоғары қалаларға барып оқуға, қысы-жазы аурудан шықпайтын жалғыз шешесін тастай алмай, ауыларалық почта бөлімшесіне бастық боп қалды.
Елемес айтады — бұл ауылдағы ең білімді адам сол Нүркен. Хатшысының жазып берген қағазына айдақ-сайдақ ай шаңбақ салып, былш еткізіп мөр басып беретін ауыл совет бастығы Батырбек түгілі, әскерде командир болдым дейтін Шайхаттың әзі саяси сауаты жағынан Нүркеннің қасында жіп есе алмайтын көрінеді. Елемес бұрын: «Біздің ауылда Вышинский жолдастың Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзін дұрыстап түсіндіріп бере алатын осы почта бастық бала дейді. Анада ауданнан келген уәкілдің өз аузынан естідім. Пақыр тек жансыз-жақсыз жетім. Әйтпесе...»— деп басын шайқап қоятын. Қызы естісін дей ме, таңдайын қайта-қайта тақылдататын. Былтырғы жиналыстан бері онысын сиретті. Жиналыстан келген күні ғана: «Нүркен сөйледі. Қатырып сөйледі. Бірақ тым қызылға ұрынды. Бастықтар жиналыс үстінде ештеңе демегенмен, артынан есебін табады ғой, Ай, есіл сауат-ай... Өстіп, жоқ жерде қызбаланып, өз бағын өзі байлайды-ау»,— деп көп қынжылған. Біраздан бері Елемес Нүркенді аузына алған емес.
Ол ала қағаздың соңына әкесінің кегі кеткендей түскен Нүркеннің өзін әлгіндей қылғанда, он алтыға жеткенше өңкиіп партада отырып, алтыншы класты тауыса алмай қойған қауақ бас Жақанды қай ауруына дәрі қылсын...
Мектептегі кезі есіне түскенде әлі күнге күлкісі келеді. Ең арттағы партада бұл отырады. Серейген аяқ-қолы шамалы жерге сыймайды. Қозғалса болды, желімі көшіп, таспасы кетіп тұрған шиқылдақ парта сыңсып қоя береді. Содан сескеніп, тырп ете алмай, тым-тырс отырғаны. Мұғалімнің айтқан әңгімесінің көбі көңіліне қона бермейді. Өңшең бір кішкентай балаларды алдарқататын өтірік әңгіме сияқтанады да тұрады. Бір күні облыс орталығында оқытушылық оқу тауысқан бұдан бір жас үлкен, бұйра шаш тұштақай қараның тақпақтап айтып бергені құлағына жаққандай болды. Ертеңіне сабақ сұрағанда, бүкіл кластың аузын аңқитып Жақан қол көтерсін. Мұғалім бас изеді.
— «Емен мен шілік»— деді ол орнынан атып тұрып, бұйра шаш мұғалімнің өзіне ұқсап, тамағын бір кенеп қойып.— Ерте, ерте, ертеде, ешкі құйырығы келтеде төбесі көкке жеткен бір Бәйтерек пен жел тұрмай қалтырап-дірілдеген бір жаман сілті бас Шілік бопты. Содан бір күні Бәйтерек жарықтық аузы қышып: «Осы сенің не тұрысың? Қасыңнан қотыр лақ өтсе де бүгежектей қаласың. Ешкі түгілі түйе сүйкенсе де мыңқ етпейтін өзіміздей болмайсың ба»,— депті Шілікке. Шілік те бір шеке тамыры бадырайған дәукес пәле екен. «Ондай мықтылығыңды жел тұрғанда көрерміз»,— депті. Содан Каспий теңізінің ар жағынан, Қап тауының бер жағынан құдай көрсетпесін, бір қара дауыл көтеріліпті дейсің. Қай уақытта да мықты алдымен мықтыға жармасады ғой. Келіпті де, көк тіреп тұрған Бәйтеректі алып ұрыпты. Ал онсыз да аяғына жығылып иіліп-бүгіліп тұратын Шілік сол баяғы бүгежегіне басып аман қалыпты. Артынан әлгі зәнталақ сұлап жатқан Бәйтеректің басын тепкілеп: «Кімнің мықты екенін көрдің бе?»— депті. «Құдыққа құлан құласа, құрбақа ойнар басына» деген осы ғой.
Балалар ду-ду. Бұйра шаш мұғалім бұның бетіне тесіле қалған...
— Бұл мысалды кім шығарған?
— Кім дейсің, кәриялардың бірі шығар.
Енді мұғалімнің өзі де күліп жіберді. Балалар қыран-топан. Тек Қосжан ғана сазарып алған. Мектептегі ең озат оқушы. Сонысын бұлдай ма, барлық балаларға бастық. Сабақ үстінде күлмейді, үзіліс кезінде ойнамайды. Директор ағайға ұқсап түйіледі де жүреді.
Мұғалім оған:
Кәне, Қосжан, сен айтшы, деді.
Бұл мысалды жазған ұлы орыс ақыны Иван Андреевич Крылов,— деді Қосжан орнынан атып тұрып.
Кейін кітаптан суретін көріп еді — сақал-мұрт қоймағаны болмаса, Крыловтың да тап онша уылжып тұрғаны шамалы екен.
Күмірә болғыр балалардың аузын ашса, шек-сілелері қата қалатындарына ыза боп, үзіліске шығып келе жатқанда кезекші:
— Сені директор шақырып жатыр,— дегені.
Келсе, директордың алдында сабақ білмейтін баладай именшектеген біреу отыр. Аузынан сөзі түсіп, ыңырсып сөйлейді. Қапелімде бұл оның не айтып отырғанын да жөндеп түсінген жоқ. Әйтеуір өзін іздеп келіп отырған адам екенін аңғарды. Бұның әкеден бір, шешеден екі айырылып, жетім қалғанын білетінін жобалады. Бұл нашар оқитын балалардың білмейтінін, түсінбейтінін жасырып, сыр бермеуге тырысып бағатын әдетіне басып, директордың бар сұрағына да ауыз ашпай бас изеп бақты. Қоңырау әлдеқашан болып кетті, бұлар әлі отыр. Бір уақытта директор: «Ендеше амал қайсы?»— дегендей қолын жайды. Бейтаныс адам орнынан тұрды. Бұны соңына ілестіріп сыртқа шықты. Мектептің отын қоймасының көлеңкесіне байлаған атына келді.
Атына мінгестіріп, ауыл орталығынан бір көш жерге ұзай бере.
— Бала, оқып бәрібір прәпесір болмайтыныңа көзің жеткен шығар?— деді. Даусы манағы директордың алдындағыдай емес, ширақ естіледі. Бұл басын изеді. Көзі жетпегенде ше.
— Бұл ауылда менен жақын ешкімің жоқ. Әкең марқұм теңіз асып келген кірме еді. Менің әкеммен көжетамырлығы бар-тын. Баяғыда Текенің базарында танысыпты. Сүйек шатыс болайық деп мені өзіне өкіл бала еткен. Анаң байғұс біз қырда жүргенде қайтыс бопты. Жер аяғы қашық. Тұсында келе алмадық. Биыл басқарма қырға көшірмей, ойға қалдырды. Енді сені қайтып жалғыз тентіретіп қояйын. Түсінетін шығарсың?
Бұл басын изеді. Түсінбегенде ше...
— Қолыма алып, қолқанат етем. Азамат қып шығарам. Аман болса, келін алып беріп, бөлек үй етем.
Бұл арада бас изеуге ұялды. Бірақ ол әңгімені де іші теріс көрмейтін сияқты.
Содан бері жылқы соңында. Жылы үй, дәмді дастарқанның басында. Одан артықты аңсап жүрген Жақан, сірә, жоқ. Тек кейде Нүркендердің кісімсініп кекірейе қарайтынына жыны келеді. Нүркен — Нүркен ғой. Елемес айтпақшы, «оқыған итке дауа бар ма!» Әлгі анда-санда астанадағы тұғырларын ауыстырып әкететін жалба тымақ қойшылардың:
— Әй, бала, Елемеспен келіскем, маған ат ұстап бер!— деп діңкілдейтіндерін айтсаңшы. Біреуді біреуге дікеңдетіп қойған дүние-ай. Азынаған ата айғырлардың сәуріктерге, сәуріктердің арқасы жауыр қыршаңқыларға, арқасы жауыр қыршаңқылардың құнан-дөнендерге, құнан-дөнендердің оңтайына келген тай-құлындарға шелтеңдеп азу ала жүгіретіндерін бұрын төрт аяқты жылқыдан көріп, зығырданы қайнаушы еді, енді соны адамдардан да аңғара бастады. Түзде біреудің өзіне әкіреңдегенін көріп келген әке үйіне келіп әйеліне әкіреңдейді, әйелі балаларына әкіреңдейді, ал кішкентай балалардың өзі
ойыншығы мен қозы-лаққа қолын шошаңдатып, зекіріп жатқаны. Әйтеуір, өңшең бірімен-бірі иық салыстырып, бой таластырып баққан бір дүние.
Сол дүниеде әзірге ешкімге әкіреңдемейтін тек осы Жақанның өзі ғана сияқты. Оның да кейде «қайтқа» көнбейтін желқуық мақұлықтарды шара көз шабдар айғырмен қуып жетіп, басқа-көзге қарамай төпеп-төпеп алатыны бар.
Ондайын бірде Елемес көріп қалды. Жымиып тұр екен, қасына келді.
— Бала, қаһарыңды сонша төгіп қайтесің. Төрт аяқтыда есесі кеткен екі аяқты жоқ. Екі аяқтыларға есеңді жібермесең болар. Жә, оны қойшы, деп, көрші колхоздың жылқы жоғалтқан хабарын айтып кетті.
Жақан бас жылқышының миға кіретіндей бірдеңені бастап келе жатып, әңгіме аяғын суға тастап, аяқтамай бұрып әкететін әдетін кейінгі кезде байқап жүр.
Бірақ, кейбір сөзін әлсін-әлі қайталап қояды. Сондай көп қайталанатын сөзінің бірі: «Есіл сауат-ай!» Дүкен ұстап тұрған біреу-міреу борыштанып қалса да, қолында билігі бар біреу-міреу қызметінен түсіп қалса да, қолынан көп ештеңе келе қоймайтыны құдайға да, адамға да аян, бірақ хат танитын кейбір можантопайға билік тисе де, Елеместің аузынан шығар «жәрәкімалласы» әлгі.
Оны айтқанда жылмиған жүзінің жылтыры сүртіліп, ылғи күлімдеп тұрған көзінің ұшқыны қашып, ортадан жоғары бойы бар көкіректі кісі, қапелімде, бір тұтам боп бүрісіп кеткендей көрінетін бұған. Солай сәл-пәл отырды да, кенет жадырап:
— Жә, оны қойшы,— деп суып қалған шай аяғын Торғынға ұстата берер-ді. Бірақ, аққұба жүзіндегі үйреншікті уыт көпке дейін қайта тіріле қоймайтын.
Соған қарағанда Елеместің «есіл сауат-ай» деп тіс қайрауы тегін емес тәрізді. Есіл сауатты қайтетінін Елемес өзі білсін. Ал бұның ұққаны ол жоқ жерде, әлгі бір ақ шатыра киіп, Теңбілкөкке мініп, көлбеңдеп жүрсем-ау дейтін дәмесі әншейін мәңгінің қиялы екен.
Сол ойына түсуі-ақ мұң, манадан бері сұлу қыздың көйлегіндей қызылды-жасыл шұбартып жатқан төңірек безер әйелдің бетіндей бедірейіп сала береді. Әлгінде ғана сағым шалып бәйтеректей сорайып-сорайып тұрған көп қарайған жер тістеген итсигектер болып шықты.
Жан-жағына көз тоқтатып енді қарады. Теңбілкөк пен кеп ұзамай қоштасады екен.
Зорыққан керуендей бір-бірімен құйрық тістесіп сұлай жығылған қара шоқылардың етегінде тарыдай шашырап колхоз орталығы көрінеді. Теңбілкөкпен сол арада қош айтысады. Сосын басқарманың тақымынан түскен атқа мініп, айдаладағы жалғыз үй жылқышы ауылға қайтады.
— Е, бала, келіп қалдың ба?— дейді Көксұр Елемес бір жымиып қойып. Сосын сол баяғы...
Әлгі бір ақ шытыра киініп, ақ құйрық папирос тартқан сылқым Жақан лезде ғайып боп, көз алдына кең танау, шара көз шабдар айғырдың үстінде жапаттайы жапырайып далдаң-далбаң шауып бара жатқан жалақ ауыз Жақан елестеді.
II
— Е, бала, келіп қалдың ба?
Әлекей-күлекей алты қанат үйдің төрінде Шайхат шай сораптап отыр. Ту сыртында үйелмелі-сүйелмелі төрт ұл, екі қыз қызыл күрең патефонға үймелей қапты.
Шыр көбелек айналып жатқан күйтабақ қылқ-қылқ әндетеді. «Жастарым, жайна-ау, бұлбұлдай сайра-ау, адымда алға-ау...» Күй табақтың арғы беті: «Паровоз арқыра, жарқыра, зуылда, қарышта...»
Жақанның талай тыңдаған әні. Бұл ауылда бірінші боп патефон сатып алған осы үй. Шайхат ауданнан ала қоржынға салып әкелген олжасын алдымен ауыл балаларына көрсеткен. Жиып ап ән тыңдаттырған. Онда Жақан оқуда-тын. Балалардың артынан мойны сорайып ол да тұрған. Ересектер де ерінбей-жалықпай үйді қоршап алған.
Шайхат жылтырақ темір құлақты шіренте бұрайды да, баланың жұдырығындай темірдің астындағы инені шыр көбелек айналып жатқан жылтыр қара дөңгелектің шетіне апарып тигізе қояды. Боқтампаз қауыншы Қалидың даусындай бір жарқыншақ дауыс әндетіп қоя береді. Балалар мынау әнші шал қайда тығылып отыр екен деп, жата қалып сығалайды, ештеңе көрінбейді.
Шайхат мұртының оң жақ ұшын ширатып құс жастыққа қисайып жатыр. Жақан әр жерде көріп жүр. Басқарма бірдеңеге қатты риза боп, рахаттанғанда мұртының оң жақ қияғын ширатады. Ал бір нәрсеге ренжіп, қатты қапаланғанда сол жақ қияғын ширататын-ды. Қазір де көзін манаурай жұмып әнге елітіп қалыпты. Айналдырған екі күй табақ, біреуі еркек дауыс та, екіншісі әйел дауыс. Басқарманың үлкен баласы бұларға солай деп түсіндірген. Әйел дауысты күй табақтың бір беті —«Ақ тамақ», екінші беті —«Айгөлек».
Әйел дауысты күй табақты ойнатқанда үй сыртында тұрған еркектер бір гу ете қалған-ды.
— Па, шіркін!
— Мына біреу сенің қатының құсаған жұлқынған неме екен!
— Пәтшу, ол найсапқа барқылдап бала қарғаған болмаса, әншілік қайда?
Айналдырған екі күй табақты қырық қайтара ойнатса да, құмарларынан шықпайды. Ол екеуінің төрт әнін бүкіл ауыл жатқа біледі. Ақсақалдар жағы: «Осы найсап дәретке шыға ма екен, сірә?»— деп қалжыңдайтын етікші Есбайдың өзі басқарманың үйі жақтан желге ілесіп жетіп жатқан әнге елігіп, езуіне бір-екі шегені қыстырып ап: «Айгөлек-ау, айгөлек, айдың жүзі дөңгелек»,— деп балғасын тық-тық ұрып қоятын. Оны естігенде қазан-аяқ жақта шүйке созып отырған еңгезердей сары кемпір бойы қобдиынан зорға асып, балға тықылдатып отырған жұдырықтай қара шалға ажырая бір қарайтын.
— Кел, кел! Шайға отыр,— деді Шайхат қымсынып босағада тұрып қалған Жақанға.
Жақан дастарқан шетіне тізе бүге беріп, төр жаққа көз тастап еді. Қақ төрде ілулі тұрған Шайхат мына дастарқан басындағы Шайхаттан гөрі қасындағы журналдың сыртынан қиып ап, шыныға салып, іліп қойған суретке көбірек ұқсайды екен. Екеуінде де қыр мұрын, екеуінде де қою қара мұрт. Екеуінде де қиылған қою қас. Екеуінде де қылғынта түймеленген китель. Екеуі де дәл жүректің деңгейінде оң қолдарын өңіріне қыстырып апты. Ал мына дастарқан басындағы Шайхат суреттегі Шайхаттай жып-жинақы сызылып тұрған жоқ, екі жағасы екі жақта, ақ тер, көк тер, быршып отыр. Сәнді қою қара мұрты да ұйпалақтанып қалыпты. Оқтын-оқтын сүртініп, оқтын-оқтын кекіріп қояды. Патефон тыңдап отырған төрт қара бала мен екі қара шұнақ қыз ауық-ауық әкесінің тізесіне асылып, дастарқан үстінен кәмпит жымқырып кетеді. Қайқы ерін қараша келіншек қабағын шытынады.
— Клим, саған не болған?
— Лазарь, ұят қайда?
— Серго, тісіңді ауыртасың!
— Максим, саған қашанғы айтам!
Ал, селтеңдеген екі қара шұнақ қыз — Күләш пен Розаға әкесі маңдайларынан сипап, кәмпитті өзі ұстатты.
Шайдан соң Шайхат сыртқа шығып Теңбілкөкті көрді. О жақ, бұ жағына шығып қарап:
— Бүгін, осында бол. Кешке кино болады. Ертең таңертең сөйлесерміз,— деді.
Жақан аң-таң. Түсінбеген нәрсесін сол бойда қайталап сұрап алу дегенді білмейтін жазған басы кеңсесіне қарай алшаңдай басып бара жатқан басқарманың артынан аңырайып қарап тұр. Қарамағанда қайтсін. Жақан үшін анау Шайхаттың тұла бойы толы жұмбақ.
— Қызық кісі!— дейді ол.
— Қызық кісі!— дейді жұрт.
Жұрт айтқанда, баланың қылығына мүсіркегендей жымсиып отырып айтад. Ал бұл айтқанда, шынымен аузы ашылып қалады. Әйтеуір, жұрт — бір тарап та, бұл — бір тарап. Жұрт болғанда да бұның білетін жұрты — Көксұр Елемес пен әйелі.
Түйеші ауылға бала құттықтап барған Торғын айтып келді. Шайхат қара аңғардың аяғын бөгеп тоған салдырмақ көрінеді. Елемес мырс етті.
— Қызық екен!
Ар жағын айтқан жоқ. Май көрген мысық құсап ұзақ жымиып отырды. Колхоз орталығына комсомол жиналысына барған Жамал айтып келді. Шайхат ит байласа тұрғысыз Бөрілі ойға тары еккізбек көрінеді. Оны естігенде Көксұр Елемес шайына шашалып қала жаздады. Бірде Лемес колхоз орталығына барып, өзі күліп келді. Әлгі Шайхат аудан орталығында жұмыс таба алмай жүрген бір корей шалын көшіріп әкеліпті. Оған көшеге тал еккізіп, күзеттіріп қойыпты. Әсіресе аузым жеткен жердегі қылтанақтың бәрі менікі деп масайрап қалған қозы-лақтың жағдайы тым қиындап кетсе керек. Егулі талдарға жолады-ақ, әлгі шал ит қуалағандай ғып, қуып жүріп сабайтын көрінеді. Ондайда шабаландап сыртқа жүгіріп шығатын малжанды қатындардың да аузына құм құйылыпты. Өйткені қол-аяғы сықырлаған тарамыс шал олардың ондай-ондай бопсасына құлақ аса қоятындай қай бір қайнағалары, не жезделері бопты!
Әйтеуір Елемес айтқанда, Шайхаттың қай ісі де баланың ойыны, бақсының жыны боп шыға келеді. Ал Жақан осы бір келісті кісінің тұла бойынан әлгі Елемес міней беретін көп кемшіліктің біреуін таба алмай дал болады. «Бала, ойлан, ойлан... өмірде сен түсіне қоймайтын талай нәрсе бар»— дегендей Шайхат кеңсесінің шарбағынан айнала беріп, бұған бір бұрылып қарады.
Ертеңге дейін не істерін білмей аңтарылып тұрған Жақанға сау болғыр басқарманың әйелі:
— Жылқышы бала, самауырға салатын ағаш жарып бермес пе екенсің?— дегені.
Ол дегенің сөз боп па! Әп-сәтте-ақ көкесіне көрістірді. Сорлатқанда басқарманың әйелі оған айтар басқа тапсырма таба алмады. Жақан ауыл орталығының ойқы-шойқы жалғыз көшесіне түсіп ап жайбарақат қыдырып келе жатқан-ды. Кенет көзіне ауылдың желкесіндегі шошақ төбенің басында шоңқиып тұрған машина ілікті. Манадан бергі үлкен кісі боп, талтаңдап келе жатқаны есінен шығып кетті. Салып ұрып қасына жетіп барды. Есіл дүние-ай... Баяғыда Ғинаят маңына жуып кетсең, шекеңнен «шертпекіл» шертіп, басыңмен қайғы қылатын еді. Солай қарай беттегеніңді көрді-ақ, қалтасын толтырып салып ап жүретін түйенің тастай құмалағымен көздеп тұрып не тап милығыңнан, не тап май құйрығыңнан тыз еткізер еді. Жамбасыңды сипалап безіп бересің. Қарқ-қарқ күліп Ғинаят қалады. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ неме қазақшаңды былай ысырып қойып, орысша, татарша, өзбекше, украинша жеті атаңнан бермен қарай марапаттап бергенде бүкіл ауыл іштерін басып, шек-сілелері қатар еді.
Енді, міне, сүйтіп қызғыштай қорыған машинасы қараусыз қапты. Балалар мектепке бара жатып, мектептен келе жатып, бормен, шегемен, бәкімен атақты кісілердің атынан бастап адамның жеті мүшесіне дейін білетін сөздерін түгел жазып, сауат салыстырып бағыпты. Ағаш қорабы мен кабинаның сырты шимай-шатпақтан көрінбейді.
«Әй, Ғинаят!— деп ойлады ішінен.— Колхоздың қып-қызыл қаражатын тәрік қып кеткен сен де оңбассың-ау...»
Ғинаят өз-өзінен иығын қомдап қоразданып жүретін шойқара-тұғын. Бет-аузынан безеу мен қара май кетпейді. Сөйтіп жүріп гармоншы. Сөйтіп жүріп суретші. Кейде анадайдан бақырып-шақырып бездіре қуады да, кейде қолын бұлғап, қасына шақырып ап, қалтасындағы «Беломордың» мыж-мыж қорабына танауыңды таңқытып, құлағыңды қалқитып, қатырып салып бере қояды. Алақандай қағаз көрсе иретілген жыланды, шауып бара жатқан атты, түтіні будақтаған пароходты, шаштары дудырған тырдай жалаңаш, жартылай жалаңаш әйелдерді шимайлай жөнеледі. Кейде бір мөлдіреген әдемі қыздың суретін салады да, өзі соған ғашық боп қалғандай көзін әла алмай телміріп отырғаны. Кеңсенің желкесіндегі қарағай дәретхананың қабырғасы толы мұрны сорайған, тісі ақсиған, мұрты тікірейген Гитлер, Трумэн, Чан Кай Ши, Ли, Сын-ман. Сонысын көріп біреулер «Бұл Ғинаяттың қолынан келмейтін нәрсе жоқ», деп таң қалады, екіншілер «Әй сол нақұрысты қойшы!» деп қолдарын сілтейді. Әсіресе, машина дегенде сайтаны бар Ауданнан келе жатып, ауылға бес алты шақырым қалғанда ақ бажылдатып дыбыс береді. Оны ести сала үлкен-кіші жүгіріп сыртқа шығады. Ғинаят сол құйғытқан күйі осы шошақ төбенің басына бір ақ тоқтайды. Шайхатты үйінің қасына емес, осы жерге түсіреді. Ертеңіне машинаға от алдырарда алдын бұрып әуре боп жатпайды, ойға қарай жылжыта жөнеледі. Ауданға барып қайтқандар айтады — бұл төңіректі Ғинаяттан асқан шофер жоқ көрінеді. Ғинаят бәрін тырп еткізбей, басып озып жел жақтарынан шаңға көміп кетеді дейді. Аналар жұдырықтарын түйіп қала береді дейді.
Сөйткен Ғинаят кімнен қыңушы еді. Шайхаттың өзі абайлап сөйлеседі. Қияндағы ауданда колхозға басқарма табу оңай да, маңдайларына тигізіп жүрген бір-бір машинаға шофер табу қиын. Кен қарап жүрген экспедициядағы Ғинаятты Шайхат жалынып-жалпайып алып қалып еді, бір жыл істемей тайып тұрды. Қолы сәл босаса, гармонын алып, шошақ төбенің басында тұрған машинасының басқышына отырып ап, біресе орысша, біресе татарша, біресе өзбекше неше түрлі ойнақы саздарды құйқылжытып жөнеледі. Ондайда бетіндегі құж-құж безеудің бәрі жазылып, жылтырап шыға келеді. Бір уақытта қара жерді теуіп-теуіп жіберіп, ылғи тарақ тимей дудырап жүретін майлақы шашты желпіп-желпіп қап, орнынан атып тұрады.
Сондай бір жолы.
— Бұл ауылдың тансысы жоқ, ішім пысты, деп, қолды бір сілтепті де, кетіп қалыпты. Мұртының сол жақ ұшын ширатып Шайхат қалыпты. Шошақ төбенің басында аңғал-саңғал боп машина қалыпты. Жақанның не ойлап тұрғанын түсініп мұң шаққандай, түтін шығатын темір түтікті жел үрлеп, зарлай жөнелгені. Жақан иесіз қалған машинаға алақанын тигізе беріп еді, әлдене гүр ете түсті. Селк етіп, қолын кері тартып ала қойды. Күн батып бара жатқанын сонда байқады. Клубтың тәпелтек үйінің алдындағы кішкене мотор даусы жер айыра тарқылдап тұр. Балалар анда-санда бір соғатын киномеханиктің темір жәшіктерін таласа-тармаса тасысып жүр.
Ертеңіне Шайхат Жақанды кеңсеге ертіп әкетті. Көк мауыт жапқан жалпақ столдың ар жағына жайғасып алған соң, ол екеуі бүгін бір үйден өрмегендей, бірін-бірі жаңа көріп отырғандай, тостағандай көзін тіп-тік қадап, бастан-аяқ тінте шолып шықты. Қара жер қақ айырылса, күмп беруге пейіл боп Жақан отыр. Екеуінде де үн жоқ.
— Хал қалай?— деді Шайхат әлдебір уақытта. Суық жүзі сөйлегенде күрт жылып қоя берді.
— Сен осы нешіншіні бітірдің?
— Бесінші...
Жақанның екі шекесіне біреу ыстық таба әкеп ұстап тұрғандай.
— Оқасы жоқ,— деді Шайхат. Сосын орнынан тұрды. Жазда да аяғынан тастамайтын сыптима былғары етігін сықырлатып әрлі-берлі жүрді. Қасына келді. Үндемей тұрды. Иығына қолын салды.
— Оқуға жіберсек, қалай көресің?
Бір сәт алыстап кеткен әлгі екі ыстық таба қайта жақындағандай. Екі құлағы өртеніп барады. Тамағы құрғап қалды. Омырауынан шып етіп шыға келген төрт-бес тамшынын бөз көйлектің ішінде төмен қарай жарыса зулай жөнелгені. Екі қолын тізесінің арасына тығып, бүрісе түсті. Шайхат өз сауалына өзі жауап берді.
— Мектепте оқуға жасың асып кетті. Ал, өзіндей жігіттермен бірге оқысаң ұялатындай ештеңе жоқ. Жігіт деген атты әскердің қылышындай жаланып тұруға тиісті. Жасық болмау керек. Жақанның үстіндегі көйлегі бөзден емес, балқыта қызарған ыстық темірден тігілгендей тұла бойын түгел күйдіріп барады.
— Мен сенің орныңда болсам, техниканың құлағында ойнап, Еділ — Донда ма, Тақия — Ташта ма жүрер едім. Оған жасымыз асып кетті. Енді сол өз қолымыздан келмейтін шаруаны жастардың тындырғанын жақсы көреміз. Оңаша кеңседе екеуден-екеу отырса да, Шайхат шаршы топтың алдында мінбеде тұрғандай оң қолын сермеп-сермеп қойды. Сосын қайтадан орнына барды. Даусы жаңағыдай емес, бәсеңдейін деді.
Столды екі жұдырығымен нығарлай жаншып:
— Міне, маңдайымыздағы жалғыз машина шофер жоқтықтан қарап тұр. Техниканың маманы өзімізден шықпай көсегеміз көгермейді. Ауданда шоферлар дайындайтын курс ашылыпты. Соған сені жіберсек қайтеді?— деді. Жақан екі тізесінің арасына тас қысып алған екі қолын қалай босатып алғанын өзі де сезбей қалды. Көзін төмен салып, столдың сирағын шұқылап кетті. Шайхат Жақанның жарғақ құлағының ду ете қалғанын мынау тосын хабарға қуанғаны деп түсінсе керек.
— Ендеше, жинал. Қазір киномеханиктің машинасымен ауданға жүресің,— деді.
III
Аңылжыған айдала. Терістіктен темірдей қарып ызғырық жел еседі. Жападан-жалғыз. Шалқасынан жатыр. Бүкіл ту сырты тұтаса мұздап, тұрайын десе тұра алмайды. Өзіне не болғанын білмейді. Аттан жығылған деуге сынған, мертіккен ештеңесі жоқ сияқты. Бірақ, тұла бойы ап-ауыр. Жып-жылы бірдеңе маңдайын қайта-қайта сипалайды. Бұл не болды екен? Жүгенін сылдырлатып қасына кеп, жылқы қайыратын шара көз шабдар айғыры жұп-жұмсақ еріндерімен маңдайын ұйпалап, иіскеп тұрғаннан сау ма? Жоқ, әлде... Бірақ, олай болуы мүмкін емес. Ол ешқашан бұның маңайына бүйтіп жақындап көрген жоқ. Тек анадайдан анда-санда ғана бір жымиып қоятын. Ал, қазір... Қасына келгендей... Маңдайынан сипағандай. Құлағына бірдеңе деп күбірлегендей. Бұл үндемейді. Тырп етіп қозғалмайды. Тіпті көзін де ашпайды. Көзін ашса, қимылдаса, бірдеңе деп тіл қатса, анасы дүние салғалы басынан кешіріп көрмеген мына бір рақат сәтті біржола үркітіп алатындай. Бір жақ қапталы мұздап барады. Әлгі бір аялы қол оны қымтады. Шынында да мұның қасында біреу бар ғой. Жаңағының бәрі осы түсі емес, өңі емес пе?... Әуелі бір көзін ашты. Не көріп тұрғанына өзі сенбеді. Сосын екінші көзін ашты. Шынында да... Орнынан атып тұра бермек еді. Алдында үңіле қарап тұрған қара сұр кісі кеудесінен басып қозғалтпады. Сенсін бе, сенбесін бе... Манадан бері мұның маңдайын сипаған жылы алақан... иә... иә... Естемесовтікі екен. Күндегісіндей сұп-сұр. Күндегісіндей жалғыз көзі шатынап тік-тік шаншыла қарайды. Пышақтың жүзіндей жұп-жұқа еріндері туғалы бір жымиып көрмегендей. Кірпікшешеннің қылтанағындай тікірек шашы тебен инедей қадалып, қаратпайды.
Естемесов ештеңе деген жоқ. Жамылғысын түзетті де, жайлап басып шығып кетті. Жан-жағына көз тастап еді. Самсаған жиырма кереует. Ішіне сабан тыққан жиырма жастық. Заманында өңі қандай болғаны белгісіз, көп жуылып көнетөз тартқан жиырма одеяло. Жастықтан төмен одеялдың үстінде үшкілдеп бүктеп тастаған бүршік-бүршік жиырма қол орамал. Жиырма бірінші кереуетте өзі жатыр.
Күнде көріп жүрген көрінісі. Бірақ, қасындағылар қайда? Жұрттың бәрі тұрып кеткенде бұның мынау не жатысы? Әншейінде сәл кешіксең, өңменіңнен найза сұққандай шаншыла қарайтын Естемесовтің жаңа маңдайынан сипағаны несі? Естемесов келе жатқанда шоферлыққа оқып жүрген жиырма бір жігіт тікесінен тік тұрмаушы ма еді? Қанша қиық құлақ дейтін Сұлтаныңның өзі бетегеден биік, жусаннан аласа боп қалатын еді ғой. Естемесов дауыс көтермейді, тілдемейді. Үн-түнсіз кеп оң қолын көтереді. Онысы сапқа тұр дегені. Сымға тартқандай боп сызыла қаласың. Онша шаңқылдамай, шеге қаққандай ғып нығарлай сөйлеп, бұйрық береді. Жүгіртеді, секіртеді, еңбектетеді. Қайтадан жүгіртеді, секіртеді, еңбектетеді. Әйтеуір қашан жіліншігің жеміріліп құлай жаздағаныңша бір тыным тапқызбайды. Сосын түк болмағандай тым-тырыс қалпы жел азынаған мұздай залдың ортасында жатқан машина қаңқасының қасына апарып, сабағын бастайды. Өзін қосқанда, жиырма екі қазақ тұрып, орысша сөйлейді. Тек біреудің ерсі қылығын көргенде аузынан еріксіз шығып кеткен удай ащы мысқылы ғана қазақша. Бұнысы анда-санда бір соғып кететін, оның өзінде де аузын ашса: «Иншәлла», «Олаһи-биллаһи»— деп ауылдың шалдарына шариғат айттырып таласа келетін кино-механик Көлкеден басқа тірі орыс көрмеген Жақанға қиын тиді. Онсыз да «кел, айналайын» деп тұрмайтын Елемесовтің ызғарлы жүзінен орысша сөйлегенде жел терістіктен шыққандай үскірік есіп қоя береді. Жалақ ауыз Жақан қапелімде алдында не сөйлеп, не қойғанын өзі де аңғармай қалады.
«Знаешь?»— деп қадала қараған Елемесовке: «Не знаешь?»— деп басын шайқап, сумақай Сұлтанға бір ай күлкі болғаны бар. Сүйек пен қыл-қыбырға, шөп пен малға келгенде қырық түрлі атау тауып, алдына жан салмай сайрап қоя беретін ділмар қазақ тілі темірдің төңірегіне жоласа болды, Жақанға ұқсап кекештеніп қалады екен. Адыра қалғыр қара темірдің қазақша «темірден» басқа аты болсайшы, сірә. Бәрі орысша, латынша, шүршітше... Айтайын дегенде, тіліңнің үстіне көлбақа жатып алғандай, икемге келтіре алмай зықың шығады. «Тілің келмейді екен, қоя қой»— дейтін Елемесов, сірә, жоқ. Қашан бір жобадан шыққаныңша, аузыңнан алтын төгіліп кететіндей, жалғыз көзін қызықтай қадап, сазарады да қалады.
— Карбюратор,— дейді Естемесов.
— Кәрбератүр,— дейді Жақан.
Жұрты құрғыр іштерінде қос аяқ жүгіргендей қозғалақтап, мырсылдап қоя береді. Естемесовте үн жоқ. Әншейінде сестерін шығартпайтын көп ыржақайдың мына мырс-мырс жанына жағып бара жатқандай!
Жақан жалтақтап жан-жағына қарайды. Ыржақай топ құдды өздері бәрін іштен біліп туғандай, көздері күлім-күлім етеді. Оларға керегі де осы. Тағы да бірдеңе деп былжырақтай түссе, өлген әкелері тіріліп келгендей, мәз-мейрам болар еді. Тек сумақай Сұлтан ғана бедірейіп қапты. Жәдігей неме мұғалімнің қасы мен қабағын аңдып тұр. «Кәні, кім айтады?»—деп сұраса, сұқ саусағын қотыр шыбыштың құйрығындай шошайта қоймақ. Аузы-аузына жұқпай сумаңдай жөнелмек. Сосын мынау ыржаңбай топ тағы да бір ай мұның құлағын сарсытады. Жақан намысқа әбден пісіп тұр. Желеп жібере гөр, жебеп жібере гөр деп жеті бабасының жетеуіне бірдей жалынып тұр. Бірақ, автомобиль түгілі қос доңғалақты қоқан арбаның өзінен аттары үріккен ата-баба өздері білмейтін нәрсені оның есіне қайдан сала қойсын. Жақанның шақшадай басы шарадай болды. Құрғыр тап қазақша болмағанмен, соған жуық бірдеңе сияқты еді. Ту сыртынан біреу сыбырлай ма қайтеді... Сұлтан ғой... Иә, иә... Қомағай неме кешке: «Манағы қол ұшын бергенімнің ақысы»,— деп, мұның капуста көжесін қағып алмақшы-ау! Алса ала-ақ қойсын...
— Қарборатор.
Тіліне ілікпей тұрған сөздің түрін қарасайшы. Жарықтық машина жасайтын қауғабас шалдардың білмейтіні жердің астында екен-ау. Қыста жолда қар басып тастағанда керек бірдеңе болғаны ғой, шамасы. Мына ыржақайлар тағы не гулеп кетті?! Зікір салған бақсыдай селкілдеулерін, түге! Бүлдіріп алмаса жарар еді. Әй, бәсе... Әне, Естемесов қолын бір сілтеп теріс айналып кетті. Сумақай Сұлтан түк көрмегендей жылмия қапты. Әдеміше иегін әуеге іліп тастап, шекелеп қарап тұр. Шекелеген қалай болады екен, біліп ал, бәлем...
Жақан жалт бұрылып, Сұлтанды дәл әдемі иегінің астынан құлаштап тұрып бір перді. Анау тыраң асты.
Сосын топтың арасынан сытылып шығып есікке беттеді.
— Тоқта...
Естемесовтің зілді даусынан табаны еденге жабысып қалғандай болды. Бірақ көкірегінде шың ете қалған бір сезім кідірмеу керек екендігін ұқтырып, нығыздай басып жүріп кетті. Есікті сарт жапты. Соңынан жүгіре шыққан екі-үш жігіт Жақанның бетін басып ап, жатақханаға қарай жүгіріп бара жатқанын көріп, қайта кіріп кетті.
Жатақханаға соғып, кереуетінің басындағы кішкене кенеп дорбасын алды. Қайда баратыны өзіне де беймағлұм. Әйтеуір, аудан орталығын желкелей сұлаған тау сілеміне сүңгіді. Беталды құла түзге безіп келеді. Өйтпегенде не істемек. Қайтып барып сумақай Сұлтанның аяғына жығылмақ па... Ауылға қайтқандай қай бір қарық болады... Әлгі тұғыр ауыстыра келетін өңшең сығыр кім түрткі қылатын шығар. Одан осылай басы ауған жаққа тайып тұрады. Ел кезіксе, арасына сіңеді. Екі қолға бір күрек. Аштан өлмес. Әйтеуір, ешкім насырына тимейді ғой. Ал, алда-жалда қыстың көзі қырауда үсіп өлсе, обалы осындай ештеңеге икемсіз, ешкімге керексіз ноқай қып жаратқан мырзалығына шек жоқ құдіретті құдайдың өзіне...
Тау арасының сіресіп бүтін жатқан күртік қарын кешіп келеді. Ара-арасында белуардан батып-батып та кетеді. Тырмысып жүріп шығады, әйтеуір... Борша-борша терлей бастады. Екі көзін ілгеріге қадап ентелей түседі. Бір қырқадан соң бір қырқа көлденең сұлап жатып алады. Қаншасын асты — білмейді. Әйтеуір, әсіресе, біреуінің баурайында қар тым қалың екен. Аттаған сайын сіңіп-сіңіп кете берді. Жан-жағы жолап кетсе, опырылып қоя берген бір дүние. Аяғын сәл қозғаса болды — құрдымға құлап бара жатады.
Жақан енді сескенейін деді. Таң атқалы желкеден түйгілеп, өңмендетіп келе жатқан әзәзіл ашу бұның тұйыққа кеп тірелгенін көріп, аяқ астынан жалт бергендей. Бірақ бәрібір кейін қайтар емес. Тістене-тістене жағы да талып қалды. Аппақ, қар көзін қарып удай ашытады. Бет-аузы сора-сора...
Артында ойылып-ойылып ізі қапты. Енді соған түсіп кейін қарай омбылап көрмек. Келесі қыраңға жеткесін, бұлай тікелей салмай, қар тоқтамайтын жон арқаны бойлап, сонау оң қапталда сексиіп тұрған оқшау қабаққа көтерілмек. Жарық барында сол арадан ықтасын тауып, түнемек. Ертең бағыт белгілеп ап, ілгері тартпақ.
Ойға қарай жүрген өрге қарай жүргеннен оңай емес екен. Қайта-қайта құлай берді. Сөйтіп-ақ дымы құрыды. Екі аяғы, екі қары түгел салдырап қалды. Манағы мамықтай қар кешке таман нығызданып, кеудесінен кері итеріп бақты. Қыстың киіктің құйрығындай келте күні бұл екі қырдың арасындағы қарағанды жүлгеден шықпай жатып батып кетті. Аппақ қарды қап-қара бауырына жапыра қасып қыстың түні орнап келеді. Енді байқады — төңірек жым-жырт. Жым-жырт тыныштық мұншама қорқынышты болар ма... Тырп етті-ақ, аспан астына қанды көзін қадап, тапжылмай аңдып жатқан алапат аждаһа азу тісін оқыс қайрағандай айналасы қарш-қарш етіп қоя береді.
Бет-аузын инедей шаншып аяз қарыды. Белуардан қарда тұрған аяғы талып қалған. Отыра кетсе, не жата кетсе, күндіз күн сәулесі кеулеп тастаған кеуек қардың астына күмп беріп жоғалмақ. Анадай жердегі қарағанға жармасып, шанаш тонын қаудырлатып, үстіне барып жантайды. Астына бұта батқанмен, күртікке сіңіп бара жатқан жоқ. Бірақ таң атқалы қарда тұрған екі аяғы бебеулей жөнелді. Түгі түсіп қалған ескі тонның өңіріне иегін тықты. Иегін қытықтаған жылы түк есіне әлденелерді түсірді. Жаймашуақ елестер. Бірақ не екенін анық ажырата алмайды. Не де болса, мынау күртік қармен, түнгі суықпен, жан-жағынан қаусыра қоршап тұрған қатыгез табиғатпен енді қарсыласып мән таба алмайтынына көзі біржола жеткен қажыңқы көңілді қай-қайдаға жетелеген әзәзіл елестер...
Көлдей шалқып қоя берген кең жазықта Теңбілкөкпен көсілте шауып келе жатыр екен ғой дейді... Аспан біресе жерге аунап, жер біресе аспанның орнына төбеге шығып кетеді екен дейді. Теңбілкөктің төрт аяғы біресе жерді, біресе аспанды топ-топ тепкілейді екен дейді. Сөйтсе аспан да қанша тепкі көрсе де дымы құрымайтын қара жер секілді бедірейген бірдеңе екен дейді. Жалды жайып тастап, мойынды созып жіберіп өңмендей шапқан Теңбілкөк осы араға жетіп құлаған екен дейді. Бұл соған қабырғасы қайысып, жылап отыр екен дейді.
Көзін сүртіп еді, мұп-мұздай бірдеңе қолын қарып алды. Беті екен. Жанары тіріліп төңірегіне қарады. Теңбілкөк қанша жүйрік болғанмен мынандай қалың қарда не істей алады. Бұндайда шара көз шабдар айғыр дұрыс. Көзі ақиланып, танауы делдиіп, әр-бері омырып бір берер еді-ау сабазың! Қашан құлап жығылғанша омыраулап бағар еді. Өйткені ол өлермен ғой. Өлерменнің бәрі ерегіспе келеді. Оған мініп жылқы қайыратындары да сондықтан. Көксұр Елемес айтады: басқалардың адымын ашқызбай, мысын құртып отырғызатын ерегіспе мінез жоқ жерде тұтым жоқ дейді. Тұтым жоқ жерде төрт аяқты, ұзын сирақты жылқы түгілі екі аяқты, қысқа борбай адамның өзі бет-бетіне лағып кетеді дейді. Елеместің Шайхатты көп мошқайтыны да — оның тұтымының жоқтығы. Шайхат айбындырып басқарудың орнына, елді балаға ұқсатып еліктіре қойғысы келеді. Елемеске айтқызсаң: «Ел ондай қыт-қытыңды құлағына қыстырсын ба...»
Көксұр Елеместің ылғи езуі жымиып, көзі күлімдеп жүргенімен, тұтымы берік. Ерке тотай Торғынның өзі оның алдында жауыр аттай қайқаңдап тұрғаны. Жамал да әкесінің қасы мен қабағын бағады. Елемес Жақанға ешқашан қатты сөйлеп көрген емес. Қайда жұмсаса да жымиып күліп отырып жұмсайды. Содан да болар, талай жерде оның тапсырмасын орындаймын деп жаны көзіне көрінсе де, көңіліне титекендей түйткіл қашса не дейсің...
Бұның бір түсінбейтіні — Елеместің ғой осы білмейтіні жоқ. Кісінің бағы қайткенде жанатынына да одан жетік ешкім табылмайды. Сөйте тұра, оның жағасы жайлау, жайбарақат отырғанын бір көрмейсің. Ылғи қазір тұра қашатындай тас түйін. Ылғи төңірегіне құлағы тігулі. Жел екеш жел көтерілсе де, одан ауа райының бұзылғалы тұрғанын ғана емес, қапелімде былайғы ел білмейтін тек ол ғана білетін бір нышан іздегендей аспанға бір қарап, жерге бір қарап түртіншектеп бағады. Сөйткен Елемес бұл оқуға кетті дегенде қайтты екен. Жамал ше?.. Көз алдында ұзын кірпіктерінің астынан қымсына күлімдеп, жүзін ылғи бір қырын салып, есіктен имене кіріп, имене шығып жүретін бойжеткен тұра қалды... Қараңғы түннің құшағынан үзіліп шығып, бұған қарай жүгіре басып жақындап келе жатқандай...
Сүйегінен өтіп бара жатқан түнгі ызғар есінен адастырмаса қайтсін. Шынында да, мынау не күтір... Шабдар айғыр пысқырған жоқ па, осы... Жоқ, дүсірлеп бір үйір жылқы жүр ғой... Қай жақтан шығады... Тіпті бәрі де емес төбедегі аспаннан бірдеңе қопарыла құлап келе жатқаннан сау ма...
Өне бойын дел-сал енжарлық жайлап алды. Кеудеден төменгі жақ түгел ұйып қапты. Тұп-тұтас көкше мұзға айналыпты. Миы зеңіп, көзі қарауытып бара жатты. Тек соны ғана біледі. Содан басқа ештеңені де білмейді.
Ендеше, мынау күнде-күнде жатып-өріп жүрген абажа бөлме, ондағы иін тіресіп тұратын жиырма кереует бір-бірдей қып жиналған біркелкі төсектер, темір пеште гүр-гүр жанып жатқан қып-қызыл от — бұл үшін атымен жұмбақ.
Оны одан бетер таңғалдыра түскілері келгендей, күндегідей бір-бірін иығымен қағып топырласпай, бір-біріне сөзбен тиісіп қауқылдаспай, аяқтарының ұшымен ғана басып жігіттер бөлмеге енді. Мұны көріп, саусақтарын шошайтып, тістерін ақситып, ыржыңдаса жөнелмей, аңтарылып-аңтарылып тұрып қалысты.
Жақан соған көп уақытқа дейін түсіне алмай қойды. Өзімен бірге оқитын жігіттердің бұны сол бір түнде жабыла қарап жүріп тау арасынан тауып әкелетін күннен кейін бұрынғы ыржың-ыржыңнан тиылып, шеттерінен соғыста өлген әкелерінің хабарын енді естігендей тұнжырай қалғандарына қайран. Олардың бұны көргенде бірдеңеден өлердей қысылып, именшектеп, ал өзінің олардың сол қысылып-қымтырылғанынан ыңғайсызданып, ойда жоқта сызылыса қалғандарына қайран. Бұл өлім аузынан қайтқан сол бір аязды түн кеше ғана бірін-бірі көрсе алыспай-жұлыспай тұра алмайтын алаңғасар бала жігіттерді бір күнде түгел есейтіп жібергендей. Бұрын жан баласына бір қадам бері жақындамай, өзінен-өзі состиып тұратын Естемесов кейінгі кезде бұған тым үйірсек боп кетіпті. Сабақтан кейін де қасына алып қап, бірдеңелерді үйретіп жатқаны. Жақан алғаш рет рульге отырып, өздігінен машинаны орнынан қозғағанда, Естемесовтің қалай қуанғанын көрсеңіз! Сыңар көзін айқара басып жататын тілдей қара былғарыны жұлып ап, ағарып қалған орнын үсті-үстіне сипалай берді. Әйелі ұл тапса да, өйтпес. Езуінен алғаш рет күлкіні Жақан сонда көрді. Арқасынан қайта-қайта қағып қойды. Содан былай Жақан шоқалақ жолдың бойында екеуден-екеу машина жүргізіп келе жатып, Естемесовтың өзіне қарап, жұқалтақ ернінің бір езуін ғана бүлк еткізіп, жымия күлгенін талай көрді. Олар оқуын бітірген күні де, алақандай қатырма қағазды қолына ұстатып жатып, жымиып езу тартқан-ды. Сонда Естемесов те Көксұр Елеместің айтқанын айтқан.
— Темір екеш темірге ие болу үшін де мінез қажет, Исі жұмсақ кісіге ол да бағынбайды. Ол да тұтымы берік кісінің билеп-төстегеніне көнеді.
IV
Жақан бір жылдық шоферлық курста естіген көп нәрсесін ұмытып қалды. Бірақ Естемесовтің әлгі қоштасар сәтте айтқан сөзі есінен кетер емес. Шошақ төбенің басындағы аңғал-саңғал машинаның қасына келгенде де ойына алдымен сол түсті.
Аңғал-саңғал машина оған бұ жолы баяғысындай аянышты көрінбеді. Қайта: «Кәні, кәні! Өнеріңді көрейін, жақынырақ келші өзің!»— деп сынай қарайтындай.
Жақан анадай жерде мұртының сол жақ қияғын үсті-үстіне тартқылап, ойға кетіп тұрған Шайхатқа сыр бергісі келмей қанша тырысса да, құлағы құрғыры шоқ қарап алғандай тызылдай жөнелгені. Аудан орталығынан үйреніп қайтқан әдетімен екі қолын шалбарының қалтасына салып ап, аяғының астындағы тастарды кенеп бәтеңкесінің ақ жем ұшымен әрлі-берлі қағыстырып, кузовтағы қиқы-жиқы көп жазуды іштей қайталап тағы бір оқып шықты. Көз алдынан әлде бір сотқардың бормен салынған сұқ қол мен ортан қолдың арасынан сорайтып бас бармақ шығарып қойған бұзақы суреті кетпей қойды. Ол суреттің басқа ешкімге қатысы жоқтай. Тек бұған арналғандай.
— Жарайды!— деді Шайхат біраздан соң.— Әуелі жақсылап тексеріп ал. Жетіспейтін нәрселерін маған айтарсың. Көйлегімізді сатсақ та, бірдеңе қылармыз. Жақанның тамағы да тарс кеуіп қалды. Әншейінде шалқақ басатын кербез кісі еңіске қарай жүргенде емпеңдеңкіреп кеткен сияқты. Әлгінде ғана кеңсесінде жарқылдай қарсы алып, осылай қарай жетелей жөнелген мәз-мейрам басқарманың мынау иіні түсіп салбырап кеткен түрін көріп аяп түр. «Бәрі сенің кесірің ғой!»— дегендей тот баса бастаған көне машинаға алая қарады.
Қасына барып, кабинаның есігін ашып еді — темір пружиналары сойдиып-сойдиып шығып кеткен былқылдақ отырғышты басып жатқан бес елі тозаң бұрқ ете қалды. Бет-аузын көміп кетті. Екі қапталдың терезесі әлдеқашан күл-талқан бопты. Маңдай терезе қарақұрттың шатырындай боп дөңгеленіп шытынай жарылыпты.
Жолап кеткен жерінің бәрі бес батпан кір. Есіне баяғы ақ шытыра киініп, Теңбілкөкке мініп, сыланып-сипанып ел қыдырып жүретіні түсіп, езуіне бір тыжырынған күлкі жүгірді. Өзіне өзі Елемеске ұқсап кеткендей көрінді. Сол жымиған күйі кузовқа үңілді. Тақтайлардың арасы ырсиып-ырсиып жатыр. Төрт борт төрт жаққа шалқайысып кеткен. Доңғалақтан секіріп түсіп, моторға барды. Капотты ашып еді... О, сұмдық... Ана жерде де, мына жерде де қыстырулы темір шеге, сексеуіл шырпысы, ағаш жаңқасы. Шуда жіппен, сыммен, шүберекпен шандып тастаған қиқы-жиқы бірдеңелер... Ғинаят босаған бір бұранданы да орнына қайта салмапты. Жоғалып қалған, түсіп қалған жерге ши шаншып, шөңге тығып тарта беріпті.
Жақан аяғының астына шегелеп тұрып бір түкіріп, бәтеңкесінің табанымен нығарлай жаншып қойды. Аудан орталығынан үйреніп қайтқан және бір әдеті сол еді. Сосын сылқылдап тұрған баспалдаққа сылқ отыра кетті. Бауырына кеп тығылған жетім нәрестені немен жарылқарын білмеген дәрменсіз еркектей мойны салбырап дағдарып отыр. Шайхаттың жаңа неге ұнжырғасы түсіп кеткеніне енді түсінді. Бұны аяған екен ғой.
Сол қайрат бітірді ме, үстіндегі боз көйлекті сыпыра бастады. Шаң-шаң кабинаның ішін әрі қопарып, бері қопарып бір екі кілтті зорға тапты. Сосын машинаның астына кіріп, шалқасынан түсіп жатты.
Қасына әуелі балалар келді. Анадай жерде жақындауға батылдары жетпей қипақтап біраз тұрды. Сосын мысықтабандап бірте-бірте жақындай түсті. Екі көздері бұның қолында. Сәлден кейін-ақ бір-бірімен таласып гуілдесе жөнеледі. Оларға бәрі қызық. Ілініп-салынып бір бұранда жып беріп, орнын тапса, оған да мәз. Ал, енді орнына бармай, омырылып сынып кетсе, олар үшін одан асқан тамаша жоқ. Олар үшін күллі дүние ойыншық. Ойыншықтың қызық емес, келіспей тұратын жері болушы ма еді.
Анда-санда ересектер де соғады. Екеу-үшеу боп келеді. Анадайда кекірейіп-кекірейіп тұрғандары. Орнына кеп жатқан еш нәрсеге таңғалмайды. Ал, бүлінген бірдеңені көрді-ақ, құдайлары береді.
— Әй, бала-ай, қайдағы нәрсеге қайдан ұрынып жүрсің. Анда-санда қырықтық ұстағанның өзіне екі-үш күнге шейін белі шойырылып, бөксесін көтере алмай қалатын біздің ауылдың қазағына мына бір қой құрттағандай шұқыншақ жұмыс қол бола қоймас!— деп кеңк-кеңк күліп, кердеңдей басып кетіп бара жатқандары.
Олар үшін күллі дүние көптен бері өштерін қайтара алмай жүрген ежелгі бір бақастары. Оның тек ойсыраған мінін көргенде ғана айыздары қанып рақаттанып қалады.
Жақан ондай-ондайларға ләм-мим үн қатпайды. Есіне баяғы шоферлық оқуда бірге оқыған күлегеш жолдастары түседі. Бірақ, бұл жолы әлгіндей ыржақайлардан тұмсық бұзып құтыла алмасын жақсы біледі. Қолындағы бұрандаға тістене шүйлігеді.
Сөйтіп ай өтті, апта өтті. Міне, жаз да өтіп барады. Адыра қалуға айналған аңғал-саңғал құр қаңқаның кем-кетігі-ақ тауыстырар емес. Шайхат та төңірекке қолды жая-жая ала дорбасы алдына түсіп болды. Жақанның тек сорайған мұрны мен қалқиған құлағы ғана қалды. Ішіне кіріп кеткен ала көз жан-жаққа шатынай қарайды. Кешке талып жығылады. Басы жастыққа тиді-ақ түс көреді. Түсіне ажырықты ойда тырым-тырағай шашырай жайылып жатқан жылқылар кіреді. Құйғыта шауып ойнақтап жүрген құлындар кіреді. Көзі қызарып, танауы делдиген шабдар айғыр кіреді. Бірақ Теңбілкөк кірмейді. Ақ шытыра киініп, шекелей қарап, шірене сөйлейтін өзі кірмейді. Аңғал-саңғал машина кірмейді. Күніне қасына төрт-бес келіп кететін Шайхат кірмейді. Қызыққұмар балалар мен ересектер де кірмейді. Сол баяғы ай даладағы жалғыз үй кіреді. Есіктің алдында көлеңдеп самауыр қойып жүрген Жамал кіреді. Тіпті жер ошақ қасында екі құлағын едірейтіп, елеңдеп жататын жалбыр құлақ сұр төбет те кіреді. Қажыған сана. «Баяғы күнге зар болдың-ау»— дейтіндей. Ондайда ұйқыдан тұрғасын да біразға дейін бойын көтере алмай қояды. Бетін бір желпіп кеткен желдің өзі мұны түртіп қашып мазақтайтындай. Бүгінде келгіштеуді азайтқан ауыл адамдары да анадайдан қолдарын шошайтып, мошқап бірдеңе айтып бара жатқандай.
Анда-санда бір соғып:
— Ау, мына шортуыңды қашан жөндеп боласың? деп шірене сұрайтын Нүркен де намысына тию үшін әдейі іздеп келетіндей. Елемес айтушы еді: «Жалаға ұшырасаң ұшыра, бірақ мазаққа ұшырай көрме!»— деп. Енді, міне, мына бір құр қаңқаны салдырлатып қара жолға бір салмай тұрып, сол қол шошайтқан кім түрткі мошқау-мазақтан құтыла алмайтынына көзі біржола жетіп болды.
Күллі ауылда жаны ашитын жалғыз Шайхат қана. Ол да кісі құрығандай, оқытқан адамның сиқын қарасайшы, деп кім көрінген көзіме шұқи ма деп қорқады. Өліп-өшіп аккумулятор тауып әкелді.
Жақан алғаш рет рульге отырып, стартерді басып еді, екі жылдан бері мылқау мотор біраз мелшиіп тұрып-тұрып, кенет жұлып алғанда қып гүр ете түскені. Анадай жерде тұрған Шайхаттың оң қолының мұртынан бір-ақ шыққанын, қапелімде, өзі де аңғара алмай қалды. Сөйтіп, аңғал-саңғал машинаға аруақ бітіп, орнынан қозғалды. Әуелі ауылдың жалғыз шолақ көшесінің о шеті мен бұ шетін бір кезіп шығуға жарады. Тегіс жолдың өзінде бөгелек тигендей орғып-қарғып келе жатқан машинаға отыруға ешкімнің әзір көңілі дауалай қойған жоқ. Тек балалар ғана улап-шулап, қайда барса да, қапталдаса шапқылай қуып келе жатқандары. Сол қиқалаңымен көң тасып, егіс басына барып келуге жарады. Сол қиқалаңымен су тасып, отар аралап қайтуға жарады. Сол қиқалаңымен тіпті тері тиеп ауданға да барып қайтты.
Бір күні Шайхат қолтығында қозы қарын папкасы, кеңсесінен шығып, кабинаға кеп отырды. Жақанның жүрегі лүпілдеп аузына тығылды. Әуелде: «Саспа, бала! Е, осылай-осылай! Міне, жарадың!»— деп жігерлендіріп отыратын басқарма бірте-бірте: «Бала, көзіңе қара! Абайла!»— деп сақтандырып отыратынды шығарды.
Қара машинаның гүрілі түзелгесін Жақанның сәл нәрседен дуылдай жөнелетін жарғақ құлағы қызаруды біржолата ұмытты. Бұрынғыдай біреу-міреу тіктеп қараса, көзін төмен салып, жанарымен жер шұқып кетпей: «Немене, менің бетімнен май шығып келе ме?»— дегендей бедірейе қалады. Машинаға жолап кеткен бала-шағаға өңешін кенеп, бір ақырды-ақ, тып беріп тайып отырады. Ол ол ма, бұрын жана түскен жас келіндей сызылып бағатын Жақан бүгінде бастығының жол қысқару үшін айтатын әңгімесіне ауық-ауық сөз қыстырып қоятын болды. Ал, енді ауданнан қайтарда: «Аға, жеңгейдің тапсырмасы бар ғой. Дүкен жабылмай тұрып соға кетейік!»— деп тықыршып бітеді. Шайхатқа да керегі сол. Қит етсе: «Қосшы бала, өйтпейміз бе, бүтпейміз бе!»— деп ақыл салып отырғаны. Сосын Жақан шалқаймағанда кім шалқайсын! Бүгінде бір ғажабы аяғындағы кенеп бәтеңкесінің алдымен өкшесі мүжіліп қалатын бопты. Бұрын үстінде лыпа бары тек кешке төсекке жатарда ғана есіне түсетін алқам-салқам жылқышы жігіт қазір отырса да, тұрса да қағып-сілкініп әлек. Шайхатқа ұқсап аузын толтырып сөйлейді. Кейде тіпті қолының шолтаң етіп тұмсығының астына бір барып, бірақ саусағына орала кетер мұрт таппай, кілт кері қайтатыны бар.
Қазіргі именшектейтін бір жері — иіні жүдеулеу. Аудан орталығына келесі барғанда үстін бүтіндей қайтайын деп, тиын-тебен сұрай бухгалтерияға кіріп еді, құр қол шықты. Жылқыда жүріп тапқан-таянғаны қайдағы бір қасқыр жарған тайға, сорға батқан биеге төленіпті. Ондай әңгімені естіп тұрғаны осы. Есепшілер көп сөзге келмей, иықтарын қиқаңдатты. Елемес солай депті.
Пәлен күн басын қатырып жүріп, ол гәптің де ақыры бір ізін тапқандай болды. Өтелші Өтемағанбет әр келіп-кеткен сайын араға бірер күн салып Елемес те тайып тұратын. Бүгін жоқ, ертең жоқ, бүрсігүні де жоқ... Бір күні мұрты жылтырап жымпиып қайтып келетін. Қайын жұртына соғатын. Пәленшекеңнін, түгеншекеңнің орнына бата оқитын. Бірақ, әлгіндейді аузын алмайтын. Кейінгі бір жолы: «тығырық шыңның астындағы аппақ сор құрдым екен ғой. Анадағы бұршақ жауатында желден ыққан бес-алты жылқы соған батыпты»—деген. Бірақ көрші колхоздың малына ұқсатқан. Сонда көзапара алдағаны ма! Әй, бәсе. Бір жаққа барып-қайтқанда онсызда мысық табандап басатын мүттәйім неме тіптен момақан бола қалатын еді-ау. Үйден шықпай шіреніп жатып алатынды қойып, бір-екі күн қасына еріп, жылқы аралайтын. Астындағы жорғаның бүлкек жүрісіндей бір сарынды ұзын-сонар әңгіме қозғайтын. Ыңылдап бірдеңені айтып келе жатқаны... Әуелі өрістің жайы, суаттың ыңғайынан, кеше барып қайтқан жағының хабарынан басталған әңгіме жалпы пендешілік тірліктің жай-жапсарына ауысты-ақ, Жақанға ол сонау сағым салып бұлдырап тұрған көлкіме көкжиектей бұлыңғыр бірдеңеге айналып бұлаңытып жүре береді. Сөйтіп мән бермей ме, әлде өзі айтпады ма, Елеместің аузынан «жылқы шығыны бар» деген сөз шықпаған сияқты еді. Бақса... Әй, бәсе, баяғыда ол неғып кеңпейіл бола қалды деп еді-ау. Бір күнге болса да, бұның көзін асырып, оңаша жасайтын ұрлығы бар екен ғой. Бәлкім, сол күні әлгі өтелші досы кеп, базарға жылқы жетектеп әкеткен шығар. Не де болса, сол жолы Теңбілкөк бұның тақымына тегін түскен жоқ.
Көз алдында ешқашан тікіреймей, ылғи сұлай жығылып жататын сояу кірпіктердің астынан байқалар-байқалмас қып, ұрлана қарап қойып, күлімдей сөйлейтін Елемес елестеп кетті. Қазір барып мынау рульге жабысып жатқан күс-күс шеңгелді ұп-ұлпа тамағының астына көсіп жіберіп, шаужайдан ала кетер ме еді, шіркін...
Шайхаттан рұқсат ап жолға шықты. Қанына қарайып-ақ келеді. Алыстан сағым шалып мұнартып жататын дөңбек жолдарды белден басып тартып келеді. Көз алдынан түтіні қылтылдаған жалғыз үй, айдалада оңаша отырса да, мыңсан көз сынай қарап тұрғандай өз-өзінен қылымсып, сыланып-сипанып бағатын керік әйел, жұрттың бәрінің ұрлық-зорлығын көріп-біліп қойғандай кімге болса да, мысқылдай қарайтын жымысқы еркек, олардан туғанмен екеуіне де ұқсамай, күллі дүниенің алдында ұятты кісідей көзін ешкімге тура салмай, өз-өзінен қысылып-қымтырылып жүретін бейкүнә қыз кетпей келеді.
Түйенің тулағындай қатпар-қатпар алатағанақ дала таусылар емес. Бұл асыққан сайын ол көл-көсір ұзара түсті. Бір жалдан ассаң, екінші жал. Жалқаудың желкесіндей қыртыс-қыртыс шоқалақ, діңкеңді құртып, табаныңнан тартып жүргізбейтін майса құмақ, айна таз ақ тақырлар бірінен соң бірі қылт-қылт қалып барады. «Мына пәлесі тағы қайдан тап болды?»— дегендей дүр етіп бұлдырық ұшады. Таңдары жалтылдап қара құйрық қашады. Анадайда дөңкиіп-дөңкиіп дөң айбат танытып тұрған қара жалдар салып ұрып қасына жетіп келгенде зәрелері ұшып бұға-бұға кеткендей, жермен-жексен бола қалады.
Күллі дүние бұдан айбынып, жер тістей жығылып, бұқпақыл ойнап жатқандай. Аспанда күн жымыңдайды. Құлағының түбінен жел зулайды. Күші мен жүрісіне масаттанғандай қара машина «қоңыр айдайын» қайқайтып келеді. Соның бәрі рульге тістеніп, еміне төніп алған Жақанның шиыршық ата шамырыққан жүйкесін көзге көрінбес мың-мың сиқыр саусақтарымен сылап-сипап жұмсарта түскендей.
Мына бір мортықты дөң талай-талай жылқы қайырған жері. Жусап жатқан жылқылар көрінбес пе екен деп, мойнын созып жан-жаққа қарап еді, көзіне ештеңе ілікпеді. Зулап келеді. Сол баяғы көлденең сұлап жатып алған бір өң, бір кейіп кеспелтек жалдар. Көңіліне күмән қашты. Осы жылқышы ауыл жылда отыратын жерінен басқа жаққа көшіп кетпеді ме екен! Біз ештеңе білмейміз дегендей шыр айнала көк жиекті көк мұнар көлкештей жауып апты.
Төбесінде сырықтай бұлдырап көрініп тұратын нысана ағашы шошайған кертік тұмсық қара жалға көтеріле тоқтады. Зуылдап келе жатқан машина кілт кідіргенде жым-жырт тыныштық орнай қалды. Манадан бері аспан астын қырық құбылтып тұрған биік сағым төбеден төмен қарағанда басын жерге салып жортқан көп киіктей жермен-жексен боп бүлк-бүлк желіп барады. Ал анау әріректегі ойпаң мөлдіреп тұна қалған көкпеңбек көл сияқты. Көзін тігіп қарайды-ақ. Жайылып жатқан жылқыға, тігулі тұрған үйге ұқсайтын ештеңе көрінбейді. Қапталдағы оқшау төбенің басындағы ескі күмбез сағымға мініп, ертегінің хан ордасындай күмбірей түсіпті. Алдынғы жақтан аспанға іліп қойған қыл арқандай ирелеңдеп тағы бір қарайған шалынды. Ол да мынау қасында өзі тұрған нысана ағаш. Бұл маңайда не көп, осындай бірінен-бірі аумайтын домалақ бас кесірткедей кеспелтек жалдар көп. Бәрінің басында да — құс саңғып тастаған нысаны ағаш, не көне мола. Бәрінен де әрі асып түссең — қымыз толы тегенедей аузы-мұрнынан шыға шүпілдеп сағым тұнып тұрған дөңгелек ойпаң...
Жақанның осынау көзіне ып-ыстық таныс өңір, таныс көріністен зыңылдап басы айналып бара жатқандай. Қайтадан рульге отырды. Мұрнына қайтадан дала жусанының кеңсірігіңді ашатын ашқылтым жұпар исі емес, қолқа қаба қоңырсыған бензин исі келді. Қайтадан құлағында жел тірілді. Мотор қайтадан қайратына мінді. Алдындағы көл табан ойпаңда көлкіп жатқан көгілдір шалқарға қарай қойып кетті. Жақындаған сайын көгілдір шалқар тартыла түсті. Алдарына түсіп ап, бүлк-бүлк желіп бара жатқан аласа сағым алыстай-алыстай биік дөңнің төбесін көкке жеткізген кереге мұнарға айналды.
Бұлар жақындай бере кереге мұнар да быт-шыт құлап, үйреншікті көрініс алдарынан қайта шығады.
Жақан талай-талай белдерден асты. Сағым жамырай көзіне оттай басылып, жылқышы ауыл көрінді. Айдалада жалғыз үй. Үй сыртында керме ағаш. Оң жақ қапталда бөлек үйіп, сыртын шимен қоршап қойған қоқыр-соқыр. Қасында ауыз су әкелетін екі-үш ағаш кеспек. Үй алдында қарауытқан үюлі тезек. Соның тасасынан көк сұр төбет атып шығып, кәук-кәук қарсы шауып келеді. Оны естіп үйден біреу шықты. Жамал... Көз алды бұлдырап кетті. Манадан бері осынша асықтырып келе жатқан Елемеске деген ыза емес, бір түсініксіз тұңғиық сағыныш екенін сонда барып аңғарды.
Ауыл сыртына кеп тоқтаған машинадан бұл секіріп түскенде манадан бері қапталдаса шабалаңдап келе жатқан көк төбет аңтарылып тұрып қалды. Үні өшіп, тұмсығын төмен салып, құйрығын бұлғаңдатып жақындай түсті. Үй қапталында аңыра қарап тұрған Жамал енді танып, шешесіне жүгірді. Сыртқа Торғын шықты.
Үшеуі мәре-сәре. Не айтатындарын білмей, қайта-қайта «апырай, ә» дей береді. Жамал төрге көрпе салды. Алдына шылапшын қойып, құман әкелді. Бұл жуынып-шайынып төрге озды. Бұрын Шайхат шығатын, ауданнан келген өкілдер шығатын, Нүркен шығатын төрге озды. Біртүрлі тілерсегі дірілдеп бара жатқандай жалма-жан отыра кетті.
Сол баяғы сыйлы қонақ келгендегідей апыл-құпыл қуырдақ қуырылып, самауыр қойылып жатты. Даладай дастарқан әкеп жайылды. Үш бұрышта үшеуі. Қалған екеуі бұған жалтақ-жалтақ көз тастап қояды. Бұл бірдеңеден ұятты боп отырған кісідей төмен қарайды. Қараптан-қарап жүрексініп отыр. Елемес те, Елемеске деген манағы ашуы да есінен тарс шыққан. Дүниедегі өзіне деген ең ыстық орын осы үй ғана сияқтанып кетті. Ол неліктен, оның себебі не? Оған әлі өзі де түсінбейді.
Әсіресе Жамалдың шығарға жаны басқа. Кешқұрым үйдегі ыдыстың бәрін тиеп, екеуі ауыз суға барып қайтты. Бұл әйкелде қауға тартып тұр. Бір-біріне тек шелек әперіп жатып қана көздері түседі. Жамал баяғысындай емес, таралыпты. Бетін күн қақтап, ашаң тартыпты. Дөңгеленіп тұратын жұмыр иегі сүйірленіп кеткен бе қалай... Көзінде бір кіреуке бар. Бұдан қысылып тұрған именшектік екені де, әлде қыз жанын жегідей жеп жатқан бір тымырсық уайым екені де белгісіз. Айтпақшы, Нүркен бүгінде бұл ауылға бұрынғыдай жиі келе ме екен... Қыз қауғаны қайтып беріп жатып, бұған бір түрлі қымсына жымиды. Томпақ еріндері кенет ашыла беріп, қайта жұмылды. Қыздың жұмыр иегінің астынан бірдеңе бүлк ете қалғандай болды. Бірдеңе дегісі келген сияқты. Не айтқысы келді екен. Әлде Нүркенді сұрайын деді ме... Шынында да, оны неге сұрамайды.
Екі-үш кеспек суға толып болды. Қыз қасына кеп отырды. Өз-өзінен қысылып, бүрісті де қалды. Тек бір-екі рет басын көтеріп бұған байқатпай көз тастады. Тамағының асты лүп-лүп ете қалды. Қазір Нүркенді сұрайды... Сұра... Сұра... Ол қыршаңқы немені жау алады ғой дейсің бе... Аспанға қарап, жұлдыз санап жүр ғой. Жоқ, қыз ләм-мим үндемеді.
Ауылға келгесін әлгіндегідей жасқаншақтамай батылданып кеткен сияқты.
— Алсаңызшы,— деп қойды бұған тамақ үстінде.— Тіптен ас алып жарымадыңыз ғой.
Сөйтіп үшеуі түннің бір уағына дейін отырып, кеш жатты. Жақан кепке дейін көз іле алмады. Маңдайша жақтан шілделік шырылдайды. Жер ошақ басында көк төбет әупілдеп қояды. Сосын қайтадан тым-тырыс тыныштық орнайды. Жақан жамбасы ұйып, шыдатпай бара жатса да, түн ортасында дөңбекшігенін біреу ерсі бірдеңеге жори ма деп, тырс ете алмады. Бір уақыттарда Жамалдың орнынан аударылып, естілер-естілмес қып тұншыға күрсінгені құлағына келді. Артынша Торғын басынан сусып түскен шаршысын түзеп тартты ма, қозғалақтап қойды.
Бұл әлі сол бақырайған қалпы. Қап-қараңғы үйдің ішінде де манағы дең үстіндегідей көк сағым көлкіп тұрғандай. Әлдекім қасынан өткендей. Бетіне тақап кеп үңілгендей... Бірақ оның бәрі елес... Оның бәрі қиял... Бір кездегі Теңбілкөкке мініп қыдыратындай есірік арман... Оны біліп жатыр. Жамал мана құдық басында бұған неге қайта-қайта қарай берді. Бұрын бүйтпеуші еді ғой... Тек Нүркенге ғана көзінің астымен жымиып қоятынын байқаушы еді. Бірақ, бүгін оны сұрамады... Іргеге қарай аунап түсті.
Ерте таңертеңгі шайдан соң Жақан жүретін болды. Торғын сандығын ақтарып, бұған ақ көйлек, бешпент-шалбар тастады. Оқудан келгенде киер деп, қаладан Елемес алып келіпті. Су жаңа таза киімді көргенде иығы бүлкілдеп қоя бергені.
Торғын мен Жамал кабинаға дейін шығарып салды. Жамалдың өңі сынық. Жаутаң-жаутаң қарай береді. Қараған сайын ұп-ұлпа ақ тамағы бір лүп ете қалады. Көмейіне бір сөз іркіп тұрғандай. Кеше де өстіп еді, Ол не сөз болды екен...
— Ал, енді,— деді Торғын.— Осылай соғып кетіп тұрарсың.
Жамалдың жүзі сонда барып жадырады.
— Иә,— деді аппақ тістерін жарқ еткізе күліп, анасының сөзі өз ойынан шыққандай қуанып. Жақанның құлағынан сол бір жалғыз ауыз сөз кетер емес. Мынау таңғы ауада қайта-қайта жаңғырығып тұрғандай.
Машина орнынан ауыр қозғалды. Жүрісі де кешегідей емес, өнбей қойды. Бір жал асқан соң барып Елеместің қайда кеткенін сұрамағаны есіне түсті. Бірақ оған өкініп келе жатқан Жақан жоқ. Көз алдынан Жамалдың кешелі бергі жәудірей қараған жабырқау жүзі кетпей қойды. «Қызық,— деп қояды өзімен-өзі.— Бұрын бүйтпеуші еді...» Жүрісі енді ширайын деді. Кешегі ізі тұяқ тиіп жарымаған таза өрістің тығыз шөбін ыңғай жыға жапырып, көл-көсір кеңістікте жұлдызы быжынаған шілде түніндегі құс жолындай ақсиып анық сайрап жатыр.
V
Қазір бұл ауылда Жақан жүріп өткенде артында жарыса сайрап қалатын қос ақ сызық тартылмаған ой мен қыр кем де кем. Әуелде бұрын өзі көрмеген алыс жерлерге қасына жер танығыш қарияларды ертіп шығушы еді. Енді не бір ит арқасы қиянға өзінің баяғы бір ізін қуалап-ақ тауып барып келіп жүр. Көптен бері мал жайылмай елсізге айналып кете жаздаған талай шығанға жарқырап жаңа жол түсті. Соның көбін жұрт Жақанға телиді: «Жақан асқан», «Жақан құлаған», «Жақан тапқан»... Құдды бұл үсті-басынан бензин аңқыған жаман шофер емес, баяғының бүкіл тайпа ел бетке ұстаған батыры сияқты. Шаруаның бәрі тек соған тіреледі де тұрады.
— Дәрігерге барып көрінейін деп ем, Жақан соқпады-ау...
— Көрші құдыққа жылысып қонайын деп ем, Жақан келгей де...
— Жақан бара келсе...
— Жақан ала келсе...
— Жақан айта кетсе...
— Жақан...
— Жақан...
Бір жағы алғидың ала шөлі айна тақыр үстіртті, бір жағы жықпыл-жықпыл жымысқы құмды жайлаған малшы колхоздың қай қиырына барса да, тымағы жалпылдаған қойшы-қолаң түгілі сонау зеңгір көкке шапшып шығып ап, өз көлеңкесіне өзі шүйліккендей ұзақ шүйіп жүріп алатын, түз қырандарының өзі оқтын-оқтын «Жақан, Жақан!»—деп шаңқылдап қоятындай.
Қайда да соны асыға күтіп отырады. Баяғыда батылы жетпей жалтақтап аттайтын талай табалдырықтан «іздеп отырғандарың мен болсам, мен келдім. Тағы қайда шаруаларың шығып тұр?»— дегендей арсалаңдай кіреді. Анадайдан малшы ауыл көрінгеннен-ақ бір кездегі Ғинаятқа ұқсап, иен даланы басына көтеріп, сигналды басып-басып қалады. Оған ренжіп жатқан ешкім жоқ. Қайта қоңыр жалдың бауырында татырдай төгіліп бытырай жайылып жатқан отардың шетінде қойторының үстінде киіз қалпағы кеудесіне түсіп қай-қайдағыны ойлап тұрған шопан басын селк көтеріп ап, көзі күлімдеп қоя береді. Ауылдағы бала-шаға атып-атып сыртқа шығады. Кемпір-шалдарға дейін түрулі іргеден сығалап, қызыл иектерін кемсеңдетіп...
— Е, мына бала келіп қалыпты ғой!— деп етектеріне сүріне-мүріне орындарынан тұрып жатқандары. Өйткені, пәлен күннен бері біреу кеп бұрғы салғандай солқылдатып алып бара жатқан қос шекені жазып алатын ақ құйрық тәтті шай мен самасат насыбай Жақанның қоржынында. Көптен бері тым-тырыс жатып алған әскердегі бала мен оқудағы қыздың хабары Жақанның қалтасында. Құдайға шүкір, солдат жігіт Сібірдің қақаған аязына үйренісіп апты. Құдайға шүкір, студент қыз көйлектің етегі мен қолаң шашты шолтитып білім жолында садақаға шалғанымен көлденең көк атты біреудің етегінен ұстап, әлдебір көз көрмеске тып беріп тайып тұрғаннан әзір аман болса керек, әжемнің ірімшік-құртын сағындым депті... Бұның келгеніне ең азы бота-тайлаққа дейін мәз-мейрам. Машинаның қасына барып, о жер бұ жеріне шыбыны құжынаған тұмсықтарын сүйкеп, айыздарын қандыруда.
— Жарықтық осының исінен құрт-құмырсқа қашады дейді.
— Балам, машинаңды жел жаққа апарып қойшы!— дейді бір кейуана қазан көтергелі кебежесін ақтарып жатып. Жақан ондайда алыс жолдан шаң-шаң боп қажып келгенін ұмытып кетеді... Бір шайды апыл-құпыл ішіп алып шаруаға кіріседі. Айдаладағы жалғызілікті малшы ауылдан қолғабыс қайдан табылсын. Бәрін өзі тиеп, өзі жүктейді. Кабинаға қалт-қалт еткен қарт әже мен тұмсығының асты кеппейтін бір қызыл қарынды отырғызып, жаңа қонысқа қарай тартып береді. Құлазып тұрған төңірек баяғы Теңбілкөкке алғаш мінгеніндей шыркөбелек айналып билей жөнеледі. Әлгінде ғана қоңырайып жатқан қуқыл жер лып-лып жылдамдық пен қарсы соққан өкпек желдің үйіріміне түсіп, қыз төккен кестедей құлпырып сала береді. Жақан қайта-қайта кәлимасын қайырып, жағасын ұстап отырған кәрі әже мен екі көзі атыздай боп, мұрнын пыс-пыс тартып отырған кішкене сәбиге насаттана қарайды. Ол күні құлағын кесіп алса, білместей боп, қатып ұйықтайды. Ертеңіне өз-өзінен алабұртып оянады. Дүние ол ұйықтап оянғанша адам танымастай боп өзгеріп кеткендей.
Жаңа қонысқа қонған бір үйлі жан да, жаңа өріске құныға жайылған бір отар мал да мәре-сәре. Малшы ауылдың үлкен-кішісімен түгел қоштасып, рульге отырады. Зулап келе жатқан жылдамдықтан ба, бетке ұрған самал лептен бе, бір жал асқанша артынан ербие қарап тұратын риза жанарлардан ба, тамағы құрғап, көзі жасаурап кетеді. Олар үшін бұл дүниедегі ең қымбат, ең жақын адамдай. Олар бұған жабыла ақ жол тілеп тұрғандай. Жақан артына жалтақ-жалтақ қарап қойып педальді баса түседі. Шіркін десеңші, адамдарға қажетін бары қандай жақсы. Шамасы, азаматтың азаматтығы да сол басқаларға қаншалықты қажетінің барлығымен өлшенетін болса керек. Олардың күнде, саған, пәлен рет шаруалары шығып, «айналайындап» алдыңа келіп тұрғандары қандай тамаша! Жігітке өз атын басқаның аузынан естігеннен асқан бақыт бар дейсің бе!
— Жақан!
— Уа, Жақан!
Айта берсін, атай берсін, айқайлап шақыра берсін. Күніне мың рет, тіпті миллион рет атасын, шақырсын, әңгіме қылсын... Тек мынау жол жиегіндегі әрі өткен мен бері өткеннің шаңына көміліп, белгісі мен бедерінен жұрдай боп, енді мынау ұлан-асыр дүниеде ешкімнің көзіне ілікпейтін сілтібас тырбық қылтанақтай керексіздіктен аулақ қылғай... Жақан бір кезде тек бір үйлі жан ғана білетін, оларға да керегінің бар-жоғы белгісіз, елеусіз біреу боп қайтып күн кешкеніне қайран қалады. Ал қазір... Қазір, міне, осы ауылдағы ауыз біткен тек осының атын атап қақсауға жаратылғандай:
— Жақан...
— Жақанжан...
— Жақан, шырақ..,
— Жақан, қалқам...
Құдайға шүкір, не көп бүгінде жұрттың шаруасы көп. Сәл жолап кеттің-ақ, бір тапсырмасын айтып жабыса кетеді. Жақан өзіне айтылған сөзді көп жерге тастай қоймайтын. Бірақ бәр-бәрінің иек көтерген жағына елпілдей берсе, не жаны қалады. Кейінгі кезде бас тартатынды шығарып жүр. Өзінің қадірін де сол бастартқалы бері біліп жүр. Бұрын бірдеңелерін өткізіп қойғандай бұлданып бұтқа толып айта салатын талай тапсырманы қазір жұрт жалынып-жалпайып, қиылып сұрайтын болды. Бұл соның бәріне бұрынғыдай қолқ ете бермейді. Содан да ма, кейбіреулер бұртыңдап, өкпелеп қалады. Өзімді баратын жеріме апарып салмады, жүгімді ала кетпеді, айтқан шаруамды тындыра келмеді деп өкпелейді. Жақан ондай-ондайға көп қыңбайтын боп барады. Өйткені, кейінгі кезде ол жігіттің жігіттігі тек кімдерді өкпелетпегеннен ғана емес, кімдерді өкпелеткенімен де өлшене ме деп қалып еді... Ал Нүркеннің бұған не деп өкпелейтініне Жақанның өзі де түсінбейді. Оның тапсырмасын екі еткен жері жоқ. Бар шаруасын бітіреді. Почта баяғыдай көрші ауылдан атпен тасылмайды, Оны алып барып, алып келу Жақанның мойнында. Отарлар мен алыс бригадаларға келген хат-хабарды да жол-жөнекей ала кетіп апарып тапсыратын осы. Сонда да бұл Нүркеннің жел жағынан шығады да тұрады. Оның себебін Жақан білмегенмен Нүркеннің өзі жақсы біледі. Кешегі жарық ерін, жалақ бет жылқышы баланың қолына руль тиді де, ол ауылдағы азғантай атқамінерліктен айрылды. Почта машинамен тасылатындықтан, енді оған ат берілмейді. Ертеден қара кешке сыз кеңседе қағаз қажап сығырандап отырғаны. Апта сайын аяғы салақтап жылқышы ауылға жетіп барып тұратын сылтау тағы жоқ. Кейінгі кезде онсыз да сызқабақтанып алған Елемес енді одан біржолата құтылдым деп қуанып жүрген шығар. Көп мойнақтың арқасы қомнан, көп тұғырдың арқасы тоқымнан босады. Бәрінің орнына жалбаңдап Жақан жүреді, құйғытып кетіп бара жатқан кім? Жақан. Құйғытып келе жатқан кім? Жақан. Осы күні жұрт алыстан көрінген құйынды да Жақанның машинасының шаңы деп отырады. Сол жер түбіндегі будақ тозаңға бір түрлі еліге, дәмете қарайды. Тек Нүркеннің аспандап қарайтын ала көзі ғана ол көрінгенде жер шұқып сала береді. Бұрынғы шытырадай киініп шалқып жүретінді қойған. Тек арқасы жауыр нар қоспақтай тұмсығын көкке қарай алып қаша беретіні ғана баяғы, бір нәрсе ойлаған жерінен шықпай қалса, «Шорту!» деп шоршып кететіні ғана баяғы.
— Шорту, шаң ғып тастапсың ғой!— дейді машинаның кузовында келген почтаны алып жатып.
Оған бола айылын жияр Жақан ба! Бір кезде өзімен жөндеп сөйлеспейтін Нүркеннің сөзін құлағына да қыстырмай, төрт доңғалақты кезек тепкілеп, масаттана ысқырып қояды. Жақан отарларға шығарда Нүркеннің иығы тіптен түсіп кетеді. Бұрынғы кербездіктің бәрін тастап, сәл нәрсеге қолын сілкілеп, күйіп-пісіп қалады.
— Әй, мына газеттерді барған бойда тапсыр. Бетін ашпаса да, ертең жиналыста не айтарларын білмей, ұрынарға қара іздеп тұрған шопандарға газетіміз дер кезінде келмейді деп жарты сағат сөйлеп, тілге тиек етуге жақсы.
— Мынау — телеграмма. Ет жеген жерінде ұмытып кетіп қол сүртіп қойып жүрме!
— Жақан жайбарақат күліп ыржиып тұрады. Құдайдың өзімен қыз алыспас ағайын кісіге ұқсап талтаң-талтаң басатын тәкаппар жігіттің бұртаңдап ашуланғаны қандай қызық еді... Нүркен почтаның қарағай есігін бір серпіп ішке кіріп кетеді. Жақан рульге отырады.
Күздей қора басына шөп тасиды. Қыстай ауданнан жем тасиды. Көктемде малшыларды жайлауға көшіріп-қондырады. Қойшылардың үйіндегі жеңгейлер бүгінде түйені қайтып қомдайтынын да ұмытып барады. Тіпті көшкен жұртта қалып кеткен итаяққа да: «Айналайын, зырлап барып әкеп бере қойшы!»— деп ұялмай-қызармай мұны жұмсап тұрғандары. Сөйтіп, барып кел, шауып келмен жүргенде жылқышы ауылға жол шықпай қойды. Сол есіне түскенде рульді мытып ұстап, шиыршық атып отырған білегі табан астында ылжырап сала береді. Көз алдына қоңыр жалда жұмыртқадай жарқырап тұратын жалғыз үй, анадайдан әупілдеп тұра шабатын жалбыр құлақ сұр төбет, оны естіп, сыртқа жүгіре шығатын Жамал келе қалады. Өткен жолы құдық басында да, машинасының қасында шығарып салып тұрып та көзі жаудырап, бірдеңе айтқысы кеп оқталғандай болып еді. Сұлу бойжеткеннің қымсынғаны неткен тамаша! Ұп-ұлпа аппақ тамағы бүлк-бүлк көтеріліп барып басылған... Жұмған аузын ашпастан, мөлдіреп бір қараған. Дүниеде одан асқан әдемі көрініс болуы еш мүмкін емес...
Жақан жылмиып жатқан қара дөңге кезі боталап қарайды кеп! Ештеңе көрінбейді. Сонау қылт-қылт көкжиектен неғып біреу шауып шыға келмейді? «Ау, бізге неге соқпай бара жатырсың? Тоқтай тұр!»— деп неге қол бұлғамайды. Көзі жасаурап кетеді. Білегімен сүрте сап, қайта тесіледі. Сол жып-жылмағай тұп-тұлдыр кеңістік. Лүп етер леп те жоқ. Бұта екеш бұталар да бұғып-бұғып алған. Алабұртқан көңілінің бар аңсарын айтпай-ақ біліп, қайтер екен деп сынап жатқандай.
Машинаның қалай жолдан шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды. Қазандықтың деміндей ыстық леп бетін жалап өтті. Сонау қара жолдың арғы жағы — жылқышы ауыл... Құлағының түбінен тер тамшылай жөнелді. Машина изенді қоңыр дөңде үсті-үстіне шоқалақтай берді. Бұл жолы көз алдында — тек Жамал. Оның үп-үлкен жәудір көзі. Лүпілдеп тұрған ұп-ұлпа ақ тамағы...
Ол бүгін Торғыннан да, Елеместен де, Жамалдан да, тіпті өзінен де біртүрлі қысылып келеді. Машинаның рулі де әйтеуір оп-оңай ырқына көне кетпей, қолынан қайта-қайта шыға берді. Өмірінде алғаш рет тек бүгін ғана Елеместің үйіне ешқандай ағайындығы жоқ аты келді біреу екенін мойындап келеді. Қазір ол: «Иә, бала, қандай шаруамен соқтың?»— деп сұраса, не демек? Май-май, шаң-шаң сықпытын көріп сұлу бойжеткен теріс қарап сықылықтап күліп жүрсе, қайтпекші... Жоқ, рульге тас қып жабысып алған. Кейін қайта қояр түрі жоқ. Ауылда басы Шайхат болып жұрттың бәрі күтіп отырғанын да біледі. Ауданда колхозға бөлінген талай жүктің ашық-тесік тасылмай жатқанын да біледі. Бірақ, бәрібір жылқышы ауылға соқпай қоймайды. Өмірінде бірінші рет тәртіп бұзып өз дегенімен келеді. Онда да Жамал үшін, Жамалды бір көру үшін... Мейлі, бұнысына бола ертең жұрт не десе о десін. Тек Жамалды, Жамалдың лүп-лүп еткен аппақ тамағын бір, тек бір-ақ рет көрсе болғаны! Бірақ, соншалықты өліп-өшетіндей Жамал мұның кімі еді? Әлгі Елемес қоя ма деп қорқып келе жатқан сұрақты қыздың өзі қойса, қара жерге тірідей кірмей ме!.. Мейлі, мейлі... Ит қосып қуса да, мейлі... Тек бір көрсе екен...
Тиіп тұрған жер еді ғой. Бүгін неғып осынша қашықтап кеткен? Уһ, әне, көрінді-ау! Жалбыр құлақ сұр төбет тұра шапты. Белдеуде ат байлаулы. Елемес ауылда болды. Есікті серпіп ашып біреу шықты. Торғын ба... Жоқ, Жамалдың өзі... Қайта кіріп кетті. Үйдің ту сыртына кеп тоқтады. Сүр төбет құйрығын бұлғаңдатты. Белдеудегі ат Теңбілкөк екен. Өн-бойына ошаған жабысып қалыпты. Жақан жүрексіне сәлем беріп табалдырықтан аттады. Үйреншікті көрініс. Даладай дастарқанның басында үш адам. Қақ төрде — Елемес. Бұл қолын шайып төрге озды. Жамал орнынан тұрып жол берді. Торғын басындағы шашақты орамалды бір түзеп қойды. Қалампыр араластырып демдеген сол баяғы бұйра шай. Тек бұның өзі ғана өзгеріп кеткен. Қараптан-қарап қысылып отыр. Елемес дастарқан жиналған соң барып хабар сұрады. Өзі баяғыдай емес, арыған. Қыр мұрын сорайып сүйірлене түскен. Бет-аузы күнге тотығып қарайыпты.
Босағада тұмсығын шөп жеп тастаған шаң-шаң етік. Жылқыны жалғыз бағу оңай тиіп жүрмесе керек. Бесін ауа үйдегі ыдыстың бәрі кузовқа салынды. Кабинаға Көксұр Елеместің өзі кеп отырды. Ертеңіне көксұр Елемес таңнан тұрып жылқыға кетті. Торғын мен Жамал мұны тағы да машинаға дейін шығарып салды. Қыз әкесінің көзінше бірер қымсына көз тастаған да қойған. Қазір аппақ тістерін түгел жарқырата күлді. Бірақ бұл рульге отыра бере оның жүзіне қайтадан кіреуке жүгірді. Тамағы тағы да лүп-лүп еткендей болды. Тағы да ештеме демеді.
Бұл жолы Жақан көп ұзамай тағы бір айналып соғуы керек екендігіне көзі анық жетіп бара жатты.
VI
Содан Жақан жылқышы ауылға мизам туа бір-ақ соқты. Бұл жолы салған жерден
құйғыта жөнелді. Дала екеш дала да оның алып-ұшқан көңілін бірден сезгендей әдеттегі ойқы-шойқысының бәрі тегістеліп жып-жылмағай бола қапты. Доңғалақ қағар ештеңе ұшыраспады. Қара жалдар да сонадай-сонадайдан бастарын бір-бір көтеріп ап, қайта бұға қояды. Баурай-баурайдағы сылаң құйрық селеулер де: «Білеміз, білеміз кімге асыққаныңды!»— дегендей жымың-жымың бүлкілдеседі.
«Білсеңдер, біле беріңдер!»— дейді ол ішінен. Тасадан шыға кеп, бір жалт беріп, құлақтарын тігіп едірейіп-едірейіп қарап тұрып, жалт етіп қайта жоғалып, таңдарын жарқыратып безе жөнелетін қара құйрықтар да жел жаққа шығып алғасын иіріліп тоқтай қалады. «Бізді қуып жүруге сенің уақытың жоқ. Асығыс екеніңді біз де білеміз!»— дегендей тұрған жерлерінде ойқастай секіріп-секіріп алады.
«Білсеңдер, біле беріңдер!»— дейді ол ішінен.
Талай-талай кесіртке бас, келтек жалдар да қылт-қылт қалып жатыр. Талай-талай тегене ой, тегіс жазықтар да қалып жатыр. Айна тақырлар да, кебіртек бауырлар да, майса құмақтар да қалып жатыр. Әне, басында мосы ағашы бар айғыр қара жал бір бүру қалып барады. «Жүрісің тым суыт екен, неге тоқтамай бара жатқаныңды білемін!»,— деп жазғырып тұрғандай.
«Білсең біле бер!»— дейді ол ішінен.
Әне — үзігі шақырайған жалғыз үй. Әне жер — ошақ басындағы үйдің үйінді тезегі. Әне, оның тасасынан жалбыр құлақ соқыр төбет атып тұрды. Әне, тілі салақтап шауып келеді. Әуп-әуп үріп келеді. «Кім екеніңді таныдым. Бірақ ит болғансын ауылға бет қойған жүргіншіге үрмеске қақым жоқ. Өйтпесем, қажап жүрген сүйек-саяғым мен ішіп жүрген сорпа-суымды ақтамай, қожайынымның алдында бір, тәңірдің алдында екі күнәлі болам. Оның үстіне, кейінгі кезде осы үйдің бойжеткені жол жаққа көп қарайтынды шығарып жүр, сенің келе жатқаныңды ол да білсін деп бір жағынан әдейі үріп келем. Әйтпесе мен үргеннен сенің сайтаның да сескенбейтінін білемін ғой»,— деп келе жатқандай.
«Білсең, тіптен жақсы!»— дейді бұл ішінен. Бұл жолы сыртқа Торғын шықты. Оны көре сала жалма-жан жаулығын түзеді. Білезігі күнге шағылысып жалтыраған жұп-жұмыр ақ білегін маңдайына апара беріп, бір жымиды. «Е, бала, мұнша келгіштеп кеткеніңді бір кісі білсе, мен білем ғой»,— деп тұрғандай.
«Білсеңіз, сол білгеніңіз дұрыс!»— дейді бұл ішінен. Белдеуге бұл жолы да Теңбілкөк байланыпты. Құйрық-жалы ошағанынан тазарыпты. Есікті серпіп ашып кіріп барғанда көзі Жамалға түсті. Ол да шай құйып отырған жерінен атып тұрды. Былайдағы ұялшақтығын ұмытып, жарқ етіп күліп жіберді. «Келгенің қандай жақсы болды. Осылай боларын біліп едім-ау!»— дейтіндей.
«Білсең болды, Жамалжан!»— дейді бұл іштей елжіреп. Екеуі бір-біріне қарап тұрып қапты. Соңынан кірген Торғын тұсынан өте беріп байқатпаған боп шынтағымен түртіп қойды. Жақанның көзі дастарқан басында отырғандарға сонда барып түсті. Түсі бұзылып кетті. Қақ төрде, үйреншікті орнында, Елемес шайды сораптап отыр. Ештеңе байқамағансып, тізесінде жатқан жұмсақ сүлгімен тершіген маңдайын сүртіп жатыр. Шай құйып отырған Жамалдан жоғары... Оразмағанбет... құс жастыққа шынтақтай құлапты. Жатысы, ыржиып күлгені, аяғын босағаға қарай созып тастағаны бәз баяғысынша. Бұған ығысып орын беру үшін ғана орнынан қозғалып, шынтағын жастықтан көтерді.
Жақан қолын шайды. Құман ұстап тұрған қитар көз бала жігітті сонда барып байқады. «Бұл кім болды екен?». Бала құманды босағаға қоя сап, Торғынның есік жағына жүрелей отырып, шыны аяққа қол созды. Жақан Оразмағанбеттен жоғары төрге озды. Шайы құрғыр тамағынан өтер емес. Көзі үй ішіндегілерді қыдыра шолып жүр. Жамал шай құманнан көзін көтермей тұқшиып кетіпті. Торғын шыны аяғының үстінен көз қиығын бұған салып қояды. Елемес ернінің ұшын қыбырлатып жөн сұрады. Жақан да әлдене деп аузын қимылдатты. Бірер шыны аяқтан соң дастарқаннан кейін шегінді. Қалғандары да шыны аяқтарын төңкере бастады. Жамал бұлардың бірдеңе дегендерін тосқандай шыны аяқтарды асықпай бипаздай сүртіп, ту сыртындағы жүк аяққа тықты. Сосын шиыршықтап дастарқанды жинап алды. Шоқ салулы легенді көтеріп сыртқа алып кетті. Содан қайтып оралмай қойды.
Бұл әлденеге тықыршып отыр. Елемес аузына насыбай сап алыпты. Оразмағанбет шаңыраққа қарап, шалқалай аударылды. Қамшысын ап сыртқа зып берген бейтаныс бала жігіттің соңынан бұл да шықты. Жан-жағына көз салып еді Жамал ошақ басында жүр екен. Күйбеңдеп әрі айнала береді. Жалбыр құлақ сұр төбет қана келіспейтін бірдеңенің бар екенін білдіргісі келгендей, құйрығын бұтына қысып қайта-қайта аяғын иіскелейді. Жақан машинасының қасына келді. Әлгі бейтаныс бала жігіт басын сұқаңдатып кабинаға үңіледі.
— Аға, осы сағатына жүз шақырым алады деген рас па?— деп қояды.
— Немене, машинаға отырып көрмеп пе ең?
— Жоқ, аға.
— Ауылдарыңда машина жоқ па?
— Бар, аға.
— Қай колхоздансың?
— «Ұшқыннан».
— Мұнда неғып жүрсің?
— Нағашы ағам кел дегесін...
— Нағашы ағаң кім?
— Елемес...
Жақан бірдеңе түсінгендей ысқырып жіберді.
— Әке-шешең қайда?
— Ауру шешем бар. Нағашы ағам көп ұзамай қолыма көшіріп алам деп отыр. Сіз де жылқы бағыпсыз ғой.
— Иә.
Қитар көз бала жігіт бұнымен етене жақындығы бардай қипақтап қасынан кетпей тұр.
— Нағашы ағам орталыққа апарамын деп еді. Енді, бірақ, Жамал апамның тойы өткенше қолы тиер дейсің бе... Жақанның тамағына тап-тастай бірдеңе кеп кептеле қалды. Тілінің ұшына ештеңе оралар емес. Жалақ ерін қитар баланы көзімен ішіп-жеп барады. Анау шегіншектей берді.
— Оразмағанбет ағам сыртқа шыққан екен. Барып шылым сұрайын. Үйден Оразмағанбет шығып келеді. Үстінде жылтылдақ қара қостюм. Жерге отырғаннан шалбарының тізесі қалталанып қалыпты. Қолында жарқ-жарқ еткен сағат. Маңдай тісі де күнге шағылысып жалт-жалт етеді. Шіркін, сол жалт-жалт еткен алтын тістен құлаштап тұрып бір берер ме еді. Үстіндегі жылтырақ костюм, ақ көйлекті шешіп ап, соңынан сұр төбетті айтақтап, жер-көкке симайтын нән борбайын көстеңдетіп тыр жалаңаш қуар ма еді. Қос құйрығы күнге жалтырап, тызақтап, безіп бара жатқанын бір көрер ме еді...
Оразмағанбеттің мұның не ойлап тұрғанында шаруасы шамалытұғын. Талтаңдай басып машинаның көлеңке бетіне өтті. Ауылдың желкесіндегі жүлгеге баруға ерінді. Машинаның тасасына теріс қарап талтайып тұра қалды. Қазір жарапазаншы Жанақ шалдың қара есегіндей белі үзілгенше шірене қайқайып сілкініп-сілкініп алады.
Жақан жалма-жан рульге отырды. Газды басып қап жылжып жүре берді. Оразмағанбет сол үйдің желкесінде талтайған күйі қала берді. Ошақ басында жүрген Жамал бұған жалт қарады. Күнге шағылысып жарқ ете түскен аппақ тамағы лүп-лүп ете қалғандай болды. Бұл беті ауған жаққа тартып келеді. Қайда бара жатқанын өзі де білмейді. Әйтеуір әлгінде ғана алып-ұшып көңілін су сепкендей сап қылған сұмырай үйден безіп барады. Төңірегін топан қаптап келе жатқандай көз алды бұлдырап сала берді. Мынау жер-көкті түгел қалқытып алып бара жатқан қаран суға бір-ақ сүңгіп жоғалмақ. Жамалдың әлгі бір оспадарсыз оңбағанға бұйырып бейшара болғанын көргенше көзін біржолата құртпақ. Қайда бара жатыр, не істемек — оны өзі де білмейді. Әйтеуір мынау Елемесі бар, Өтемағанбеті бар, Оразмағанбеті бар — көлгір дүниені енді қайтып көргісі келмейді. Әлгі бір тарпаңдай басқан талтаңбай неменің мұның сүттен ақ ұп-уыз сезіміне, Жамалдың айдай ажары мен абзал арманына, тіпті мынау жарық дүниенің тас төбесіне жаңағы машинаның көлеңкесіндегідей қып талтайып тұрып түкіргені бар ма! Ендеше мынау бейшара дәрменсіз дүниені сол талтаңбайлар-ақ табанына салып таптай берсін...
Ышқынып газды баса түседі. Қолындағы рульге кеудесімен төне түскен. Машинаның жүріп келе жатқанын, не ұшып келе жатқанын өзі де білмейді. Әйтеуір бір соқыр ыза көкірегін жарып барады. Әйтеуір бір соқыр ыза қол-аяғын жер-көкке тигізбей басы ауған жаққа құйындай ұйтқытып алып барады. Кенет маңдайы тарс ете қалды. Кенет аяғы газдан шығып кетті. Машина шоршып-шоршып түсті де, бір қырындап жантая тоқтады. Көпке дейін көзін аша алмады. Дүние әлі шыр көбелек айналып тұр. Бір уақыттарда барып қолы есіктің тұтқасына тиді. Жұлқып ашып сыртқа шықты. Алатағанақ тақырдың шетіндегі қалың жапақ ескен қоңырлық екен. Арба батып қазып тастаған кішкене қазан шұңқыр. Алдыңғы доңғалақтың біреуі соған кеп кептеліпті. Төңірегі шимай-шимай сызық. Еңіреп қатып қалған шұқанақ-шұқанақ балшық. Әйтеуір аударылып кетпегеніне шүкір. Машинасының о жер, бұ жерін шұқылап көріп еді. Қираған, бұзылған ештеңе жоқ секілді. Машинаны кейін шегіндіріп, әлгі қазан шұңқырдан атып шықты. О жер, бұ жерде шашылып қалған құрым киіздің жұрнақтары мен сүйек-саяқты енді көрді. Мынау бұралқы соқпақтың өтелші Өтемағанбеттің арбасының ізі екенін сонда барып таныды. Ызасы кеп кетті. Ақ тақырды әлденеше мәрте шимайлап тастаған екі жіңішке сызықты әрлі-берлі таптап көріп еді, тауыса алмады. Кері бұрылды. Әлгінде ғана өзі безіп кеткен жалғыз үй жылқышы ауылға қарай қайта ағызды. Төтен бірдеңеге белді бекем буған түрі бар. Сол зулаған күйі үйдің желкесіне манағы тоқтаған жеріне келіп кілт кідірді. Жамал әлі ошақ басында күйбеңдеп жүр екен. Бұны көргенде қолындағы тезек толы шылапшыны жерге түсіп кетті.
Жақан кабинаның есігін сарт еткізіп жауып, аңырып тұрып қалған Жамалды қасына шақырды.
— Жаңа ұмытып кетіппін. Сені комсомол жиналысына алып кел деген. Киін де жүр!— деді.
Жамалдың жүзі бір қызарып, бір бозарды. Әлденеге түсінгендей. Басын изеді. Сол екі ортада сыртқа Елемес шықты. Оған ілесе Оразмағанбет те көрінді. Жақан Жамалға айтқанын оларға да айтты. Өңі түтігіп алған. Екі көзі алдына кеп, аңтарыла тұрып қалған екі еркекті алмакезек жеп барады. Төсін желге беріп талтая тоқтаған Оразмағанбеттің дүрдік ерні бұрынғыдан бетер дүрдие түсіпті. Жылдан-жылға ет көміп бара жатқан індігеш көзі жұмыла түсті. Шара табақтай көл-көсір бетінде көкірігі азған тоқтықтан басқа ештеңеге орын тимепті. Тіпті мына үсті-басы май-май жаман шофер құдайдың кіндігінен түскендей неге осынша ежіреңдейді, қайдағы бір комсомол жиналысын қайдан тауып тұр, оны неге мана айтпай, қайтып келіп айтады, ұрын келіп жатқанда, қалыңдығын бөтен біреудің жанына отырғызып жайбарақат қала бергені қалай болады деген уайым күмән, реніштің бір де біреуі жылт бермейді. Сақасының қалай иірсе де, алшы түсетініне көзі әбден жетіп болған, бір ауылдың балаларына түгел әлімжеттік жасап үйренген шалдуар баладай кекірейе қарайды.
«Кекірей, кекірей!»— дейді Жақан ішінен зығырданы қайнап. Енді көзін Елемеске аударды. Ол ылғи сый қонақтар келгенде киетін өңірін жасыл масатымен әдіптеген құс таңдай түйе жүн шекпенін жамылып шыққан екен. Иығынан сусып тұрмай қойған соң қайта-қайта тартқылай береді. Сыр алдырмағансиды. Бірақ, анау сояу кірпіктерді ар жағынан кілгіре қарайтын жымысқы көздің не ойлап тұрғанын кім білген... Не ойласа да, мейлі... Жақан, бәрібір, алған бетінен қайтпайды. Тек Жамал ынжықтық жасап жүрмегей... Мына екі еркек бұған қолдарынан екі келсе, бірін қылсын... Қазір, жоқ қас қағым сәт кейінірек араларында не болып, не қоятынына көзі жетіп тұрғаны шамалы. Өйткені, онсыз да Көксұр Елеместің беті одан сайын сорайып барады. Оразмағанбеттің құм басып кеткен жатаған жалдай тап-тайпақ жапырақ бетінің екі шықшыттығында, астынан құлық түртіп ойнағандай, бірдеңе бүлк-бүлк еткендей болды. Бәлкім, тіпті, көзіне қос көрініп те тұрған шығар. Бірақ еңгезердей-еңгезердей екі еркектің мына тұрыстары қай тұрыс? Неге тырп етпейді, неге үндемейді...
Әңгүдік Оразмағанбет ештеңеге түсінбесе, түсінбей-ақ қойсын, бірақ Елемес неғып түсінбейді... Оның жер түбіндегіні сезіп, байқап, көріп отыратын тіміскі жанары неғып ештеңені аңғармай тұр? Мұның былай бейсауат келіп, бейсауат кетуі, төбеден түскендей қып: «Қызыңды комсомол жиналысына алып кетем»,— деуі, бұрын бүгежектеп алдына түсе беретін боқмұрынның әлдеқандай боп шіреніп тұрысы неге жынына тимейді. Неге мысқыл шақырмайды? Адам түгілі, құдайдың өзін көзіне бір көрсетсең, оның бойынан да бірдеңе тауып ап, шиге шаншып миығынан күлетін мысқылшы неменің езуіне біреу әдейі желімдеп қойғандай жабысып ап түспейтін үйреншікті кекесін күлкісі қайда құрыған? Тек осыдан жымиып көрсін, бәлем... Отыз тісін саудыратып санап тұрып алақанына сап бермесе, жер басып жүрмей-ақ қойсын. Талайына тап келген бір оңбағанның, ең болмаса қан салған тайлақтай қып аузын бұза алмаған жігіттің жігіт аты құрсын. Ондай шірік «еркекпін» деп талтаңдап бөрік киіп шікірейгенше, басындағы бейкүнә тоқтышақтың терісінен садаға кетсін. Тап қазір есесін жіберсе, дәл осы сәтте өзінің дегені болмай, мына бірі әңгүдік топас, екіншісі жымысқы жылпос екі оңбағанның дегенін істетіп қойса, онда Жақан да бұдан былай бөріктен күдер үзсін. Тек Жамал... Жамал... жығып бермегей... Жамал... мейлі ынжықтық жасаса жасасын... бірақ... бірақ... бұлынжықтық жасай алмайды. Осы арада бір ойран салып кетпей рульге қайта отырмайды. Арты не болса, о болсын... Ел не дейді, жұрт не дейді, заң не дейді, мейлі... Жамалды мынандай сілімтіктің қанжығасына өңгертіп жіберіп қарап тұрар жайы жоқ. Елдің алдындағы, заңның алдындағы өйткен мақұлдығы құрысын... Апырау, Көксұр Елемеске мұншама не болған? Бұған неге көзін тура салмайды? Неден жасқанады? Ең болмаса, неге күлмейді? Неге әжуаламайды? Әлгі жексұрын күлкісі қалайша бір жылт етпейді? Жоқ, Көксұр Елеместің сол сұп-сұр қалпы. Жұп-жұқа еріндеріне күлкі жүгірер түрі жоқ, жымқырылып кетіпті. Сұлық тұрған Елемес бір уақытта тіпті шайқалақтап кеткендей болды. Мөлиіп қызына қарады.
— Бармасам, ұрысатын шығар. Өткен жолы да қалып қойып ем,— деді Жамал көзін жерден көтермеген қалпы. Сып беріп үйге кіріп кетті. «Қап, бәлем, қалай екен!»— дегендей Жақан Елеместің жүзіне шаншыла қарады. Ендігәрі бұның көзінше жарық жалғандағы жан біткенге миығынан күлетін мекерлігін көрсете алмастай болған шығар.
Көп ұзамай Жамал қайтадан шықты. Торғын бірге шықты. Бөрі жабылып машинаға қарай жүрді. Жете беріп тоқтай қалысты. Елемес бірдеңе білгісі келгендей Жақанның жүзіне ұрлана көз тастады. Жақан міз бағар емес. Елемес иығынан сусып төмен түсіп бара жатқан шекпенді жоғары тартып, кейінірек тұрып қалды. Жақан есікті ашып Жамалды кабинаға отырғызды. Сосын рульге қолын апара беріп, сыртқа көз салды. Көксұр Елеместің өңі күлдей боп кетіпті. Ылғи бір қиығынан ғана қарайтын қуақы жанары жылтырынан айрылып, бұ дүниеден әбден күдер үзген о дүниелік адамдай, қарсы алдындағы бұдан былай ырқына көнбейтін қиқар жігіттің қатыгез жүзіне мелшие қалыпты. Оразмағанбеттің сол бедірейген жайбарақат қалпы. Бұған саусағын кезеп:
— Бала, смәтри!— деп қояды, бар салмақты жалтырақ күрек тісіне салып. Бұл газды басып қалып еді, машина анадай жерге ытқып кетті. Үй сыртындағы үшеу сол соңдарынан телмірген қалпы қала берді.
Бір жалдан асқанда тегенедей шұңқыр ойға жабылып жатқан көп жылқыға қарай шара көз шабдар айғырға мініп, екі етегі далақтап құйғыта шауып бара жатқан манағы бейтаныс бала жігітті көрді. Ағызып келеді. Кенет мырс-мырс дыбыс құлағына тиді. Жалт қараса — Жамал. Ағыл-тегіл жылап отыр. Бұдан тайсалып, бұрышқа қарай тығыла түсті. Жақан аяп кетті. «Әй, туған үйі құрғыр-ай. Аяқ-қолын матап, хайуаннан аты өзге әйтеуір екі аяқты біреудің алдына өңгеріп жібере жаздаса да, қимай келеді-ау». Қыздың көзін сүртіп, арқасынан қағып, жұбатқысы келді. Бірақ екеуден-екеу оңаша келе жатса да, тап бір күллі дүние былайғының бәрін тастап тек сол екеуіне қарап тұрғандай, өзінен-өзі ұялып, қозғала алмады. Аяқ-қолы руль мен акцеляторға жабысып қалған тәрізді. Зуылдаған жел құлағын жарып барады. Қара дөңді тіліп түскен қасқа жол бұларды бір төтен іске бастағандай тұп-тура ақсия созылып жатыр. Жалғыз үй жылқышы ауыл әлдеқашан тасаға түсті. Әлгінде ғана мауыздай-мауыздай екі еркек жалғыз бұған қылар қайран таба алмай қаққан қазықтай тұрған-тұрған жерлерінде қалшиып-қалшиып қала берді емес пе! Жарықтық, бәрі мына машинаның арқасы... Жақан қолындағы рульді аялап отырғандай оң қолымен бір сипап қойды.
Тәйірі, Елемес пен Оразмағанбет, басы Шайхаттың өзі боп бүкіл ауыл-ел жолына қарап отырған бұған қыңқ деп ауыз аша алар ма... Аша алмастан қалды ғой, әне...
Бұлар құстай ұшып келеді. Мана ғана анадай-анадайдан анталай қарап ұзатып салған кеспелтек қара жалдар енді, міне, бұл не бітіріп қайтты екен дегендей бастарын көтеріп селтие-селтие қапты. Жақан газды баса түсті. Ұшқыр жылдамдықтан аяқ астында шалқар көлге айналып шалқи жөнелген кең жазира алқаптың белес-белдері желді күнгі жал-жал толқындай көтеріліп құлап, көтеріліп құлап кейін аунап қалып жатыр. Сол мың дөңбекшіп, шыр көбелек айналып, бұлдырай қалып жатқан жойқын кереметке жас нәрестедей аузын ашып таңырқаған Жамал көзі бақырайып қадалып қатыпты да қапты. Қайқы кірпіктеріне ілініп қалған мөлдір тамшыларды ашық терезеден уілдей соққан өкпек жел моншақтай домалатып әкетіп жатыр. Бұрын-соңды мұндай ғажапты көрмеген сұлу қыздың әлгіндегі шөлмектей бозарып кеткен сұп-сұр жүзіне қайтадан лып-лып қан жүгіріп бал-бұл жайнап қоя беріпті. Томпақ-томпақ етті еріндері албырай түскен. Ұп-ұлпа аппақ тамағы су ішкен кептердің жемсауындай лүп-лүп етеді. Шашынан сипағысы, құшақтап аймалағысы келіп-ақ отыр. Бірақ аяқ-қолы руль мен педальге желімше жабысып апты, ажырар емес...
Жақан қазір осы барғаннан қайда тоқтайтынын, қасындағы Жамалды қайда апарып паналататынын біліп келе жатқан да жоқ. Бірақ тілегінің оңғарылғанына, бұл дүниеде енді бұдан бақытты адам кем де кем екеніне көзі әбден жетіп келеді. Астындағы машина бағана-ақ қара жерден үзіліп шығып, зеңгір көкке бір-ақ шырқап көтерілгендей. Мынау зулаған жылдамдық осылай қалықтатып-қалықтатып апарып айран-асыр ауылдың қақ ортасына бір-ақ түсірердей. Шіркін, онда бала-шаға түгілі үлкендердің өзі-ақ таңдай қағып тұрар еді-ау. Бұған жаны ашып жақсы көретіндер: «Е, бәсе! Елден алғыс алған тегін кетпейді деген осы ғой. Жұрттың күнде айтатын көп «тәңір жарылқасыны» көсегесін көгертпей қойсын ба!»— деп бір-бір масаттанып қалар еді. Ал, бірлі-жарым өкпелілер: «Мырза құдайдың көзіне кешегі жалақ ерін жаман жылқышыдан басқа кісі түспейді екен. Осының-ақ мейманасы тасып болды ғой. Ауылдағы ең сұлу қыздың да соған бұйыруын қарашы!»— деп бір-бір бұртаңдап қалар еді. Шіркін, Нүркенді көрер ме еді сонда. Онсыз да кездескен кезде бұның бетіне тура қарамай түртеңдеп бітетін неме кабинадан жарқырап Жамал сұлумен бірге түсіп жатқанын көргенде өті жарылып кететін шығар. Жарылса, жарыла берсін. Бұл анада аудан орталығында киноға барғанда көргеніндей қып Жамалды қолтықтап ап ауыл советтің кеңсесіне алшаңдап бір-ақ тартады.
Іркес-тіркес шоқылардың етегінде тарыдай шашырап колхоз орталығы көрінді. Бұрылып қарап еді — Жамал алабұртып отыр. Астыңғы ернін тістелей береді. Өңі қуқыл тартып, бұған бірдеңе дейді. Жақан оған абыржымай-ақ қой дегендей ырсиып күледі. Қыз ұялып төмен қарайды. Машина ауылдың қақ алдындағы биік қара жалдың құлауына ілікті. Жамал бұған жаутаң-жаутаң көз тастауын жиілетті. «Ай, қанша дегенмен, қыз баланың тағдыры да қиын ғой,— деп ойлады Жақан.— Әлпештеп баққан ата-анамды жерге қаратып бөгде біреудің етегінен ұстап кеткенде нендей күйге ұшыраймын деп отырған шығар. Оған бола уайым жеме, Жамалжан. Жеті мүшем сау болып, қара жердің үстінде жүрсем әйтеуір қатарыңнан кем қылмаспын. Манағы айтқызбай біліп, әкең болғанымен өз көлеңкесін өзі алдап кетуге тырысатын әйгілі әккі мен ақ адал еңбегімен емес, әкесінің елді алдап, қыл қыбырдың үстінен қиқымдап жиған қоқыс дәулетіне бола тұтқа толып, кекірейіп тұрған желбуаз жексұрынды тақырға отырғызып кеткенің үшін-ақ, не айтсаң да, алдыңда тұрмаспын. Көзім жұмылғанша төбеме көтеріп өтермін. Оған имандай сен, Жамалжан...»
Қыз бұның көкірегін кернеп жатқан көл-көсір пейілді қабағынан танып, албыраған шие еріндерінің ар жағынан қаладай қаланған аппақ тістерін ақсита көрсетіп: «Түсіндім, мен де сенің бұндай сын сәтте бел буып, қайрат жасаған ерлігіңді ұмытпаспын. Көз алдыңда шырылдап күйіп бара жатқанымда ойланбастан отқа қойып кеткен көзсіз көбелек ерлігіңе ризамын. Ол екінің бірінің қолынан келмейді. Сенің қолыңнан келді. Ол үшін мен де сені өле-өлгенше сыйлап өтермін. Қыз арын өз жанына теңгерген сендей жігіт кем де кем. Сенен жаным артық емес. Етегіңнен ұстап, бірге жүріп, бірге өтсем, арманым жоқ»,— дейтіндей. Жәудіреген көзі қандай тамаша еді. Еңкейіп сүйіп алса ма екен... Қазір ауылға барғасын қарайған жұрттың көзінше, сірә, құшақтап құмарынан шыға алмайды. Жоқ, бұдан арғыға шыдамы жете алар емес. Көз алды бұлдырап, тамағы кеуіп, буын-буынын діріл жайлап барады. Бұрын-соңды мұндай халді бастан кешіп көрмепті. Баяғыда айдалада аппақ қарда үсіп өлуге айналғанда да дәл бұлайша қалтырап-дірілдемеген сияқты еді. Енді сәл шыдаса, тағатсыз сезімнің тақылдап айтып тұрғанына тағы да құлақ аспаса, қайырып тастаса, біржола естен танатындай. Алдындағы ирелең жолға да, қолындағы рульге де қараған жоқ, мойнын бұрып ап, не де болса тәуекел деп, қасындағы екі беті бал-бұл жанып әлабұртып келе жатқан қызға, оның албырай көтеріліп дір-дір еткен ал қызыл еріндеріне әнтек еңкейіп, енді-енді төне беріп еді... құлағының түбінен жүрексіне шыққан бір... әлсіз дыбыс... күбірлегендей болды.
— Өзі... ауылда... ма... еді...
Жақан басын қайта көтеріп алды. Кімді айтады? Ауылдамасы несі? Ештеңеге түсінбей отырғанын білдіргісі келгендей қыздың жүзіне қайта қарады. Жамал да қарады. Естімей отыр десе керек, тамағын кенеп, қылғына, қинала сөйледі. Екі беті алаулап барады.
— Нүркенді айтам. Ауылда ма еді?..
Жақанның газды басып отырған аяғының сіңірі тартылып қоя бергені. Жандәрмен ышқынып қалды. Машина шайқалақтап-шайқалақтап барып, жолдан шыға кілт тоқтады. Зуылдап келе жатқан мотор үні мен жел гуілі бірден жым болды. Жақан көкірегіне сүңгіп жоғалған қап-қатты рульді еңсесімен нығарлай жаншып сұп-сұлқ отырып қалды. Қаны қашқан сұп-сұр бетін қызға бұрып, көзі жөнді түспей,есеңгірей қарады. Оған Жамалдың назары сонда барып ауды. Жарқыраған тана көздері шарасынан шыға адырайып кетті.
— Жақан-ай, саған не болған?
Қыз оны аяп бас салудың, асты-үстіне түсіп, құлын даусы шығудың орнына, қорыққандай әрі жылысып, бұрышқа қарай тығыла түсті. Екі қолымен жалма-жан омырауын келкештеп, екі тізесін тас қып қысып апты. Екі иығы, иегі дір-дір етеді. Жақанның көкірегін әлдекім осып-осып жібергендей болды. Әлгінде ғана өз-өзінен тарсылдап ала жөнелген тентек жүрегінен лып-лып шапши көтеріліп, өне бойын өртше жайлап қоя берген ыстық қан құрдымға сіңіп жоғалғандай, қол-аяғы тегіс мұздап бара жатты. Жан-дәрмен есіктің тұтқасын жұлқылай берді. Өртте қалғандай жанталаса жұлқылады. Қолы дірілдеп әрең ашты. Сүйретіліп жерге түсті. Радиатордан шығып жатқан аппақ буды сонда барып көрді. Не болғанын түсінбей аңтарылып тұрды. Кенет есіне бірдеңе түсті. Екі жіліншігі жеміріліп, аяғын сүйрете басып, кузов жақтауына ілулі резина балонға зорға жетті. Ондағы суды апарып радиаторға құйды. Сосын орнына кеп отырды. Тағы да рульді құшақтай алды.
Моторда да үн жоқ. Жамалда да үн жоқ. Қара жалдан құлай бере кесе-көлденең жолығатын жарлауыт сайдың бойы жым-жырт. Тек анадайдағы бір түп ши ғана: «Ештеңеге түсінбедік қой»,— дегендей бас шайқап қояды. Кеудесін жол жиегіне арта тоқтаған машина бір ырғалып барып орнынан қозғалды. Сол аяғына жем түскен аттай қиқалаңдаған күйі сайдан шықты. Қол созым жердегі тиіп тұрған ауылға салдырлап-күлдірлеп зорға жетті. Жақанға көкірегінде де әлдене үзіліп кеткендей боп көрінді. Қара машина кеудесін сүйреткен қара қоңыздай ілбіп келеді. Сол өгіз аяңымен ауыл шетіне ілікті. Сол өгіз аяңымен почтаның қасына жетіп тоқтады. Ар жағындағы қараңғы дүниені қалқалап, жөнді көрсетпей, жарық дүниеге жабырқай телмірген алақандай әйнектен Нүркеннің жадау жүзі мен салыңқы иіні көрінді. Машинаға дұрыстап көз салмай орнынан сұлқ көтерілді. Сүйретіле басып сыртқа шықты. Есік алдында ернін жыбырлатып сәлем мезіретін жасады. Жақан ернін жыбырлатқан да жоқ. Нүркен әдеттегі кекірейген қалпы қолтығындағы екі қағаз қапшықты кузовқа сылқ тастай салды. Тағы бір-екі ағаш жәшікті де тарс-тарс лақтырып жіберді. Қараптан-қарап тырсиып бұлданып тұр. Ерні дүрдиіп кабинаға жақындады. Көзін жерден көтермейді. Жақанға бір сарғыш пакетті ұстатты. Сосын дудар желкесін бір көрсетіп теріс айналып кетті. Почта кеңсесінің қаңсылаған қарағай есігіне қолын соза беріп: «Ау, неғып тұрсың? Кетпейсің бе енді?»— дегендей алая бір қарады. Сол-ақ екен, көзі сол аларған қалпы адырайып тұрып қалды. Аузы ашылып кетіпті. Өз көзіне өзі сенбегендей. Тұтқадағы қолы сылқ түсіп бара жатты. Бірақ тұрған орнынан тырп етіп қозғалған жоқ.
Жақан көзінің қиығын Жамалға тастады. Қыздың әлгінде ғана алабұртып тұрған өңі сүлік сорғандай сұрғылт тартыпты. Басындағы қызыл шарқатының ұшын оң қолымен мытып ұстап апты. Көзін Жақанға да, Нүркенге де салмай, жерге қарап тұқшиып кетіпті. Басын көтере алмай, өне бойы дір-дір етіп, зорға отыр. Жақанның жүрегі шым ете қалды. Көзін жалма-жан Нүркенге аударды. Нүркеннің сол мелшиген қалпы. Көзіндегі айран-асыр таңғалыс жым-жылас жоғалған. Ыза ма, жек көрініш пе, айырып болмас, бір шатынаған ызғар ұшқындайды. Танауын көкке көтеріп апты. Әлгінде ғана иіні түсіп сөмпиіп тұрған сабазың баяғы шекелеп қарайтын мінезіне басқан. Онсыз да қайқақ еріндері бір-біріне жанаспай, шығынысып кеткен. Тек бұны ғана емес, Жамалды да, тіптен күллі жарық дүниені де өлердей жек көріп, түңіліп біткен түрі бар.
Жақан да зығырданы қайнап:
— Әй! Ит көрген ешкідей неғып сексиіп тұрсың? Танымай қалдың ба? Жамал сені іздеп келіп отыр ғой,— деп зекіді.
Қыздың екі беті шоқ боп жанып кетті. Екі қолымен тас қып басып алды. Нүркен мына сөзге сенер-сенбесін білмегендей абдырай аттап, машинаға жақындап, есіктің тұтқасын таба алмай, сипалап жүріп зорға ашты. Манадан тірідей жерге кіргендей боп зорға отырған ұяттан ба, әлде көптен бері көрмеген тылсым сағыныштан ба, Жамал жерге бір-ақ ырғып түсіп, үрпиіп тұрған жігіттің көкірегіне бетін тақай берді. Сол-ақ екен, машина орнынан жылжып қозғалып кетті. Жамал жігіт құшағынан жалма-жан басын жұлып ап, бұған аппақ тістерін жарқырата көрсетіп, қымсына күлімдей бір қарады. Оның көзінен, дымқыл кірпіктерінен, күнге шағылысып, шашырай жарқ ете қалған оқыс өткір сәуле мұның дәл жүрегін қарып алғандай болды.
Бақытты кісіде пәтуа болушы ма еді, тәйірі. Манадан бері маңына жуымай состиып тұрған Нүркен енді, міне, әншейіндегі аяғын басып болмайтын керенаулығын ұмытып, қолын бұлғалап сүрініп-қабынып соңынан жүгіріп келеді. Жақан табанының астындағы газды өші бардай өршелене басты. Сол-ақ екен, әлгінде ғана құр сүлдер қиқалақтап келе жатқан машина қайтадан ағыза жөнелді. Ауылдан ауданға қарай шығатын айдау қара жолға кеп бір-ақ түсті. Ашық әйнектен ескен өктем леп өз маңдайын аямай осқылай бастады. Әлдекім бұдан кеп ит жылғы бір өшін алып жатқандай, үсті-үстіне сабап келеді. Сабаған сайын оның айызы қанып келеді. Құдды бір өзін осынау басы-көзге қарамай төпелеп келе жатқан өткір қамшы басқа ешкімдікі де емес, өзінікі сияқты. Манадан бері көкірегін айқара басып жатқан ыза сеңі қарс айырылғандай. Өксіп-өксіп қойды. Бірақ соның ешқайсысын сезіп келе жатқан жоқ. Ештеңені көріп келе жатқан жоқ. Ештеңені ұғып келе жатқан жоқ. Әйтеуір бұғана сүйегі дәл осы қазір быт-шыт боп қақырай сөгілетіндей. Сол бір дүлей күштің аты не? Ыза ма? Өкініш пе? Өле-өлгенше көкірегіне шемен боп байланар махаббат па? Қызғаныш па? Жоқ, жарық дүниенің барша құпиясынан беймағлұм бұла көңіліне енді қайтып сенбес, өшпес ыстық шұғыла жүгірткен аяулы адамға деген қимастық па? Білмейді, ештеңені білмейді. Бет-аузын айғыздана жуып келе жатқан удай ащы тер ме, әлде көз жасы ма — одан да бейхабар. Басқарма осы бүгін оған ауданға бар деп пе еді, жоқ па еді, тағы қандай тапсырма беріп еді — о да есінде жоқ. Әйтеуір ағызып келеді. Әйтеуір құтырына үрлеген өкпек желге бетін тоса түседі. Желмен ойнаған жалбыр шаш тас маңдайын неғұрлым өршелене ұрған сайын жаны кіріп бара жатқандай. Кенет біреу жол жиегінен ыршып түсті ме, қайтті? Кенет біреу әлдене деп айқайлады ма, қайтті? Есін сонда барып жинады. Ашық терезеден басын шығарып қарап еді — анадай жерде Қосжан қалып барады екен. Екі балағын тізеден жоғары шиыршықтап түріп апты. Маңдайы үңірейген жыртық бәтіңкесінің бауын байластырып, мойнына іліпті. Ақ тер-көк тер. Мектепте директорға еліктеп кекірейіп жүретін неменің үсті-басы ебіл-себіл. Омырауы ұйпа-тұйпа. Шамасы, жер түбіндегі қойшы ауылдан күн сайын мектепке қатынап оқу оңай тиіп жүрмесе керек.
Жақанның осы ауылда Шайхаттан кейінгі бір сескенетін адамы осы оқушы бала еді. Оның басқанынан жер ойылатындай орнықты жүріс-тұрысына, маңғаз мінезіне, сөйлеген сөзіне былайғы балалар сыртынан қолдарын шошайтып сыпсың-сыпсың күліп жатқанда, бұл оларға қосылмай, қайта көңілі бітіп, қызығып отыратын. Мектептен кеткеніне біраз жыл болса да, әлі күнге оны көрсе, бір түрлі именіп тұрады. Міне, қазір де жалма-жан омырауындағы шаңды қағып, қалтасынан орамал ап сүртінді. Алдындағы айнаға қарады. Айнадан шашы бет-бетіне бытырап кеткен үкі-түкі, көзі қып-қызыл, жағы суалыңқы, маңдайы шытынған бір кексе кісі оған: «Сонша неге ежірейе қалдың?» деп жақтырмағандай селсоқ көз тастады.
Қасына келген Қосжан бұған емес, сол әлгі айнадан қарап тұрған самарқау кексе кісіге амандасқандай, аузын толтырып:
— Ассалаумағалайкум!— деді.
— Әликісәлем!— деді Жақан, әлгі кексе кісінің даусын естімеген соң. Бірақ даусы созалаңқы, қажыңқы шықты. Жақан айнадан әлгі сығалаған тұнжыраңқы адамның өзі екенін сонда барып ұқты.
— Кел отыр. Аулыңа апарып тастай кетейін. Асығатын Қосжан ба... Ырғалып-жырғалып есік ашты. Ырғалып-жырғалып баспалдаққа көтерілді. Баяғыдағы тақтаның алдынан бестік алып, партасына қайтып оралғанындай шайқалып қасына кеп отырды.
Машина қайта қозғалды. Жақан бір түрлі ыңғайсызданып келеді. Кабинаға кім отырса да, тап бұлай қысылып-қымтырыла қоймаушы еді. Сабақ айтқан сайын «қателесіп кеткен жоқпын ба» деп қасындағы Қосжанға жалтақтап қалған жазған басы қазір де оған әлсін-әлі көз жүгіртіп қояды. Қосжанның онымен шаруасы шамалы. Екі көзі бұның аяқ-қолында. Зулап қалып бара жатқан қоңыр жалда. Алдынан атанақтай жүгіріп, аяғына кеп оратыла құлап түсіп жатқан ақсиған айдау жолда. Бірте-бірте ширай түскен ұшқыр жылдамдық қалқан құлақ қара баланың сұрғылт жүзіндегі зіл батпан сабырлылықты құлан таза қуып шығыпты. Әрдайым ересектерге ұқсап бағатын бір мектептің маңдайға ұстаған жұлдызы, озат шәкірті жүрегін жарып бара жатқан қуанышын жасыра алмайтын алақызба, желөкпе, ұшқалақ, алаңғасар балалық мінезбен қайта табысыпты. Аңырайып аузы ашылып қалыпты. Жол жиегінен қос аяқ жүгіріп өткенде, отырған орнынан атып тұрам деп, маңдайын талай рет төбеге ұрып алды.
Жақан өзіне-өзі қайран. Әлгінде ғана қаусап, күйреп күлге айналып кеткелі тұрған құр сүлдер көкірегінде енді тағы да бір ожар от тұтанғандай. Газды баса түседі. Мектепте ылғи қабағынан қар жауып түксиіп жүретін қалқан құлақ қара бала аузын аша түседі. «Әлі де жылдамдата түссе қайтеді?»,— дегендей, Жақанға жалтақ-жалтақ қарап қояды. Ол әр қараған сайын Жақанның көкірегінде жаңадан қордалана бастаған ожар сезім өрши түседі. Жүрегінің басына бүк түсіп жатып алған зіл қорғасынға қайтадан қозғалыс біткендей, кенет көкірегі қарс айрыла ауыр күрсініп қойды. Қосжан жалт қарады. «Мынандай жер танабын қуырған жүйрік машинамен күні-түні жүйткіп жүретін адам да күрсіне ме екен, ол ылғи қарқ-қарқ күліп, айдарынан жел есіп лепіріп жүрмес пе», деп таңғалып келеді. Жақан мырс ете қалды. Бетіне жылап отырып уанған сәбидің жүзіндегі күлкідей жадыраңқы рең жүгірді. Қай сабақтан сұрасаң да, бәрін іштен біліп туғандай, сайрай жөнелетін сұңғыла баланың мына дағдарысына масаттанып келеді. Дүниеде оның да білмейтіні бар екеніне, ол әлі білмейтін бір нәрсені өзінің енді, міне, біліп үлгергеніне масаттанып келеді.
Газды баса түседі. Дүние қайтадан шыркөбелек айналып билей жөнеледі... Кешқұрымғы жәдігөй самал іші-бауырына кіріп барады. Енді байқады. Батып бара жатқан күн көзінің дәл оң жақ үстінен ай туыпты. Үйелеп жатып та қалмай, шалқалап құлап та кетпей, кербез сұлудың құлағындағы күміс сырғадай сызылып әдемі туыпты.
Ай астында ақ жібек делбедей жарыса созылып, қалт-құлт бұлдырап қос тармақ қасқа жол жатты.

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: