Әңгіме: Мақсат Рамазанұлы | Із

Әңгіме:  Мақсат Рамазанұлы | Із


Ілкі сәтте санасы іске қосылған ол, айналасына көз сүзді. Айдалада тұр екен, көз жетер жерде ешкім көрінбейді. Өз денесіне қарады, үстінде лыпа жоқ. Тыр-жалаңаш. Базбір бұзақылар шешіндіріп, тонап кеткендей. Бірақ еш қысылмады, себебі мұны көріп тұрған ешкім жоқ болатын. Бәрінен бұрын алаңдатқаны жалғыздық еді. Қабырғасы қайыса қайғырды, өзінің жалғыздығына. Бір нәрселерді есіне түсіргісі келген, ештеңе өнбеді. Санасы ақ парақ секілді, тап-таза. Ми қуыстарында тек табиғат құбылыстарының елесі тұр, сондай ақ қоршаған ортаны білетін сияқты. «Анау тұрған ағаш» деді, анадайда қуарып тұрған жалғыз теректі өзіне көрсетіп. «Мынау Жер» деді, табанының астын оң аяғымен тебіп. Ауық-ауық әлденелерді айтты өз-өзіне. Бірақ адамдарға қатысты еш нәрсе оралмады есіне. «Сірә, мен жер бетіндегі ең соңғы адам шығармын. Бір алапат дүлейде барлығы қырылып, қатты соққыдан құлағандықтан есімнен ауысып, осы сәтте ғана өз-өзіме келіп тұрған шығармын» деп ойлады. «Бірақ, жер бетіндегі ең алғашқы адам болуым да мүмкін ғой, еш нәрсе есіме түсер емес» деген екінші бір ой қылаң берді санасында. Шегі жоқ екі ойдың ортасында ақыл-есі біраз сарсаңға түсті. Қайсысы ақиқат, қайсысы өтірік, шетіне жете алмады екі ойдың. Есеңгіреген қалыпта біршама уақыт орнында тұрды да, жүріп кетті.

Құлазып келеді. Көп уақыттардан кейін бір теңізге тап болды. Тіршілік иесі жоқ секілді, тым-тырыс. Жым-жырт. Майда толқындардың бұлқыныстары қауқарсыздықтарын анық сездіреді. Теңіздің жағасымен жүре берді. Таусылатын емес. Күн ұясына қонақтаған кезде теңіз жағасынан бір із кездестірді. Сулы топыраққа түскен із, өзінің табанынан түскен ізге ұқсайтындай. Дәл жанынан басып, табанының ізін қалдырды. Бірдей екен, адамның ізі, тек сәл кішкентай. Ол да жалаңаяқ екен. Дүниеге әлі келмеген жалғыздықтың, не әлемдегі ең соңғы жалғыздықтың иесі атанып отырған ол, алаңдаулы көңіліне жұбаныш табылғандығына ессіз қуанып, белгісіз бағытқа бастаған іздің соңына ілесті. Қараңғы түскесін адасып қалармын деген оймен, тоқтаған жерінде түнеп шығуға бекінді.

Таң атқасын қайтадан жолға шықты. Күні бойы салпаң жүріс, із жеткізер емес. Теңізден тым алыстап кеткен болатын бұл уақытта. Кешқұрым шаршап-шалдығып, тоқтаған жеріне қисая түсті. Ертең жалғастырамын деді іштей. Ертесіне тағы да іздің соңынан ерді. Бір қарағанда өзінің алдында ғана жүріп өткеніндей көрінгенімен, жеткізер емес, ол да тоқтамады. Сонымен екінші күн өтті, іздің иесі табылмады. Үшінші күні де әрекетін жалғастырды. Түс кезі болса керек, күн тас төбеден төнгенде тесіп өтердей шақыраяды. Жалаңаш денесі шыжғырылып барады. Еріні кезеріп, шөлдей бастады. Тілі ауызына сияр емес. Морт кетті.

— Ей, із, қайда барасың? Мені қайда апарасың? Иең қайда? – деп сұрады.

Ізден жауап жоқ, шұбатылған қалпы белгісіз бағытқа асығып барады.

— Ей, із, мені қайда апарасың,— деймін.

Ештеңе естімеді.

Күндер өте берді, қанша таң атып, қанша күн батқанынан өзі де шатаса бастады. Түлкі бұлаңға салған із жеткізер емес, жөңкіліп кетіп барады. Ол әбден шаршап-шалдыққан еді, діңкесі құрып, бойындағы күш-қуаты таусылды. Әйтеуір бір күні түс кезінде шұбатылған із қалың жынысты орманға келіп тірелді. Орманның шетіне ауық-ауық құлап, ауық-ауық орнынан қайта тұрып әрең жетті. Бірақ орманға сіңген ізден әрі қарай ешқандай белгі таба алмай қойды. Ізім-қайым, еш белгі табылмады. Ол қалың орманның ішіне кіріп әлгі іздің иесін іздерін, не келген ізімен кейін қайтарын білмеді. Бұл уақытта күнде қызарып, ұясына қонақтауға асыға түскен еді.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Мақсат Рамазанұлы Із туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Мақсат Рамазанұлы Із на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]