Әңгіме: Дүкенбай Досжан | Сөз киесі

Әңгіме:  Дүкенбай Досжан | Сөз киесі

Тағдыр әу баста пешенеге жазылады.

Асылмұрат бала жастан пешене дегенді – кісі маңдайы деп түсініп жүріпті. Жас адамның маңдайында әжім болмайды. Тері мен сүйек арасында болар-болмас әлде бір із сырт көзге сезілмейді. Келе-келе... кісі егделене... маңдайға көлденең сызылып әжім түседі. Әлгі шимай кейіпкеріміздің көзіне жазу болып елестейді. Жұмыс басты пенденің өмір жолы... кім болмағы... нендей қатерлі асудан өтері... қандай кепті басынан кешетіні... алдын-ала айнаға түскендей жазылып қояды дегенге кәдімгідей иланатын. Кейіпкеріміз сөзге жоқ, сырын ішке жиып, біртоға мінезбен өсті. Құрбылары таласа сөйлеп, кимелеп көзге түсіп, қай ортамен мидай араласып, тастай батып, судай сіңіп жатқанда – бұл пақырың аузынан сөзі, иінінен бөзі түсіп, дастарқанды шетжағалап отырғанды қалады. Құйма құлақ атанды. Үндеместің сыры ішінде, сол сыр... қоңыр мұң... адамшылық арыз... жүрек шері сыртқа шықпай, қордаланып жинала-жинала Асылмұратты бір отырып жазып тастайтын жазушы етті. Жылдар өте тірі сөз теру кәсібіне айналды.

Жылдар өте ұшырасқан, танысқан кісілердің қас-қабағына қарай салып, бейне, маңдай әжімінен келешектегі тағдырын оқып, тоқып біле беретін көріпкелге ұқсады.

Адамтанығыш, мінез рентгені аталды. Сөз киесі Асылмұратты көп демеді. Қиын-қыстау қысталаңда бәле-жаладан қорғап жүрді. Тілеуі жақсы, көргені көп кісімен туыс етті. Сол сөздің арқасында абыздың алдын көрді. Көп ұзамай қол басындай жұқалтаң кітабы шығып, бір ұстазы тәуір екен деп жылы лебіз жазды. Әлде жоқ-жұқа тіршілігіне, отбасына қызыр ата қайырылды, әлде маңдай терін сыпырған құл бейнеттен ырзық-несібесі көтерілді – қатарынан оза шауып наны жүрді. Іштей күбірлеп сөз киесіне шүкіршілік етті.

Бар арманы: Алла берген өнер нығыметіне адал жүріп, ақ сөйлеп қызмет етсем деді. Көз алдында дөңгеленіп өтіп жатқан дүние тіршілігінен... түйгенін... осы қалай дегенін... былай болса дегенін... бал татыған уыз сүйіспендікті ақ қағазға төгілдіруге машықтанып алды. Шеберлік шырағы көкірегіне сәуле боп құйылды. Мына ғажапқа қараңыз: сөзден – сөйлем, сөйлемнен – толғаныс, толғаныстан – тарау, тараудан – тағдыр шерін қозғады; адамзат қауымының ішінен мінез теңізін кешіп... кезіп... Тағдыр жауһарын іздеп жантаптырмады.

Ойын оза ұзартып, жазған сайын – қат-қабат сөзі тіріліп, дауылды күні жағаны ұрған теңіз толқыны секілденіп ой ағыны дүркіреп, дүниені көтеріп кете жаздады. Тірі сөзді тәспіше тізбесе – отыра алмайтын ауру жамады.

Жазбаса – жынынан айрылған бақсыға ұқсады. Кей күндері қараптан-қарап қанын ішіне тартып сазарып отырып алады. Мұндайда аспан асты төңкерілгендей сезіліп көз алды күңгірттеніп кетеді. Зайыбы, балалары бетіне келмей, үйді босатып, бет-бетімен тайып жоғалады.

Әрі-беріден жер шетіне үңіліп, кісінің жан әлеміне жүгініп ойдан ой қозғаса – қасының арасы қосылып, көзіне қағаздан өзге түк көрінбеді. Ішкі түйсігінен әлмә-әл әлде ызың, әлде ырғақ, әлде уіл көтерілген кезде – көз алдына дүние шыркөбелек айналып, бөтен бір әлемге ұшып шыққандай сезінді. Басын тауға, тасқа ұрып жүріп, абайламай от басып... қателесіп... біраз опық та жеді. Ұрынып жүріп – бейнелі сөзбен кеп шертпесе – шыбын жаны шырқырап шыдатпайтын, қан қысымы көтерілетін ауру жамады.

Дүниені суретпен көретін, бояумен беретін сөз киесі қонды.

Асылмұрат баяғы бала күнгі, жігіт жасындағы Асылмұратқа ұқсамай кетті.

Қарындашын қатты ұстап, жанарын жартылай жұмып сүйкектетіп ойдың нақышын табады, сөзбен сурет салады. Қараңызшы: маңдай алдында көкжиекке сіңіп бара жатқан күн сексеуілдің шоғына ұстаған тандыр наны деседі. Кешкі дүние жас жұбайдың астан-кестең төсегіне келеді. Уілдеген сары жел көп сапырылған қымызша есеңгіретеді. Өзгенің жазғаны шұбатылған шылбырдай – болады, қояды – дегеннің қарадүрсін, жайдақ мазмұндамасы. Қаламынан құйылып түскен дүние келе-келе... бара-бара... еспе құмның арасынан жылт еткен жақұт секілді. Сөз саптасы:

кемпірқосақша көз тартады,

сәруар тасындай сыңғырлады,

жауһарша жалт-жұлт етті...

Бұл өмірде жүре берсе – жолаушы шаршайды. Өтіп жатқан уақыт емес. Уақыт – бірқалыпты. Уақытты белінен басып, тасқаяқтай тоғысып өтіп бара жатқан мына өзіңіз екен.

Жігіт ағасы жасына жеткен Асылмұрат түнімен жазудан талығып, саусағы қарысып таң алакеугімде төсегіне гүрс құлап, кірпігі қимылдап жатқан еді. Есіне шығыс аңызы оралды.

Есте жоқ ескі мезгілде қаһарлы хан өмір сүріпті. Кемеліне келіп, оң мен солына қараған бір заманда уәзірлерін жинап алыпты. «Қазынадан пәлен ақша шығарып, хансарайдың түстік бетіне, биік жотаға ғажайып кітапхана құрамын депті. Уәзірлері мақұл десіпті. Әлгі даналық үйі қыруар қаржыны жұтып қашан салынып бітері белгісіз... Дүниенің төрт бұрышын түгел аралап, ақыл-ой түзілген мың кітап жинаңдар. Барша ақыл-ой жауһары сол кітапханадан, әлгі басы құрылған мың кітаптан табылатын болсын. Әзірше даладан аң аулап, той тойлап қызықшылап жүре тұрайын», – деп жарлық беріпті.

Уәзірлері ләббай тақсыр деп, ел-елге, жер-жерге жаушы жіберіп, елші аттандырып ғұламаларға сәлем жолдайды. «Дүниенің ақылын мың кітапқа сиғызып жазып шығыңдар!.. жинап, түзіп, сүзіп, сарайға жеткізіңдер!..» деседі. Әмірші пәрменін естіген жұртта жан қала ма. Ғұламалар бас шұлғысып, аш күзенше бүгіліп, дүниенің ақыл-ойын жылдар өте мың кітапқа қайта көшіріп, теңдеп, теңселдіріп хан иеге әкеледі. Бұл кезде хан орта жастан асып, сақал-шашын қырау шала бастапты. Кітапханаға үйілген тең-тең кітапты көріп: «Ау, ақыл-естен алжастыңдар ма?.. Қанекей, осыларды елеп-екшеп, көшіріп, қайта сүзіп мың кітаптағы ақыл-ойды жүз кітапқа сыйғызып әкеліңдер, жорықтан оралған соң оқимын», – деп қайыра жарлық жасапты.

Хан иенің пәрмені талқыланбайды, мақұлданады. Ғұламалар қауырсын қаламға қайыра жүгінеді. Бір күнгідей болмай бес, он жыл жылжып өте шығады. Біраз ғұлама көзден қалады, біразы о дүниелік болады. Әлгі жүз том кітапты хан сарайына салтанатпен жеткізіп: «уһ!» – деседі уәзірлер. Тысы алтынмен апталған, парағы жалтыраған жүз кітапты көрген бұл кезде егде тартқан хан талып түсе жаздайды. Төсегінде дәоі ішіп жатып ыңырсып қана тіл қатады. «Науқас айналдырып, жаным күйзелді дейді. Қалың-қалың жүз кітапты оқып шығуға мұршам жетпейді. Алла разы болғыр, ғұламалар, мына жүз кітаптағы ақыл-ойды сүзіп, сығып, түзіп – бір кітапқа сыйғызып әкеліңдер, сол жалғыз кітапты жүгіртіп шығуға ғана дәрменім жетеді», – дейді ыңырсып.

Жазған құлға – шаршау бар ма. Әлгі ақ сәлделі, қауырсын қаламды ғұламалар қайыра тізерлеп отырып жүз кітаптағы ақыл-ойды жалғыз кітапқа көшіруге жұмылады... жыл жылжиды, ай ауады, уақыт сырғып өте береді. Хан төсек тартып жатып қалады. Ғұламалар жылдамдатып көшіріп, біраз жерін өшіріп, дүниенің ақыл-ойын жалғыз кітапқа сиғызып қайыра жазып шығады. Алтынмен аптап, түптеп, бас уәзірдің қолына береді. Бас уәзір қуанып, дереу хан жатқан қарашаңыраққа келеді.

« – Хан ием, дайын болды, дүниенің ақыл-ойын бір кітапқа сиғызып алдыңызға әкеп тұрмыз», – дейді.

Үлкен төсекте жайрап жатқан хан кірпігін әзер-мәзер қозғайды. Бас уәзір кітапты төбесіне көтере ұстайды.

« – Мінекей, – дейді насаттанып, – адамзаттың барша ақыл-ойы жалғыз кітапқа сиып тұр!»

Сол мезетте кірпігі қимылдап жатқан хан иесі уәзірі ұсынған кітапты сыртынан бір сипап бақи жалғанға озып жөнеле беріпті. Кітапты ашуға мұршасы жетпепті.

Көне әңгіме еріксіз есіне оралған Асылмұрат жатып-жатып дүниенің ақыл-ойын жалғыз кітапқа сиғызып беріңдер деген ханмен өзін ойша салыстырды. Ес білгелі дүниенің кітабын оқыпты. Дүниенің кітабын оқимын деп көз майы азайып, жанары сіркеленіп, плюс үш көзілдірік киетін халге жетті, омыртқасын тұз, буынын сарысу ұстады.

Тірі сөз қуумен тіршіліг өтті. «Оқырманы қисапсыз жазушы» деген бір жапырақ куәлік тиді. Кітап палатасынан. Әңгіме, хикаяттарының тізбесінің өзі жүзге жетіп жығылды, күнделікті газет, журнал беттерінде: бейнетаспа, үнтаспа, интернет, vip порталға түскен көркем шығармасының шоқ-шоқ үзігін шолып шығудың өзі ұзақ шаруа. Сөз, сөйлем қолданыс аясын, жан әлемі, мінез құбылысын зерттеп ғылыми атақ қорғап жатқан әдебиетші, тілші жетерлік!

Бәрін айт та – бірін айт: мына шұқыншақ мінезбен баяғы «дүниенің ақыл-ойын бір кітапқа сиғызып оқимын» деген хан-екеңе ұқсап, бір күні тырапай аспайын… деп кей-кейде іштей қауіп қылады.

Ұзақ өмірінде кісілердің пендешілік мінез құдығына үңіліп жүзге жуық мөлдіреген әңгіме жазыпты. Әлгі жүз әңгімені қайыра түзіп, сүзіп, елеп, екшеп, «жаңа ғасырдың соңына шейін оқырманнан көз жазбайды-ау, өмір жасы ұзақ болады-ау» деген бір шоғырын таңдап алды. Түні бойы үңіліп әлгі жауһар әңгімелердің басын құрап еңсесі езілді. Екі жұма және қадалып отырып компьютерге тергізді. «Жауһар әңгімелер жинағын» қайыра қалыптап бітірдім-ау дегенде шекесі шаншып, ыстығы көтеріліп, кірпігі қимылдап жатып қалды. Саушылығы суалған көлшіктей сарқылуға қалыпты.

Жедел жәрдем дәрігері ыстық басар дәрі салғаны болмаса мандытып ештеме айтпады. Кешкілік үйіне бас сұққан сәулетші досы төсекте сүлелеп жатқан мұны көріп шошып кетті. Тәуіпке ұқсап тамырын ұстады, көзіне көзін қадап бірауқым үнсіз шөмиді. Әлден уақытта барып үні іріп:

– Сөз киесі соқты ма? – деді.

– Денем қирап қалған секілді, сал боп көтертпейді.

– Бәлкім, ыстық хауызға түсіп, тұзды теріңді шығарарсың.

– Ертең басымды көтерсем тәуекел етейін, – деді Асылмұрат.

Сәулетші досының қабағы жылыды. Қолын қатты-қатты қысып қайыр-хош айтысып шығып кетті. Келіншегі кесе-шәйнегін сылдыратпай, дыбыссыз сызып келіп сүт қатқан қою шай ұсынды. Жанарында ұйыған мұң. Сейілткісі келіп қабағын жылытты. «Уәйім етпе, бір терлесем дың қойып жазылып кетермін. Екі апта бойы қадалып қолжазба ақтарып, баяғыда жазылған көп әңгімені шаң-тозаңнан арылтып, тірі сөз теріп, компьютерге басып шыққаным – жаныма батып кетті».

«Қадалып отырма деп қанша жалындым, қағазға көп қадалмаңыз деп дәрігердің зар айтқаны қашан…» Зайыбы мұңын шағып сықсыңдап жанарына жас алды, кесе ұстаған қолы қалтырады. Асылмұрат сілкінгендей болып басын көтерді, еңсесін тіктеді.

«Жетер!.. болдым, тойдым, қойдым!.. Осы жинағымды орайын тауып бір шығарып алған соң – жан тыныштығын ойлаймын!..»

Жан тыныштығын ойлаймын дегені – әншейін себепке – сылтау, айта салынған сөз екен. Маңдайға жазылған жазудан пенде шіркін ешқашан қашып құтыла алмайды екен. Күн өткен сайын сөз киесінің зілбатпан салмағы еңсесін езіп, қаламға жүгіндіріп, үстелге тұқырта түседі. Уақыт өткен сайын ұлы мәртебелі тірі сөздің алдында өзінің мүлде дәрменсіз, мысқалдай салмағы жоқ, әрі-сәрі, әбі-тәбі пенде екені сезіле берді.

Оқиға төмендегіше өрбіді.

Сәулетші досы келіп жылы киіндіріп, қолтығынан демеп, іргедегі сауна моншасына жетелеп жеткізді. Ел-селін шығарып терлетті. Етінен өтіп, сүйегіне жеткен ыстық бу – тапқа қойған сары майша арам терін шығарды. Ылжыратып, ындынын алып, сейсеп-жөргектен суын сығып, жаңа туған сәбидей етті. «Алла жар болса әл-қуат жиып, аяғымды басып кетермін», – деп дәмеленді.

Сәулетші досы жүйрігіне отырғызып таяқ тастам жердегі үйіне жеткізіп салды. «Үйге кір, шай ішелік», – деген еді. «Уақытым жоқ», – деп досы сартмезіреті сыпайышылыққа илікпей, қоштасып кетіп қалды.

Жылы ұясы, зайыбының жүзінде күн шуағы, аяғы аяғына жұқпай қалықтап ұшып жүрген қауырсынға ұқсайды. Аздап ас-су ішіп, шамалап тілдесіп, бір ауқымда жұмыс бөлмесіне өткен. Үстел үстіндегі үйілген қағазды көргенде жүрегі аздап көтерілгендей болды. «Неліктен бұлай?» деп ойлады, іштей тіксінген, артынша ұмытып үлгерді.

Үстеліне келіп, жауар бұлттай төніп, біразырақ түйіліп отырып қалды. «Өмір бойғы жазғандарымның маржаны» деп ойлады. «Осы маржанды жарық еткізіп кітап қып шығарып, оқырманмен қайыра бір беттесер болсам – армансызбын!..» Кісі ойына не болса сол келетіні несі!

«Дон-Кихот», «Жағылған қолжазба», «Есіктің Король Лирі…» жүрегінің лүпілі сіңген көңіл қаяуы, пендешілік сыры, дос-жаранға арнаған ұлы уәйімі. Дестеленіп құйылып бір-бір әңгімеге айналып қағаз бетіне түсіпті. Қолы қалтырап қолжазбаның үстінен ақырын сипады. Саусағының жылы табы өткен әппақ қағаз кәдуілгі жан біткендей қалтырады… қағаздың шеті қайрылды... Шындығы мол – шүбәсіз сөз жанарын жұмса-ақ қағаз бетінен жан біткендей тіріліп, көтеріліп көз алдына қалқып тұрып алады. Мұнысы несі деп ойлады.

Зайыбы соңынан ілесе еніп иығына жылы жеңсізін жапты. Жеңіл әзіл жүгіртті.

– Өз жазғаныңнан өзің үркіп тұрмысың? – деді.

– Үркіп неғылам. Әйтсе де осыларды әптиектей ғып жарыққа шығарудың жолын ойлаймын.

– Министрліктегі баспа маманына жолыққаның жөн болар. Мемлекеттік тапсырыспен шықса ел-елге тарайды.

Жөн сөз осы екен деп... жақсылыққа – тілекші, жарық көрер дүниеге – демеуші іздеп, ертесіне... ертесіне емес-ау... сырқатынан сылынып тұрып, аяғына мінген аптаның аяғында қаланың сол қабағындағы министрлік үйіне аяңдап келген. Көңілі күпті.

Қабырғалы биік үйдің асты-үсті аяқ алып жүргісіз. Жылтырап киінген, жүзіктің көзінен өткендей жас мамандар қағып кете жаздайды. Үстінен иіссулы жылы леп еседі. Лифтімен көтеріліп келе жатып баяғы Алматыда, осы министірлікте істеген жастық жылдары есіне оралды. Ой-хо-о-ой дүние десеңші!

Асылмұрат ол кезде жас. Лифт тоқтап қалса уақыт оздырмай, бірінші қабаттан – аспанмен бой салып таласқан бесінші қабатқа жүгіріп шығатын. Бүйрек бет, төсі томпайған бикеш көрсе мойын тамырын үзе бұрылып қарайтын. Жанасып кетсе-ақ: «Мөлдіреген көзің көл іспетті, тереңіне сүңгіп шықсам тұншығып қалармын», – деп әзіл тастайтын. Әдемі бикеш әзіліне әзіл қайтарса-ақ жанына жетіп баратын. Ыстық лебімен өртеп жіберердей болып: «Тілдесейікші!» – дейтін. «Бір күнгідей болмай өте шығатын өмірді гүлдендіріп жүрейікші!..» «Мейліңіз білсін», – дейтін өрт шарпыған бикеш жігіттің өпектеуіне шыдап тұра алмай, бет жүзі бал-бұл жанып...

Енді міне, бой-басынан қызу азайған, күншуаққа бүйірін қыздырған, кеш шығып, ерте батып, айдалада аңылжыған айға ұқсап маңайына салқын сәуле шашып, тық-тық басып келе жатқаны.

Баспа бөлімінің бастығы – қолжазбаның қызығынан гөрі баспахана, станок шыжығын көбірек оқып-тоқыған инженер баспагер екен. Мұның айтқан уәжді сөзін салқын қабақ, сыңар езулеп тыңдады. Әлден уақытта нән үстелге еңсесін салып жіберіп, қос қолымен басын қармай ұстап шелекше шайқады. Жанарында үнсіз үрей.

– Ағасы, жоғарыда отырған Бас маман Тұрарға барсаңыз жолыңыз болатын еді. Көріп тұрсыз ба, – деп қабырғаны тұтас алған үлкен шкафты үрейлене нұсқап, – іші толған қолжазба, кемі он бес роман жатыр, дастан, өлең дейсіз бе, құшақ-құшақ!.. тойс, пәпкі-пәпкі!.. тізімге сыймайды, әкеліп жатыр... әкеліп жатыр... қайда сыйғызарымызды білмейміз. Кеше мұнайшы зейнеткер ағамыз он том естелік жазыпты, өңгеріп жеткізді осында, уылдырығы құрысын, ә!.. шкафтың қақпағын қаусатып кетті. Абақтыдан шыққан бизнесмен қырық бір дастан жазыпты, кітап қып шығармасаңдар өртеніп өлем деп бір канистр бензин ала кіріпті!... Қызыл жағалы шақырып әзер құтылдық. Біраз қолжазбаны өлшеп, екшеп, теңдеп Алматыға жөнелттік... – баспа бөлімінің бастығы кенет сап тиылды.

Түрегеліп, еңкейіп келіп Асылмұраттың құлағына ернін тақап сыбыр етті.

– Ағасы, сенесіз бе? Түсімде, тойс, таңға жуық облыстың бір әкімі: «Дүниеде жоқ естелік жазғам, кітап қып неғып шығармайсың?» – деп мына ініңізді жығып сап тұншықтырып жатыр. Жүрегім ойнап өліп кетер ме едім, оң болғанда әйелім оятып жіберді. Ойпырмай, осы менің ажалым қолжазбадан болатын шығар. Қайда бұрылып қарасам – роман, бұрқыраған дастан, драма, өлең, былай бұрсаң – автор буындырады, былай бұрсаң – баспахана станогі сынады. Ағатай, айтыңызшы! Бұ күнгінің адамдары бар шаруаны былай ысырып қойып шетінен жазушы боп кеткен бе, айтыңызшы!..

Бөлім бастығының жан дауысын естіген Асылмұраттың өрекпіп келген көңілі су сепкендей басылды. Қарсы беттегі айнадан көрді – өңі жуған шүберектей бозарып, орынан тұрып, сүйретіліп есікке беттеді.

Әлгі жігіттің жазушы, жазушы деген сөзі құлағына зың-зың жаңғырып көпке дейін басылып болмады. Лифтіде бәденді бикештің жұмсақ бөксесіне сүйкенді, әлдекімнің аяғын езді, әлдекімнен шығар есікті сұрап біраз айналды, сүрініп-қабынып, жүрегі көтеріліп, он екі қабаттық зәулім үйден шыққанда «уһ» деп есін бір-ақ жиды. Азынап соққан желге кеудесін төседі. Суық жел жейдесінен өтіп жүрегіне жеткендей сезілді. «Уһ, жан-ай, қалай ғана шыр етіп шығып кетпей шыдап жүр екенсің!»

Қайтпек керек?

Асылмұраттың бала жастан сүйегіне сіңген мінезі: ойына алып, межелеген шаруаның ұштығына жетпей тынбайды. Жетпесе де жетіп жығылады. Қашан іске асырғанша алаңдап, алақұйын мінезге түседі. Бүгін де сол әдетіне басты.

Қазан айының қыл ортасы, таң мамыражай, шырайланып атты. Аспан асты жуған шүберектей кірсіз. Күз айында арқа күнінің маужырап, шуақтанып, май еріткендей елжіреп жылыұшырауы сирек. Көше жиегіндегі ақ қайың ұйқы құшағында шомған кісіше мүлгиді.

Дарын – табиғатқа тарта туу. Бүгінгі таңның ғажайыптана атуы Асылмұраттың бойына күш дарытты. Бұрнағы күнгі қолжазбасын көтеріп министрлікке, мәртебелі шенеунікті жағалап шыққандағы көңілінің – таспен бастырғандай жаман жасығаны, қарадай қорланғаны жадынан жуылып, күннің шуағына маңдайын төсеп біразырақ отырған соң-ақ иығы көтеріліп, арқаланып шыға келді. Бойына тосын күш құйылды. Үстел үстінде үйіліп жатқан қолжазбасын қайыра жинап, қаттап, әспеттеп, пәпкіге салды. Жылдам киініп, пәпкіні қолына алды. Үлкен шаруаға тәуекел еткен сыңайлы. Зайыбы үсті-басын тағы бір шолып, ауызғы бөлмеде галстугін түзеп, әтірін сеуіп, аяқ киімінің бауын байлап есік алдына дейін шығарып салды. Иықтанып келіп екі бүктеліп жүйрігіне отырды.

Баспаның бәрі жекеменшік. Мектеп оқулығын тапсырыспен шығаратын мемлекет иелігінде қалған – жалғыз баспа Алматыда. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдар басында тәуелсіздікке қол жеткізген елдің қайыршының қалтасындай сіңіріне ілінген тақұл-тұқыл әл-ауқатын қайтсе көтереміз десіп жанталасып жатқанда – жаңашыл, басы қайнап тұрған қазан деген жанама есім жамаған үкімет үйіндегі Бас маман – есімі Тұрар, әуел баста мемлекет мойнындағы оншақты баспаны жекешелендіруді ойлады, лауазымды кісілермен ақылдасты. Президенттің рұқсатын алды. Баспа иелерін жинап, ағынан жарылды.

– Алыңдар! Байыңдар! Тырбанып шаруа жасап, әйтеуір мемлекет бюджетіне алақан жайып ақша сұрамаңдар. Өз беттеріңше тапсырыс алып, өз беттеріңше күнелтіңдер!

Директорлар сұмдық қуанды.

– Мынау не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық! Үстіміздегі баспа үйі, иеленіп отырған алты-жеті бөлме, ығысқан үстел, құрал-жабдық, компьютер, астымыздағы бір-бір көлік жекешеге беріледі ме, Бас маман мырза. Жарық, су, жылуға төлеп келген жалгерлік ақымызды неғыламыз, Бас маман мырза!

– Отырған орындарыңда ырғай боп отыра бересіңдер. Жалғыз-ақ аренда ақы төлейсіңдер, ал әлгі құрал-жабдық, ескі компьютер, сынық үстел, бір-бір жеңіл мәшинені «моральдік ескірген» деп мемлекет есебінен шығарамыз. Бас-басыңа жеке отау тігесіңдер.

Мына сөзді естіген көген көз баспа иелері, жас баспагер әулеті өлген әкелері тіріліп келгендей қуанысты. Ойда жоқ ас та төк майшелпекке көңілі босап жылап жібергендер де болды. Дүние шіркін көздің жасынан ыстық екенін сонда сезінді біразы.

Бас маман ойлаған: баспалардың баршасын өстіп списайть қылып, жекешелендіріп жіберсек капиталистік рынок жығдайына жылдам бейімделеміз деп. Құда да тыныш, құдағи да тыныш. Мемлекет иығындағы жүк жеңілдейді, бюджетке қол жаю азаяды. Әркім шама-шарқынша, өз бетінше тырмысып күн көреді деп дәмеленген. Дүние дөңгелек. Әлгі көген көз баспа директорлары бір-бір баспаға ие болып, бұрынғы баспа есебіндегі жиһаз, компьютер, құрал-жабдық, кеңсе тауарын болмашы мардымсыз қаржыға жатқызып, шетелдегідей бір күнде алшаң басып, шекесінен қарап байып шыға келді. Жазушы пақырға жүре сәлем беретінді шығарды. «Иіні келсе – көрерміз... демеушіден қаржы түсірсең – басып берерміз...» деп ерін ұшымен тілдесетін мінез жамады. Беу, дүние деген!

Бас маман айпара кең кабинеті арлы-берлі ұзақ кезді. Бұйырса – баспа, баспахана, кітап қоймасы, кітап базасы дегенді таныс-туысқа үлестіріп аз уақытта социалистік ортақ мүддеден – капталистік рынок кеңістігіне дың қойып өте шықтық, нарыққа топ ете түстік. Өзге саланың қайраткерлері: «Жанды неғыламыз!.. малды неғыламыз!..» деп социализмнің шырмауынан түртінектеп шыға алмай жүргенде – мына біздер рынок жағдайына өтіп үлгердік! Артының қайырын берсін!..» деп алақанын ысқылап, танауының астынан мырс-мырс күлген. Іштей тасып қуанған еді.

Жүре-бара өмір түйіткілі Бас маман ойлағаннан мүлде бөтен полюстен шықты. Өзге қырынан көрініс тапты.

Көңілдегі көрікті ойды – базардағы нарық бұзды. Министрлік жыл басында ел-елдің кітапқа сұранысын есепке алып, мемлекеттік тапсырысқа түзіп, арнайы қаржы бөліп, тендер өткізеді. Тендерге арнап бюджет есебінен қомақты ақша шығады. Сарапшылар бас қосқан тендер – алқалы мәжіліс өтетін күні... мәжіліс залының алдында... баяғы көген көз директорлар ызғып жүр-ай. Бейне қансонарға шыққан, көзіне іліккенді қағып түсетін кәнігі аңшы секілді. Бас маман таңғалады.

– Ау, неғып жүрсіңдер?

– Тендерге қатынасып, «Мәдени мұрасы бар», «Отырар кітапханасы бар», «Бабалар сөзі бар», мемлекет есебінен мүше сыбаға алып, тапсырыс лотын өзімізге бұрып қаржы алсақ дейміз, Тұрар аға!

– Рынок жағдайында өз бетімізше күнелтеміз, бюджетке қол жаймаймыз дегендерің қайда? Өздеріңше қимылдасаңдар қараң қала ма?

Көген көз баспа иелері мойнын төмен салып күмілжиді. Жанарымен жер шұқиды, бастары былқ-сылқ, жас капиталистердің иығы пәсең.

Тендер сарапшыларының алдын торып, амал ғып тапсырыс алудың жолын ойлап кескестейді, көлденең сөзге әуес.

– Ау, жас капиталист мырзалар, тыңнан өріс іздеп, қаржы көзін тауып байып шыға келмейсіңдер ме?

– Қаржысы бар-ау деген бірен-саран авторды жеп бітірдік. Көлік тозды, компьютер қирады, амал ғып жан бағудың жалғыз жолы – бюджеттен қомақты тапсырыс алу, Бас маман мырза!

Мына сөзді естіген Бас маман баяғыда... өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдар басында... алды-артына қарамай әуелі жазушыларды рынокқа бейімдеп алмай, асығыстау қимыл жасағанын енді білді. Ең әуелі ақпаратты емес, өмірдің өзін рынокқа көшірген ләзім екен. Артық жасаймын деп, баспа, баспахана құрылымын оңбастай күйретіп алыпты. Көкала мұзға отырып, бармағын үсітіпті. Мынау не енді? «Өздеріңше мал табыңдар, жан бағыңдар» деп мемлекеттің баспа үйін, әбзел жабдығын, қыруар компьютер, кеңсе, жиһаз мүлігін соқыр тиынға, мүлде арзанға беріп-беріп жіберіп еді. Өз беттерінше әрекет жасап, бюджетке қол жайып, көз сатқанды қояр, қыруар қаржы үнемделер деп болжаған болатын. Жекешелендіру жылдам жүрсе – капиталисттік рынок әлеміне жылдам жетеміз, бетімізше байып шыға келеміз деп дәмеленген. Іштей тәубалаған күндер еді ол-дағы!

Бас маман – қазағым десе басын балта астына ойланбай қоятын, ұлтының жоқшысы еді.Тәуелсіздік алғалы бақыттан басы айналып, дүние жию, бас құрау, отбасының отын өрелі жандыру дегенді мүлде ұмытып, мемлекет атты үлкен мәшиненің мықты тегершігіне, белтеміріне айналып, ақ жүріп, адал жүгініп істейтін тәуекелдің адамына айналды. Президенттің өзі бір ұшырасқанда: аманбысың, белтемірім! деп мерейін өсіріп тастағаны есінде. Жан-тәніңмен берілмей көр енді!

Ұшы-қиырына көз жетпейтін, бірін түзесең, келесісі қисаятын қиын өмірдің үдесінен шыға алмай шаршайсың.

Енді қараса... баяғы ойбай – сол ойбай! Баяғы гөй-гөй – сол гөй-гөй. Мемлекет қалтасына қол жайып, «бізге пәлен деген тапсырыс беріңіз!.. түген деген лотты бұйыртыңыз!.. беріңіз!.. тапсырыңыз... бұрыңыз... тірілтіңіз... ыңғайын табыңыз...» деп ығысып жүрген көген көз кілең. Бір күннің ішінде байып шыға келгендер мен жүре сәлем беретін осылар. Әлі баяғы бюджет мойнынан түспеген сүлікке ұқсайды.

Осыны ойлаған Бас маман бармағын тістеп, тендер кезінде Баспагердің төбесін көргеннен қыр асып безіп жоғалғысы келеді.

Алда ғана, тәңір шебер-ай! Бұ неғылған артымен ұшқан шабан үйрек... ақсақ қой секілді маңыраған мардымсыз кезең десеңші! Жекешеленсек, жеке болсақ, өз бетімізше тірлік жасасақ – нарыққа лайық өмір сүреміз, байып шыға келеміз деген көсем кісілер емес пе еді!

Үкімет үйіндегі Бас маман қан-сөлін ішіне тартып, бозарып, нән үстелге екі иінін салып жіберіп, ой ішінен ой тереді. Қырши тістеген бармағы сыздап ауырды, сыздықтап қан шықты. Бармақ басынан ақ қағазға қызыл қан тырс-тырс тамды.

Асығып жеткен жазушы осы мезет есігін тықылдатты.

Тұрар еңсесін жиып, басын көтеріп, емпеңдеп еніп келе жатқан көзтаныс, жасамыс жазушыны көріп кірпідей жиырылды. Сәлемін салқын ғана, елеусіз алды. Қарсыдағы үлкен үстелге, жағалай қойылған орындыққа отырғалы ойыса берген жазушыға: «Мұнда жүріңіз!» – деді. Ат шаптырым кең бөлменің төрінен түрегеліп, есік алдына қойылған жеке үстел жиегіне құйрық басты. «Мұнда отырыңыз!» – деді. Үкіметтің Бас маманы Тұрар дағарадай кең бөлмесіне баяғыдан екі үстел қойғызатын. Бірі-есікке тақау, қиғаш; екіншісі – айпара төрдің басында, өзінің жазу үстеліне жапсарлас қойылған үстел. Әдетте сөзі маңызды, өзі маңызды кісі келсе – төрдегі үстелге шақырып, өзі айналып келіп, қарсыласып отырып қабылдайды. Елеусіздеу ескерусіз кісіні есік алдына қойған үстелге әкеп, тізе бүгіп тыңдайды. Мәселенің шешілуі де тізе бүккен үстеліне байланысты. Есік алдындағы үстелде құлаққа қыстырылған сөз, я мәселе сиырқұйымшақтанып – арты қойболды болып сұйылып тынады; төрдегі үстелде тыңдалған жәйіт – мінсіз орындалады.

Бас маманның ішкі сырына үңілген жазушы ағайын жоқ. Ұсынған жеріне тізе бүкті, келген шаруасын жылдам, сүбелі семіз сөзбен баяндап шықты.

– Шыққан кітабым аз еді, және біреуі қосылсын демеймін; қаламақыдан дәметпеймін; жылдар бойғы жинаған шеберлік мектебім тұтас түзілген, сөз киесі көтерген – сары алтындай сақтап келген жауһар әңгімелерім еді. Ғылыми түсініктемесі, алғысөзі, соңғысөзі жазылып әзірленді. Ел-елдегі кітабыма сусап отырған оқырманның қолына тисін, мемлекеттік тапсырыспен әптиектей ғып шығарып бер! Жазушы ағаңнан жақсылығыңды аяма, Алларазыболсыным – өзімнен қайтпаса – сөз түсінер келер ұрпақтан қайтады, қалқам!

Үкімет үйіндегі есімінен ат үріккендей Бас маман үкіше үрпиіп көп отырды. Бөлме ішінде шыбын ызыңы естілердей тылсым тыныштық ұйыды.

– Тірі сөз, өлі сөз деген болады ма, ағасы?

Асылмұрат оқыс сауалдан тіксініп қалды.

– Неге болмасын. Дүние тіршілігін көзге елестетіп келтірердей бояулы, суретті тіл – тірі сөз-дағы, осы қазіргідей әжік-күжік ауызекі тілдесу – өлі сөз болады, қалқам.

Байқамай шоқ басып алғанын кеш түсінді.

Үкіметтің Бас маманы мырс етіп басын шайқады. Езуіне суық мысқыл үйірді.

– Осы тілдесуіміз әншейін ғана әжік-күжік өлі сөз болғаны ма, ақсақал.

– Мұны әдебиетте тілдесу диалогі, сөз саптасу дейді. Мұнсыз өмір жоқ, әрине. Тіршілікте ауызекі түсінісуге көбіне есімдік, есімше, одағай, қаратпа сөздер қолданылады. Ал көкейде тұнған уыз ой, мазмұнды әңгіме – бейнелі, бояулы тілде ғана құлпырады.

– Сонда баяғыдан бергі тілдесіп отырғанымыз жәй әншейін әжік-күжік... одағай... есімше... ескерусіз бірдеме болғаны ма, ақсақал?

Асылмұрат үкіметтің қарқарадай ғып бетке ұстаған Бас маманын түсінуден қалды. Басын шайқады. Бас маман кекесінге кетті.

– Мен үшін тасқа басылғанның бәрі – кітап. Кітап жазғанның баршасы – жазушы. Осы күні пәленше зейнеткер естелік жазыпты, түгенше әкім жолжазба басқызыпты, мұнайшы мұнай тарихын баяндапты... тарихшы ата-бабасының шежіресін тарқатыпты... мұның бәрі сабан әншейін дегенің құлағыма сіңбейді. Мысалы өзім экология және қоршаған ортаны қорғау Министрінің даңғыл саясатын, көрегендігін тарқатып үлкен монография аяқтадым, тақауда кітап болып шығады. Сіздіңше, Премьер-Министрдің жүргізіп жатқан жоталы істері өлі сөзбен жазылған әжік-күжіктің әңгімесі болғаны ма? Қалай ойлайсыз?

– Қалқам, көңіліңе келмесін, сенің жазып жүргенің саясаткерлік шолу, қорғағалы жүрген докторлық диссертация. Бұл енді әдебиет, өнер емес, күнделікті іс-қимылдың әлаулайы.

Үкіметтің Бас маманы сона шаққандай ашуланып, қызара бөртіп тұрып кетті. Төрдегі нән үстеліне беттеді.

– Барыңыз, – деп шұғыл соңына бұрылды, – Қала шетінде тақауда ашылған «Сонар» деген баспа бар, директоры бойжеткен қыз бала, телефон соғып қоямын, қолжазбаңызды соған өткізіңіз!

– Мемлекеттік тапсырыс жайын шешіп берсең. Қалтамды қағып, демеуші тауып бірер кітапты өзім де бастыра аламын. Мемлекеттік тапсырыспен шықса – облыс кітапханаларына түгел тарап, оқырманның қолына тиер деген дәмемен келген едім.

– Көреміз, сөйлесерміз, – деді де Тұрар «осымен сөз тамам» деген кісіше, төрдегі орнына жайғасып, шалт бұрылып, бүйіріндегі телефонға жармасып, әлдекімдермен сөйлесе бастады.

Асылмұрат пәпкісін сүйретіп бөлмеден шығып жөнелді.

Көшеге шықты. Жадырап келген көңілі су сепкендей басылды. Көк жүзін бұлт торлай бастапты. Үкіметтің бетке ұстаған Бас маманы Тұрардың сөзі әлгі, ол үшін тасқа басылғанның бәрі – кітап, қампитып кітап шығарғанның күллісі – жазушы. Сөз болғаныңа! Әлгі сілтеген «Сонарына» барсам ба, бармасам ба, өкше ізіммен сүйегімді сүйретіп үйіме қайтсам ба деп, біраз ойланып желі азынаған көшеде арлы-берлі көп айналып жүріп алды. Балтырының сіңірі тартылды.

Ертесіне. Ертесіне емес-ау... үш күн өте баяғы жинап-терген қолжазбасын нән пәпкіге сықай салып, сыптығырдай киініп, «Сонар» баспасына жол алды. Көп шиырлап, жеңіл жүйрігін қиқалақтатып, сұрау салып жүріп «Сонарды» әзер тапты.

Қаланың терістік бетіндегі шүйкедей ғана шағын үй, Шанхай базарының іргесінде; құлап қалмасын деп шағын үйдің әр тұсынан ағаш тіреуіш тіреп қойыпты. Бүйірінен «үй сатылады» деген хабарландыру оқыды. «Ой, пәлі-ай, бұл да бір кенеуі кеткен баспа болды ғой» деп, сықырлаған есігін итеріп ашып, екі бүктеліп еңкейіп ауызғы үйге енді. Тастай қараңғы. Түртінектеп жүріп төргі бөлмеге өтті. Бөлменің маңдайшасына алтын әріппен «Директор» деп жазып қойыпты. Хатшы қыз түрегеліп, есік ашып ішке өткізді. Қаракөлеңкеге көзі үйренбей, айналшықтап кідіріп қалды.

Бөлме төрінде үлкен үстел, үстел жиегінде айналма креслода айналып отырған, көзі жылтыраған томашадай қараторы бойжеткен түрегеліп сыпайы сәлемдесті. Үкімет үйіндегі Бас маманның сілтеген «бойжеткен қыз баласы» осы болды сірә, деп ойлаған. Ұсынған орындыққа отырды. Келген шаруасын баяндай бастаған еді.

– Білем, -деді көзі жылтыраған қараторы қыз, – Бас маман Тұрар аға телефон шалған.

– Білсең – пәлен кітап жазған, бұл күнде классик аталған Асылмұрат есімді ағаңыз мен болам! Мына өңгеріп жүрген қолжазбам... – деп әңгімесін бастай бергені сол еді... о, құданың құдіреті!.. ұршықтай үйірілген қараторы бойжеткен орнынан түрегеліп келіп, орындығын жанына тақастырып, дәп бүйіріне тізе бүкті.

Баланың басындай тізесі жалаңаштанды. Джинси юбкасы тырсыл қағып жыртылудың аз-ақ алдында. Омырау ойығынан үп-үлкен қос анары мен мұндалап жанарын магнитше тартады. Жалма-жан жасаураған көзін тартып ап, пәпкісін ашып, ішінен қолжазбасын суырды, үстел үстіне бұрқыратып жайып салды. Бойжеткеннің тізесі тізесіне тиді. Тығыншықтай тығыз денеден от – жалын шарпиды.

Өзінің де қаны ыстық, отрицательный резус 1 топ, қыс күнінде қолғап кимей, жан қалтасына сұққан алақаны өз-өзінен қыз-қыз қайнап жүретін бейбақ еді. Бойжеткеннің бүйірлесе отырғаны қай-қайдағыны есіне салып, жан әлемінде, тұла бойында бұғынып жатқан құштарлық оты жүз қаралы жылан болып бас бағып ойнақшып тулады-ай.

– Есімің кім, қалқам? – деді.

– Айнагүл, ағатай!

Ағатай деген сөз қылықты қыз аузынан шыққанда діріл аралас, ашық та емес, бәсең де емес, біртүрлі май жұтқандай жұмсақ естілді. Бойжеткен қолжазбаны алдына алып аударып-төңкеріп қарай бастады. Әрәдік ағатай деген үні еміс-еміс шығады. Қан қызуы басына шапшып, құлағы тарс бітеліп, бойжеткеннің бір сөзін естісе, келесі сөзін естімей, қарадай сүмек боп терледі.

«Мына қар қапылыста ұшыраған, қаламгердің алдында шырма-шату тор құрған сайтанның сапалағы болар, сірә» – деп ойлаған. «Қарадай қан қысымымды көтеріп, есімнен тандырып, магнитше тартып бара жатқан қай пәлесі бұл? Өңім бе, әлде түсім бе? Ел ағасы жасына жеткенде, үйлі-жайлы, қарашаңырақтың бас иесі болып, бес-алты немере сүйіп, тұқым өрбітіп... осыншама кітап жазып... осыншалық атақ, абыройдың биігіне шығып... тау басына көтерілген кісі болып, арғы-бергі алысқа, ой-қырына күн сала қараған кәрияға ұқсап – орта жасқа жеткенде... Қаракөлеңке бөлмеде, көзі жылтыраған бәденді қараторы бойжеткенмен тізелесіп, иықтасып, оңашаланып, шүйіркелесіп, шеке түйістіріп қолжазба қарап отырғанына жөн болсын! Жынды адамның тірлігі секілді. Қайда қашса – Қорқыттың көрі демекші – үкімет үйіне барса – басы қисайып, ашуына тізгін беріп, тасқа басылғанның күллісі – кітап, кітап жазғанның баршасы – жазушы деп өз деміне өзі пісіп, аспандап Бас маман отырар... жер түбіндегі жапырайған тоқал тамға кірсе – ағатайлап арбап, денесі от боп жанып, көзі жылтыраған бойжеткен мұқым алды-артын орар... Бастың аяқ, аяқтың бас болып ақырзаманның былыққан заманы осы болар, сірә!

– Ағатай, – дейді шарайнаға ұқсаған жанарын кең ашқан бойжеткен, – басқа бірдеме ойлап кеттіңіз бе, ағатай! Қолжазба ұнады, бір айдың көлемінде алтынмен аптап, күміспен күптеп шығарып беремін. Тек қана екі-үш миллион қаржы іздестіреміз.

Асылмұрат тасқа түскен көліктей тыпыршып қалды.

– Ондай ақша жоқ қой менде. Үкіметтің тапсырысы бойынша ел-елге таратылатын болып басылса деп жер түбінен келдім. «Демеуші болыңыз» деп ешкімнің алдына барып сақалымды сатпаймын.

– Ағатай, – дейді Айнагүл көзін сүзіп, кірпігін үзіп, бұрынғыдан бетер тақай түседі. Шие ернін езе тестелейді. – Сізге қаржы табыңыз деп отырған ешкім жоқ. Атақ-абыройыңыздың өзі қап-қап ақша емес пе. Қай мекемеге аттап кірсеңіз де алдыңыз жарық. Асылмұрат десе қалтасын қақпайтын жан баласын таппайсыз! Сабыр сақтаңыз!

Денесіне ұрғашының қызуы өтіп, нәпсісі ояна бастағанын сезді. Жалма-жан жедел тұрып кетіп қалғысы келді. Бірер талпынып, ұмтылып түрегеле алмады.

– Сіздің алтын томдығыңызды атап демеушіге хатты өзім жазамын. Қаржы шығады-ау деген мекемеге, компания, фирмаға өзім барамын. Атыңыздан өзім жүремін, ағатай. Шаршатпаймын!..

Асылмұрат кәдімгідей тіксініп, шошып қалды. Есін жылдам жинады. «Сонда қалай?.. Мұның есімін тіркеп, бадырайтып мөртаңбалы хаттың басына қонжитады... осылай да осылай... классиктің көркем сөзі өлмесін десеңіз – ойланып, жиналып қам жасаңыздар, көмек қолын созыңыздар деп... осы мазмұндағы салақұлаш хат жазып әр мекеменің есігін қағып жүрсе – қайыршы болмағанда несі қалды. Осы жасқа жеткенде істемеген ісі еді енді?.. Омай деген, бастан құлақ садаға, шықпағыр кітап шықпай қалсын, ә, көрмегір көзім көрмей-ақ қойсын, ә, көркем сөзім қойманың қуысында шірісін, ә!.. Быламық – ішейін деген асым ба еді, тоқсан – көрейін деген жасым ба еді!

Асылмұрат кетуге қам жасайды, кете алмайды.

Айнагүл бойжеткен балшекер қосқан шай алғызды, үстел үстіне жент, ірімшік, сықпа құрт, бауырсақ толып кетті. Бейне, «Мың бір түндегі» дию көтеріп әкелген сиқырлы дастарқан секілді. Бұл не деген батпан құйрық деп іштей таңқалады баяғы. Қарны қоңылтақсығанын жаңа сезді. Езіліп, үгітілген уылдырық іспетті женттен бірер қарпытып, балшекер қосып, балқаймақ қатқан шайдан бір кесе ішкен еді. Жан әлемі дауылға ұшыраған кемедей шайқалып, алай-түлей ұйтқып, көзіне түк көрінбей кетті.

Бойжеткеннің қос анары жарылған әңгелекше төңкеріліп, ойығы шыңырауға ұқсап, қараған көзге үлкейе-үлкейе жанарына тым-тым тақап – жүрегін лоблытты. Басы айналып, танауына емшек ойығының жылы жұпары жетті. Тұла бойы бір ысынып, бір суынып нәпсісі құйын боп қозды.

Жігіт ағасы болған жасында ұрғашыға қаны қайнамаушы еді. Келіншектің жылтыраған көзі, жібек желдей жұмсақ сөзі пәле болып жабысып жүрмесе игі! Қарап жүріп қара баспасын деңіз!

Жырақтан күн күркірегені. Жаңа әлгіде, осылай қарай жүрерде аспан шайдай ашық, мігірсіз, кірсіз болатын. Жабағы бұлтын мыстан кемпірше сабау астына салып түтелеп долы жел жеткен-ау деп ойлады. Есік жаққа қарады. Бейне шеті, шегі көрінбейтін шөлді кезіп... еріні кезеріп... ындыны кеуіп жеткен жолаушыдай жанары боталап отырды-отырды-дағы қолжазбасын жинастыра бастады. Түлен түрткен кісіше қимылы шалт. Баспагер бойжеткен шырылдап ұмтылып кеп араға килікті.

– Аға-а-а-а-тай, қойыңызшы!

Діріл аралас жұмсақ, әуезді үні ет жүрегін шым еткізді. «Сайтанның сапалағы болар, сірә – деп ойлады Асылмұрат, – сайтанның серігі болмаса қарадай отырып басын қатырар ма?.. атыңызды алдыма айбар етіп ұстаймын, баспаға қомақты қаржы құямын дейді. Тірі сөздің киесі мен қасиетін дәт-қуат қыламын дейді. – Айнагүл – деген есімімді классиктің аузынан естимін деп ойлаппын ба, сірә, дейді. Шілдеде шіреп піскен жемістей сабағымнан үзіле жаздаппын. Қолжазбаны алып қаламын, бір түнде оқып шығамын, келесі кеште станокке қоямын, ағатай!»

Бәлекей бойжеткен шашылып жатқан қолжазбаны жалма-жан жинастырып, қатырма қорапқа лып салып, қорапты дөңгелетіп жіппен буып әлек. Епсекті қимылына көз ілеспейді. Бетіне қызыл бояу лып жүгіреді. Үлбіреген тоқ еріні дір-дір етеді. Буылып, шандылған қолжазбаны жалма-жан үстел суырмасына сүңгітеді. Түрегеліп бұрылып қараған еді.

Бойжеткеннің кең ашылған көз шарасы айдын көлге ұқсады. Осынау көлде не жоқ дейсіз: жастық оты... ләззат ойыны... әдемі әзіл... қылықты наз... қоңыр мұң... сезім көлі... сол сезім кемерінен асып көл шырайын шайқап-шайқап жібергені. Кең ашылған жанарды мөлдіреген жас кемерледі. Мақұл сөзі еріксіз аузынан шығып кетіпті.

Ұйқысынан оқыс оянған кісіге ұқсады, есікке тақады.

Айнагүл үстелін айналып өтіп мұның қолынан шап қармады. Бойжеткеннің алақаны от. Есік жаққа жылыстай жылжыды. Сәл кідірсе, пәске айнласа – өзіне беймәлім құйын, құштарлық торы, нәпсі қызуы әл-дірмәнін байлап-матап алатын. Киіп келген масаты кепкасын ұмытыпты, қаламсабы аяқ астына түсіпті. Есік тұтқасын жұлқа тартады – аша алсыншы қанекей!.. Бәлекей бойжеткен соңынан ілесе жетіп, сыңқ етіп күліп, қолтығына бұрала еніп, есік кілтін сырт бұрады. Іштен қашан кілттеп үлгергені белгісіз. Жанары жылтырап, көпсіңкі ернін ұмсына тақап: «Сыртқа ашылатын есік қой бұл, ішке қарай бекер жұлқисыз», – деп лық ашып жіберді. Асылмұрат табалдырыққа сүрінді. Әлгіде... осында келгенде... жолын тосып ұшырасқан хатшы қыз ұшты-күйлі, тірі жан жоқ. «Ал, хош!» – деп солбырайып соңына бұрылғаны сол еді:

Көзі жылтыраған бойжеткеннің жұмсақ еріні шоқ басқандай күйдірді, жанарын жұмды, көзін ашса-ақ арбап алатындай сезінді.

Пәкене үйден қалай сытылып шыққаны... кепкасына қайта айналып соққаны... басы айналып, тәлтіректеп мініп келген жеңіл мәшинесін әзер тапқаны... есінде еміс-еміс.

Есінде қалғаны – жеңіл жүйрігінің газын барынша басып, Шанхай базарынан сырт айналып, терістікке жөңкіп, біраздасын барып-барып... маңып-маңып, түс ауа үйіне баратын көшені әзер тапқаны. Әзер деп жүрегін басқаны. Ертесіне таң әлетінде көлеңкесін кеудесінен басып ит арқасы қияңдағы «Сонар» баспасына келді. Сынық есікті шиық ашып түкпір бөлмеге өтті. Кеудесі шіреп піскен әңгілектей жұпар атып мөлиіп отырған Айнагүл бойжеткенді көрді. Сілекейі шұбырып әңгелектен бір тіліп жегісі келді. Әңгелек – бала кезден жеңсік жемісі еді. Сөйтіп қаракөлеңке бөлмеде қисықаяқтана шалыс басып күйбең қағып жүргенде – болар іс болып қалды.

Осы оқиғадан кейін дүние өзгерді.

Асылмұраттың жазудан қолы шығып қалды. Қанша күндер ойланса да, нешеме түндер толғанса-дағы қарындашына тірі сөз ілікпей... ойы божырап... сөзі қожырап, бояулы уәжіп шалқар шабытынан айрылып, болады, қояды, бара жатыр, келе жатыр деген жансыз мақаланың баянынан аспайтын алакөңіл алақолға айналды. Жаны қиналып, өзін-өзі азаптап күшеніп жазғанын – газет, журнал баспай ұмытып кететін болды. Сөз киесі кеудесінен ұшып кеткенін сезді.

...Баяғы көзі жылтыраған қараторы баспагер бойжеткен кірсе-шықса жанына күзет ұстайтын, көмекшілері жүрсе-тұрса шетелдік мәшиненің, даңғайыр кеңсенің есігін ашып тұратын ірі холдингтің төрайымы болыпты деп естіді.


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Дүкенбай Досжан Сөз киесі туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Дүкенбай Досжан Сөз киесі на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]