Әңгіме: Эдгар По Мари | Роженің құпиясы

Әңгіме:  Эдгар По Мари | Роженің құпиясы


«Морг көшесіндегі кісі өліміне» қосымша

Шынайы оқиғалар мен олардың мінсіз жүйелілігі параллелді түрде қатар жүреді. Олар үнемі бір-бірімен дәл үйлесе бермейді. Адамдар мен жағдайлар әдетте оқиғалардың мінсіз тізбегін өзгертіп отырады. Сондықтан да олар жетілмеген сияқты болып көрінеді де олардың нәтижелері де шалағай болып шығады. Реформацияда да дәл осылай болды — протестантықтың орнына лютерандық келді.

НОВАЛИС. Моральға көзқарас

Оның бар болғаны жай ғана кездейсоқтық екеніне сенудің өзі ақылға сыймайтын оқиға болып көрінетін кездейсоқтыққа тап болған кезде тіпті ең байыпты, ең байсалды деген адамның түйткілді көңіліне де тәңірдің құдіретіне илану сезімі ұялай бастайтын шығар-ау осы. Кездейсоқтық докторинасына немесе оның меншікті есімімен атар болсақ, ықтималдық теориясына жүгінбейінше, ондай сезімді (өйткені мен айтып отырған көңілдегі шүбәлі, бұлыңғыр сенім ешқашан да толық ақыл-ойға айналмайды) басу мүмкін емес. Бұл теория — өзінің табиғатында таза математикаға тән теория; сонымен ғылымның бүкіл бізге берерінің ішіндегі ең жүйелісі де, дәлі де оймен болжау саласындағы қолға түсе бермейтін көлеңкелі, шүбәлі елесті жақтарды айқындауға пайдаланылады. Мен жұртқа жариялағалы отырған айтса адам нанғысыз бұл оқиғаның егжей-тегжейі, болған кезі жатынан дәл сол күйінде алынған, әрі оның өзі әдеттен тыс кездейсоқтықтың бірінші тармағына жатады, ал екінші, қорытынды тармағынан оқушылар қауымы, әрине, жақында Нью-Йоркте болған мэри Сесилия Роджерстің өлімі жайында білетін болады.

Бұдан бір жыл бұрын мен «Морг көшесіндегі кісі өлімі» деп аталатын мақалада досым шевалье С.— Опост Дюпеннің ойлау ерекшеліктерінің кейбір жақтарын жазған кезде, бұл тақырыпқа таты да қайтып ораламын деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірген емес. Мақсатымның өзі де соны жазу болатын. Дюпеннің дара дарынын ашуға мүмкіндік берген шытырман оқиғаның жүйесі жөніндегі менің әңгімемде оның бәрі толық жүзеге асырылды. Менің басқа да мысалдар келтіруіме әбден болар еді, бірақ олар бұрын дәлелденгенді дәлелдеуден басқа ештеңе бермес еді. Алайда таяуда болған оқиғалардың бет бұрысы маған амалсыз ағынан жарылған сыңайдағы оқиғаның күтпеген жерден жаңа жай-жапсарын ашып берді. Таяуда есітуіме тура келгендерден кейін, егер бұдан әлдеқашан бұрын есітіп, білгендерім жөнінде үндемей қалсам, мұным ыңғайсыздау да болар еді.

Мадам Л" Эспанэ мен оның қызының қайғылы қазасының сырын ашқан соң шевалье сол заматында-ақ бұл істің бәрін дым көрмегендей ұмытты да, өзінің бәз-баяғы енжар қалпына қайта түсті. Оның көңіл күйі менің әмәнде оқшау да оңаша жүруді ұнататын құштарлығыммен үндесті де, біз бұрынғыша Сен-Жерменнің шет жағындағы ыңы-шыңы жоқ мекенімізде Болашақты тағдырдың ырқына тапсырып, айналадағы үйреншікті дүниеден қиялға нәр тауып, Бүгінгі күннің мұңсыз тіршілігін қанағат тұттық.

Бірақ сол қиялдың өзі оқта-текте қожырап кететін, Морг көшесінде болған қайғылы оқиғаны анықтауда менің досымның атқарған рөлі Париждің полициясына айтарлықтай әсер еткені даусыз. Дюпеннің есімі енді оның агенттерінің аузынан түспейтін болды. Құпияның сырын ашуға көмектескен қарапайым ойының жүйесін ол менен басқа ешкімге де, тіпті префектіге де айтқан емес, сондықтан тергеудің сырын білмейтіндерге бұл оқиға шын мәнінде керемет болын көрінді де, шевальенің талдау жасау жөніндегі дарыны оның сәуегейлік даңқын асырды. Егер ол әуесқойлардың сұрағына ашық жауап берген болса, әрине, бұл жаңсақ пікір лезде-ақ жария болар да еді, бірақ әлдеқашан ойынан шығып кеткен оқиғаға қайта оралуға оған кәдімгі енжарлық еш мүмкіндік бермеді. Сондықтан да ол үнемі полицейлердің назарында болды, ал префектура болса, оны қайта-қайта көмекке шақырып мазалай берді. Есте қалар сондай бір әрекет Мари Боже деген өрімдей жас қыздың өлтірілуіне байланысты жасалған-ды.

Бұл Морг көшесіндегі жан түршігерлік сұмдық оқиғадан кейін екі жыл өткен соң болған еді. Мари (оның аты-жөні мен фамилиясының әлгі сигар сатушы қыздың аты-жөні, фамилиясымен дәл келуінің өзі ғажап) Эстелла Роже деген жесір әйелдің жалғыз қызы болатын. Әкесі оның жас күнінде қайтыс болған, баяндалғалы отырған қайғылы оқиғаға дейін бір жарым жыл бойы шешесі екеуі Паве-Сент-Андре (Нассаустриг) көшесінде бірге тұрды. Мадам Роже пансионат ұстайтын, Мари болса оған көмектесетін. Мари жиырма екі жасқа келгенше, солай тұрды да, содан кейін оның сирек кездесетін асқан сұлулығы Пале-Рояльдің төменгі қабатынан дүкенге бөлме жалдаған және алыс-беріс жасайтындарының бәрін сол кварталда сендей соғылысын жүрген кілең алаяқтардан жинап алған парфюмердің назарын өзіне аударды. Мари сұлу дүкенінде істесе пайдасының еселей түсетінін мосье Леблан (Андерсон) жақсы түсінді, шешесі онша пейіл білдіре қоймаса да, оның берген уәдесіне қыз қызығып, бірден құлай кетті.

Парфюмердің үміті ақталды, ақжарқын сұлу қыздың арқасында оның дүкені лезде айналаға әйгілі болды. Өзіне құштар жандардың көңілін қобалжытып, кенет дүкеннен зым-зия жоқ болып кеткен кезде Маридің мосье Лебланның қарауында жұмыс істегеніне де жылға жуық болып қалған еді. Оның неге кеткенін мосье Леблан білмеді, ал мадам Роженің әртүрлі күдікті ойлардан үрейі ұшты. Бұл оқиға газетке жарияланды, полиция тергеуді шындап қолға алуды ұйғарған кезде, арада дәл бір апта өткен соң аяқ астынан бір күні Мари сәл қабағын кірбің шалғаны болмаса, дені сау, қол-аяғы бүтін дүкенге келіп, өзінің сатушылық орнына қайта тұрды. Тергеу жұмысы, әрине, дереу тоқтатылды, ал мосье Леблан сұрағандардың бәріне өзінің ештеңе білмейтінін айтса, мадам Роже мен Мари өткен аптада деревнядағы бір туысқанында қонақта болып қайтқанын хабарлады. Іс сонымен бітті, сонан кейін жұрт оны мүлдем ұмытып та кетті. Өйткені сыпсың сөзден құтылғысы келген болса керек, қыз да көп ұзамай парфюмердің дүкенін тастап, Паве-Сент-Андре көшесіндегі шешесінің үйіне қайтып келді.

Мари шешесінің қолына қайтып келгеннен кейін үш жылдай өткен соң қыздың тағы да күтпеген жерден зым-зия жоғалып кетуі оның достарын қатты абыржытты. Үш күн бойы онан еш дерек болған жоқ. Төртінші күн дегенде барып, оның мүрдесі Сенадан (Гудзоннан), Сент-Андре кварталы орналасқан жағаның арғы бетінен, Дюруль (Уиюкен) заставасының маңындағы елсіз жерден шықты.

Айуандықпен жасалған өлім (оны біреудің өлтіріп кеткеніне ешқандай күмән болуы мүмкін емес-ті), жастық пен сұлулықтың құрбан болуы, ал ең бастысы күні кеше жұртқа аты әйгілі болған оның кенет қазаға ұшырауы оқыс оқиға десе құлағын тоса қалатын париждіктерді лезде ынтық етті. Жұрттың бәрін бұлайша қатты толқытқан мұндай оқиғаны мен бұрын-соңды естіген емеспін, тіпті маңызды саяси оқиғаларды ығыстырып жіберген бұл мәселе бірнеше апта бойы күн тәртібінен түспей қойды, префект әдеттен тыс әрекет жасаса, Париждің полициясы, әрине, одан бетер әлекке түсті.

Өлік табылған кезде, жұрттың бәрі оны өлтірген адамды іздеу жөніндегі шаралар көп ұзамай өз нәтижесін берер деп ойлады. Арада апта өткен соң барып, ақыры, оны ұстағанға сыйлық берілетінін жариялау ұйғарылды да, оның өзінде де небәрі бір мың франкпен ғана шектелді. Егер ақылға қонбайтын істер жасалғаны болмаса, бұл кезде тергеу қызу жүргізіліп жатты, ешқандай нәтиже шықпаса да көптеген адамдардан жауап алынды, құпияның сырын ашуға иненің жасуындай ишараттың болмауы бұл іске деген жұрттың ынтығын күшейте түсті. Тоғыз күннен соң сыйлықтың мөлшерін екі есе көбейтуге тура келді, ал екінші аптаның аяғында да одан ештеңе шықпады. Парижде ешқашан өшпейтін полицияға деген наразылық ақыры бірнеше мәрте көшедегі қақтығысқа әкеп соқтырды, «өлтірген адамды әшкерелеуге» немесе, егер оған қатысушылар бірнешеу болса, онда «өлтірген адамдардың біреуін әшкерелеуге» префектінің өзі ғана жиырма мың франк сыйлық ұсынды. Сыйлық жөніндегі хабарландыруларда сонымен қатар өзінің сыбайластарын көрсеткен адамға кім болса да толық кешірім жасалатындығы жарияланды; құлақтандыру ілінген жердің бәрінде де префект жариялаған сыйлықтың сыртында оған адал азаматтар комитетінің тағы да он мың франк қосылатындығы хабарландырылды. Сонымен жалпы алғанда сыйлық отыз мың франк болды: егер қыздың онша дәулеті жоқ, қарапайым екенін және де үлкен қалаларда мұндай жан түршігерлік қылмыстар жиі болып тұратынын ескерер болсақ, мұның өзі бұрын-соңды құлақ естімеген көп сыйлық-ты.

Содан кейін-ақ бұл қылмыстың құпиясы дереу ашылатынына ешкім күмәнданған жоқ. Рас, екі-үш адам тұтқындалды да, бірақ күдіктілерді бұлтартпайтын дәлел табылмағандықтан оларды сол заматында босатып жіберуге тура келді.

Бір ғажабы жұртты сонша дүрліктірген бұл оқиғаны біз Дюпен екеуміз алғаш рет өлік табылған соң үшінші апта дегенде — апта бойы жасалған әрекеттен түк шықпай жұртты аса абыржытып тұрған шақта барып естідік. Біз күнде келіп тұратын газеттерден саяси хабарларды шолып шыққанымыз болмаса, үйден аттап баспай, тіпті қонақ та қабылдамай айдан астам уақыт бір істі зерттеумен әлек болып жүрген едік. Мари Роженің өлімі жөнінде бізге алғаш хабарлаған Г-нің өзі болды. 18... жылдың 13 июлі күні ол біздікіне келіп, түн ортасына дейін отырды. Кісі өлтірушіні табу жөніндегі барлық әрекетінен түк шықпағанына ол қатты қынжылады екен. Бәйгеге менің беделім тігіліп отыр деді ол шынайы париждіктерге тән сыңаймен. Ол былай тұрсын — тіпті оның намысына сын болып тұрған көрінеді. Жұрттың бәрі оған үміт артады, сондықтан осы оқиғаның сырын ашу үшін ол қандай құрбандықтан болса да бас тартпайды. Дюпеннің «сыпайыгерлігі» деп атаған өзінің осы көлгіруін қисынсыз мәнерлі мақтауын аяқтай келіп, әй-шәйді жиып қойды да тура менің досыма шынында да жомарттық ұсыныс жасады, әйтсе де оны бұл арада мен ашып айта алмаймын да, сондай-ақ менің бұл айтып отырған мәселеме оның ешқандай қатысы да жоқ.

Көлгірсіген мәнерлі мақтауды менің досым хош көрмеді, әйтсе де әзірге нақты пайдасы бола қоймаса да оның ұсынысына келісім берді. Келіскен бойда префект дереу бұрын біздің түк хабарымыз жоқ әлгі іске байланысты өзінің көзқарасын айтып баяндай бастады. Ол ұзақ баяндады, әрине, өзінің көп жәйтті білетіндігін де аңғартты, мен де оқта-текте өз ойымды айтып қойып отырдың, ал маужыраған түн сағаты тынымсыз соғып, аялдамай өтіп жатты. Құдды ұйып тыңдаған жандай Дюпен тырп етпей креслода отырған. Оның көзінде көзілдірігі бар-ды, мен соның жасыл әйнегіне аракідік ұрлана қарап қоямын, қараған сайын досымның сыбысын білдірмей тәтті ұйқыға кеткеніне еш күмәнім қалмайды, ақыры префект — полиция бастығы кеткенше баяу жылжып, жеті сағат өткенше ол ұйқысынан оянған жоқ.

Таңертең префектурадан жиналған барлық фактілерді, ал газеттердің редакцияларынан сол қайғылы оқиға жөнінде мәліметтер жарияланған барлық газеттердің номерін жинап алдым. Қисыны келмейтіндердің бәрін сыпырып тастағанда оқиға былай болатын:

Мари Роже 18... жылғы 22 июльде, жексенбі күні таңғы сағат тоғыздың шамасында Паве-Септ-Андре көшесіндегі шешесінің үйінен шыққан. Кетіп бара жатып мосье Жак Сент-Эсташ (Пейн) деген біреуге — тек соған ғана — Дром көшесінде тұратын нағашы апасының үйіне бір күнге барып қайтатынын айтады. Тар, қысқа, бірақ адам ағылып жататын Дром көшесі Сенаның жағасына жақын болатын, егер тура жүрсе, мадам Роженің пансионатынан екі мильден сәл ғана асады. Сент-Эсташті Маридің ресми атастырылып күйеу жігіті санайтын, ол сол пансионаттан тамақтанатын, сонда тұратын. Ол кешке қарай өзінің қалыңдығына келіп, оны үйіне шығарып салуға тиіс-тін. Бірақ түстен кейін жаңбыр қатты жауып кеткен соң, Мари нағашы апасының үйінде қонын қалатын болар деп (мұндай кезде ол ылғи да солай жасайтын) ол өзінің уәдесін бұзды. Кешке мадам Роже (жетпіс жастағы ауру кемпір) «енді қайтып Мариді көрмейтін шығармын» деген күдігін білдіреді, бірақ онда оның бұл сөзіне ешкім мән бере қойған жоқ.

Дүйсенбіде Мари нағашы апасының үйіне мүлдем бармағаны анықталды да, кешке дейін үйіне қайтып оралмаған соң, қала мен төңіректе болады-ау деген жерлерден оны тым кеш те болса іздестіре бастайды. Алайда хабар-ошарсыз кеткеніне төртінші күн дегенде барып оның дерегі шықты. Сол түні (25 июньде сәрсенбіде) Сенаның арғы бетіндегі Дюруль күзетінің маңында жолдасымен Мариді сұрастырып жүрген мосье Бове (Кроммелин) деген біреу өзенмен ағып бара жатқан бір өлікті балықшылардың жаңа ғана жағаға алып шыққанын естиді. Өлікті көргенде Бове сәл қипалақтап тұрады да артынша оның бұрын парфюмер дүкенінде істеген сатушы қыз екенін таниды. Ал оның қасындағы серігі болса қызды көрген бойда бірден тани кетеді.

Өлген қыздың жүзін аузынан аққан қан жуып кетіпті. Әдетте суға кеткендердің аузынан шығатын көбік көрінбейді. Тамағында қанталап кеткен саусақтардың таңбасы бар. Шынтағы бүгіліп, кеудесіне айқастырылған қолдары сіресіп тас болып қатып қалыпты. Оң қолының саусақтарын тас қып түйіп алыпты да, сол қолының саусақтары сәл тартылғаны болмаса, алақаны ашық жатыр. Сол қолының басында құдды бірнеше мәрте шандып байлаған тәрізді жіптің ізіне ұқсас екі дөңгелек белдеу көрінеді. Бүкіл денесіндегі, әсіресе жауырынындағы сияқты оң қолында да жара бар. Өлікті жағаға алып шығу үшін балықшылар оны арқанмен шандыпты бірақ одан ешқандай із қалмаған. Мойыны айрықша күп болып ісіп кетіпті. Денесінде кесілген жер де, соққыдан көтерген жер де көрінбейді. Мойнын шілтердің үзіндісімен қатты таңып тастапты, ол тіпті тамағының қатпарынан көрінбей кеткен. Оның ұшын апарып сол жақ құлағының тұсынан шиелеп тұрып байлапты. Өлтіру үшін осының өзі-ақ жетіп жатыр. Медициналық тексерудің протоколына қарағанда қаза болған қыздың пәктігіне ешқандай күмән жоқ. Ол айуандықпен зорланған деп көрсетілген онда. Табылған кезде өлікті тануға әбден болатын еді.

Өліктің үстіндегі киімдері алба-жұлба жыртылған. Сыртындағы юбка етегінен жалпақтығы он екі дюймдей жері беліне дейін ұзына бойына жыртылыпты, бірақ мүлдем жұлынып алынбай, сол күйінде беліне үш қайыра оралыпты да, арқасынан ілгектеліп байланыпты. Екінші юбка жұқа ақ бәтестен екен, одан да жалпақтығы он сегіз дюймдей етіп жыртып алыпты — жұлмаламай ғана жыртып алыпты. Жыртылып алынған ақ бәтесті өліктің мойнына бостау етіп орапты да ұшын шешілместей етіп шиелеп байлап тастапты. Сол ақ бәтес шүберек пен шілтердің үзігінің үстінен қалпақтың ленталары өтіпті. Бұл ленталар сияқты ілгектеп байланбай, теңізшілер сияқты шиеленіп тастапты.

Өліктің кім екендігі анықталған соң әдеттегідей оны моргке апармай (оны қажетсіз деп санады) жағаға, шығарылған маңға асығыс түрде жерлей салды. Бовенің араласуымен істі мүмкін болғанынша дабырламай басып тастады, ол жұрттың назарын аударғанша арада бірнеше күн өтіп кетті. Алайда, содан соң онымен апталық газет (Нью-Йорктің «Меркюри» газеті) айналыса бастады, өлік ашылып алынып, қайта тексерілді, бірақ жоғарыда айтылғандардан бөтен ештеңе табылмады. Рас, бұл сапар қаза болған қыздың көйлегін, қалпағын, тағы басқа киім-кешектерін шешесі мен таныстарына көрсетіп еді, бұларды қыздың сол күні ертеңгісін үйден киіп кеткен киімдері екенін олар бірден таныды. Әйтсе де барған сайын жұрттың гу-гуі күшейе түсті. Бірнеше адам тұтқынға алынды, бірақ ізінше босатылды. Бәрінен бұрын Сент-Эсташ күдікке ілінді, алғашқыда сол бір қаралы жексенбіні ол қалай өткізгенін жөндеп айтып та бере алмады. Бірақ көп ұзамай ол мосье Г.-ге сенімді куәлердің жауабымен қоса өзінің сол күні қайда, қай уақытта болғаны жөнінде жазбаша түрде мәлімет берді. Ешқандай жаңалықсыз күндер өткен сайын қалада бір-біріне қарама-қайшы мың сан қауесет таралып жатты, ал журналистер болса алуан түрлі долбарлар мен болжаулар жасай бастады. Солардың ішінен Мари Роже тірі екен, Сенадан басқа бір байғұс қыздың мүрдесі табылған көрінеді деген лақап жұртшылықты ерекше елең еткізді. Сол болжау жөнінде «Эгуальде» (Нью-Йорктің «Бразер Джаноға» газеті) — әжептәуір беделді газетте жарияланған сол мақаласының үзіндісімен оқушыны таныстыруды мен өз парызым деп білемін.

«Мадемуазель Роже Дром көшесінде тұратын нағашы апасына ма, әлде басқа туысқаныңа ма, сонда барып келемін деп 18... жылғы 22 июньде жексенбіде таңертең шешесінің үйінен шығып кетеді. Содан бері оны әзірге ешкім көрмегені анықталып отыр. Ол із-түзсіз жоғалып кетті, оның тағдыры әлі күнге дейін белгісіз... Шешесінің үйінен шығып кеткен соң сол күні оны көрдім деген әзірге бірде-бір куә де табылған жоқ. Сонымен, Мари Роже 22 июньдегі жексенбі күнгі таңғы сағат оннан кейін тірілер арасында болды деп батыл айта алмасақ та, оған дейін оның тіріде дені-қары сау болғаны айдай анық. Сәрсенбіде күндізгі сағат он екіде Дюруль заставасының маңында Сенадан бір әйелдің өлігі шықты. Бұл оқиға — егер Мари Роже үйінен кеткен соң оны әрі кеткенде үш сағаттан кейін өзенге тастады деп есептегеннің өзінде де — ол үйінен кеткен соң небары үш тәуліктен кейін, тұп-тура үш тәуліктен кейін болды. Алайда, қанішерлер қыздың денесін түн ортасына дейін өзенге тастап үлгерерліктей оны үйден шыққан бойда өлтірді (егер ол шынында өлтірілген болса), деп ойлау тым қисынсыз болар еді. Өйткені мұндай пасықтық қылмыс жасайтындар күннен гөрі қараңғы түнді тәуір көреді... Былайша айтқанда, егер өзеннен табылған дене шынында да Мари Роженің мүрдесі болса, онда ол суда екі жарым тәуліктей — немесе әрі кеткенде — тура үш тәулік қана болуы ықтимал. Бұрынғы тәжірибелерге қарағанда, суға кеткендердің немесе қанішерлердің құрбаны болып, өлтірілген соң өзенге тасталғандардың денесі тек әбден борсып, шіри бастаған кезде ғана, яғни кемінде алты — он күн өткен соң ғана су бетіне қалқып шығады. Тіпті кейде үстінен зеңбірекпен атқылаған соң барып бес-алты күн болмай жатып су бетіне қалқып шығатын дененің өзі егер сол заматында сүзіліп алынбаса, қайтадан су түбіне шөгіп кетеді. Сонымен, біз әдеттегі табиғат заңының бұзылуына бұл сапар нендей себеп болды деген өзімізге сұрақ қоюға тиіспіз?.. Егер зақымданған дене сейсенбіден сәрсенбіге қараған түннің ортасына дейін жағада жатса, ол жерде қанішердің бір ізі қалуы керек қой. Оның бер жағында, тіпті өлтірілген соң екі күннен кейін барып өзенге тасталғанның өзінде де өліктің бұлайша тез қалқып шығуы екіталай. Сондай-ақ айтылын жүргеніндей, мұны жасаған қанішерлердің ондай сақтық жасаудың ешқандай қиындығы жоқ кезде өліктің мойнына алдын ала салдауыр байламай тұрып суға тастауы сірә да, мүмкін емес».

Мақала авторының ойынша, Бове көрген бойда бірден тани алмай қалғандықтан да өлік әбден шіріп, су түбінде «бар болғаны үш тәулік емес, одан бес есе артық» болса керек. Алайда, бұл пікір бүтіндей жоққа шығарылды. Онан соң мақалада былай делінген-ді:

«Өлтірілген қыздың сөзсіз Мари Роже екенін дәлелдеу үшін мосье Бовенің сүйенер фактілері қандай? Өлтірілген қыздың көйлегінің жеңін жыртып жіберіп, сол арадан көңілінде күмән қалдырмаған белгіні көрдім деп мәлімдейді. Қалың жұртшылық, әрине, ерекше белгілері дегенді тыртық немесе мең деп ойлайды. Шындығында ол алақанымен сипалап еді — білегінде — түк бар екен! Біздің ойымызша, мұндай қисынсыз белгіні табу қиын, өйткені оның өзі жең ішінен қол табылды деген уәжбен бірдей! Ол күні кешке мосье Бове пансионатқа қайтып оралмады, ал сағат жетіде мадам Рожеге қызын іздестіру әлі жүріп жатыр деген хабар жіберді. Егер ол шынында Маридің денесі екеніне кәміл сенген болса, тіпті жасы ұлғайған, қайғылы мадам Роже өзі барып көруге шамасы келмеді дегеннің өзінде де (олай деп айтудың өзі қиын) барып, бәрін өз көзімен көріп қайтуды өз міндетіне алатын біреудің сөзсіз шығуы мүмкін еді. Бірақ ондай ешкім шықпады, ол жаққа бармады. Паве-Сент-Андре көшесіндегі үйдің тұрғындарына еш хабар берілмеді, не болын жатқанын олар тіпті естіген де жоқ. Қыз шешесінің пансионатында тұратын Маридің атастырып қойған күйеу жігіті әрі құштары болын жүрген Сент-Эсташ өзінің атастырылған қалыңдығының денесі табылғаны жөнінде ертеңіне таңертең мосье Бове бөлмесіне келіп, өткен түнде болған оқиғаларды айтқанда барып естігеніне ол ант-су ішеді. Біздің ойымызша, жаңалықтың сипатына қарағанда, оған ешкім онша көңіл бөлмеген, елең қыла қоймаған сияқты».

Газет міне осылайша Маридің жақындары ешқандай әрекет жасамай, енжар күйінде қалды — шынымен оның өлігі табылғаныңа сенді деген пікірмен сыйыспайтын көріністі сипаттауға тырысады. Бұл өсек-аяңның қысқаша мәні мынадай: өз қамқоршысының атағына кір келетін болғандықтан Мари достарының көмегімен қаладан басқа жаққа кетіп қалды, енді Сенадан жоғалған қызға аздаған ұқсастығы бар біреудің өлігі табылған кезде, оның достары соны пайдаланып, оны өлді деп жұртты иландырмақ болады. Бірақ «Этуаль» тағы да мейлінше асығыстық жасады. Енжарлық пен биәрекеттіктің бүтіндей ойдан шығарылғандығы, кемпірдің шынында да шамасы жоқ, қайғы оның халін нашарлатып жібергені, Сент-Эсташ ол хабарды салқын тыңдамақ былай тұрсын, тіпті есі шығып кеткені, оның шарасыздығын көрген Бове оны эксгуманацияға жібермеу үшін туысқандарының бірін соның қасында қалуға зорға көндіргені кейін барып анықталды. Ол ол ма, тіпті «Эгуаль» өлік жұртшылық есебінен екінші рет жерленді, Мари Роженің жақындары болмашы ғана жерлеу шығынының өзін төлеуден үзілді-кесілді бас тартты, олардың ешқайсысы жерлеуге қатысқан да жоқ деп жарияласа да,— қайталап айтамын, мұның бәрін «Этуаль» өз оқушыларының пікірін қалыптастыру үшін жасалды дей тұрса да әлгі айтылған пікірлердің бәрі түгелдей жоққа шығарылды. Осы газеттің кейінгі бір номерлерінде Бовенің өзін күдікті етіп көрсетуге де әрекет жасалды. Редактор өз мақаласында былай деп мәлімдеді:

«Міне енді бәрі де өзгерді. Бірде мадам Б. мадам Роженің үйінде тұрғанда мосье Бове кетер алдында оған өздерінің жандармның келуін тосып отырғаның, ол, мадам Б. өзі қайтып оралғанша жандармға ештеңе демеуі керек екенін, барлық түсініктемесін өзіне ғана беруге тиіс екенін айтты деп бізге хабарлады... Қазіргі сәтте мосье Бове істің барлық жай-жапсарын аузынан шығармай жадыңда сақтап отыр деуге болады. Мосье Бовесіз аттап аяқ басуға болмайды, өйткені қайда барсаң да, қалай да соған тап боласың... Бір себептерден тергеу жұмысына өзінен басқа ешкімді қатыстырмауға ұйғарған, еркек кіндік туысқандарының айтуына қарағанда, амалын тауып оларды әйтеуір шетке ығыстырып шығарған. Ол туысқандарына өлікті көрсетпеуге қолынан келгеннің бәрін жасап баққанға ұқсайды».

Осы мақалада айтылған Бове жөніндегі күдікті мына төмендегі факті дәлелдейтін тәрізді. Қыз жоғалардан бірнеше күн бұрын Бовенің кеңсесінде оңаша қалған бір келуші кілт ұясына қыстырылулы тұрған раушангүлін, ал соның қасында ілулі тұрған трифельді тақта бетіне жазылған «Мари» деген жазуды көреді.

Алайда газеттерге сүйеніп айтар болсақ, жалпы пікір Мари бір топ қарақшылардың құрбандығына ұшырады, солар өзеннің арғы бетіне алып кетіп, жәбірлеп, өлтірді дегенге келіп саяды. Алайда, аса беделді газет, «Коммерсьель» болса, бұл болжауға мейлінше қарсы шығады. Мен соның бетінен бірнеше үзінді келтірейін.

«Дюруль заставасымен айналысқан тергеу бұған дейін жалған ізге түсіп, жаңсақ басып келді. Жұртқа әйгілі бұл бойжеткен қыз сияқты жанның үш квартал өткенше ешкімнің көзіне түспеуі мүлдем мүмкін емес, ал көрген адамдар оны ешқашан ұмытпаған болар еді, өйткені танитындардың бәрі оған іңкәр, ынтық болатын. Оның өзі де көшеде халық қаптап жүретін кезде үйден шыққан той... Дюруль заставасына немесе Дром көшесіне жеткенше оны кемінде жиырма шақты адам таныған болар еді, солай бола тұрса да, үйден шыққан соң оны көрген бірде-бір куә табылмай отыр, айтты дегеннен басқа, шынымен ол сол кезде шешесінің үйінен шықты ма, жоқ па, ол жөнінде біздің қолымызда ешқандай дерек жоқ. Оның көйлегі жыртылған жұлым-жұлым, құдды ол бума жүктей-ақ өлікті көтеруге ыңғайлы болуы үшін жыртылған матамен қыздың денесі шандылып байланған. Егер Дюруль заставасының маңында өлтірілген болса, мұны жасаудың еш қажеті болмас та еді. Дененің өзеннен, застава маңынан шығуы, оның суға қай жерден тасталғанын көрсете алмайды. Байғұс қыздың ішкі юбкасының біреуінің етегінен ұзындығы екі футтай және ені бір футтай жыртылып алынып, оны таңғыш ретінде пайдаланып, өліктің тамағынан орап апарып, желкесіне шиелеп байлап тастаған. Мүмкін мұны қыздың шыңғырған дауысын шығармау үшін жасаған болар, әрине, оны қалталарында бет орамалдары жоқ, біреулер істегені айдан анық».

Алайда префект бізге келерден бір-екі күн бұрын полиция «Коммерсьелдің» айтқандарының көпшілігін жоққа шығаратын маңызды мәліметтер алса керек. Екі бала, мадам Дюлюк деген біреудің ұлдары Дюруль заставасының маңындағы орманда қыдырып жүргенде қалың бұтаның арасынан үш-төрт жақпар тастан жасалған арқалығы және аяқ қойып отыруға арналған текпешегі бар орындық көреді. Тастың үстінде іштен киетін ақ юбка, ал екінші таста жібек шарқат жатса керек. Кейін сол маңнан қолшатыр, қолғап және бет орамал табылады. Бет орамалда «Мари Роже» деп тігілген жазу бар. Тікенді бұталардың бұтағына матаның тамтығы ілініп қалыпты. Жердің беті аяқпен тапталып басылған, бұталар сынған — оның бәрі аяусыз арпалыстың куәсіндей. Сонан соң, қалың жыныс бұтамен өзеннің арасындағы шарбақтан тесік табылды, топырақтағы ізге қарағанда сол арадан ауыр бірдеңе сүйретіп өткені байқалады.

Париждің барлық баспасөзінің пікірін қайталай келіп, «Солей» (Филадельфияның «Сатердей ивнинг постысы»), бұл табылған бұйымдары былайша сипаттады:

«Бұл заттардың ол жерде кемінде үш-төрт апта жатқанына күмән жоқ; жаңбырдың салдарынан олар әбден көгеріп, жабысып қалған. Айналасына шөп өскен, тіпті кей жерлерінде сол заттардың өзіне шөп шығып кетіпті. Қолшатырдың жібегі қалың екен, әйтсе де оның қатпарларының арасы тас боп жабысып қалыпты, ал жиналған үстіңгі беті көгеріп, шіріп кеткені соншалықты, тіпті оны ашқан кезде мүлдем сыпырылып түсіп қалды... Көйлектің жыртылған латтасының ені үш дюймдей де ұзындығы алты дюйм келеді. Оның біреуі қолмен жыртылған етектің төменгі әдібі де, екіншісі юбка етегінің орта тұсынан жыртылған екен. Олар әдейі жыртылып алынған сияқты да, жер бетінен бір футтай биіктікте ілініп қалыпты... Ақыры, осы пасықтық қылмыс жасалған жердің анықталғаныңа ешқандай күмән жоқ».

Бұл жаңалық соңғы мәліметтер алуға көмектесті. Мадам Дюлюк берген жауабында өзінің Дюруль заставасының маңында Сенаның жағасында шағын ғана трактир ұстайтынын айтты. Айналада ел-жұрт жоқ, тіпті меңіреу дала десе болғандай. Парижден онда тек қайықпен ғана баруға болады. Қаланың бардан қашқандары сол араға барып, жексенбіде көңіл көтеруге әуес. Сол қайғылы жексенбіде күндізгі сағат үштің кезінде қасында қара торы жас жігіті бар бір бойжеткен қыз трактирге келеді. Олар біраз уақыт отырған соң, шығып кетеді де, іргедегі қалың орманға қарай беттейді. Мадам Дюлюк қыздың көйлегін байқап қалыпты, өйткені ол өзінің жақында ғана қайтыс болған бір туысының көйлегіне ұқсайды екен. Әсіресе оның басындағы шәлісін жадында жақсы сақтап қалған көрінеді. Әлгі екі жас кеткен соң артынша топырлаған бір топ бұзақылар трактирге келеді, бейбастақтық жасайды, ішкен-жегендеріне дәнеңе төлемей, олар да қыз бен жігіт бет алған орманға қарай тартады, содан трактирге ымырт үйіріле қайтып оралады да, әлдеқалай асығыс өзеннің арғы бетіне өтіп кетеді.

Сол күні кешке жақын, ымырт үйіріліп, әбден қараңғы түскен кезде мадам Дюлюк пен оның үлкен ұлы трактирдің маңынан әйелдің ащы даусын естиді. Дауыс қатты шығады, бірақ көп ұзамай тына қалады. Мадам Дюлюк шәліні ғана емес, өліктің үстіндегі көйлекті де таниды. Енді фамилиясы Баланс деген омнибустың шофері де сол жексенбіде қасында қара торы жігіті бар Маридің Сенаның арғы бетіне өткенін өз көзімен көргенін айтып отыр. Ол, Баланс, Мариді таниды екен, ағат айтуы мүмкін емес. Тоғайдан табылған заттардың бәрін Маридің туысқандары таниды.

Дюпеннің өтініші бойынша газеттерде жарияланған мақалалардан теріліп алынған менің мәліметтерімнің ішінде, әлгі айтылғандардан тыс тағы бір факті бар-ды, алайда ол факті айрықша мәнді болып көрінді. Тоғайдан шәлі мен басқа да заттар табылған соң, қазір жұрттың бәрі өлім болған жер деп жүрген маңға жақын тұстан өліп жатқан немесе өлім аузында жатқан Маридің атастырылған жігіті Сент-Эсташтың денесі табылады. Жанында бос шыны сауыт жатыр — оның бүйіріне жапсырылған қағазға «апиын» деп жазылған. Сент-Эсташтың тыныс алысына Қарағанда, ол шынымен сол уды ішкенге ұқсайды. Ол есін жимай жан тапсырды. Оның қалтасынан хат табылды: өзінің Мариге деген сүйіспеншілігін қысқаша баяндай келіп, ол өзін өзі өлтіруге ұйғарғанын хабарлайды.

— Морг көшесіндегі кісі өліміне қарағанда,— деді Дюпен менің жазбаларымды мұқият оқып шыққан соң,— бұл істің әлдеқайда шытырман екенін, әрине, менің сізге айтып жатуымның онша қажеті бола қоймас: әйтсе де одан мұның бір елеулі айырмашылығы бар, бұл қаншама зұлымдықпен жасалғанына қарамастан кәдімгі қарапайым ғана қылмыс. Әдеттегіден тыс мұнда ештеңе де жоқ, Біліп қойыңыз, соған қарап жұрттың бәрі оның құпиясын ашу қиын болмас деп ойлаған еді, шындығында сол істің әдеттегі қарапайым іс болуы жұртты сүріндірер басты кедергі болып отыр. Алғашқыда тіпті сыйлық жариялаудың өзін қажет деп санамады. Бұл пасықтық қылмыстың неге және қалай жасалғаның префектің мирмидоняндары бірден біле қойды. Олардың қиялдары қылмысты жүзеге асыру әдісін — көптеген әдістерін, сондай-ақ оны жасауға итермелеген себепті — көптеген себептерді ойлап табуға керемет шебер болатын. Өйткені сол әдістер мен сол себептердің біреуі әлдеқалай шындық болуы ықтимал еді, ал олар болса солардың бірі қалай да шындық болуға тиіс деп санады. Алайда алуан түрлі болжаулардың оп-оңай жасалуы, олардың шындыққа ұқсастығының өзі дұрыс шешім табу анау айтқандай оңай болмайтының, қайта өте қиын болатындығының куәсі еді. Шындықты іздеген кезде логика өз жолын әдеттегі мен үйреншіктегіден тыс жақтан іздестіретінін, мұндай жағдайларда «не болды?» деп сұрамай «әдеттегіден тыс, бұрын болмағандай нендей оқиға болды?» деп сұрау керек екенін мен талай-талай байқап жүрмін. Мадам Л" Эспанэнің үйінде тергеуді жүргізген кезде Г.-нің агенттері болған оқиғаның әдеттен тыс екенін көріп әбден сасқалақтап қалды, ал дұрыс бағытталған интеллекті міне, сол әдеттен тыс жағдайды істің жемісті болуының кепілі деп санаған болар еді; префектінің қарауындағылар парфюмер сатушы қыздың жоғалып кету жағдайының сырт көзге қарапайым болып көрінуін оңай жеңістің желеуі деп санай тұрса да, әлгі интеллект — білгір адам оның сырт қарағанда ғана қарапайым болып көрінетініне шүбәсіз сенген болар еді.

Мадам Л" Эспанэ мен оның қызы жөніндегі істі жүргізген кезде біз оларды біреулердің өлтіргенін әуел бастан-ақ анық білген едік. Оларды өзін өзі өлтірді деуге ешқандай негіз жоқ болатын. Мұнда да өзін өзі өлтірді деуге мүлдем болмайды. Дюруль заставасының маңынан табылған өліктің түрі бұл мәселе жөнінен ешқандай күмән де, күдік те қалдырмайды. Алайда бұл мүрдені Мари Роженің мүрдесі емес деген де қауесет шығып жүр, оның бер жағында оны өлтірген адамды, немесе өлтіргендерді тапқанға сыйлық жарияланған, оның біздің префектімен келісімімізге де қатысы бар. Ол мырзаны біздің екеуміз де жақсы білеміз. Оған аса көп сене беруге болмайтыны да анық. Егер біз тергеуімізді мүрдеден бастайтын болсақ, оны өлтірген адамды тапқан соң, ең болмағанда мұның Мари емес, бөтен бір әйелдің денесі екенін анықтаған жағдайда да, немесе, егер сіз бірден Мари тірі деп санап, аман-сау, қол-аяғы бүтін күйінде тапқан күнде де — мосье Г.-мен істес болып отырғандықтан да бұл екі жағдайда да біздің еңбегіміз зая кетеді. Сондықтан заңдылық мүддесі үшін болмаса да өз мүддеміз үшін әуел бастан-ақ Сенадан шыққан өліктің — шынында жоғалып кеткен Мари Роженің мүрдесі екеніне әбден көз жеткізіп алуымыз керек.

«Эгуальдің» уәждеріне жұртшылық құлақ асқандай, тіпті газеттің өзі де оларын даусыз деп білетін сияқты, оған Мари Роженің ісі туралы жарияланған оның бір мақаласының алғашқы жолы айғақ бола алады. «Таңертеңгілік шығатын бірнеше газет, «Этуальдің» дүйсенбілік номерінде жарияланған істің егжей-тегжейі түгел жазылған мақаланы талқылайды»,— деп басталады мақала. Менің ойымша, бұл мақала автордың ғана алыпқашпа пікірін егжей-тегжейлі дәлелдейтін тәрізді. Жалпы, біздің газеттеріміз шындықты ашуға көмектесуі емес, ең алдымен қалай сенсация жасауды ойлайтының ұмытпау керек. Олар өздерінің бастапқы және басты мақсатына жетуге жәрдемдесетін болған кезде ғана шындықты ашуға араласады. Баспасөз тек жұртшылық пікірінің жетегінде кетсе, (ол қандай негізді болғанымен де), көпшілік тарапынан қолдау таппайды. Көп адамдар жұрттың түсінігіне қарама-қайшы келетін болжам айтқандарды данышпан санайды. Әдебиеттегіден бір де кем емес деуге болады. Логикалық пікірде де эпиграмма әдебиеттегі сияқты шұғыл ықпал тауып отырады, ал шындығына келсек, бұл екі жағдайда да оның құны шамалы.

Мен бұл арада Мари Роже әлі тірі екен деген болжам жасауға «Этуальді» итермелеген тіпті идеяның шындыққа жақын келетіндігі емес, қайта оның тосындығы мен күйкі драмалылығы болса керек, сондықтан ол жұртшылық тарапынан үндестік тауып отыр дегім келеді. Мақаланың баяндалуындағы іркес-тіркес жүйесіздікті былай жиып қойып, кәні енді газет пікірін рет-ретімен талдап көрейік.

Ең алдымен оның авторы Маридің жоғалуы мен өзенде ағып бара жатқан өліктің табылуының аралығында тым аз уақыт өтті, сондықтан мұны оның мүрдесі деуге болмайды деп дәлелдегісі келеді. Өзінің көздеген мақсатына жету үшін ол тіпті бұл аралықты ептеп қысқартуға тырысады. Бұл ағаттық ә дегеннен-ақ оны мүлдем негізсіз болжам жасауға мәжбүр етеді. «Қанішерлер денені түн ортасына дейін өзенге тастап үлгіретіндей оны үйден шыққан бойда соншалықты тез өлтіріп үлгерді деп ойлау (егер ол шынында өлтірілген болса), әрине, барын тұрған қисынсыздық болар еді»,— дейді ол. Біз бірден-ақ «Неге?» деген табиғи сұрақ қоямыз. Қызды үйінен шыққан соң бес минуттан кейін өлтірді деп ойлау қисынсыз болады? Тәуліктің кез-келген уақытында адам өлімі болып жатады ғой. Әйтсе де егер жексенбінің ұзақты күні ертеңгі сағат тоғыз бен он бес минуты кем түнгі сағат он екінің аралығындағы кез келген уақытта өлтірілген болса, соның өзінде де өлтірушілер «денені түннің ортасына дейін өзенге тастап үлгірген болар еді». Демек, мақала авторының уәжі, шындығына келгенде, бұл өлім жалпы жексенбіде болған жоқ дегенге саяды, ал егер біз «Этуальдің» мұндай негізге сүйенуіне кеңшілік жасар болсақ, онда оның ойдан шығарғандарының бәріне кешірім жасауға тура келеді. «Барып тұрған қисынсыздық болар еді...» деп басталатын сөйлем, «Этуальдің» бетінде қандай түрде жарияланғанына қарамастан жазған адамның мынадай пікірінен келіп туған: «денені түн ортасына дейін өзенге тастап үлгіру үшін қанішерлер қызды үйден шыққан бойда-ақ өлтірген (егер шынымен өлтірді дейтін болсақ) болуы ықтимал деп ойлау, әрине, тым қисынсыз болған болар еді; мұның бәрін солай дей отырсақ та, алайда дене өзенге қалай да түн ортасынан кейін ғана (біз солай жасауға солай бекем бел байладық) тасталды деп ұйғаруды біз қисынсыз деп ойлаймыз» — бұл айтылғандарда жөнді жүйе жоқ, әйтсе де анау мақалаларда айтылғанға қарағанда, онша-мұнша қисынсыз да емес.

— Егер мен,— деп сөзін сабақтай түсті Дюпен,— «Этуальде» айтылған пікірдің осы жерін әншейін ғана теріске шығарғым келсе, онда әлгі айтылғандардан бөтен ештеңе айтпаған болар едім. Әйтсе де бізге қажеті «Этуаль» емес, шындық қой. Әлгі айтылған сөздердің қазіргі қалпында бір ғана мәні бар, оның сол мәнін мен бүкпесіз толық ашып бердім, бірақ бізге тек сөзбен ғана шектеліп қоймай, айтылмаса да сол сөздердің қалай да айтылуға тиіс мағынасын үгу керек болады. Журналист бұл қыз жексенбіде ертеңгісін, күндіз әлде кешке өлтірілді ме, оның бәрі бір, әйтсе де өлікті өзенге түн ортасынан бұрын тастауға қанішерлердің батылы бара қоймаған болар, дегенді айтқысы келіп отыр. Менің оған айтар қарсы дауымның түпкі төркіні де міне осында жатыр. Өлікті міндетті түрде өзенге алып келетіндей құдды қыз бір жақта, белгілі жағдайда өлтірілген сияқты. Ол ешқандай негізсіз долбарлап соға береді, ал оның жағада, тіпті өзенде өлтірілуі мүмкін ғой — онда өлікті тәуліктің қалаған уағында суға тастауға болады, мұның өзі одан құтылудың оңай да оңтайлы жолы. Менің мұны мүмкіндіктің ең оңтайлы түрі деп есептейтінімді және бұл туралы өз пікірімді айтқым келмейтінін сіз, әрине, түсінесіз. Әзірге мен істің нақты фактісі жағын қозғамаймын, сіздің көңіліңізді «Этуальдің» болжамының сарыны әуел бастан-ақ сыңаржақты болғанына аудара отырып, оған қарсы шығудан сақтандырғым келеді.

Сонымен алдын-ала өзінің көздеген мақсатына сай келетін шектеулер жасап, егер бұл Маридің денесі болса, онда бұл дене суда шамалы ғана уақыт жатуға тиіс деген долбарға сүйеніп газет былай деп мәлімдейді. «Суға кеткендердің денесі немесе қанішерлердің қолынан қаза тауып, өлтірілген соң суға тасталған дене ісініп, бұзылып, едәуір шіри бастаған кезде ғана, яғни кемінде алты-он күн өткен соң барып қана су бегіне қалқып шығады. Тіпті үстінен зеңбірекпен атқылағандықтан су бетіне бес-алты күннен ерте шыққан ондай дене, егер дереу ұстап алынбаса, көп ұзамай қайта су түбіне шөгіп кетеді».

Өздері әдейі суға кеткен бес-алты адамның денесі су бетіне «Этуаль» айтқан мерзімнен ерте қалқып шыққаны жөніндегі фактілерге сүйеніп, газеттің «суға кеткендерге» байланысты айтылған жерлерін ғана теріске шығаруға тырысқан «Монитерден» (Нью-Йорктің «Коммершиэл адвертайзер» газеті) басқа Париждің барлық газеттері осы пікірге толық қосылды. Әйтсе де «Этуальдің» жалпы пікірін оған қарама-қарсы нақты мысалдарға сүйене отырып теріске шығаруға тырысқан «Монитердің» бұл сөлекеттеу әрекетінде философияға жанаспайтын астарлы бірдеңе бар сияқты. «Монитер» бес емес, елу өліктің екі-үш тәулікте су бетіне қалқып шыққаныңа сүйенсе де, бәрібір «Этуаль» жариялаған әлгі ереженің өзі теріс екенін дәлелдегенше, сол елу мысал да ережеден тыс болған тосын жағдай деп есептеген болар еді. Ал егер ережені дұрыс деп санайтын болсақ («Монитер» оны теріске шығармайды, тек тосын екенін ғана айтады), онда «Этуальдің» айтқаны жөн болып шығады, неге десеңіз, бұл арада әңгіме тек өліктің үш тәулік өтпей жатып cу бетіне қалқып шығу мүмкіндігі жөнінде ғана болып отыр; «Этуальдің» тұжырымына балаша қарсылық білдіріп отырғандардың мысалдары соған қарама-қарсы ереже жөнінде айтуға болатындай дәрежеге жеткенше, ол мүмкіндік соның пайдасына қызмет ететін болады.

Өзіңіз де аңғарып отырған боларсыз, істің бұл пунктіне қатысты пікірдің бәрі әлгі айтылған ережені жоққа шығаруға бағытталған болуға тиіс, ал ол үшін біз оның түпкі төркінін ашуымыз керек. Әңгімені жалпы алғанда адамның денесі Сенаның суынан едәуір ауыр немесе едәуір жеңіл дегеннен бастап көрейік, былайша айтқанда, адам денесінің сыбағалы салмағы әдетте сол дене сыртқа шығаратын тұщы судың сыбағалы салмағымен шамалас келеді. Сүйегі жіңішке, етжеңді, семіз адамдар мен көпшілік әйелдердің денесі сүйегі ірі, арық еркектердің денесінен әлдеқайда жеңіл келеді; ал өзен суының сыбағалы салмағына су тасу кезіндегі толқынмен өзенге құятын теңіз суы да әсер етеді. Бірақ теңіз суын былай қойғанның өзінде, әлдеқалай төтенше бір жағдай болмаса, өлген адамның денесі тұзды суға оп-оңай баға қоймайды деуге әбден болады. Егер өзінің денесінің салмағын сыртқа итерген судың салмағына тең келтіре алса,— былайша айтқанда, егер бүкіл денесімен түссе — ешқашан су түбіне батпайды. Жүзу білмейтін адамдарға жүріп келе жатқандай тікесінен тік тұрған қолайлы, әрі аузы мен мұрны ғана су бетінде қалатындай етіп, басын сәл шалқайтып ұстаған дұрыс. Осылайша жайғасып алсаңыз, ешқандай қиналмай су бетінде ығатыныңызды көресіз. Алайда адам денесі мен ол ығыстырған су салмағының тепе-тендігі безбеннің екі басындай оның бір жағына ауып кетуіне болмашы бірдеңенің өзі-ақ жетіп жатыр. Мәселен, кездейсоқ қолыңызға ілінген бір тұтам ағаш басыңызды көтеріп, төңірекке тез тастауыңызға мүмкіндік берсе, жоғары көтерілген қол денені демеушіден айырып, басыңызды суға батырып жіберуге жеткілікті қосымша салмақ қосады. Жүзу білмейтін адам, әдетте суды шалпылдатып, қолын көтеріп, қашан да басын тік ұстауға тырысады. Соның салдарынан аузы мен мұрны су бетіне тиіп тұрады да дем алған кезде өкпесіне су кетеді. Сонымен қағар, су жұтып, іштегі ауа бос қуысты жайлап алады да, су ауадан қаншалықты ауыр болса, дене де соншалықты ауырлай түседі. Тек сүйегі жіңішке, денесі рабайсыз семіз адамдар болмаса, әдетте адамның су түбіне кетуіне осы айырмашылықтың өзі жетіп жатыр. Ондай адамдар суға кеткеннің өзінде де олардың денесі су бетінде қалқып жүреді.

Өзен түбіне шөккен өлік әлде бір себептерден оның салмағынан азайғанша сол күйінде су түбінде жаға береді. Мұның шіруге, бұзылуға, басқа да себептерге байланысты болуы ықтимал. Өлік бұзыла бастаған кезде, тән талшықтарының қуыс-қуысы тазға толып кетеді де дене адам түршігерліктей боп ісініп, қампиып кетеді. Өлік әбден ісініп, көлемі ұлғайып, салмағы өзі ығыстырған судың салмағынан жеңілдеген шақта ол су бетіне қалқып шығады. Алайда шіру процесі көптеген факторларға байланысты, оның жылдамдауына, немесе баяулауына көптеген жағдайлар себепші болады — ыстық пен суықтың, суда еріп жүрген минералдық заттар мөлшерінің, судың терең немесе таяз болуының, ағыс әсерінің, температурасы мен адамның өлер алдындағы денсаулық жағдайының бұған ықпалы болады. Сонымен, өліктің шіру салдарынан су бетіне қалқып шығу мерзімін долбарлап айтудың мүмкін емес екендігі айдан анық. Кейбір жағдайда мұның өзі бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде болуы, ал кейде мүлдем болмауы да мүмкін. Малдың денесін шірітпей, мәңгі сақтайтын химиялық заттар бар, оған, мәселен, қос хлорлы сынап жағады. Әйтсе де, шіруден басқа өліктің су бетіне қалқып шығуына жеткілікті дәрежеде денені ісіндіріп жібере алатын асқазанда өсімдіктен жасалған тамақ қалдықтары (басқа себептерге байланысты өзге қуыстарда) ашуының нәтижесінде пайда болуы ықтимал, әдетте пайда болады да.— Зеңбіректен атқылау онсыз да қалқып шыққалы тұрған өлікті орнынан қозғап, қайраңнан босатуға себепкер болатын, немесе газдың әсерімен дененің ісінуіне бөгет болып жатқан шіріген талшықтарды бұзатын дүмпу, тербеліс қана жасайды.

Демек, бұл нәрсенің философиялық негізімен танысқан соң, соның көмегімен біз енді «Этуальдің» пікірінің әділдігін оп-оңай тексере аламыз. «Бұрынғы тәжірибелерге қарағанда,— деп жазады бұл газет,— суға кеткендердің денесі немесе қанішерлердің қолынан құрбан болғандардың денесі, өлтірілген соң көп ұзамай, суға тасталғанда, әбден шіри бастағанда барып қана, яғни кем дегенде алты-он күн өткен соң ғана су бетіне қалқып шығады. Тіпті зеңбірекпен атқылағандықтан су бетіне бес-алты күн бұрын шыққан ондай дененің өзі, егер дереу ұстап алынбаса, көп ұзамай қайта су түбіне шөгіп қалады».

Енді мұның бәрі түгелдей одан-бұдан құралған, әрі қисынсыз бірдеңелердің қойыртпағы тәрізді. Суға кеткен адамның денесі әбден шіріп, ісініп, су бетіне қалқып шығу үшін міндетті түрде алты-он күн керек екенін ешқандай бұрынғы тәжірибе көрсетпейді де. Қандай күйде болатыны ғылымға да, практикалық тәжірибеге де дененің қалқып шығар алдында белгісіз, шындығында да дәл солай. Егер өлік зеңбірекпен атқылаған кезде су бетіне қалқып шығатын болса, онда — «ол дереу ұсталып алынбаған күнде де, қайта су түбіне «дереу» шөгіп кетпейді, тек әбден шірігендіктен пайда болған денедегі газ бір жерден саңылау тауып, жарып шыққан соң барып қана өлік қайта шөгеді. Әйтсе де «суға кеткен адамның денесі» мен «өлтірілген соң көп ұзамай өзенге тасталған адам денесінің» арасында жасалған айырмашылыққа сіздің назарыңызды аударғым келеді. Олардың арасындағы айырмашылықты автор мойындай тұрса да, екеуін де бір категорияға жатқызады. Суға кеткен адам денесінің сыбағалы салмағы судың сыбағалы салмағынан қалай артатынын мен әлгінде айттым, егер қолын шығарып алып, суды шалпылдатпаса, дем аламын деп, шашалмаса, соның салдарынан ауа орнына өкпесі суға толып кетпесе, ондай адамның суға кетпейтінін мен көрсетіп бердім. Бірақ, өлтірілген соң көп ұзамай өзенге тасталған дене қолын көтермейді, суға шашалмайды. Демек, мұндай жағдайда өлік, әдетте мүлдем суға батпайды,— шамасы бұл жөнінен «Этуальдің» хабары жоқ болса керек. Тек әбден шіріген кезде ғана, еті сыдырылып, қаңқа сүйектері ырсиып жалаңаштанған кезде ғана, тек сонда барып қана ол су түбіне шөгеді.

Сонымен табылған өлік — Мари Роженің денесі емес, өйткені өлік өзеннен шықса да, қыздың жоғалғанына небары үш-ақ күн өтті деген пікірге қалай қарауымыз керек? Егер ол суға кетсе, онда әйел болғандықтан ол мүлдем су түбіне шөкпеуге тиіс, ал егер су түбіне шөге қалса, оның денесі бір тәулікке жетпей-ақ қайта қалқып шығуы ықтимал. Бірақ ешкім оны суға кетті деп санамайды, ал ол өлтірілген соң суға тасталған екен, онда дененің су бетіне қалқып шығуында тұрған түк те жоқ; ол су түбіне шөкпеуге тиіс.

Алайда «Этуаль» «Егер жәбірленген қыз денесі сейсенбіден сәрсенбіге қараған түн ортасына дейін жағада жатқан болса, сол жерден оны өлтірушінің ізі табылуға тиіс» деген тұжырым жасайды. Бұл арада автордың неге мегзеп отырғанын бірден аңғару қиын. Шындығына келгенде ол өз теориясына айтылар қарсы дауды қоздырғысы келмейді,— яғни денені екі тәулік бойы жағада тастап кеткен, сонда жатып бұзылған, су астына қарағанда әлдеқайда жылдам шіріген дегенді айтқызғысы келеді. Мұндай жағдайда дене сәрсенбіде-ақ қалқып шығуы мүмкін деп ойлайды, әрі тек сондай жағдайда ғана қалқып шығуы мүмкін деп санайды. Сондықтан ол оны жағада қалдырмағанын көрсетуге асығады, әйтпесе «ол жерден өлтірушінің әлдеқалай қалдырған ізі табылған болар еді». Сіздің күлкіңізді келтірген күтпеген жерден байқалған себеп сабақтастығы болар деп ойлаймын. Өліктің жағада ұзақ жатуының бір өзі өлтірушінің қалдырған ізін көбейтуге қалай себепкер болғанын сіз түсінбей отырған боларсыз. Оны мен де түсініп отырғаным жоқ.

«Одан кейін,— деп әңгімесін сабақтай түседі газет,— ондай сақтықты жасау онша қиындық келтірмейтін жағдайда қаскүнемдердің оны былайша өлтіріп, алдын ала ешқандай салдауыр байламай тұрып оның денесін суға тастауы екіталай». Көрдіңіз ғой, адамның күлкісін келтіретін қойыртпақ!.. Ешкім, тіпті «Этуальдің» өзі де өлігі Сенадан шыққан әйелдің өлтірілгеніне шүбә келтірмейді. Біздің автор бір ғана мақсатты көздейді: ол — оқушы қауымды өлтірілген Мари емес дегенге қалай да иландыруға тырысады. Ол өлігі табылған әйелдің өлтірілмегенін дәлелдегісі келмейді, тек Мари өлтірілген жоқ дегенді айтқысы келеді. Бірақ оның бұл уәжі тек алғашқысының дәлелі ғана. Біздің алдымызда жатқан денеге байланған ешқандай салдауыр жоқ... Қанішерлер оны суға тастаған кезде қалай да оған салдауыр байлаған болар еді. Осыдан келіп, өлтірушілер оны суға тастаған емес деген қорытынды шығады. Етер ол бірдеңені дәлелдер болса, ондай уәж содан бөтен ештеңесі де дәлелдей алмайды. Өлтірілген қыздың кім екендігі жөніндегі мәселеге оның мүлде қатысы да жоқ, ал «Этуаль» болса осыдан сәл бұрын ғана айтқан өзінің пікірін теріске шығару үшін қисынсыз бірдеңелерді шатын кетеді. «Табылған дене,— делінген болатын онда,— сөзсіз өлтірілген әйелдің өлігі екеніне біздің еш күмәніміз жоқ».

Мақаланың осы жағында біздің авторымыз өз пікіріне өзі қарсы шығуы бір бұл ғана емес. Мен жоғарыда айтқанымдай, ол Маридің жоғалып кетуі мен өліктің табылуының арасындағы уақытты мүмкін болғаныңша қалай да қысқартуды көздейді. Сөйте тұра ол қыз шешесінің үйінен шыққан сәттен кейін оны ешкім көрген жоқ дегенді мейлінше атап көрсетуге тырысады. «Сонымен,— дейді ол,— 22 июньдегі жексенбідегі ертеңгі сағат тоғыздан кейін Мари Роженің тірі болғанын біз анық айға аламыз». Пікірі айқын сыңаржақты болғандықтан да, ең болмаса бұл жағдайды ауызға алмай-ақ қойғаны жөн болатын еді, егер Мариді дүйсенбіде, немесе айталық, сейсенбіде әлде біреу көрген болса, жаңағы аралық едәуір қысқарар еді де, оның өз ойына орай табылған өлік дәл сұлу-призетканың денесі болуы мүмкіндігі айтарлықтай азайған болар еді. «Этуальдің» өз оқушыларының назарын істің егжей-тегжейіне аударуға айрықша ұмтылуына, сөйтіп, өз пікірін нығайта түскісі келетін айналасына қайран қаласың.

Енді мақаланың Бове қалай танығаны жөнінде баяндаған тұсын қайта оқып шығыңыз. Шаш жөніндегі мәселеде «Этуаль» мейлінше оспадарсыздық көрсетті. Есуас болмаса мосье Бове өлікті таныған кезде білектің түгін дәлел ретінде келтірер ме еді? Түк барлық қолда да болады. «Этуальдің» екіұшты етіп жазуынан куәнің айтқан сөзі өзгеріп кетіп отыр. Ол, әрине, әлгі түктердің — ерекше түсі, қалыңдығы, ұзындығы немесе қалай шыққаны жөніндегі өзіндік ерекшеліктерін сөзсіз айтқан болар еді.

«Мыңдаған өзге әйелдердің аяғындай,— деп жазады газет,— оның да аяғы кішкентай болатын. Бәтеңкесі сияқты оның белдігі де мықты дәлел бола алмайды, өйткені ондай ұқсас бәтеңке мен белдіктер мың-мыңдап сатылады ғой. Оның қалпағындағы гүл жөнінде де дәл соны айтуға болады. Мосье Бове оның белдігінің ілгегі қайта қадалған дегенді қасарып айта береді. Бұл түкке тұрмайды, өйткені әйелдер белдікті дүкеннен сатып алмас бұрын киіп, өлшеп көрудің орнына, әдетте оны үйге әкелген соң барып, қайта ықшамдап алуды тәуір көреді». Автор мұны шынымен айтып отыр деуге сенудің өзі қиын. Егер мосье Бове Мариды іздеп жүріп мүсіні мен сырт пошымы жоғалған қызға ұқсайтын бір әйелдің мүрдесіне тап болса, онда (жалпы киімін қарап жатпай-ақ) әрине, ол өзінің бұл әрекеті сәтті аяқталды деп санауына әбден болады. Ал егер, жалпы ұқсастығынан тыс, бір кезде өзі Маридің білегінен көрген түктерді өлген қыздың білегінен де көрген болса, онда бұл белгінің ерекшелігіне тепе-тең дәрежеде оның сенімі де арға түскен болар еді. Егер Маридің аяғы да өліктің аяғындай кішкентай болса, онда мұның Маридің денесі екеніне деген сенімі арифметикалық емес, қайта геометриялық прогресс дәрежесінде арға түскен болар еді. Соның бәріне енді қыз жоғалатын күні киіп шыққан бәтеңкені, «дүкендерде сатылып жататын сол мыңдаған пар» бәтеңкені қоссаңыз, болжауды күмәнсіздік дәрежесіне дейін жеткізесіз. Өздігінен дәл белгі болып табылмайтын нәрсе енді басқа да көптеген белгілердің қатарына қосыла келіп, бұлтартпас дәлелге айналады. Оған жоғалған қыз тағатындай қалпаққа қадалған гүлді қосыңыз, сонда толық танылды деуге әбден болады. Бір гүлдің өзі-ақ жетіп жатыр. Ал егер ол екеу немесе үшеу болса, әлде одан да көп болса қайтер еді? Олардың әрқайсысы біздің сенімімізді жай ғана күшейтіп қоймайды, мың-мың мәрте нығайта түседі. Енді қаза тапқан қыздың да тірі қыз таққандай белдігі бар екенін көріп отырмыз десек, мұнан әрі іздеудің өзі мүлдем қисынсыз. Сөйтсе, Мари үйден кетерде өз белдігін таққандай етіп, оны жуан санына дәл келтіру үшін әлгі белдіктің ілгектері қайта қадалған болып шықты. Мұнан кейін есуас немесе екіжүзді адам ғана күмәндануы мүмкін. Белдіктің эластикалық табиғаты ілгекті бұлайша қайта қадаудың әдеттен тыс нәрсе екенін танытады. Егер зат өздігінен қысқаратын болса, онда қажетіне қарай қысқарту азды-көпті болып тұрса керек. Бірақ Маридің белдігінің ілгегі бұлайша қайта қадалуы турасын айтқанда, кездейсоқ нәрсе болатын. Оның кім екенін дәл анықтау үшін сол бір ғана белдіктің өзі-ақ жетіп жатқан-ды. Неге десеңіз, өліктен тек қана жоғалған қыздың белдігі, немесе оның бәтеңкесі, немесе оның қалпағы, немесе оның қалпағына қадалған гүлі ғана табылған жоқ, тек қана өлтірілген қыздың аяғы да сондай кішкентай, немесе оның да білегінің түктері сондай, немесе дене, тұлғасы мен сырт бейнесі Мариге ұқсас қана болып шыққан жоқ қой,— жоқ, өліктен сол белгілердің бәрі табылып отыр. Егер осындай жағдайдың өзінде «Этуальдің» редакторы өлтірілген қыздың кім екеніне әлі де шынымен күмән келтіретінін дәлелдеуге мүмкіндік болса, онда ешқандай медициналық комиссияның қорытындысынсыз-ақ оны есінен ауысқан деп жариялауға әбден болар еді. Көбіне ол заңның ұғымдарын оңды-солды қайталай отырып, адвокаттардың кәсіби тілін қолдану арқылы өзінің қулығын асырғысы келеді. Айтқандайын, соттар бәтуаға алмайтын көп жәйттер ойшыл адамдарға барып тұрған бұлтартпас дәлел болып табылады. Өйткені, сот айғақты құрайтын, оны сипаттайтын жалпы принциптерді басшылыққа алады, солай емес пе, яғни жұрт мойындайтын, кодекстерде жазылған принциптерге сүйенеді, жеке жағдайларда одан қия басқысы келмейді Бұлайша принциптен бұлтармау және оған қарсы келетін кездейсоқ жәйттердің бәрін елемеу қалай дегенмен де айқындауға болатын шындықты ашудың дұрыс жолы болып табылады. Демек, жалпы алғанда мұндай практика философиялық жағынан да көңілге қонымды, әйтсе де оның көптеген өзіндік қателікке душар ететінін де мойындау керек.

Бове жөніндегі өсек-аяңға келетін болсақ, сіз оларды бәтуаға алып бас қатырып жатпайтын боларсыз. Ол мырзаның шынайы сипаты, әрине, сізге аян. Өзгенің ісіне орынсыз килігуді ұнататын ақылы қысқа, ұшқалақтау жан. Әдетте ондай адамдардың бәрі де осындай қысылтаяң жағдайда өздерінің оспадарсыз мінездерімен қытымырлау немесе өзін онша ұната бермейтіндердің көңіліне күдік ұялатады. Мосье Бове (сіздің айтуыңызға қарағанда) «Этуальдің» редакторымен әңгімелескен, сонда редактордың теориясына қарамай, ол қалай болғанда да өліктің Мари Роженің мүрдесі екеніне еш күмән жоқтығын айтып, оның намысына тиеді. «Ол,— деп жазады газет,— мұны Маридің мүрдесі деп қасарысып болмайды, әйтседе біз жұрт талқысына салынғаннан бөтен оның көкейге қонар бірде-бір белгісін айта алмайды». «Өзгелер үшін бұлтартпас белгілер, заттар», табу жалпы мүмкін еместігі жөніндегі мәселеге қайта оралмай-ақ мынаны атап көрсеткен жөн: мұндай жағдайда адамның өзі шүбәсіз сене тұрса да оған өзгелердің көзін жеткізуге қажетті дәлелі болмауы да мүмкін. Белгілі бір адам жөнінде көкейіңізге ұялаған пікірді ашып айту да қиын. Танысын әркім-ақ біледі, бірақ соны қалай білетінін логикалық тұрғыдан түсіндіріп бере алатын адамдар кемде-кем. Мосье Бовенің шүбәсіз сенімі үшін «Этуаль» редакторының оған ренжуінің еш қисыны жоқ.

Оған байланысты күдікті жәйттерді мақала авторы жымысқыдан айып таққысы келетін кінәлі жаннан гөрі өзгенің ісіне орынсыз килігуді ұнататын ұшқалақтау адам десек менің пікіріме сүйене отырып түсіндіру әлдеқайда жеңіл. Егер біз аяушылық, рақымшылық тұрғысынан қарайтын болсақ, онда есікке қыстырылған раушангүлдің де, грифиль тақта бетіндегі «Маридің де» «еркек жынысты туысқандарын шетқақпай етудің де», оларға өлікті көрсетпеуге тырысудың да, өзі қайтып келгенше (Бове) жандармға ештеңе айтпай қоя тұру керектігі жөнінде мадам Б.-ға айтты деген ескертулерінің де, сондай-ақ «Тергеуге басқа ешкімді қатыстырмау» жөніндегі оның бірбеткей ұғымында да сырын оп-оңай ұғуға болады. Меніңше, Бове Мариге сөзсіз іңкәр болған, қыз болса онымен қылжақтасып жүрген, ал ол жұрттың көзіне өзін қыздың көңілдесі, қалаулысы етіп көрсетуге тырысқан сияқты болады да тұрады. Бұл жөнінде мен баcқа ештеңе де айта алмаймын, ал фактілер «Этуальдің» Маридің анасы мен оның басқа да туысқандарының енжарлылығын — шынында табылған Маридің мүрдесі екендігі жөніндегі шүбәсіз сеніміне күдіктің көлеңкесін түсіретін енжарлықты бүтіндей теріске шығарады, мұнан былай қарай біз енді өлтірілген қыздың кім екендігі толық анықталды деген пікірге иланатын боламыз.

— «Коммерсьельдің» долбары жөнінде не айтар едіңіз? — деп сұрадым мен.

— Сипатына қарағанда олар бұл іс жөнінде айтылған барлық пікірлерден гөрі әлдеқайда көбірек көңіл бөлуге тұрарлық деп ойлаймын. Алғышарттардан жасаған тұжырымдары философиялық тұрғыдан алғанда дұрыс әрі тапқыр, алайда кемінде екі жағдайда алғышарттар жаңсақ, шалағай бақылауларға сүйенеді. «Коммерсьель» Мари шешесінің үйінің маңында қарақшылар тобының шеңгеліне ілікті дегенге мегзейді.

«Жұртқа танымал ондай бойжеткен қыздың үш квартал бойы көзге түспеуіне сенудің өзі қиын,— деп қасарысады газет». Мұндай пікірді қаладағы қызмет орнына белгілі бір көшемен ғана қатынайтын ер адам, Париждің байырғы тұрғыны, қоғамның әйгілі мүшесі ғана айтуы мүмкін. Өзінің бес квартал жердегі кеңсесіне жеткенше әлдебір танысын кездестірмейтін, біреулермен тілдеспейтін кезі кемде-кем болатынын ол өз тәжірибесінен біледі. Ол өзінің таныстары көп екенін біледі, өз танымалдығын парфюмер дүкеннің сатушысымен салыстыра келіп, пәлендей айырмашылық таппайды да, содан барып, оған да көшеде таныстары одан кем ұшыраспаса керек деген қорытынды жасайды. Алайда, егер сол сияқты ол да қаланың белгілі бір бөлігіне үнемі бір жолмен қатынайтын болса солай болар еді. Ол белгілі бір сағатта барып-келіп жүреді, оның жүретін жолы кәсіптес, әріптес болғандықтан танысқысы-біліскісі келетіндер қадам басқан сайын ұшырасатын көшемен өтеді. Мари болса, қыдырған кезде үнемі белгілі бір көшемен жүрмеген шығар. Ал бұл сапар ол әдеттегіден әлдеқайда өзгешелеу жолмен жүруге ұйғарды деп ойлауға әбден болар. Егер біз салыстырып отырған екі адам бүкіл қаланы аралап өткен жағдайда «Коммерсьель» солай жасаған болар-ау деп ұйғарып отырған салыстыру әбден орынды болар еді. Бұл ретте, екеуінің таныстарының мөлшері бірдей болған жағдайда олардың өздерін білетін адамдарды ұшырату мүмкіндіктері де тең болуға тиіс. Мари әлгі айтылған уақытта өз үйінен нағашы апасынікіне баратын алуан жолдың біреуімен өзін танитын, немесе оның өзі танитын бірде-бір адамды кездестірмеуі мүмкін ғана емес, солай болуы әбден ықтимал екеніне мен әсте шүбәланбаймын. Бұл мәселені мейлінше толықтай дұрыс шешуді қарастыра отырып, біз тіпті атағы әйгілі париждіктің таныстары мен Париждің бүкіл тұрғындарының арасы алшақ жатқаның әсте естен шығармауымыз керек.

Егер «Коммерсьельдің» болжамы әлі де мәнін жоймаған болса, бұл ретте біз Маридің қай уақытта, қай сағатта үйден шыққанын еске алуымыз қажет. «Ол үйден шыққан кезде,— дейді «Коммерсьель»,— көшеде халық қаптап жүрген-ді». Алайда істің жөні басқаша болатын. Мұның өзі таңертеңгі сағат тоғызда болған еді. Шынында аптаның жексенбіден басқа күнінің бәрінде таңғы сағат тоғызда көшеде халық ығы-жығы қаптап жүреді. Жексенбіде таңертеңгі сағат тоғызда қала тұрғындары әдетте үйінде болады, шіркеуге баруға әзірленіп жағады. Жексенбіде таңертеңгісін сағат сегіз бен онның арасында қаланың көшелері айрықша қаңырап бос қалатының көңіл бөлген адам сөзсіз байқаған болар еді. Сағат он мен он бірдің арасында жүргіншілердің көшеге толып кететіні рас, бірақ, әлгі айтылып отырғандай бұдан ерте емес.

«Коммерсьель» тағы бір жағдайда да байқағыштық жасай алмаған. «Бейшара қыздың ішкі юбкасының етегінен,— дейді газет,— ұзындығы екі фут және ені бір фут келетіндей мата жыртылып алынған. Соны иегінің астынан мойнын орап апарып, желкесінен шиелеп байлапты. Оның өзі, әрине, қыздың шыңғырған дауысын шығармау үшін және де қалталарындағы бет орамалдары болмаған адамдар жасаған болуы мүмкін». Бұл доллардың қаншалықты негізді екенін біз кейінірек қарастырамыз, әйтсе де «қалталарында бет орамалдары болмаған адамдар» дегенде автордың ең азғын қанғыбастарды айтып отырғанында күмән жоқ, бірақ бет орамал әдетте соларда, тіпті үстінде жейдесі жоқтарда болады. Соңғы жылдары бет орамал барша қала жалаң аяқтарының жанынан тастамас бұйымына айналғаның, шамасы сіздің өзіңіз де байқаған боларсыз.

— Ал «Солейдегі» мақала жөнінде не деуге болады? — деп сұрадым.

— Оны жазған адамның тотықұс болын тумағаны өкінішті-ақ, әйтпегенде сөз жоқ әлемдегі ең әйгілі тотықұс болар еді. Өзге газеттердің бетінен әлдекімдердің айтқандарын тірнектеп жинап, бар болғаны соларды қайталауды ғана біледі. «Бұл заттардың бәрі, сол жерде кемінде үш-төрт апта жатқанына еш күмән жоқ, сонымен сол жексұрындық қылмыс жасалған жер ақыры анықталғанына шүбә келтіруге болмайды». «Солей» бұл арада қайта жариялап отырған фактілер менің көңілімдегі күдікті жоя алмайды, біз оларды кейінірек осы тақырыптың тағы бір қырына байланысты тереңірек талдайтын боламыз.

Ал әзірге біз басқа мәселемен айналысуымыз керек. Өліктің мейлінше жүрдім-бардым үстірт қаралғанын сіз, әрине, байқаған боларсыз. Рас, өлтірілген қыздың кім екені айтарлықтай тез анықталды, әйтсе де көптеген жәйт ашылмай қалды. Өлік тоналды ма екен? Өлтірілген қыз үйінен әлдеқандай асыл әшекейін тағып шықты ма? Егер тағып шыққан болса, олар өліктің бойынан табылды ма. Бұл аса маңызды сұрақтарға тергеу материалдары ешқандай жауап бермейді, басқа да сондай мәнді мәселелер елеусіз, ескерусіз қалған. Осы ағаттықтардың орнын біз өзіміз толтыруымыз керек. Сент-Эсташтың қатысын қалай да қайта тексеру қажет. Менің ол жөнінде ешқандай күдігім жоқ, әйтсе де біз істі жүйелі түрде жүргізуіміз керек. Біз оның сол жексенбіде қайда және қашан болғаны жөнінде берген жазбаша жауабын мейлінше мұқият тексеретін боламыз. Ондай жауаптар көп ретте сенімсіз де болады. Егер біз одан, әрине, қайшылықтар таппасақ, онда Сент-Эсташқа қайтып оралмаймыз. Алайда біз оның берген жауабы жалған екенін дәлелдей алған болсақ, онда оның өзін өзі өлтіруі оған деген күдікті күшейте түскен, егер жауабы дұрыс болған күнде де оның ашынғаннан жасаған әрекетін түсінуге болған болар еді, ендеше оған бола бізге әдеттегі талдау әдісін өзгертіп жатудың ешқандай қажеті жоқ.

Мен әзірге қайғылы оқиғаның өзімен тікелей айналыспай қоя тұрып, соның алдында және сол кезде болған жағдайларды анықтауға баса көңіл бөлуді ұсынамын. Мұндай тексеру ісінде жиі кездесетін және елеулі қателердің бірі — фактінің өзі ғана тексеріліп, ал оған тікелей немесе жанама қатысы бар нәрсенің бәрі ескерусіз қалдырылатындығы болып табылады. Іске тікелей және анық қатысы бар заттар мен куәлердің жауабын ғана бәтуаға алып, соттар одан да елеулі қате жібереді. Алайда, өткеннің тәжірибесі сан рет дәлелдеп және шынайы философия әрқашан көрсеткеніндей, басым көпшілігі болмағанмен шындықтың едәуір бөлегі бір қарағанда мүлдем қатысы жоқ, тосын жағдайлар арқылы ашылады. Осы заманғы ғылымның кездейсоқтыққа сүйену батылдығының негізінде де бүтіндей болмағанмен сол принциптің ұштығы жатқаны даусыз. Бірақ менің бұл айтқандарым мүмкін сізге түсініксіз болар. Аса бағалы жаңалықтардың көпшілігінің ашылуына әмәнда қосалқы, кездейсоқ немесе тосын жағдайлар себепкер екенін адамзат білімінің жинақталу тарихы дәлелдеп келеді, сондықтан да болашаққа шолу жасаған кезде қалай болған күнде де кездейсоқтық пен батыл болжауларға, мейлінше пайдалы деген өнертабыстарға барынша мол мүмкіндік, кең орын беру қажеттігі туып отыр. Бірақ тек бұрын болғанға ғана сүйене отырып, болашаққа болжау жасау философиямен әсте сыйыспайды. Мына жағдай сол құрылыстың жұрт таныған бөлігін құрайды. Біз кездейсоқтықты дәл есептеу пәніне айналдырамыз. Біз тосын жәйт пен ақылға сыймайтынды ғылыми материалдық формулаға бағындырамыз.

Шындықтың көпшілігі қосалқы жағдайға байланысты ашынғанын мен айтқан болатынмын; фактінің түпкі төркінінде жатқан принциптік сипатына орай бұл істі тергеуді мен енді бұған дейін шиыр болған және еш нәтиже бермеген оқиғаның құнарсыз қыртысынан оған жанама қатысы бар оқиғаларға көшіремін. Сіз сол жексенбіде Сент-Эсташтың қайда және қашан болғаны жөніндегі жауабының шындығын анықтаумен айналысасыз да, мен сіздей жүйелі де нысаналы болмаса да газеттерді шолып шығамын. Әзірше біз алдын ала барлау ғана жасадық, әйтсе де мен қолға алғалы отырған баспасөзді шолу өз кезегінде тергеуді қай бағытта жүргізуге жөн сілтейтін істің елеусіз қалған әлдебір жай-жапсарын ашын бермеуі мүмкін емес.

Дюпеннің тапсырмасын орындап, мен жоғарыда айтылған жауапты мұқият зерттеп шыққанда оның шындығына, демек, Сент-Эсташтың кінәсіз екендігіне еш күмәнім қалмады. Бұл кезде менің досым газет тігінділерін бірінен соң бірін ақтарып, мұқият қарап шықты, мұнысы маған мүлдем орынсыз болып көрінді. Арада апта өткен соң ол мына төмендегідей газет үзінділерін менің алдыма әкеп тастай салды:

«Шамамен айтқанда бұдан үш жарым жылдай бұрын да Пале-Рояльдағы мосье Лебланның парфюмер дүкенінің сатушысы осы Мари Роженің жоғалып кетуіне байланысты дәл осындай бір дүрбелең болған еді. Алайда бұрынғысынан сәл жүзі қуқыл тартқаны болмаса, бір аптадан кейін ол аман-сау дүкеніне қайтып оралған-ды. Мосье Леблан мен қыздың шешесі оны деревняда тұратын бір құрбысының үйіне барып қайтты дей салған еді, іс сонымен тынған-ды. Оның бұл жоғалуының да себебі сондай бірдеңе болар, апта, әлде ай өткен соң оны тағы да өз арамызда көретін болармыз деп ойлаймын».

(«Кешкі газет» (Нью-Йорктің «Экспресс» газеті), дүйсенбі, 23 июнь).

«Кеше кешкі газеттердің бірі мадемуазель Роженің алғашқы жұмбақ жоғалуын жазды. Мосье Лебланның дүкенінде болған аптаны оның атағы шыққан бір теңізші офицермен бірге сауық-сайранмен, есіріктікпен өткізгені белгілі. Абырой болғанда араларында ұрыс шығып, дер кезінде үйіне қайтып келіпті деседі. Қазір Парижде жүрген сол лютарионның есімі бізге әйгілі, әйтсе де белгілі себептерден оны жұртқа жарияламай отырмыз».

(«Меркюри» (Нью-Йорктің «Геральд» газеті), сейсенбі, 24 июнь, ертеңгілік шыққан басылымы).

«Бұрнағы күні біздің қаланың шет жағында сұмдық бір қылмыс жасалыпты. Бір мырза ымырт үйіріле бастаған кезде әйелі мен қызын өзеннен өткізу үшін Сенада қайықпен серуендеп жүрген алты жігітті жалдайды, қайық жағаға жеткен кезде үш жолаушы түсіп қара үзім жерге барғанда ғана қызы қол шатырының қайықта қалып қойғанын байқайды. Ол қайыққа қайтып барады, сол кезде әлгі оңбағандар оны ұстап алып аузына шүберек тығып, өзеннің ортасына апарады да айуандықпен зорлап, ақыры ата-анасымен қайықтан түскен жердің тұсына әкеліп, жағаға тастап кетеді. Қылмыскерлер қашып кеткен, бірақ полиция олардың ізін тапты, көп ұзамай енді солардың кейбіреулері тұтқынға алынатын болады».

(«Таңертеңгі газет» (Нью-Йорктің «Курьер энд инавайрер» газеті), 25 июнь).

«Жақында жасалған сұмдық қылмысқа Мэнэнің кінәлі екенін дәлелдеуді көздейтін біз бірнеше хат алдық, бірақ ресми түрде жүргізілген тергеуден кейін ол толық ақталғандықтан, ал біздің сол тілшілеріміздің уәжі фактіден гөрі қылмыскерді қалай да табудан туған ізгі ниет болғандықтан оларды жариялауды орынсыз деп білеміз».

(«Таңертеңгі газет», 28 июнь).

«Біз бірнеше ызалы хаттар алдық, шамасы оларды Мари Роже байғұстың жексенбі күндегі қала төңірегінде қаптап кететін көп қарақшылар тобының біреуінің құрбаны болғанына шүбәсі жоқ әртүрлі адамдар жазған болса керек. Мұның өзі біздің пікірімізбен үндесіп жатыр. Кейінірек бұл хаттардың бірсыпырасын газет бетінде жариялауға орын табармыз деп ойлаймыз».

(«Кешкі газет», сейсенбі, 30 июнь).

«Дүйсенбі күні салық басқармасында істейтін бір қайықшы Сенаның бойымен төмен қарай ығып бара жатқан бос қайықты көріпті. Желкендері оралған күйі қайықтың табанында жатыр екен. Қайықты ол өз аялдамасына сүйреп апарыпты. Ертеңіне біреулер оны жергілікті жердің бастықтарының рұқсатынсыз алы кеткен. Қайықтың жетегі аялдаманың кеңсесінде тұр».

(«Дилижанс», Нью-Йорктің «Стандарты», сейсенбі, 26 июнь).

Мен осы әртүрлі үзінділерді оқып шықтым, маған олардың бірі-бірімен ешқандай байланысы жоқ болып көрінгені былай тұрсын, тіпті біз айналысып отырған іске олардың қандай қатысы бар екенінің қисының таба алмадым. Мен Дюпеннің түсіндіруін күттім.

— Әзірге маған,— деді ол,— бірінші және екінші үзіндінің қажеті шамалы. Оларды негізінен мен сізге біздің полицияның адам айтып болмас салақтығын көрсету үшін келтірдім, өйткені префектің сөзінен менің ұққаным ол ең аржағы әлгі теңізші офицердің кім екенін анықтауды да қолға алмаған. Ал Маридің алғашқы және соңғы жоғалуының арасында ешқандай байланыс жоқ деп санау, әрісін айтпағанда, есуастық болар еді. Айталық, оның алғашқы мәрте үйден қашуы ұрыспен аяқталды да алданған қыз амалсыз шешесіне қайтып оралды деуге болар. Енді оның бұл сапарғы қашуын біз бейтаныс басқа біреудің еліктіруінің салдары деуден гөрі, әлгі алдауыштың қайта көңіл бөле бастауының нышаны (егер мұның шынында да қашу екенін білсек) деп қарауға дайынбыз — өйткені жаңа таныстықты бастады деуден, әрине, татуласқан соң бұрынғы көңілдестікті қайта жаңғыртты деп ойлау оңай. Басқа біреу табылып, оған сондай ұсыныс жасады деп санаудан гөрі бір кезде Мариді қашуға иландырған сүйген адамы оны бұл сапары тағы да көндірді, бұрынғы әдетіне қайта басты деп ойлаудың мүмкіндігі оның біріне ғана тең бола алады. Бұл арада мен сіздің назарыңызды алғашқы шын қашу мен екінші долбардың аралығында өткен уақыттың біздің әскери кемелердің әдеттегі ұзақ сапарда болатын мерзімінен сәл ғана артық екендігі жөніндегі фактіге аударғым келеді. Мүмкін алдап-арбаушы адам алғашқыда теңізге шығып кететін болғандықтан да өзінің арамзалық ойын жүзеге асыра алмаған шығар да, енді сапардан оралған бойда өзінің аяқталмай қалған, былайша айтқанда, өзі аяқтай алмаған арамзалық пиғылын жүзеге асыруды қайта қолға алған болар. Бұл жағы бізге мүлде беймәлім.

Алайда екінші рет ол көңілдесімен қашқан жоқ деп қарсылық білдірерсіз. Солай екені сөзсіз, әйтсе де сондай бірдеңе болмады деп кесіп айта аласыз ба? Біз білгенде Маридің Сент-Эсташтан, бәлкім Боведен бөтен оған адал ниетімен сөз салып, жұрттан жасырын көңіл білдіріп, жүрген басқа ешкім бола қоймаса керек. Басқа ешкім жөнінде еш нәрсе естіген де емеспіз. Сонда туысқандары (бәрі болмаса да көпшілігі) танымайтын, ештеңе білмейтін, бірақ жексенбі күні таңертең Мари жолығып, ештеңеден күдіктенбей, Дюруль заставасының маңындағы құлазыған қалың тоғай ымырт құшағына енгенше оңаша қалуға сескенбейтін көңілдесі кім болғаны? Былайша айтқанда, туысқандарының көпшілігі ештеңе білмейтін, оның сол жұмбақ көңілдесі кім болғаны деймін мен? Жексенбі күні ертеңгісін Мари кеткен соң айтқан мадам Роженің сәуегейлігін қалай түсінуге болады? «Мариді енді қайтып көре алмаймын ба деп қорқамын» деген соның сөзі.

Бірақ егер біз болжаулы қашу жөнінде мадам Роже білді деп ойламағанның өзінде де, қыздың өзі сондай ниетте болды деп жорамалдауымызға болмай ма? Шығып бара жатып, нағашы апасына баратындығын айтады да, ол Сент-Эсташтан кешке қарай Дром көшесіндегі үйге соғып, өзін ертіп кетуді өтінеді. Бір қарағанда бұл жағдай менің жорамалымды жоққа шығаратын сияқты. Әйтсе де ойластырып көрейік. Оның біреумен жолыққаны, сол адаммен өзеннің ар жағына барғаны, күндізгі сағат үштердің шамасында, былайша айтқанда, үйден шыққан соң бірнеше сағаттан кейін Дюруль заставасының маңында болғаны айдай анық. Алайда, әлгі бейтаныс адаммен сол жаққа баруға келісті дегеннің өзінде де (қандай мақсат көздесе де, шешесі білсе де, білмесе де, сөз емес), Маридің өзінің бұл кетуін қалай түсіндіретіні жөнінде, сондай-ақ өзін атастырған Сент-Эсташтың қайран қалатыны, оны ертіп кету үшін айтылған сағатта Дром көшесіне келіп, керек десе тіпті оның мұнда соқпағаның білген кезде көңілін қандай күдік билейтінін, одан пансионға келген соң, оны тағы да таба алмағанда қандай күдік билейтінін ойламауы әсте мүмкін емес. Ол Сент-Эсташтың әбігерге түсетінін, өзінің із-түзсіз жоғалып кетуі жұрт көңіліне күдік ұялататының білуге тиіс-тін. Мұндай (эскапада) жағдайдан кейін оның үйге қайтып келуі де қиын болатын, әйтсе де егер әуел бастан шешесінің үйіне қайтын оралғысы келмеген болса, онда бұл жөніндегі ойдан ол онша қымсынбаған да болар еді.

Ол шамасы былайша ойлаған болар деп жорамалдауымызға болады: «Мен пәлен деген адаммен қол ұстасып қашу үшін — немесе өзіме ғана аян бір мақсатпен онымен қалай да жолығуым керек. Маған ешкім бөгет болмайтындай етуім керек, артымнан қуғыншы шықпауы үшін уақыттан ұтуым керек, сондықтан да мен күндіз Дром көшесіндегі нағашы апайымдікіне барамын деймін де, Сент-Эсташтан кеш түсіп, ымырт үйірілген соң сонда келіп кетерсің деп өтінемін. Сонда менің кеткенімді кешке дейін ешкім елемейді де, күдіктенбейді де. Солай етсем мен уақыттан да ұтамын. Егер мен Сент-Эсташқа ымырт үйірілген соң кел десем, ол одан бұрын онда бармайды, егер мен оған ештеңе айтпасам, одан менің ұтар уақытым шамалы болады, өйткені онда мені үйге әлдеқайда ерте қайтып келеді деп ойлайды да менің кешігуім көңілдерінде күдік туғызады. Егер мен қайтып келетін болсам — егер сол адаммен серуендеп қана қайтатын болсам — онда мен Сент-Эсташқа соңымнан сонда кел демеген болар едім, өйткені онда ол менің оның көзіне шөп салғанымды біліп қояр еді де онда менің одан ештеңені жасыруымның қажеті болмайды, егер мен оған ештеңе айтпаған болсам, ымырт үйірілгенше үйге қайтып келер едім де, содан кейін барып Дром көшесіндегі нағашы апамның үйінде болдым дей салар едім. Алайда, мен мүлде қайтып оралмауға ұйғарғандықтан — ең болмағанда бірнеше апта өтпей немесе бірсыпыра сақтық шараларын жасамай тұрып қайтып келмейтін болғандықтан — қалай еткенде уақытты көбірек ұтуға болады, бәрінен бұрын тек соны ойлауым керек».

Сіз өз мақалаңызда айтқаныңыздай, әуел бастан-ақ бұл қайғылы оқиға жөніндегі жұртшылық пікірі Мари Роже бұзақылар тобының құрбаны болды дегенге сайды. Ал енді, кейбір жағдайларда жұртшылық пікірін елемеуге болмайды. Ол өз-өзінен пайда болған жағдайда — тура, өздігінен туа қалған жағдайда ғана ондай пікірді данышпан адамдарға тән тапқырлықтың бір көрінісі деп қарау керек. Жүздің тоқсан тоғыз жағдайында мен бұған келісемін. Бірақ ол пікірдің әлдекімнің не әлде бірдеңенің мегзеуінен тумағанына шүбәсіз сенетін болу керек. Бұл пікір тек қауымның өз пікірі ғана болуға тиіс, әйтсе де ондай айырмашылықты байқау да, түсіндіру де қиынға түседі. Мына жағдайда қарақшы топ жөніндегі бұл «жұртшылық пікірі», менің теріп алған үшінші үзіндімде баяндалған осыған ұқсас оқиғаның әсерінен туғанын көріп отырмын. Жұртшылық көзіне түсе бастаған бүлдіршіндей жап-жас қыздың — Маридің мүрдесі табылғанына бүкіл Париж дүрлігуде. Өлі денеден озбырлықтың ізі көрінеді әрі ол өзеннен шығарылып отыр. Алайда сол заматында Мари Роже өлтірілген кезде, сол кезде немесе сол шамада бір топ жексұрын жастардың шеңгеліне түскен басқа бір қыздың одан сәл жеңілдеу болса да сондай қорлыққа тап болғаны анықталды. Өрескел қылмыс жөніндегі бұлтартпас мәліметтердің әлі толық анықтала қоймаған басқа қылмысқа байланысты жұртшылық пікірін қалыптастыруға ықпал еткеніне таңдануға бола ма? Жұртшылық пікірі кінәлілерді іздестіре бастап еді, ал оны соған ұқсас басқа бір қайғылы оқиғаның жағдайы мегзей қойды. Өйткені Мари әлгі екінші қайғылы оқиға болған өзеннен табылды ғой. Бір қарағанда бұл екі оқиғаның бір-бірімен ұқсастығы тайға таңба басқан тәрізді, егер жұртшылық бұл ұқсастықты елемесе және оған жармаспаса, онда бұған сөзсіз таңдануға болар еді. Бірақ мұндай қылмыс әділіне келсек, қайта сол кезде жасалған екінші қылмыстың одан, мүлдем сипаты басқа екенін дәлелдейді. Егер бір топ оңбағандар бір жерде аса сирек болатын айуандық қылмыс жасап жатқан кезде тағы бір топ қарақшылар сол қаланың басқа жақ шетінде сондай жағдайда, сол кезде, дәл сондай айуандық қылмыс жасаған болды бар ғой — мұның өзі мүмкіндіктің шегінен асқан, барып тұрған керемет болар еді! Неге десеңіз, иландырудың әсерімен қалыптасқан жұртшылық пікірі әлгі ақылға сыймайтын қисынсыз сәйкестікті қалай да тексеруді талап етеді.

Әңгімені одан әрі жалғастырмас бұрын, енді қыз өлтірілді деген жер жөнінде — Дюруль заставасының маңындағы тоғай жөнінде әңгімелесейік. Ит тұмсығы батпайтын қалың болса да бұл тоғай қасқа жолға жақын жатыр. Оның ортасынан арқалығы мен аяқ қоятын текпешегі бар отырғыш сияқты етіп қаланған үш-төрт орындық табылған. Жоғарғы тастың үстінен ақ ішкі көйлек, ал екіншісінен — жібек шарқат табылған. Сол арадан қол шатыр, қолғап пен бет орамал да табылды. Бет орамалда «Мари Роже» деген жазу бар. Айналадағы бұтақтарға жыртылған көйлектің матасы ілініп қалыпты. Айнала тапталған, бұтақтар сынған барлық жерде де жан ұшырған арпалыс ізі байқалады.

Газет бұл табылған заттарға қаншама мән бергенімен, ақыры қылмыс жасаған жер табылды деп қаншама жарияға жар салғанымен, әлі де көңілге күдік ұялатар себептер аз емес. Қылмыстың сол арада жасалғанына менің сенуіме де, сенбеуіме де болады, бірақ күдіктенуге әбден болатын мәнді себептер де бар. Егер «Коммерсьель» жорамалдағаныңдай, қылмыс Певе-Сент-Андре көшесінің маңындағы бір жерде жасалған болса, егер оған қатысқандар Парижде жүрген болса, олар жұртшылық назарының дұрыс бағдар алғанын көріп зәре-құты ұшар еді де, ақыл-ойы сондай іске бейім тұратын адамдар сол назарды басқа жаққа аудару үшін бір шараны қолдануға ұмтылған болар еді. Ал Дюруль заставасының маңындағы қалың тоғай көңілге күдік туғыза бастаған екен, мұның өзі оларға қыздың киім-кешектерін сол табылған жеріне апарып тастау жөнінде ой салып, түрткі болуы ықтимал. «Солей» иландырмақ болып қаншама әлектенгенімен ол заттардың тоғайда үш-төрт күннен артық жатқанын танытатын шынайы дәлел жоқ, өйткені жаныма деректер қайғылы жексенбі мен балалар тап болған кешке дейінгі аралықта өткен жиырма шақты тәуліктің ішінде олардың көзге түспеуі мүмкін емес екендігін сипаттайды. «Жаңбырдың салдарынан,— дейді «Солей», басқа газеттердің айтқанын қайталап,— ол мүлдем көгеріп кетіпті, тіпті жабысын қалыпты. Айналасына шөп өсіп кеткен. Қолшатырдың жібегі қалың екен, әйтсе де бүктелген жерлерінің арасы бір-біріне жабысып қалыпты, ал үстіңгі, қатталған жағы көгеріп, шіріп кеткені соншалықты, тіпті ашқан кезде ол қақырап түсіп қалды. «Айналасына өсіп кеткен» шөпке, «кей жерлерінде» көктей өскен шөптің сабақтарына келетін болсақ, бұл фактілер айтушылардың сөзінен. демек, екі кішкентай балақайдың айтуынан ғана алынуы мүмкін, өйткені өздері тауып алған заттарды үйлеріне апарған сол балалар да, ол заттарды тоғайда көрген басқа ешкім де жоқ. Алайда қыз өлтірілгеннен бергі жерде шөп тәулігіне екі-үш дюйм өсетіндей ауа райы жылы да жауын-шашынды болды. Қылтиған көк үстіне қойылған қолшатыр нақты бір аптаның ішінде-ақ қаулап өскен шөптің арасынан көрінбей кетуі әбден ықтимал. Ал мен екі-үш ауыз сөзбен үзінді келтірген «Солейдің» редакторы қасарысып қайта-қайта айға беретін көгеру жайына келетін болсақ, ол оны үш мәрте ауызға алады — көгерудің табиғаты қандай екенін сол мырзаның шынымен-ақ білмейтін болғаны ма сонда? Ал жиырма төрт сағаттың ішінде өсіп, шіру саңырауқұлақтарға тон қасиет екенін оған түсіндіріп жату керек болғаны ма сонда?

Сонымен, бұл заттардың тоғайда «кемінде үш-төрт апта жатқандығын танытатындығы жөніндегі салтанатты куәліктердің өзі бұл фактіні ешқандай дәлелдемейтінін біз көріп отырмыз. Екінші жағынан, бұл заттар әлгі тоғайда аптадан артық яғни бір жексенбіден екінші жексенбіге дейін көзге түспей жатты дегенге сенудің өзі қиын. Қаладан тым алысқа болмаса аяқ жетер жақын маңнан оңаша жер табудың қиын екенін Париж төңірегімен таныс адамдар жақсы біледі. Бұл ормандар мен тоғайларда оңаша жер түгіл жұрт сирек баратын жер бар деп ойлаудың өзі мүмкін емес. Кәні, өз міндетін атқару үшін осындай ғаламат зор астананың шаңы мен ыстығына байланған табиғатты сүйетін адам, кәні сондай адам оңаша қалып былайынша күннің өзінде айналадағы табиғат сұлулығына деген құштарлығын қандырып көрсін! Оны минут сайын дабырлаған дауыс, әйтпесе ілбіген бір қаңғыбас, немесе көңіл көтеріп жатқан қала жалаң аяқтарының думаны алаңдататын болады. Ол ағаштар мен бұғалар арасынан оңаша орын іздеп бекерге әлектенбейді. Әдетте одан қашқан — бұдан қашқандар сонда көбірек жиналады, көбіне табиғаттың сол ғимараттары ластанады. Ондай қаңғыбас ұнжырғасы түсіп, амалсыз ласталған Парижге қайта оралады, өйткені ағылған арамдықтың ортасында оның өзі көзге онша оғаш көрінбейді. Егер қала төңірегінде былайынша күңде халық қаптап жүретін болса, жексенбі күндері оның одан әлдеқайда көп болатыны мүлде даусыз. Бір күні жұмыстан мойны босаған немесе әдеттегі қылмысты әрекетінен қағылған қаланың азғындары қала сыртына шығуға ұмтылғанда, олар өздері өлердей жек көретін село табиғатына емешегі елжіреп тұрғандықтан бармайды, қайта қоғам салған бұғау мен шектеулерден құтылу үшін барады. Оларды ынтықтыратын таза ауа мен жайқалған орман емес, әлдеқалай бақылаудың жоқтығы ғана. Жол бойындағы трактирде немесе қалың ағаш жапырағының астында, жат көзден шалғайда отырып, олар сыбайластарымен бірге — өздерінше көңіл көтеру деп санайтын — бассыздық пен ішкіліктен келіп туған тағылық дырдуға басады. Бір керемет болған жағдайда ғана әлгі айтылған заттардың Париждің іргесіндегі кез-келген тоғайда бір жексенбіден екінші жексенбіге дейін жат көзге шалынбай жатуы мүмкін дегенді қайталай отырып, мен бұған кез келген адамның келіспеуі мүмкін емес дегім келеді.

Оның бер жағында нағыз қылмыс жасалған жерден назарды басқа жаққа аудару мақсатында ол заттарды застава маңындағы қалың тоғайға әлдекімдер әдейі апарып тастады деп күдіктенуге басқа да негіздер жеткілікті. Ең алдымен заттардың қай күні табылғанын біліп қоюларыңызды қалаған болар едім. Сол күнмен менің газеттерден жазып алынған бесінші үзіндімдегі күнді салыстырып көріңіз. Сонда сіз кешкі газет өзінің «ашулы хаттар» алғанын хабарлағанның ізінше-ақ бұл жаңалықты ашқанын айқын көресіз. Мазмұны, түрі жағынан бір-біріне ұқсамайтын, әртүрлі адамдар жазған бұл хаттардың бәрі бір нәрсеге саяды — былайша айтқанда, олар қылмысты жасауға кінәлілер бір топ оңбаған жексұрындар екеніне, оның сол әлгі Дюруль заставасының маңында жасалғанына мегзейді. Хаттарға назарын аударғандықтан да, хаттарды оқыған балалар тура тоғайға барып, сол арадан Мари Роженің заттарын тауып алды деп айтуға, әрине, болмайды, бірақ балалардың бұл заттарды одан бұрын таба алмаған себебі, бұрын ол заттар тоғайда мүлде болған емес, оларды газет хаттар жөнінде хабарлаған соң (немесе соның алдында ғана), сол хаттардың кінәлі авторларының өздері сол жерге апарып тастады деп ойлауға және соның өзі шындыққа жақын келеді-ау деп ойлауға әбден болады.

Бұл тоғай — аса айрықша тоғай, мүлдем бөлек тоғай. Өзі ит тұмсығы өткісіз қалың. Ал ішінде, қалың бұғалардың арасына арқалығы мен аяқ қоятын текшесі бар отырғыш сияқты болып келетін ғажап тастар орналасқан. Міне, осы ғажап тоғай балалары сасафрассаның қабығын жинап, әдетте айналадағы бұғалардың бәрін тінтіп шығатын мадам Дюлюктің үйінің іргесінде, небәрі жүздеген қадам жерде болатын. Сол балалардың бірі болмаса бірі күн құрғатпай әлгі салқын да саялы табиғи үйшікке кіріп алып, тәштиіп таққа мініп отырғаны күмәнсіз екеніне егер мен мың франк бәс тіксем, оны есуастық деуге бола қояр ма екен? Ондай бәс тігуден бас тартатындар болса, онда олар өздері ешқашан бала болып көрмегендер немесе өздерінің балалығын мүлдем ұмытқандар. Мен қайталап айтамын: бұл заттардың көзге түспей тоғайда екі күннен артық жатуын түсіну мүлдем мүмкін емес, Сондықтан «Солейдің» дидактикалық надандығына қарамастан оларды таяуда ғана сол табылған жеріне апарып тастады деуге жеткілікті негіз бар.

Алайда оларды апарып тастады деп ойлауға одан да мықты — мен бұған дейін айтқандарымның бәрінен де күшті негіз бар. Енді сол заттарды әдейі қолмен қойғанын ескерусіз рұқсат етуіңізді өтінемін. Жоғарғы тастың үстінде аппақ іш көйлек, екінші таста — жібек шарқат, ал айналада қолшатыр, қолғап және «Мари Роже» деген белгісі бар бет орамал әр жерде шашылып жатыр. Бұл заттарды табиғи түрде шашылып жатқандай етпек болып осылайша әр жерге тастау, шындығында, онша ақылды адамның ісі емес. Шынында да, бұл заттардың жатысы бекер жатысқа мүлде ұқсамайды. Егер әр жерде шашылып, аяққа басылын жатса, әрине олар бұдан әлдеқайда табиғи болып көрінер еді. Егер аядай алаңда арпалыс болса, онда ішкі көйлек пен шарқат тастың үстінде сірә да жатпаған болар еді — оларды қалай да жерге қағып түсірер еді. «Айналадағы жер тапталған, бұталар қираған — осының бәрі аяусыз арпалысқа куәлік еткендей»,— деп жазады газет, әйтсе де іш көйлек пен шарқат текшеге жиналғандай қатталған күйі тұр. «Көйлектен жыртылып алынған шүберектердің ені шамасы үш дюймдей де, ұзындығы — алты дюймдей. Соның біреуі көйлектің етегіндегі торланған әдіптің бір ұшы болып шықты. Бәрі де құдды күшпен жұлып алынған сияқты». Бұл арада «Солей» әлдеқалай аса күдікті етістік қолданады. Шынында да, жазуларына қарағанда әлгі шүберек жалбалары жұлынып алынған сияқты болып көрінеді. Мұндай киімнен тікен ондай жалбаны аса бір сирек жағдайда ғана «жұлып» алып қала алады. Өзінің табиғатында мұндай маталар тікенге немесе шегеге ілініп қалған кезде, олар бір-біріне перпендикуляр келетін тік бұрышты екі жыртық жасайды, сонда мата солардың ілінген жерінен ғана жыртылады, бірақ бұлайша жыртылған «жалбыр матаны» көз алдына елестетудің өзі қиын. Мен өзім ондайды көрген емеспін. Сіз де көрмеген боларсыз. Ондай матадан таспадай етіп жыртып алу үшін, қалай болған жағдайда да екі жаққа айыра тартатын қарама-қарсы күш керек. Егер матаның екі шеті болса ғана.— Мәселен егер сіз бет орамалдың шетінен қақ айырып жыртып алғыңыз келсе ғана, сонда, тек сонда ғана біржақты күш жетіп жатыр. Ал бұл арада әңгіме бір ғана шеті бар көйлек жөнінде болып отыр. Көйлектің етегінен жоғары тұстан, матаны шеті жоқ жерден тікен іліп кетіп, таспадай етіп жыртып алу үшін, ерекше бір сиқырлы күш керек, ал жалғыз тікен оны әсте істей алмайды. Бірақ, тіпті етектің төменгі жағы болғанның өзінде де оны жыртып алу үшін де екі таққа қарай айыра тартатын мықты екі тікен қажет. Әйтсе де мұның өзі шеті әдіптелмеген мата болғанда ғана жарайды. Егер әдіптелген болса онда одан түк те шықпайды. Сонымен, матаны «тікенек» іліп жұлмалап «жырту» үшін оған мүмкіндік бермейтін қаншама кедергілер бар екенін көріп отырмыз, ал бізге бірнеше, тілім мата тікен іліп жыртылды дегенге сене көріңіздер деп жалынады! Оның үстіне біреуі «юбка желбірінің төменгі әдіпті шеті» болып шытып отыр! Ал екіншісі «юбканың желбірінен едәуір жоғарырақтан» жыртылса керек, яғни тікен оны шет жағынан емес, матаның ішкі жағынан жұлып алған көрінеді! Иә, бұған сенгісі келмейтін адамға кешірім жасауға әбден болады, бірақ бұл айғақтардың бәрін тұтас алғанда, керек десеңіз, жалғыз ғана күдікті жағдайдан, яғни өлікті алып кетуге ұстамы жеткен қанішер қарақшылардың бұл заттарды әдейі қалың бұта арасына қалдырып кеткендігі жөніндегі фактіге қарағанда әлдеқайда аз күдік туғызады. Егер менің мақсатым — қылмыстың сол тоғайда жасалмағандығын дәлелдеу деп пайымдайтын болсаңыз, онда сіздің мені дұрыс түсінбейтін болғаныңыз. Оның сонда жасалуы да ықтимал, әлде бәрінен де оны аяқ астынан душар болған бақытсыздық жағдай мадам Дюлюктің үйіне әкелуі де мүмкін, бірақ бұл факті екінші кезектегі мәселе ғана. Біз қылмыстың қайда жасалғанын емес, оны кімнің жасағаның ашқымыз келеді. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғандағы менің мақсатым, біріншіден, «Солейдің» батыл да ағат айтқан пікірлерінің мүлдем орынсыз екенін дәлелдеу, екіншіден, сізді қызды өлтірген қарақшылар тобы ма, әлде жоқ па, деген мәселеге қалай да итермелеу, бәрінен де маңыздысы сол болатын.

Біз бұл істі тергеуді полиция дәрігері баяндаған жүрек айнытарлық жәйттердің егжей-тегжейімен қысқаша танысқан соң, барып қайта жүргізетін боламыз. Қылмыскерлердің саны жөніндегі оның жарияланған қорытындысы қате және мүлдем негізсіз болғандықтан да Париждің бүкіл көрнекті анатомдары тарапынан орынды күлкіге душар болды. Әрине, ол ақылға сыймайтындай ештеңе де пайымдаған жоқ, бірақ ондай пайымдау жасауға оның нақты негізі де жоқ болатын. Алайда басқа бір пайымдаулар жасауға жеткілікті негіз табуға болмас па еді?

Енді «Жанталасқан арпалыс ізімен» айналысайық. Бұл іздердің нені дәлелдеу үшін ойдан шығарылғанын сұрауға рұқсат етіңіз? Қанішер қарақшылар тобының болғанын дәлелдеу үшін. Бірақ солардың өзі кері жағдайды дәлелдемей ме осы? Қаруы жоқ нәзік қыз бен жексұрындар тобының арада қандай арпалыс — айналада самсаған «іздер» қалдыратындай қандай жан ұшырған ұзақ арпалыс болуы мүмкін? Олар қызды ұстап алып, істі лезде ың-шыңсыз бітірген болар еді. Олардың дөрекі қолдарынан жұлқынып шығып кетуге құрбандықтың күші де жетпес еді. Сондықтан қызға не істесе де солардың еркінде болатын. Бірақ мына бір жәйтті ескеру керек: тек егер қылмыскерлер бірнешеу болды деген жағдайда ғана қылмыстың сол тоғайда жасалғанына қарсы пікірлердің көпшілігін орынды деп санауға болады. Ал егер қылмыскер жалғыз деп ойлайтын болсақ, сонда — тек сонда ғана жанталасқан жойқын арпалыс қалдырған әлгі атышулы «іздерді» көз алдына елестетуге орынды.

Тағы бір жәйт. Заттардың табылған жерлерінде әдейі қалдырылғаны жөніндегі фактінің мейлінше күдікті екенін мен жоғарыда айтқан болатынмын. Оларды тоғайда ұмытып кетті деп ойлау мүлдем мүмкін емес. Қылмыскерлердің өлікті алып кетуге (ең болмағанда солай деп ойлайды) мұршасы келеді, сөйте тұра олар өліктен (көп ұзамай шіріп, адам танымастай болатын) әлдеқайда айқын айғақтарды қылмыс жасалған жерге тастап кетеді.— Мен өлтірілген қыздың есімі мен фамилиясы бар бет орамалды айтамын. Егер бұл күтпеген оқиға болса, онда мұндай күтпеген оқиға топтасқан қылмысты жоққа шығарады. Егер қылмыскер жалғыз болған жағдайда ғана солай болуы мүмкін: Ақылға салып көрейікші. Адам қылмыс жасады делік. Қолынан құрбан болған жанның қасында оның жалғыз өзінен басқа ешкім жоқ. Бір сәтті бойды кернеген адуын сезім басылып, енді оның жүрегін үрей билей бастады. Оған дем беретін қасында сыбайласы да жоқ, Өлтірілген адаммен бұл жерде оңаша өзі ғана, не істерін білмей аласұрады. Қалайда өлікті бір жерге тығу керек. Ол мүрдені өзен жағасына апарып, өз қылмысының өзге айғақтарын тоғай ішінде қалдырады, өйткені олардың бәрін бірден алып кету қиын, тіпті мүмкін емес, сондықтан ол қалғандарын қайтып келіп алып кетуге болар деп ойлайды. Алайда, өзенге барып жеткенше, оның бойын бұрынғыдан он есе күшті үрей билеп алады. Төңіректе адамдар толып жүргенін аңғартатын дабырлаған дауыстар естіледі. Оған әлденеше мәрте күтпеген куәнің аяқ басқан тықыры естілген тәрізді болып та көрінеді. Әйтпесе сол болып көрінуі ықтимал. Тіпті қаланың самарадай самсаған жарығы да оның зәресін ұшырады. Ақыры ол үрейі ұшып әр жерге бір тоқтап, әрең дегенде өзенге жетіп, өзінің сұмдық жүгінен де құтылады, мүмкін ол үшін қайықты да пайдаланған болар. Бірақ сол жалғыз кісі өлтірушіні енді үрейлі естеліктерге толы қатерлі де қиын соқпақпен әлгі қалың тоғайға қайтып баруға көндіретін қандай күш бар? Қандай күш итермелесе де ол енді әлемдегі ең асыл қазына үшін де сол тоғайға қайтып бармайды. Тіпті қайтып баруды қалаған күннің өзінде де ол қайтып бара алмас еді. Оның қазіргі бар ойы: бұл арадан зыту, мүмкін болғанынша тез қара өшіру. Сол бір сұмдық бұталарды мәңгі көрмеу үшін алды-артына қарамай қашады.

Ал енді ол арада қанішер топ болса ше? Олар көп болғандықтан батыл қимылдайды — жалпы түзелуден кеткен жексұрындар қылмыс жасауға шімірікпейді. Әдетте ондай тобыр сол түзелуден кеткен бұзақылардан құралады. Қайталап айтамын, олардың көп болуы, топтасуы әлгінде мен айтқан жалғыз қанішерді ақыл есінен адастырған абыржу мен үрейден құтқарған болар едім. Егер біреуі, екеуі, тіпті үшеуі ағаттықты байқамаған күннің өзінде де олардың төртіншісі оны қалай да аңғарары сөзсіз. Ендеше олар бұтаның арасында ештеңе де қалдырмас еді; өйткені оның бәрін бірден жиып алып кете алады, сондықтан олардың онда қайтып оралып келуінің ешбір қажеті де болмас еді.

Енді өліктің үстіндегі сыртқы юбкасының етегінен жоғары қарай қыпша беліне жеткенше, жыртылған «ені он екі дюймдей келетін мата, мүлдем жұлынып алынбай, беліне үш мәрте оралып барып, ту сыртынан ілгектеліп байланғаның» еске алыңыз. Мұның өлікті көтеріп алып жүруге ынғайлы болуы үшін жасалғаныңа ешқандай күмән жоқ, Бірақ бірнеше еркекке оның не қажеті бар? Үш-төрт адамға өлі дененің аятынан, қолынан ұстап көтеріп әкету әлдеқайда ыңғайлы емес пе? «Мұндай «тұтқа» денені бір өзі көтеретін адам үшін ғана қажет болуы ықтимал, ал мұның өзі бізге «сол тоғай мен өзен арасындағы қоршаудан тесік табылды, ал жер бетіне түскен із, сол арадан ауыр бірдеңені сүйретіп алып өткенін аңғартады»,— деген хабарға айрықша назар аудару қажет екендігін ескертеді. Қас қағым сәтте-ақ қандай қоршаудан болсын асырып тастау түкке тұрмайтын бірнеше еркекке өлікті сүйретіп өту үшін оны сындырып жатудың қажеті бола қояр ма еді? Кейін куә болатын артында із қалдырып, бірнеше еркек денені сүйретіп жатар ма еді?

Бұл арада жоғарыда мен айтқан «Коммерсьельдің» бір ескертуіне көңіл аударуға тура келеді. «Байғұс қыздың ішкі юбкаларының біреуінен ұзындығы екі футтай, ені бір футтай әдіпше жыртылып алған да сонымен иегінің астынан өткізіп апарып, желкесінен шиелеп байлап тастапты. Мүмкін мұны қыз айғайламасын деп қалтасында бет орамалдары жоқ қаңғыбастар жасаған болса керек».

Қаңғыбастардың, ұрылар мен басқа да күдікті қулардың әрқашан қалтасында бет орамалы жүретінін мен жоғарыда айтқан болатынмын. Бірақ менің қазір ойлап отырғаным ол емес. Жыртып алған шүберекті қылмыскердің «Коммерсьель» оған телігендей мақсат үшін қолдануға оны бет орамалдың жоқтығы желеу болмағанын тоғайдан табылған бет орамал бұлтартпастай дәлелдейді, және де ол шүберек» қыздың айғайлауына бөгет болуға арналған да емес — ол үшін оның одан әлдеқайда мықты құралы бар-ды. Алайда өлікті тексеру кезінде жасалған протоколда «бос қылып мойнына оралып, шиеленіп байланған», бір бөлек ақ муслин жөнінде айтылған. Оның өзі онша анық болып жазылмаған, бірақ біздің «Коммерсьельде» көргендерімізден оның едәуір айырмашылығы да бар. Егер ұзыннан жыртып есетін болса, тіпті жұқа муслин болған күннің өзінде де ені сегіз дюйм келетін шүберек айтарлықтай мықты арқан болып шығады. Ал ол болса дәл солай есілген. Мен одан мынадай қорытынды жасаймын: құрбан болған қыздың белінен ілгешектеп байланған әлгі еспе жіптен ұстап, оны өлтіруші жалғыз өзі ондаған қадам жерге (застава іргесіндегі тоғайда ма, әлде басқа жақта ма,— онда тұрған ештеңе жоқ) көтеріп апарған, бірақ ондай жүктің бір өзіне тым ауыр екенін көрген. Одан әрі қарай өлікті сүйреуге ұйғарған — жерде жатқан іздер өлікті сүйреткенінің айғағы. Ол үшін жіпті өліктің мойныңа немесе аяғына байлау керек. Оған мойнынан байлаған ыңғайлырақ сияқты болып көрінген, өйткені жіп сыпырылғандай болса, иек ұстап қалады. Осы кезде құрбан қыздың беліне байланған шүберектің өлтірушінің ойына түсуі сөзсіз. Бірақ оны пайдалану үшін оның түйінін шешіп, белінен босатып, белдіктен жұлып алу керек. Одан да ішкі юбканың етегінен тағы сондай біреуін жыртып алу әлдеқайда оңай. Ол тағы да жыртып алып қыздың мойнына байлайды да өз құрбандығын өзенге қарай сүйретеді. Біраз әлек болып, едәуір уақыт сарп етіп жасаған, бірақ қажетке онша аса қоймаған «байлағыштың» пайдаланылғандығы жөніндегі фактінің өзі-ақ біз ойлағандай, оның бет орамалды жақын жерден ұзап кеткен кезде, яғни өлтіруші тоғайдан шығып (егер бәрі солай болған болса), өзеннің жарғы жолына жетіп қалған кезде тап болған төтенше бір жағдайдың салдарынан қолданғанын айқын танытады.

Алайда қызды өлтірген кезде немесе сол шамада тоғай маңында әлдебір жексұрындар тобы жүргені жөніндегі мадам Дюлюктің (!) берген жауабы, кәні айтыңызшы, көңіліңізде күдік қалдырмай ма? Иә, сөз жоқ қалдырады. Сол бір қайғылы сәтте немесе сол шамада Дюруль күзетінің маңында мадам Дюлюк айтқандай, бес-алты бұзақылар тобының жүруі әбден ықтимал. Бірақ мадам Дюлюктің кеш те күдікті жауабынан кейін ғана көңіл бөліне бастаған бұл топ — әлгі адал да кінәмшіл әйелдің айтуына қарағанда, оның пәрәпәшін жеп, сырасын ішіп, ақысын төлеу жырына да кірмеген бірден бір тонаушылар тобыры болса керек. Ашу-ызаның төркіні сонда жатпады ма екен осы?

Әйтсе де сонда мадам Дюлюк не айтты? «Еліріп, едіреңдеген бір топ бұзақылар баса-көктеп трактирге кіріп келді, ішкен-жегендеріне ештеңе төлеген жоқ, олар да жігіт пен қыз кеткен жаққа қарай бет алды, ымырт үйіріле трактирге қайтып оралды да аса асығыс түрде өзеннің арғы бетіне өтіп кетіпті».

Сол «аса асығыс түрде» мадам Дюлюкке айрықша үлкен болып көрінуі де мүмкін, өйткені оның пәрәпәштары мен сырасына іші ашын тұрған болуы, тиесілі ақшасын алудан әлі де үміті болуы да ықтимал ғой. Әйтсе де ымырт үйіріле бастаған олардың «аса асығыс түрде» кеткенін айрықша айтудың оған қандай қажеті бар? Тіпті сондай есірік топтың үйлеріне қайтқаныңа таң қалатын несі бар? Өйткені бұлт үйіріліп, күн күркіреп қараңғы түсіп келеді, ал олардың қылтылдаған кішкентай қайықпен әлі үлкен өзеннен өтуі керек.

Мен «қараңғы түсіп келеді» деп әдейі айтып отырмын, өйткені әлі ымырт үйіріле қоймаған болатын. Енді-енді ымырт үйіріле бастаған кезде сол «бұзақылардың» әдепсіз асығыстық жасап мадам Дюлюктің кінәмшіл көңіліне кінәрат түсіргендей болды. Бірақ бізге сол кеште мадам Дюлюк пен оның үлкен ұлы «трактирдің маңынан қыздың дауысын естігендерін» хабарлайды. Сол дауыс шыққан кешкі мезгілді мадам Дюлюктің қай сағатқа жатқызғанын білесіз бе? Ол оны «әбден қараңғы түскен соң естіпті». Алайда «әбден қараңғы түскен соң» деген түн қараңғылығы түскенін білдіреді де, «ымырт үйіріле бастады» деген әлі күн жарығы кете қоймағанын аңғартады.

Демек, тонаушылар тобыры мадам Дюлюк естімей тұрып-ақ Дюруль заставасы маңынан кетіп қалған. Әйтсе де мадам Дюлюктің жауабы жөніндегі хабарлардың бәрінде де, оның өзі әлгі мен сізбен әңгімелескен кезде айтқандай тұрғыдан баяндалады да ал оның мәніндегі өрескел қарама-қайшылықтарды әзірге газеттер де, полиция агенттері де аңғармай отыр.

Бұл іске тыңдаушылардың қатысы бар деген жорамалға қарсы мен тағы бір уәж келтірейін, бірақ менің ойымша, бұлтартпайтын уәж сияқты. Қылмыскерлерді ұстауға үлкен сыйлық белгіленіп, кімде-кім оларды көрсететін болса, оған толық кешірім жасалатыны жарияланып отырғанда, ондай топ мүшелерінің ішінен сатқын біреу қалай да шыққан болар еді. Мұндай жағдайға душар болған шайқа мүшелерінің қай-қайсысы да сыйлық немесе жазадан құтылып кетуден гөрі, өз сыбайластары тарапынан болатын сатқындықтан көбірек қауіптенеді Басқалары өзін сатып үлгірмей тұрғанда ол өзгелерді сатып жіберуге ұмтылады. Ал құпияның ашылмай қалуына келетін болсақ, мұның өзі әділін айтсақ, құпияның шындығында құпия екендігін көрсетеді. Бұл сұмдық қылмыстың егжей-тегжейі тек бір адамға ғана, немесе әрі кеткенде екі адамға ғана — және бір құдайға ғана аян.

Енді біз өзіміздің ұзақ талдауымыздың тапшы да болса, даусыз нәтижелерін жасайық. Оның өзі қайғылы оқиғаның әлде мадам Дюлюктің трактирінде болғанын, әлде қыздың Дюруль заставасының маңында өлтірілгенін, оны қаза болған қыздың көңілдесі, ең болмағанда соның жақын да құпия танысы жасағанын көрсетіп отыр. Ол жөнінде біздің білетініміз, ол — «қара торы» жас жігіт қана. Сол «қара торылық», атышулы «шие түйін», сондай-ақ қалпақтың лентасы байланған «теңізшілер күрмеуі» теңізшіге мегзейді. Оның қаза болған қызбен — албырт та болса талғамы күшті қызбен арақатынасына қарағанда, ол қатардағы жәй ғана теңізші болмаса керек деген қорытынды жасауға болады. Бұған газеттерге жолданған жақсы жазылған ызалы хаттар да айғақ бола алады. «Меркюри» баяндаған алғашқы қашудың жай-жапсары бұл теңізшіні бұдан бұрын да бір мәрте бақытсыз қызды қатерлі жолға бастаған өздеріңіз білетін сол «теңіз офицерімен» байланыстыруға мәжбүр етеді.

Сондай-ақ осы бір қара торы жігіттің бұған дейін көзге түспей, көлеңкеде қалып келгенін айта кеткен орынды болар. Мен өзгесін қоя тұрып, енді ол қоңырқай ғана емес, нағыз қара екенін, оның қоңырқайлығының ерекше болғандығы сондай, тіпті Баланс пен мадам Дюлюк оның басқадай белгісіне көңіл аудармай, тек сонысын ғана айырып көрсеткенін атап өткім келеді. Бірақ сол жігіт неге жоғалып кетті? Мүмкін шайка оны да өлтірген болар? Олай болған жағдайда неге жалғыз қыздың өлтірілгеніне мегзейтін іздер ғана сақталып қалған? Олардың екеуін де бір жерде өлтірді деп ойлау, әрине, орынды болар еді. Сонда оның мүрдесі қайда? Өлтірушілер олардың екеуінен де бір әдіспен құтылған болар еді. Алайда, ол тірі, қызды өлтірді деген кінәдан қорқып, жасырынып жүр деп жорамалдауға да болады. Бұлайша ойлаудың оны кезінде куәлар Маримен бірге көргендіктен қазіргі шақта, едәуір уақыт өткен кезде таразы басын тартар белгілі салмағы болғанымен де, ол кезде, қыз өлтірілген кезде оның ешқандай қауқары жоқ-тын. Ешбір кінәсі жоқ адам болған оқиғаны дереу хабарлап, қылмыскерді ұстауға көмектесер еді Мұның өзі ақылға қонымды сияқты. Оны өлтірілген қызбен бірге көрді. Ол ашық пароммен өзеннің арғы бетіне бірге өтті. Қылмыскерді әшкерелеудің өзін күдікпен ақтаудың арашалаудың бірден-бір дұрыс жолы екені есуас та түсінген болар еді. Ал жексенбі күні кешке бірге бола тұрып, жасалған қылмысқа еш кінәсі жоқ, одан бейхабар деп ойлаудың мүлдем қисыны келмейді. Егер ол тірі қалған болса, онда тек осындай жағдайда ғана қыздың өлтірілгені жөнінде хабарламаған, өлтірушіні әшкерелемеген болар еді.

Ал енді шындықты анықтау үшін біздің қолымызда қандай құрал бар? Біз тиісті бағытқа ілгері басқан сайын ол құралдардың молайып, сенімді бола түсетінін көреміз. Кәні алғашқы қашудың барлық бүге-шігесіне дейін анықтап көрейік. Кәні әлгі «офицердің» өмірінің барлық жай-жағдайымен танысып алайық, оның қазір қайда жүргенін, қыз өлтірілген сәтте қайда болғанын білейік. Кәні, қылмысқа шайканы кінәлау мақсатында кешкі газетке жолданған хаттарды мұқият салыстырып көрейік. Сонан соң бұл хаттарды — олардың стилі мен жазуын — бұдан бұрынырақта таңертеңгі газетке жолданған. Мэнэні мейлінше кінәлауға тырысқан хаттармен салыстырамыз. Содан кейін барып, бұл хаттардың бәрін «офицердің» бір хатымен салыстырып қараймыз. «Қоңырқай жас жігіттің» басқадай белгісін анықтау үшін мадам Дюлюктен, оның балалары мен омнебустың айдаушысынан қайта жауап алып көреміз. Әлгі айтылған куәлар дәл қазір өздерінің бірдеңе білетіндеріне ешқандай сенімі болмаса да ұтымды сұрақтың арқасында солардың біреуі сондай бір белгіні (мүмкін басқа тағы бірдеңені) есіне түсіруі ықтимал. Кәні дүйсенбіде таңертең Сенада ығып бара жатқан кезде табылған, ал кейін өлік табылмай тұрып, пристань бастығының рұқсатынсыз, әрі рульсіз күйінде біреу алып кеткен қайықты іздестіріп көрейік. Әрине, оны аялдамаға әкелген қайықшы танитын болғандықтан ғана емес, біз сақтық жасай отырып, жалықпай іздесек ол қайықты қалай да табатынымызға ешқандай күмән жоқ. Өйткені, оның ескегі біздің қолымызда. Ештеңеден қауіптенбейтін адам кенет қайықтың жететін ескегін қалай болса солай тастап кетпейді. Осы арада менің бір сұрақ бергім келеді. Табылған қайық жөнінде ешқандай хабарландыру жарияланған жоқ. Оны пристань апарып қояды, ертеңіне ол зым-зия жоқ болып шығады. Бірақ оның иесі, немесе оны жалдап алушы адам дүйсенбіде табылған қайықтың қайда тұрғанын хабарландырусыз сейсенбі күні таңертең ол қайдан біледі? Белгілі мекемелер арасында байланыс, ортақ мүдде негізінде орнаған ұсақ-түйек жаңалықтар алмасу бар екенін жорамалдамаса мұны түсіндіру қиын.

Кісі өлтірушінің құрбандығын жалғыз өзінің өзенге қарай қалай сүйреткенін баяндаған кезімде мен ол содан кейін қайықты пайдаланған болар деп айтқан едім. Енді біз Мари Рожені шынында да өзенге қайықтан тасталды деп айға аламыз. Басқаша болуы мүмкін емес. Өлікті жағадағы тайыз суда тастап кетуге кімнің дәті барады? Құрбан болған қыздың арқасы мен иығындағы біртүрлі батықтар қайық табанындағы құрсау белдіктерді еске салады. Өліктің өзенге салдауырсыз тасталуы да сол жорамалдың дұрыстығын дәлелдейді Егер оны жағаға жақын жерге тастаған болса, онда қалай да салдауыр байлаған болар еді. Кісі өлтірушінің бұл ағаттығын біз, ол асығып жүріп өзімен бірге салдауырға ыңғайлы бірдеңе алуды ұмытып кеткен болар деген болжам жасағанда ғана түсіндіре аламыз. Денені суға тастаған кезде, ол, әрине, өзінің ағаттығын байқады, бірақ оны жөндеуге еш мүмкіндігі болмады. Қарғыс атқан сол жағаға оралмау үшін ол қандай тәуекелге болса да бел байлауға барды. Өзінің қатерлі жүгінен құтылған бойда кісі өлтіруші, сөз жоқ, қалаға тартқан болар. Онда ол бір қараңғы аялдамада қарғып түсті. Бірақ қайық ше? Байлады ма екен ол оны? Жоқ, қайықты байлап, әуреленіп жатуға оның уақыты қайда? Соның бер жағында, оны пристаньға байласа, өзіне қарсы бұлтартпас айғақ қалдыратынын да ол сезді. Оның, әрине, өзі жасаған қылмысқа қатысы бардың бәрінен құтылғысы келді. Ол пристаньнан алды-артына қарамай өзі қашқанымен тұрмай, онда қайықты да қалдырғысы келмеді. Әрине, ол қайықты өзенге ағызып жіберді. Қиялымызды одан әрі қайда жетелейтінін көрейік. Ертеңгісін сұмырай, қайықты ұстап алып, күн сайын дерлік барып жүрген, мүмкін қызмет бабына байланысты баруға тиіс жерге апарып қойғанын біліп үрейі ұшады. Сол күні түнде кеңседен ескекті (жетекті) алуға батылы бармаған ол қайықты ұрлайды. Сонымен, қазір сол ескексіз қайық қайда? Ең алдымен біз соны біліп алуымыз керек. Ол жөніндегі алғашқы мәлімет біздің ісіміздің сәтті болатындығына алғашқы қадам. Осы қайық, өзге түгіл өзімізді қайран қалдыратын шапшаңдықпен бізге сол бір қайғылы жексенбінің қараңғы түнінде онымен жүзген адамды тауып беретін болады. Айғақ үсті-үстіне айқындалады да кісі өлтірушінің кім екендігі анықталады.

(Біз бұл арада айтып жатпайтын және біздің көптеген оқырмандарымыз айтпасақ та түсінетін себептерден Дюпен тапқан азын-аулақ айғақтардың қалай пайдаланылғандығын тәптіштеп тұрып баяндалған қолжазбадан керегімізді алуға қалай батылымыз барғанын мойындауға мәжбүр болып отырмын. Алға қойылған мақсаттың орындалғанын және аса құлықсыз болса да префектің шевельемен жасасқан келісімінің шарттарын орындағанын қысқаша баяндауға міндеттіміз деп санаймыз. Мистер Поның мақаласы төмендегіше аяқталады — редакция) (осы мақала алғаш жарияланған журналдан).

Менің бұл арада басқа ештеңе емес, тек тура келу жайлы ғана айтып отырғаным өзінен өзі түсінікті. Бұл жөнінде жоғарыда айтқандарым жеткілікті болар деймін. Айрықша құдірет дегенге менің өз басым сенбеймін. Табиғат пен оның тәңірісін — бұл екеуінің егіздігін ақыл-есі бүтін адам әсте жоққа шығара алмайды. Соңғысы алғашқысын жарата отырып, оған өз әмірін жүргізетіні де, оны өз еркімен өзгергені де даусыз. Мен «өз еркімен» деп әдейі айтып отырмын, өйткені бұл арада әңгіме логикалық есуастығы жорамалдағандай өктемді, әмірлік туралы емес, ерік туралы болып отыр. Әрине, жаратушы Жаппар хақтың өз заңдарын қалай өзгертсе де хақы бар, бірақ сондай өзгертудің қажеттігін ойлап тауып, біз оның ар-намысын қорлаймыз. Бұл заңдар әуел бастан-ақ болашақтың ішінде жаратылуы хақ мүмкіндік атаулының бәрін қамтитындар болып жасалған. Құдай үшін бәрі деген — тек қазір ғана.

Мен тағы да қайталап айтамын, бұл жерде әңгіме болғандардың барлығын тек тура, тұтас келу деп қарастырамын. Онан соң: менің айтқандарымды ойластырып қарасаңыз, байғұс Мәри Сесилин Роджерстің тағдыры — мен бұл тағдырдың әйгілі екені аян — Мари Роже деген біреудің тағдырында белгілі бір сәтке дейін параллелизм бар екенін аңғару онша қиын емес, бұл екі тағдырдың керемет ұқсастығы адамды ақылынан адастырғандай. Иә, иә, оны аңғару онша қиын емес. Маридің қайғылы оқиғасын әлгі айтылған сәттен кейін әдейі жалғастырды және де олардың өзара ұқсастығын мегзеу үшін немесе әдемі тризетканы өлтірген кісіні табу үшін Парижде қолданылған шараларды, әйтпесе соған ұқсас талдауға негізделген шаралар бұл арада да сондай нәтижеге жеткізеді дегенді ескерту ниетімен қыз өлігінің құпиясы қалай ашылғанын баяндап берді деп ойлауға болмайды. Өйткені бұлайша ойлаған жағдайда не бұл, не ол оқиғадағы фактілердің болмашы ғана айырмашылығының өзі керемет қателікке душар ететінін, неге десеңіз, онда екі оқиғаның да желісі бір-бірінен алшақтай бастайтынын ұмытпау керек. Дәл сондай арифметикада да бастапқы болмашы қате бірнеше мәртебе көбейтуден кейін есептеген кезде шындыққа мүлде жанаспайтын нәтиже беруі мүмкін. Оның бер жағында, мен сүйеніп отырған ықтималдық теориясының өзі де мұндай параллелизмді жалғастыру атаулы ойдың бәріне тыйым салады — белгіленген параллелизмнің ұзақтығы мен дәлдігіне тәуелді болғандықтан да үзілді-кесілді тыйым салады. Мұның өзі — математикадан (аулақ) алыс адамдардың ақыл-ойын арбай тұрса да, соған қарамастан тек математиктердің ғана толық меңгере алатын ауытқуларының бірі. Мәселен, сүйек ойнаған кезде алтылықтың қатарынан екі мәрте түсуі, оның үшінші рет түсуіне мейлінше мүмкіндік қалдырмайтынына, сондықтан оған қарсы қалаған сомаңды қоюға болатынына кәдімгі оқырманды иландыру мүлдем мүмкін емес. Қатардағы зиялы мұны түсіне алмайды, өткенге тән екі секіріс әзірге жоқ, тек болашақта ғана болатын секіріске қалай ықпал ететінін ол ұқпайды. Алтылықтың түсу мүмкіндігі де дәл сондай басқа жағдайлардағы сияқты — яғни сүйектердің қалай тасталуына байланысты. Мұның дәл солай екені, сонда тіпті оған қарсы айтылған пікір мүлдем құлаққа да ілінбейді, қайта жұрттың күлкісін келтіреді Бұл арадағы — көзден таса қатенің — өрескел қатенің мәнін маған қазір берілген орынға байланысты айтып түсіндіре алмаймын, ал философиядан хабары бар адамдарға ешқандай түсіндірудің қажеті де жоқ. Бұл арада ақыл-ойдың шындықты жеке жәйттерден іздеуге бейімділігінен келіп туатын оның жолындағы сансыз қателіктер қатарына жататынын айтудың өзі-ақ жетіп жатыр.


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Эдгар По Мари Роженің құпиясы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Эдгар По Мари Роженің құпиясы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]