Әңгіме: Ғабиден Мұстафин | Құлаған құз
Тоғай. Егін. Шалғын... Жабағыдай ұйысқан қалың көктен машинаның кейде жоны ғана көрінеді. Арғы қабақта аспанмен тілдескен Алтайға жаңа жолмен бірге Ертісті кесе біз де өттік. Жол Алтайдың ішіне сүңгіді. Біз де сүңгідік. Жүрген сайын артымыз ылди, алдымыз ор, өрмелеп аспанға шығып бара жатқан сияқтымыз. Тay қоюланып, ірілене түсті. Шат тереңдеп кетті. Екі ернімен көк тіреген тар жықпылды, шапши аққан тентек су бой бермеді. Былай бұрылсаң өзен, былай бұрылсаң тау қақпалар, қалың жолшының соңынан қиялай жүріп келеміз...
Сонау баста, «Бұдан әрі жол бермеймін» дегендей, көлденең шөгіп құз - жартас жатыр. Оның бер жағында, қолында кішкене қызыл туы бар бір әйел тұр. Машина жүре алмай, қайтып кетті. Жаяу өрмеледік. Әлдекім ысқырады! Сонша болмады, көп гүрсіл тауды жаңғырықтыра жөнелді...
— Тас бұзған дәрінің дауысы ғой...- дейді штаб бастығы Доншенко. Құлақты бітеп, жүректі сілкінткен күшті гүрсіл оған күзетшінің тоқылдағы сияқты. Алды-артымыздан құйынша көтерілген тас аралас тозаң састырып келе жатса, ол жалтыраған қасқа басын кепкесімен де бүркемеді.
Жасы он жеті - он сегіз шамасында, ақ таяқ ұстаған қыз құз тастың жақпарынан шықты. Жолдың алдын ашып жүрген тау бұзғыш жас маман екен. Сөзден гөрі өз ісін сүйетінін сездірген соң, бөгелмей өтіп кеттік. Құзға келсек төрт-бес жұмысшы жәшік-жәшік динамитті бұзып, бір үңгірге тасып жүр... Үңгірдің түбінде екі-үш адам динамитті, кірпішті қалап отыр. Біздің сұрауымызға:
— Жарты тонна динамит - аманитпен құлатамыз бұл құзды — деген жауап келді үңгірден. Жауап берушінің қараңғы түкпірден жарқыраған көзі ғана анық көрінді.
Құздың құлаған қызығын көру үшін екінші бір таудың басында көлденеңнен қарап тұрған киношыларға келіп қосылдық. Киношы, жазушы, журналист, дәрігер, инженер — бір топ адам биіктің басында қатар тұрмыз... Көк мақпалдай құлпырған, құйқалы Алтайдың жыраларын жиектеп, қырқасын қашап, қасқа жол асып барады. Асу бермеген биіктерін қиялай келіп, айнала - айнала басынан аттап кеткен...
Ең ақырғы қиын асу біз тұрған Пихтовка. Толып жатқан шат, құз, түйе мойнақ кезең. Екі жақ беткейі ит тұмсығы өткісіз, қарағай сияқты қаракөк жың ағаш. Мұздай суық зымырап аққан мөлдір бұлақ. Бұлақтың бойы ағаш жапырағымен жапқан, жыпырлаған колхоз қосы, шаштараз, асхана, етікшілер балағаны... Жоғарыдан қарағанда көлеңкелі көк торғын аңғардың ішінен жұлдыздай болып жарқыраған электр шамдары, ас пісіріп жүрген ақ киімді әйелдер өзгеше кез тартып тұр. Бөгелекше ызыңдаған динамоның үнінен асырып, аспазшы әйелдердің тау жаңғырықтыра шырқаған тәтті әні келеді құлаққа. Былай қарасаң қайнаған жұмыс, былай қарасаң серуен, сауық.
Екі, үш ауданнан келген екі-үш мың колхозшының салығы осы арада. Өздері сонау қияда құмырысқаша быжынап, шексіз. Олардың әбден еті үйреніп кеткен. Қалтасында сіреңкесі болмаса, динамиттен қу жасап, шақпақ шағады,— деп сылқ-сылқ күледі Доншенко. Жас инженер Хамит жаңа жолмен бірге жаңа кадрлар жасалғандығын айтады... Жұмыс үстінде екі жүз елу бұрғышы, взрывщик өз іштерінен шыққан. Осы қалың топтың алды нормасын алты есе, арты бір жарым есе, орта есеппен алғанда екі есе орындаған. Бұхтарма ауданынан келген Құрымбаев жолдас, (еңбектен үздік шыққан медалі бар) жер қазу жұмысында істейді: Нормасын сегіз есеге дейін асыра орындаған. Жолшылар арасында социалистік жарыс әке мен баланың арасына дейін жетіпті. Гусиний сельсоветінің председателі — Мархилов, баласы—Василимен жарысып, нормасын жеті жүз елу процент орындағанда, баласы екі процент кейін қалған екен. Екеуінің бірге түскен суретін көрдім. Әкесі шалқиып, күлімдеп отыр. Баласы — «қалай оздың» дегендей оған қарап тұр.
Тауды бұзып, өзенді аттап, ұзындығы төрт жүз қырық төрт километр тақтайдай тегіс тас жол салып жатқан қалың көптің ынтасын өршіткен, қайратын қоздырған мықты себептің бірі — өмір бойы олардың басынан кешкен жолсыздық азабы ма деймін. Алтай ішінде почтаны қоржынға салып, салт атпен тарату әлі күнге қалған жоқ. Бұхтарма сияқты аудандық орталықтың өзінде машиналармен аралас, қоңыраулатқан пар аттылар көрінеді. «Бұл кім?» — деп таңырқай қалсаңыз, «Почтальон ғой» деп жүре береді тұрған халық.
— Алты автомашинамыз бар. Алтай жол бермеген соң басынан самолетпен аттап барып, Зайсанның екі адамын өлімнен құтқарып алып қалдық,— дейді дәрігер Тілеуқабылов жолдас. Елуге келген кемпірдің ит дауысы келген жерге келе алмағанын ол тіпті қызық қылып айтып берді... Бұхтармадан отыз бес километр жердегі Троеглаз поселкесінде жасынан бері тұрады екен әлгі бәйбіше (атын ұмыттым). Жаңа жолдың салынуына елден алабөтен қуанышты болса керек, әлі күнге Бұхтарманы көрмеп едім, енді көріп қайтамын...— деп қутың - қутың етеді дейді.
Жолсыздықтан туған әңгіме, аңыздардың да тау басында отырып талайын естідік. Құздың түбінен шыққан ысқырық әңгімені тоқтатты. Кинооператорлар аппаратын жақындатып, құзға туралап жатыр. Көк түтінді бұрқ еткізді де, құз түбіндегілер қаша жөнелді. Ал далада отырып біз де тау басына өрмелей түстік. Кешегі жарылыста, бір белдің астындағы штабтың шаштаразына он килограмма тас келіп түсіп, шаштаразды қиратып кеткенін Доншенко айтқан. Мынау жарылыс бәрінен де күшті. Үш минут үш сағаттай болды, бітер емес. Тауды жаңғырықтырып, солқылдатқан күшті гүрсіл естілмей жатып-ақ дене сезіп, ой елестетіп тұр. Өзі алабұртқан жүректі Доншенко онан сайын алабұрта түседі. Ойын, шынын кім білсін:
— Құлақ барабаның нашарың құлағыңды тығындап ал. Жүрегің нашарың осы бастан қаша бер,— деп күледі, біресе «шын айтамын» деп нандырады. Бәріміздің де көзіміз, көңіліміз құзда. Сонда да біреулер бұта қармалап, біреулер тасқа тасаланып жатыр... Үш минут өтті. Тас боратқан күшті құйын бұрқ етті де, жағадағы құз жұлындай ұшты. Есту сезімінен көру сезімі басымырақ па, әлде құздың астынан дәрінің даусы қатты естілмеді ме! Әйтеуір гүрсіл біз күткендей күшті болған жоқ. Отырған тауымыз бір солқ етті де қоя қойды. Таудан домалай - домалай жүгіріп келсек терең шаттан аққан асау өзенді құлаған құз тұншықтырып басып алыпты... Өзен жоқ. Арғы жақтағы телеграф бағаналары тас -талқан. Түйедей тастар қаңбақтай ұшып, әлде қайда барып түскен. Күйреген құздың орны тұрып-тұрып, өксігендей гу-гу ақтарыла құлап жатыр...
Самсаған жолшылар қолының алды келіп жетті... Құлаған құздың кеудесін баса, жол төсегін жая бастады. Беті Өскемен қаласы...
1940 жыл.

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: