Әңгіме: Сәбит Мұқанов | Кер заман

Әңгіме:  Сәбит Мұқанов | Кер  заман

1

— Қайынаға, салығыңызды кешіктіріп кеттіңіз, неге төлемейсіз? — деп қайқы мұрындау келген, денелі, томпақ көз, жұқа ерін, суық шарпыған беті қара қожалақтаның-қыраған, басында түбіт шәлісі, аяғында саптама етігі, қолында тері биялайы бар, үстінде сеңсеңмен тыстаған сары тоны бар Ұлбосын, дәреттен келе жатқан Кәдірбай хажының алдынан кес-кестей берді.

Шалбарының бауын екшей байлап, аяғымен жерді тебініп, қысықтау келген қиғаш көзін Ұлбосынға алайта қарады да:

— Қайдағы салық? — деді хажы.

— Білмейсіз бе, қандай салық төлейтініңізді, — деді Ұлбосын, даусын көтере сөйлеп.

— Нені білейін! — деп хажы бір уыс көдедей шоқталып біткен ұзын қасын көзіне түсіріп, қалың қабағын тыржитты.

— Білмесеңіз айтайын: бір ауылнайдың имамы боласыз ғой. Зекет-ғұшырдан, жаназа шығарғаннан, тағы сондай табысыңыздан 350 сом, салған егін, жылқы, сиыр, қойыңыздың салығы 86 сом. Патент алмай сауда қылғаныңыз үшін 61 сом, барлығы 607 сом.

— Келін, осы сенің-ақ маған құтың түсті-ау жарқыным. Бір жылғы табысымның бас-аяғы 100 сомға зорға толады. Әнеугүні пинәтделге осы мәнімді айтып арыз бергем. Одан жауап алмай төлемеймін. Егінді жөнді салғам жоқ. Бір-екі десятина сепкен болып едім, шықпай қалды. Сауда қылғанымды кім көрген екен? — деп хажы аппақ сақалын қолымен тарап кейіді.

— Келіндік жолы өзіне басқа. Мен өтірік айтпаймын. Табысым 100 сомға жетпейді деп жалған сөйлемеңіз. Пітірге жан басына 3 қадақ бидайдан, 612 кісіден 46 пұт астық алдыңыз, ол бір жарым сомнан 69 сом. 218 үй құрбан шалды, оның 210-ы қой сойып, терісін сізге тапсырды да, сіз 3 сомнан сатып 630 сом алдыңыз, 8 үй сиыр сойып еді, олардың терісінен 80 сом алдыңыз. Бәрі 710 сом. 13 кісі өлді, ат алғаныңыз бар, сиыр алғаныңыз бар, лақты ешкі, қозылы қой алғаныңыз бар, бас-аяғын есептегенде 324 сом. Жұрт егінін соққан кезде қабыңызды шанаңызға салып жүріп, ұшырға берген бидайды неше рет тиеп қайттыңыз, одан 250 сомдай табысыңыз бар. Одан басқа балаға ат қою, дін жолымен неке оқу, ауырған – сырқағанды үшкіру-түшкіруден де табысыңыз бар, осының бәрін есептегенде сізге 350 сом салық түседі. Патентсіз сауда қылмадым деп басқаға айтыңыз. Станциядан 14 бұлғары, 20 кірпіш шай, жүз шақты кез кездеме әкеліп сатқаныңызды көзіммен көрдім. Егініңізді соққанда ішінде болдым, 412 пұт алған жоқсыз ба?

Бұл сөздерге айтар дауы болмай қалған хажы, іштей жеңілгенін сездіргісі келмегендей:

— Ендеше білгеніңді қыл! — деп үйіне қарай жөнеле берді.

— Жоқ, қайнаға, мен ойнап тұрған жоқпын. Үкімет ойынды көтермейді. Салығыңызды тез төлеңіз, арты қолайлы болмай жүрер, — деп Ұлбосын хажыны тағы да алдынан бөгеп тоқтатты.

— Әй, келін, сен өзің мені сабайсың ба? Неге шаңқылдайсың, нысапсыз? — деп хажы Ұлбосынның бетіне ажырая қалды.

— Әдеп пен нысапта жұмысыңыз болмасын. Қайысысыз нысапсыз екенімізді көре жатармыз, мен сізге жалынбаймын. Төлейсіз бе, жоқ, па, соны ғана айтыңыз? — деп Ұлбосын хажыға қадала қалды.

— Апырай, бетіме ажыраймашы жарықтығым, жүзіңнен иманың қашқан екен! — деп хажы бетін теріс бұрды.

Аржағынан маң-маң басып, күндігін шалқасынан тастап, иығына биқасап күпісін жамылып, бет-аузы табақтай, ақ сары бәйбіше шықты.

— Мына қатын не деп тұр? — деді ол Ұлбосынға мұрнын шүйіре қарап.

Хажы үндемей күйбеңдеді.

— Уай, сен не қыл деп тұрсың? — деді ол кердеңдей баса, Ұлбосынға жақындап.

— Беретін налоктеріңді төле деп тұрмын.

— Әй... сен қатын құтырма, — деді бәйбіше аш күшіктей шаңқылдап. — Ауылнай болдым деп көкіген екенсің.

Адыра қал, адыра қалғыр!.. Зады оңбаған неменің, қарашы, хажының бетінен алуын!..

— Жеңеше, аптықпа, сен! — деді Ұлбосын тайсалмай,— Шашынан жұлып сабайтын, мен сенің күндесің Батиқа емеспін.

— (Ернін шығарып.) Пай-пай, бетің жып-жылтыр кәпір, сенен жақсылық шықпас. Дәмімнен садаға кет. Дәмім ұрғыр, ұмытқан екенсің, аш күніңде жүрегіңді жалғаған асымды! — деді бәйбіше қаймыққан кескінмен.

Ұмытқам жоқ. Неге ұмытайын. Бес жыл сиырыңды сауып, отыңмен кіріп, күліңмен шыққанда үстіме бүтін көйлек те әпермей қуып жібергенсің. Жалғыз тайыншамды хажы мекеге баратын жылы ауылнай болып жүріп раматқа алған. Байым арбаңнан құлап мертігіп жатқанда бір езім құрт та бермегенсің. Тезегімді соғыса қоймадың деп, мына хажы баламның жаназасына енбеген. Бас жібімді ұрладың деп жала жауып, әркімнен сұрастырып алып ескен жалғыз ала арқанымды тартып алып, сұрап келгенімде таяқпен періп қалып көзімді шығара жаздағансың. Ия, ұмытқам жоқ... Бірін де ұмытқам жоқ.

Қырықпа қойдың терісінен істеген жаман тымағын баса киіп, қой жүн жамау күпісінің жеңі шұбатылып, жабағының жалындай сақалы ұйысып Ұлбосынның күйеуі Қарақұл келді.

— Әй, жаман сасық неме, мына қатыныңды алып кетшi, үргізбей! — деп бәйбіше өршеленіп еді:

Қарақұл төмен қарады да үндемеді.

— Мен сендермен ұрсысып тұра алмаймын, — деді Ұлбосын, — баяғы кегімді алайын деп тұрғаным жоқ, қазынаның, үкіметтің ісін орындағалы жүрмін...

— Ия, осы ел сен болмасаң өлетін еді. «Қатын билеген ел азады» дейтін еді әткем, ендігі күніміз саған қалса, адыра қалсын ол күн, — деп бәйбіше өршелене түсті.

— Қатын билемек түгіл, ретті жерде көзіңді желкеңнен шығарар, — деді Ұлбосын.

Хажы сақалын сипап «астапыралдадан» басқаны айтқан жоқ.

— Аруақ атар! — деді бәйбіше екіленіп.

— Оны кезінде көрерміз...

— Апырай, мынау доңыз екен ғой. Аруақтан да қорықпады ғой садағасы кеткір күң!.. Жаның зәндемге кетсін сенің!

— Зәндем-сәндеміңді де, күштеріңді де көрерміз.

Мықты боп салықтарыңды бермей отыра қойыңдар. Мұны азсынсаңдар бұдан да зорын көрерсіңдер, — деп Ұлбосын жөнеле берді. Бәйбіше құманын жерге қойды да артынан қар шашты. Хажы жалтақтап бірдеме дейін деді де, бәйбішеден бата алмаған кісідей күмілжіп, қақырынып қораға кірді.

2

Терезеден қарды сықырлатып, маңдайына қызыл таққан, қолдарында мылтықтары бар үш кісі өте бергенде хажы «сұбқаналда-ай, мыналарың кім?» деп қуқылдана қалды.

Қаңғырған қызметкерлердің бірі шығар. Ұрлығың бар ма еді? Сен-ақ қопаңдай береді екенсің,— деп бәйбіше ұрсып тастады.

— Қайдан білейін, қатын, заман жаман ғой, — деп хажы мыңқылдағанша болған жоқ, үйге мылтық, қылышын саудырлатып, арықтау, орта бойлы, талдырмаш, собалақ мұрын, қой көз, қатқан қара жігіт кіріп келді. Хажының жүрегі зырқ етті.

— Кәдірбай хажыныкі осы ма? — деді жігіт.

— Осы. Өзің қазақпысың, қарағым?

— Ия, қазақпын. Хажы қайсыныңсың?

Үйде амандыққа келіп жатқан құдасы Сәлімбай «мен деп ұйғарар» деген кісіше, Кәдірбайды көзімен ишара қылғандай болды.

— Кәдірбай сіз боласыз ба? — деп мылтықты жігіт хажыға қарап еді, көзі өңменінен өтіп кете жаздап, шыдамай теріс айналды да:

— Ия, ме-е-енмін, шырағым, — деді.

— Киініңіз!

— Астапыралда, неге?!

Үй іші үрпиісе қалды. «Бүлдірген сенсің» деген кісіше хажы бәйбішесіне алая қарап қойды.

Не жұмыс, қарағым, жиылыс бар ма еді?.. — деп хажы жігітті сөзге жұбатайын деп еді:

— Жұмыс сол, — деді жігіт, — қазір сіздің қораны тінтеміз!

— Астапыралда, шырағым, ұрлығымыз жоқ. Құдай деген мүсәпір адамбыз...

— Киініңіз!

Қонышын ортасынан кескен байпақты шолақ етікті хажы аяғына мықшиып зорға киді. Нашар адам көрінгісі келіп, иығына жыртық түйе жүн күпісін жапты.

— Қарағым, мен даяр...

— Жүріңіз!..

Алдымен хажы, оның артынан Сәлімбай құда, оның артынан бәйбіше, оның артынан баласы — Әлімжан, оның артынан келіні, және екі-үш бала ере шықты. Күн түс мезгілі еді. Қақпа ашық. Қораның іші жарық екен. Хажы көзін әр жерге жүгіртіп еді, ағаш сарайдың алдында бір солдат, бидай салатын сарай алдында бір солдат, шошала аузында бір солдат тұр екен. Бұларға онша саспаған хажы, құлан қораның түкпіріндегі томпиған қоқтықтың қасында Ұлбосын тұрғанын көргенде жүрегі тас төбесіне шықты. Бір минут олардың көзінен таса болғанын жұмақтай көріп:

— Ала өгіз ит шығып кеткен екен, қамай қояйын, — деп қақпадан шығуға ыңғайланған еді:

— Ұлықсат жоқ. Кейін қайтыңыз! — деп бір солдат көлденен, тұра қалды.

— Келін, қашан келіп едің? — деді хажы Ұлбосынға. Онысы жағынғаны еді. Ұлбосын үндемеді. Бір қиқудың болғанын хажының іші сезді. Өткен түні лайықсыз бір түс көріп, жүрегі қобалжулы еді. Ішінен «бір пәле келді, құдай өзің жөн бер» деді ол.

Екі мылтықты хажыны жетектеп Ұлбосын күзетіп тұрған қоқтыққа апарып:

— Мына жерді қазір ашамыз! — деді.

— Онда не бар, қалқам? Ол төгілмей жатқан сиырдың тезегі ғой, — деді хажы.

— Жоқ, ашамыз!

Қоқтықты қопара бастағанда хажының көзі шарасынан шықты. Сиырдың үлкен жапалары қопарылғаннан кейін, астынан ақ киіздің шеті көрінді. Үстін әбден аршып болғанда шөккен түйедей аузын бүрген төрт киіз қап шықты.

— Өрттен қорқып қоя салған қоймамыз еді қарақтарым, — деді хажы.

Ішін ақтарғанда, киіздің біреуінен топталған кездеме, жиырмадан астам үлкен бұлғары, бір жәшік қағаз шай, бір жәшік кірпіш шай шықты. Екеуінен бидай шықты. Біреуінен жылқы, сиыр, қой, ешкілердің терісі шықты.

Мылтықтылар өзге жерден де сатармандық нәрселер тауып алысты. Хажы құп-қу болып «адал малым, адал малым!..» дегеннен басқа, сұраған сөзге бір ауыз жауап қайырмады.

Табылған нәрселерге күзетші қойып, бір мылтықты:

Үйге жүріңіз! — деді хажыға. «Қолдарына бірдеме қыстырсам қайтеді?» деген ой түсті. Үйге кіргеннен кейін хажы:

— Қарағым, ет асайық, тоңып келдіңдер ғой, — деп қипақтап еді:

— Рахмет, қазір жүреміз, — десті жолаушылар. Құр ауыз кетесіңдер ғой. Неге асықтыңдар? — деп келе жатқанда:

— Сіз киініңіз!— деді манағы үйге бірінші кірген жігіт.

— Қарағым, қайда барам?

— Болысқа барасыз.

— Неге, қарағым?

— Қазір айтамыз.

Сол кезде, бұл үйден нелер табылуы туралы жазған протоколын бір жігіт бітірді де, көпке естірте оқып шықты.

— Осындай үкіметке қарсы ісі үшін, — деп аяқтады жігіт протоколын, — Кәдірбай Қоныспай ұлын тұтқынға алып, тиісті сотқа табыс ету керек...

— Сіз қол қойып, мөр басып мына протоколды бекітіңіз! — десті келгендер Ұлбосынға.

Ұлбосын сыртқы тонының етегін көтеріп, пенжегінің қалтасынан мөрін шығара бергенде, хажының маңдайынан суық тер құйылып кетті. «Мына жерге қол қойыңыз!» деген жігіттің нұсқаған жеріне, былтыр жаз сауатсыздар мектебінен үйренген әріптерін тізбектей, Ұлбосын протоколға қол қойды да, мөрін бір үрлеп қағазға басып қалды.

Хажыны мылтықтылар киіндіріп алып шықты. Көзінің жасы ағыл-тегіл болып:

— Сорлы-ай, қартайғанда не күйге ұшырадың? — деп бәйбіше жылап қоя берді. Хажы да теріс айналып көзін сүртті. Бәйбіше Ұлбосынға бірдеме деп бажылдайын деп еді, «сіздің жұмысыңыз болмасын» деп мылтықтының біреуі қайырып тастады.

Терлеп тоңазып тұрған аттар, шанаға аяқ тиер-тиместен ала кеп жөнелді.

Бәйбіше де жөнеле бергендердің артынан көзінің жасын домалатып:

— Кер заман, кер заман! — деп дауыс қылды.

Март, 1928 жыл.

Facebook

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Сәбит Мұқанов Кер заман туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Сәбит Мұқанов Кер заман на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]