Әңгіме: Бейімбет Майлин | Құла жорға
— Ойбай орыс келді, солдат келді!— деп Ерғалидың кішкене балалары үйге апалақтап кірді.
Үйде Ерғали пешке арқасын сүйеп, бәйбішесінің жыртылған мәсісін бастап отыр еді. Бәйбішесі Дәметкен қолында ұршығы, төрде шынтақтап жатқан Жамақ деген қайнысымен сөйлесіп отыр еді. Ерғали тігінін, бәйбіше ұршығын, Жамақ әңгімесін қойып, балалардан бетер бұлар да үрпиісе бастады. Лапаста жатқан мойнақ, орыс көргенде, үретін дауысына салып, арсылдап даланы басына көтерді.
— Құдай-ай, өзің сақтай гөр! Жылдың өзі ауыр. Орыс орманда көбейіп кетті. Қылышын сүйретіп үйге кіріп келгенде, осы зәре құтым қалмайды!— деп Дәметкен күрсінді.
— Кім қорықпайды дейсің, мазаны кетіріп-ақ тұр ғой,— деп Жамақ шыға қашуға ыңғайланған адамша тізерленіп алды.
Ерғали қорқақ адам еді, көзі адырайып кетті. Қолындағы былғарысын біресе киіздің астына, біресе қобдына салды. Солдаттың көзіне ілінсе, жамаулық кішкене былғарыны алып кететіндей көрді. Бұдан бір күн бұрын келген солдат көзіне елестеді. Көрші поселкедегі большевиктерді ұстай келген отрядтың адамы екен. Басында қазақтың тымағы, аяғында жаңа былғарыдан тіккен жарма қоныш, сатиянды етік. Киіміне қарап қазақ бола ма деп жанына жетіп барғанда, орыс екенін бір-ақ білген. "Сенікі бәлшебек бар",— деп бүркіттей түйілгенде, Ерғали жанын қайда қоярға білмей сасқан. Ол кездегі үкіметке болшевиктің жексұрын екендігін сезетін еді. Сондықтан өзімді большевик деп тұр ма деп үрейленіп, солдатты жалынып үйіне кіргізген жерінде баласының болыскей ер-тоқымын көріп қалып, солдат қолтыққа қысады. Алма дейтін Ерғалида дәрмен бар ма? Бармақты тістеп қала берді. Ер-тоқымды еңгеріп алып, қоқиланып шауып бара жатқан солдаттың әбден қарасы үзілген соң барып, зығыры қайнап кетіп: "Сол кеткеннен келме, жолыңа жуа бітсін!"— деп Дәметкен бәйбіше қарғап еді. Одан артық қылар дәрмендесі жоқ еді.
Солдат келген хабарды есіткен соң, тағы қандай нәрсемізден айрылар екеміз деген қауіп туды. Ерғали көзіне қатынының төркінен әкелген ала күпісі түсті:
— Сорлы-ау, ана күпіңді тықсайшы, іліп кетеді ғой,—деді.
— Әлгі солдатың келіп қалмаса?!— деп бәйбіше қозғала бергенде, Мойнақтың арсылдауы үдеп, есік ашылды. Сарт етіп табалдырыққа тиген қылыштың даусын естігенде, бәйбіше селк ете қалып, орнына отыра кетті.
Қолдарында винтовка, түстері кісі өлтірген адамдай сұп-сұр болып екі жігіт кіріп келді. Екеуі де:
— Салаумәләйкүм!— деді.
Ерғали қуанып кеткен немедей, солардың келуін тілеп, сағынып отырған адамдай:
— Әлік сәлем, е, шырақтарым, жоғары шығыңдар!— деп орнынан тұрып, бүкшеңдеп көрпе салып жатыр.
Келушілер үй ішімен амандасты, аң-таң болып отырған бәйбішесі үлкендеу біреуі:
— Амансыз ба, бәйбіше!— деді.
— Ибәй-ау, қазақсыңдар ма, шырақтарым?
— Қазақпыз, қорықпаңыз.
— Қазақ көрінеді ғой, кешегіден түсі жылырақ,— деп Ерғали аяғын көсіліп отырды.
Жамақ жөн сұрай бастады.
— Біз алашорданың делегатымыз. Сулы болысына барамыз. Ылау керек, атты тезірек жеткізіңіздер,— деп толықтау келген қара сұр жігіт бұйрық берді. Үстінде қасқыр ішік, әкесінен қалған мұрасы құсатып жағасын қайырып, қоқиланыңқырап отырды. Ішкі киімдері солдатша, беліне байлаған кішкене мылтығын, "мынаны көрдің бе" дегендей ғып, сөйлеген уақытта қозғап қойды. Екіншісі — ұзын бойлы, сары бұжыр жігіт. Басында жүнді бөрік, үстінде шинель, аяғында солдаттың киетін сары етігі, малдас құрып отырғанда мойнындағы қылышын әлдилеген баладай алдына өңгеріп отырды.
Бәйбіше екеуін де бастан-аяқ қарап шығып:
— Ой, құдай-ай, қазақ балаларының да солдат болып қалғаны-ау,— деді.
— Қатын тұр, шай қой, балалар тоңып келген шығар,— деп Ерғали шайға айналдырып, атты ауылынан тауып жегуге ыңғайланып еді. Қара сұр жігіт ызғарланып-ақ қалды.
— Сенен шай сұраған адам жоқ, жегетін болсаң, тез жек!
— Мына шіркіндер қайтеді, орыстан да жаман қатаң ғой - деп бәйбіше сескеніп қарады.
Ерғали да, Жамақ та аяқты ұшынан басты. Ауыл абыр-сабыр, біреуі арба майлап жатыр, біреуі қорап таңып жатыр, біреулері үзілген делбені жалғап жатыр — бәрі де асығыс, жанталасып әзірленіп жатыр...
Жүргіншілер үйден шыққанда, тал қорапты, төрт аяқты арбаға бір көк, бір торы атты парлап жегіп, тон киген сақалды қара кісі делбені ыңғайлап, көшірге мінгелі тұр еді.
Арбаға енді міне береміз дегенде, сары бұжыры жолдасына күңк ете қалды. Екеуінің де көзі Жамақтың аяғына қадалды.
Жаңа тіктіріп киген байпақты етікке екі көз бірден қадалған соң, Жамақ ынжынайын деді. Жанындағы кісінің артына таман тұрып еді, қара сұр жігіт жекірді.
— Әй, қара сақал, неге ығысасың, бері кел!
Көзі мөлдіреп Жамақ келді. Аузы-басы жыны ұстаған адамдай жыбырлады.
— Аяғыңдағы етігіңді сат!
— Ойбай қарақтарым, кедей адаммын. Мұны сатсам, жалаң аяқ қаламын, қайтадан етік алатын күшім жоқ.
— Сөзді қой, шеш, ақшаңды почтамен жібереміз.
— Сары бұжыр жігіт тоңып тұрған аяғын Жамақтың байпақты етігіне тыққанда, жанып тұрған пешке тыққандай болды, көзі шырадай жанды...
* * *
Жамантіктің үйінің жанында он шақты адам сөйлесіп отыр. Өткен-кеткенді әңгіме қылады. Бұрынғы тыныштық күндерді сағынады.
— Алашорда болса, көзімізді ашамыз ба деп едік, осының өзі басқалардан асырып жіберді ғой,— деді біреуі.
— Қайсысы оңдырар дейсің, бәрінікі де алу ғой, құртпай қояр дейсің бе,— деп ежірейген сары шал алдағыны болжап айтқан болды.
Кеспелтек қара кісі насыбайын шырт түкіріп алып:
— Мұның қызығын әлі "бәлшебек" келгенде көрерміз,— деді.
— "Білсең айтшы, ол қайтеді екен?",— дегендей жұрт соның бетіне қарай қойды.
— Ахметтің учитель баласын көріп едім, сол кәзет алып тұрады екен. Петрбор, Мәскеу жағы кілең талау дейді. Болшайбек менікі-сенікі болмасын дейді екен.
— Тыбая-мая, мая-тыбая дейді екен ғой.
Ол келсе қазақты бітті де де қой.
Манадан бері үндемей отырған имек қара кісі де сөзге қатысты, көргенін, естігенін айта бастады:
— Кеше Кавриланың үйіне барып едім, шай ішіп отырғанымызда Епем келіп, Каврила екеуі ілінісе кетті. Епем болшайбекті мақтады, Каврила жамандады.
— Осы қалада Епемнен осалы жоқ,— деп біреуі іліп ала жөнелді. Екінші біреуі қарсы болды:
— Қате айтасың, Епемнен оңды орыс жоқ, бірдемеге ділгер болып сұрасақ, тоқтаусыз береді. Ең арғысы биыл ауылдың сиырын қала ұстағанда, ол араға түсіп, босаттырып жіберді ғой.
— Қой, Епем оңды болса, болшайбекті қолдамас еді ғой.
— Енді кім қолдасын? Биылғы қазашилардың соққан 25 қамшының таңбасы арқасынан әлі кете қойған жоқ шығар.
— Апырым-ай, казашилардың, осы қалаға сондағы ісі мықты жәбір болды ғой, правленияның алдында жатқызып қойып, 80 адамын ұрған ғой, орыс болса да адам аяйды екен. Мен өзім сонда жаман аядым.
Төмен қарап отырған Жамантік басын көтерді. Манадан бергі айтылған әңгімеге өзінше қорытынды істеді:
— Пәлен-түлен дегенмен сол балшайбегің теріс болмас деймін, патшалық болған соң бірінен бірінің өзгешелігі болуы керек қой. Осы күндегілердің бар ісі — талау-тарту. Балшайбектер де талауға үйір болса, бұлармен бірігер еді ғой.
Түбінде солар осы күнгі жүргендерге қарсы болғанда, осы талап алуына қарсы шығар...
— Ылайым солай болғай да,— деп отырғандар күлісті.
Ауылдың жел жағындағы көлдің белесінен бір арбалы асып түсіп, шаңдатып келеді. Жұрт көзді қадады. Сөйткенше болмай арбалы қара жолдан бұрылып, ауылға қарай салды, бұл Ерғалидың үйінен шыққан жігіттер еді.
— Жай кісі емес шығар, жүрісі қатты екен. Солдат-малдат бола ма, ыдыраңдар,— деді Жамантік.
Ұйлығып тұрған жұрт үйді үйіне жөнелді. Кейбіреулері қораға кіріп кетті.
Құрабай деген кедей шалдың үйі — ауылға келетін жіңішке жолдың үстінде еді. Үйіне тіке жүрсе кездесіп қалатындай көріп, боқтықтың арасымен қадамдай басып келе жатыр еді, қара сұр жігіт көріп қалып айқай салды:
— Әй, жаман тымақ, қашып барасың ба? Бері кел!
Әй дегенде, Құрабай селк ете түсті. Баруға қорықса да қазақ екенін білген соң, тас қоймас деп арбаға қарай жүгірді.
— Бассайшы аяғыңды, өзің не қылған немесің?
Қарабай еңкеңдеп келіп жетті.
— Неге қашып барасың?
— Қашып бара жатқаным жоқ, тақсыр, бесін оқуға асығып бара жатыр едім.
— Өлейін деп жүріп сопысын қара. Жамантік үйде ме?
— Үйінде, тақсыр!
— Жорғасы қайда?
— Албарында, тақсыр.
— Әйда, бастап жүр.
Құрабай бүкшеңдеп, пар аттың алдына түсіп, Жамантіктің үйіне алып келді.
— Бар, Жамантікті шақыр.
Жамантік шықты. Қолында таяғы, маң-маң басып арбаның қасына келді.
— Амансыздар ма, балалар!
— Құла жорға қайда?
— Қайдағы жорға?
— Жамантіктің жорғасын айтам, сен Жамантікпісің? Жорғаңды әкел!
— Себебі не, тақсыр?
— Сен әлі сұрағың келген екен. Әкел дегенді құлағың ести ме? Әкел, жорғаны жетегіме байла, әйтпесе қан қылып кетермін!
Жамантік сұрланып кетті. Тұла бойы қалтырайын деді. Қайырып сөз айтуға шамасы келмей албарына қарай жүрді. Боқ күреп жүрген баласына қорадағы құла жорғаны шығартып әкеліп, өз қолымен жетегіне байлады.
— Тақсыр, қарсылығымыз жоқ, байла дедің, жетегіңе байлап жатырмыз. Бұл атты өзіңіз алып жатырсыз ба, әлде басқа кісі алды ма? — деді.
— "Алашорда" алдырады.
— "Алашордаға" не жазығым бар екен?
— Қарсылық қылыпсың, Әлихандарды боқтапсың.
— Астапралда, шырағым. Жорғам одан әрмен кетсе де, өйтіп жаламен алмасаң екен.
— Енді, сөзіңді қысқарт, жорғаң берілмейді.
— Жоқ, ала бер, жорғаның құлағын ұрайын. Екі-үш бием сау болса, тағы біреуі құлындар. Бірақ жолсыз алғаныңызға ренжимін.
Қара сұр жігіт ажырайып қарады. Көзі Жамантіктің ту сыртынан өтіп кеткендей болды. "Айда, атты!" деп көшірді түртіп қалды. Бұрылып албардан шығып, қара жолға бет алғанда қосарға байлаған құла жорға теңселіп ала жөнелді...
Жамантіктің баласы кішкене қарап тұрды да, көзінен жасы моншақтап, үйіне кіріп кетті.
Жамантік шомның үстіне шығып, көз жанарына жас толып, қарасы үзілгенше қараумен болды. Ашулы ыза бойды кернеп булықты.
— Осы ызаларына қарай болшайбек келетін күн болса, алдымен өзім жазыламын ғой. Сеңдердің іздеріңе түсетін де күн болар! — деді.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: